ҚАЗАҚТЫҢ НАНЫ

ҚАЗАҚТЫҢ НАНЫ

ҚАЗАҚТЫҢ НАНЫ
ашық дереккөзі

Адамды адам етіп тұрған ас болса, астың атасы нанның қадір-қасиеті туралы айтып жеткізу мүмкін емес. Қаншама ел мен жердің нанын, дәм-тұзын жеп жүріп, анық көз жеткізгенім, бірде бір елдің наны Қазақтың нанына тең келмейтіндігі. Нандарды салыстыруға болмайды десек те, шырқырап тұрған шындықты айту керек. Қазақ нанының дәміне де, тойымдылығына да сөз жетпейді. Қалба жотасынан табылған диірмен дәлел болғандай 5 мың жылдан бері бидай егіп, ұн жасап, нан пісіріп жүрген қазаққа қалай мақтанса да жарасады.

Дәмді нан жеп қалған басым қай елге барсам да нандарына тоймай, нан іздеумен боламын. Қазақтың нанын аңсап, армандап кетемін. Шетелде небір дәмді тағамдар жесем де, Қазақстанға көп ұзамай аштықтан келген адамдай келемін. Тіпті Қазақстанға келгенде нанды жейін деп аузыма апара бергенде, мұрныма иісі келіп, көзімнен жас ыршып кете жаздайды. Адам ағзасына қажетті қоректің бәрі бар нанның қадір-қасиетін ауылда жүріп, барынша қастерлеуді үйренсем де, шетелде жүргендегі қадірі тіпті ерекше білінеді екен. Бұл қазақ топырағының қасиетті екеніне дәлел. Бидай жердің барлық жерінде өседі десек те, әлемнің жартысы Қазақтың нанын жеп отырғаны ақиқат. Африка, Оңтүстік Азия елдері, Ресей, Түркия, Иран, Қытай, Моңғолия, ТМД елдері, т.б. Ал Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің қазақ ұнын қалай қадірлеп, нан етіп жеп отырғанын, ұсағына дейін қағып алып отырғанын көзбен көріп жүрміз. Жоғарыда аталған елдердің көпшілігі өздеріне жеткілікті бидай да өсіреді. Бірақ қазақтың бидайы мен ұнына деген сұраныстары өте жоғары, ықыластары да ерекше. Себебі, қазақ бидайы құнарлы әрі дәмді. Ал дәмін кіргізіп отырған әрине Қазақтың топырағы. Қазақтың дәм-тұзын жеп отырған, Қазақ нанын жеп жүрген халықтар Қазақтың топырағына, халқына қарыздар. Алыста Қазақтың нанын аңсап жүрген, көзіне жас алып, жеп жүргендер қаншама. Бірақ Қазақ нанының қадір-қасиетін көбіне шетелдіктер ғана біліп отыр. Ал біздегі өзге ұлт диаспоралары болса, қазақтың нанына тойып, мастанып кеткен сияқты. Кеше ғана емес пе еді қазақтың наны, аш-жалаңаш келген диаспораларды аштықтан аман алып қалған. Кеше ғана емес пе еді, қазақтың үйін паналап, қазақтың бөліп берген бір үзім нанын бөлісіп жегені. Кешегісін, өткенін тез ұмытатындар тексіздер ғана. Тексіз болмаңдар, отандас бауырлар!

Фазылбек Әбсаттарұлы