ҚОЛӨНЕР – ТУРИЗМНІҢ ТЫНЫСЫН АШАДЫ

ҚОЛӨНЕР – ТУРИЗМНІҢ ТЫНЫСЫН АШАДЫ

ҚОЛӨНЕР – ТУРИЗМНІҢ ТЫНЫСЫН АШАДЫ
ашық дереккөзі
542
Қолөнер – ұлттың қазынасы. Онда халықтың үні, тілі, дәстүрі, намысы Һәм тарихы сайрап жатыр. Өткенге зер салсақ, 6-12 ғасырларда Орта Азия мен Қазақстан жерінде қалалар тез өркендеді. Олар сау­да мен қолөнердің, дін мен мәдениеттің негізгі тірегіне айналды. Осылайша орта ғасырда Қазақстан өзінің қалалары арқылы әлемдік қатынастан шеткері қалмай, Еуропа және Азия елдерімен үлкен байланыс орнатты. Ал мұның өзегі – Ұлы Жібек жолы тармағының Сыр бойының қарым-қатынас, сауданың даңғыл жолы, қолөнердің де құт мекені екенін сол тарих дәлелдейді. Кезінде халық күнкөріс қажеттілігіне қарай әралуан бұйым жасады. Ол үшін қаншалықты еңбек етсе, сол еңбектің арқасында ой-сана жетілді. Тастан, саз балшықтан құралдар, ыдыстар жасады.  Кендір, зығыр секілді өсімдіктерден киім, себет, төсеніштер тоқыды. Әртүрлі ағаштардан баспана  жасауды, үй-ішіне қажетті кебеже, сандық, асадал сияқты жиһаздарын ойлап тапты. Сондай-ақ жүннен киім-кешек, кілем, алаша, сырмақ т.б. заттарды тоқыды. Келе-келе өзі жасаған бойтұмарын әсемдеу үшін бояу және ою түрлерін ойлап тапты. Демек қолөнер – әрбір ұлттың тарихымен сабақтаса дамып келе жатқан халықтық көркем туынды, өнердің өзектісі. Енді қараңыз, Ұлы Жібек жолының адамзаттың географиялық таным шеңберін кеңейтудегі маңызы қаншалықты болса, оның бүгінде қазақ елінде халықаралық туризмді дамытудағы ықпалы да орасан болмақ. Әйгілі керуен жолының бойындағы тарихи-мәдени ескерткіштер, қайталанбас табиғи көріністер, халық кәсіпшілігіндегі қолөнер бұйымдары дүниенің түкпір-түкпірінен келетін туристерді таңдандырмай қоймайды. Бұл дегеніңіз, Сырдың бойындағы халықтың ерте заманнан келетін өнердегі жетістігін әлемге әйгілеудің үлкен мүмкіндігі. Жалпы қолөнер – шынайы шебердің еңбегі. Сыр бойындағы қолөнер шеберлері арасында бүгіндері аралдық Құдайберген Құлмамбетов секілді саусағынан өнер тамған шеберлер халықаралық, республикалық көрмелерге қатысып, ұлттық өнерді дәріптеп жүр. Құдайбергеннің бұған дейін жасаған бір ғана “Жылан бауыр” білезігі алыс-жақыннан келген шетелдіктердің өзін таңдай қақтырған еді. Өнерде әркімнің өз қолтаңбасы бар. Қызылорда облысының Сырдария ауданында тұратын кәнігі ағаш шебері Жәнібек Асанұлы да таланты талайға жеткен нағыз қолөнерші. Сыр талын сиқырлы әлемге айналдырып жіберетін оның жасаған бұйымдарынан ұлттық нақыш, ұлттық бояу, қазақы дәстүрдің ұмыт болып бара жатқан ерекше көріністері ғажайып үйлесіммен үн қатады.  Ағаштан жасалған алуан көріністе Сыр елінің тарихы, бай мұрасы, дәстүрі мен мәдениеті көзге көрік беріп, сезім қиялын көкке көтеріп әкетеді. Ой-сананың ұшқырлығын шебер кестелейтін мұндай қолөнершілер жалпы, Сыр елінде аз емес. Киіз басу, кілем тоқу, ши, өрмек жасау, тері илеу мен темір, ағаш ұсталығы қанға біткен қасиеттей ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Басы ашық бір нәрсе бар. Қазіргідей дамыған техногенді заманда әлдебір әшекей не темірден жасалған бұйым болмасын адамды тамсандыру таңсық емес. Өйткені, құралдың қуаты күшті, мүмкіндігі зор. Ал көненің көзіндей, табиғи шеберлікпен жасалған бұйым бұқараны елең еткізбей қоймайды. Ол нағыз өнердің өзі. Халықта “Киіз кімдікі болса, білек соныкі” деген қанатты сөз бар. Сырдың бойында қалыптасқан жолмен түрлі мерекелерде қолөнер шеберлерінің еңбегін бағалайтын көрмелердің тұрақты өткізіліп тұруы, бұл өнердегі жетістіктің айғағы, дәстүр жалғастығының белгісі. Ең ғажабы, осы бір бағалы қазыналардың бүгінгідей алыс-жақынмен әріптестік әлеуеті нығайған шақта ел байлығы екенін таныту үлкен міндеттің бірі. Туризмге ашылатын жол әсілі, осындай құндылықпен де өлшенеді.

Серіктес жаңалықтары