БҰЗАҚЫ БАНКИР ҚҰРЫҚТАЛДЫ

Қызметкер қызға қыр көрсетем деп қоқаңдаған
банкир 2 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл қалтасы қалың басқа
байшыкештерге сабақ болса, игі.

«Эйр Астана» қызметкеріне қол жұмсаған банкирдің үстінен қылмыстық
іс қозғалды. Алматы қалалық прокуратурасының шешімімен іске асырылған бұл
процесс кешігіп қолға алынды. Өйткені, соққыға жығылған азаматша бұған дейін
бірнеше рет құқық қорғау органдарына шағымданса да, оның арызын қабылдауды тәртіп
сақшылары құнттамапты. Тек бірнеше қоғам белсенділері шу шығарып, Ботабаев атты
банкирді заңды түрде жазаға тартуды талап еткеннен кейін ғана полиция қызметкерлері
қимылдай бастаған. Енді төбелескіш банкир екі жылға дейін бас бостандығынан
айырылуы мүмкін. Шу шыққаннан кейін 30 қыркүйек күні Д.Ботабаев банктің
беделіне нұқсан келтірмейін деп, өз еркімен жұмыстан кетіпті. 

Ресми деректерге жүгінсек, 2013 жылдың 11 қыркүйегінде «ҚазИнвестБанк»
АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз мүшесі Дарқан Ботабаев «Эйр Астана»
компаниясының Алматыдағы бөлімшесіне келіп, билет сатып алмақшы болады. Неге
екені белгісіз, ол билет сатушы қызды ауыр сөздермен балағаттап, бетінен шапалақпен
бірнеше рет тартып жіберген. Оқиғаның қалай өрбігені офистегі бейнекамераға түсіп
қалыпты. Таяқ жеген қыз дереу полиция шақырып, Ботабаевтың үстінен шағым түсірмекші
болады. Алайда, құқық қорғау органдарының қызметкерлері «Бұл оқиғада қылмыстық әрекет
жоқ» деп, арызды қабылдаудан, анығы, қылмыстық іс қозғаудан бас тартыпты. Шағымданушы
амалсыздан Бостандық аудандық прокуратурасына жағдайды баяндап, өзіне қол көтерген
банкир мен арызды қабылдаудан бас тартқан, яғни, қызметтеріне жауапкершілікпен қарамаған
полицейлерге тиісті шара қолдануды өтінеді.

Сот-медициналық сараптама жасала келе, қылмыстық іс қозғауға
негіз жоқ деген полиция қызметкерлері «20-дан 100 МРП көлемінде айыппұл немесе
15 тәулікке дейін қамауға алынуы мүмкін, ол үшін  протокол толтырылып, әкімшілік сотқа
жіберіледі» деп түсіндіріпті. Бірақ бұл шешімді теріске шығарған прокуратура қызметкерлері
Д.Ботабаевтың үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 257-бап, 1-тармағы (Бұзақылық)
бойынша қылмыстық іс қозғады. Демек, банкирдің қылмысы дәлелденсе, 2 жылға
дейін бас бостандығынан айрыллуы мүмкін.

Қызметкері таяқ жеген «Эйр Астана» компаниясының басшылығы
бұдан былай Дарқан Ботабаевқа қызмет көрсетуден бас тартатындықтарын, сондай-ақ,
таяқ жеген қызметкер моральдық шығын өндіруге бел буғанын ресми түрде мәлімдеді.
Бұл оқиға қолынан келсе, қонышынан басатын, ақшаның буына есірген өзге
байшыкештерге сабақ болса игі. Өйткені кез келген мемелкетте хан да, қара да,
бай да, кедей де заң алдында бірдей. 

 Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button