АҚТАУ ӘЛЕМДІК ҚАУЫМДАСТЫҚ ҚАТАРЫНДА

Кеше ғана жарты ғасырлық жастың табалдырығын аттаған Ақтау әрі жас, әрі көрікті қала. Егер сіз Ақтауға келіп көрмеген болсаңыз, көк теңіз жағасында күн сәулесіне таранған әппақ аққудай, ақмаржан қаланы көз алдыңызға елестетіп көріңіз… Өндіріс көкжиегі кеңейіп, әлеуметтік-экономикалық тынысы артып, 200 мыңға тарта тұрғынның құтты мекеніне айналған қала жуырда үлкен мәртебеге қол жеткізді. 

Марокконың Рабат қаласында өткен Жергілікті және аймақтық көшбасшылардың саммитінде Ақтау қаласы халықаралық қалалар қауымдастығына еніп, «Біріккен қалалар және жергілікті билік» ұйымына мүше ретінде танылып, арнайы сертификатты иеленді. 

Ақтаулық делегацияны бастап барған Ақтау қаласының әкімі Е.Жаңбыршин БАҚ өкілдеріне Марокко сапары, онда өткен ауқымды форум, Рабат қаласының экономикалық-әлеуметтік жағдайы және өзіндік ерекшеліктері, жетістіктері жайлы Ақтау қаласымен салыстыра отырып баяндады. 

Үш жыл сайын өтіп, 3000-нан астам жергілікті атқару және өкілетті органдары өкілдерінің басын қосатын саммит бұдан бұрын Парижде, Кореяда, Мексикада өткен. Ал Мароккодағы басқосуға 3500-ден астам жергілікті өзін-өзі басқару органдарының өкілдері, 100-ден аса қала әкімдері қатысқан. 

– «Қоғамды қалыптастыр, де­мо­­кратияны құр» тақырыбымен өткен форумда 2015 жылдан арғы өзін-өзі басқару билігінің дамуы мәселесі күн тәртібіне шықты. Сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, аймақтық қарым-қатынасты нығайту мен әлеуметтік бөлектенуді болдырмау, тұрғын үй құрылысы сынды өзекті мәселелер ортаға салынды, – дейді Еділ Терекбайұлы. Ақтау қаласы әкімінің айтуынша, халықаралық дәрежедегі басқосулар өзара байланысты күшейту арқылы өркендеуге, тәжірибе алмасуға және бәсекеге қабілеттілікті арттыруға әсер етпек. 

Кезекті саммит үш жылдан соң Колумбияның Богота қаласында өтетін болып белгіленді. 

Бұған дейін бірнеше шетел­дік қаламен әріптестік, әрі ын­ты­мақтастық байланыс орнатып, тө­ріне бірнеше елшіліктердің жалауын тіккен Ақтау осылайша әлемдік қауым­дастық қатарына енді.

Асыл МҰРАТТАС

Back to top button