ТҰТЫНУШЫНЫ ТҰРАЛАТҚАН ТАРИФТЕР

Ескіріп қалған құрылғыларын сылтауратып, тұтынушының қалтасына көз сүзетін, анығында, тарифтерді өсіруге құмар монополистердің қытығына тиетін мәселе бар. Ол – Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік қолға алған бастамалар. Тіпті, әкімшілік құқық бұзғандарға салынған айыппұлды да өндіріп алуға құлшынып отыр бұл агенттік. Нәтижелі болса, игі.

Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің жетекшісі Мұрат Оспанов аймақтық департаменттерде атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толмайтынын айтады. Оның пікірінше, бағаны көтермей-ақ, біраз шаруаны тындыруға мүмкіндік бар. Жуырда қарамағындағыларды сынға алған ол: «Жан-жақты жүргізілген сараптама қорытындысында біз тарифті көтермей-ақ, кредиттік ресурстарды тарта отырып, кең ауқымдағы модернизацияны жүргізуге болатынына, осының арқасында жанар-жағар май мен электр жарығына кететін шығынның төмендейтініне көз жеткіздік. Өйткені несие амортизация мен кірістің есебінен төленетінін білесіңдер. Бірақ бағаны өсіру сияқты оңай жолмен жүргілерің келеді», – деді.
Тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық саласына тиесілі біраз мәселенің басын қайырған басшы осы салаға кететін шығын көлемін азайту, көпқабатты тұрғын үйлерді жарықпен қамтамасыз ету, жанар-жағар майға деген шығынды төмендету, арнайы есептелетін тарифтерді бекіту т.б. түйткілдерге тоқталды. Жұртты Оспановтың жылда бірнеше рет бірнеше есеге шарықтайтын тарифтерді жаңа байқап отырғандай таңырқағаны таңғалтады. Әлде ай сайын еліміздің түкпір-түкпірінде бағаны ауыздықтауды талап еткен наразылық шаралары жиілегенін, әлеуметтік ахуалы сын көтермейтін қарапайым халықтың қалтасына тарифтер едәуір жүк болғанын, отандық монополистер қалаған заматта қызметтерінің бағасын өсіре алатынын агенттік басшысы енді байқады ма?
Бүгінде монополистер қауымы қит етсе, тозығы жеткен құрал-жабдықтарды сылтауратуға құштар. Осы мәселені көтерген Мұрат Оспанов тарифтерді бірнеше есеге дейін өсіру арқылы бір-ақ күнде шешу мүмкін еместігін көлденең тартты: «Тығырықтан шығар жол бар: инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруға қаражат тарту. Нормативтік-құқықтық негізі болса да, бұл тетік іске асырылмай отыр».
«Жұмыртқадан жүн қырқуға» шебер монополистердің көпшілік біле бермейтін тағы бір қулығы бар. Ол шығатын шығынды көрсеткенде майда-шүйденің өзін дабырайтып, яғни, «түймедейді түйедей» етіп көрсетіп, шығыс бөлікке керекті қаражатты тым үлкен көлемде көрсетуге тырысады. Осы мәселені тілге тиек еткен агенттік жетекшісі монополистердің тым күрделендіріп жіберетін тарифтік сметасын қарапайым тұтынушыға түсінікті етуді бұйырды. Оның айтуынша, «тарифтік смета өте күрделі болғандықтан, адамдар монополистер өткізетін жалпы жиындарға баруға құлықсыз: «Шым-шытырық сандар, оны түсіну өте қиын. Қайдан тап болды? Не үшін?.. Бүгінде біз осы жұмысты қарапайым тілмен жеткізуді қолға алдық. Яғни, тарифтің құрамында 4 негізгі баған қалуы керек: жалақы, күрделі жөндеу, амортизация, кіріс. Қағаз қыстырғыш, мөр т.б. кәкір-шүкірге арналған қалған шығындарға кететін қаржыны есептесек, небары 20-25 пайызы ғана екен. Аталған төрт бағанға сол 20-25 пайызды қоса саламыз». Оңай жолмен ақша тапқысы келетіндердің кесірінен кейде уақыттың ысырап болатынын жасырмаған ол: «Монополистер бола ма, жоқ па деп бас қатырмайды. Бәріне еттері үйреніп алған. Бағаны өсіру арқылы шаш-етектен пайда табу үшін түрлі тапсырысты үйіп әкеп тастайды. Біздің қызметкерлер сосын отырғаны, түн ортасы ауғанша олардың қағаздарын қарап, бас қатырып! Енді оларға тек қажетті төрт мәселені қамтыған төрт папканы әкел дейміз. Бітті! Сарапшылық кеңесте тұтынушының оңай түсінуіне де жеңіл болады бұл», – деп мәлімдеді. Осындай мәселелерді қамтитын ҚР «Табиғи монополиялар мәселелері жөніндегі кейбір заңдық құжаттарға өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы 2014 жылы Парламенттің қарауына ұсынылмақ.
Жұрттың алдында мақтанғысы келді ме, Мұрат Оспанов мырза: «табиғи монополияға қатысы бар субъектілер біздің агенттіктің мекемелеріне бағаны өсіру туралы өтінішті арбалармен, «пирожковоздармен», тіпті контейнерлермен әкеледі. Бірақ біз бәрібір тарифті көтеруге рұқсат етпейміз», – деді. Сонда соңғы кездері жарық, су, жылу сияқты басқа да коммуналдық қызмет түрлерінің қымбаттағанын қалай түсінуге болады?
Сонымен, еліміздегі монополистер биыл өздерінің негізгі қорларын жаңғыртуға 230 миллиард теңге бөлуге шешім қабылдаған еді. Бұл көрсеткіш былтырғыға қарағанда, 10 пайызға көп. Әлбетте, олардың сұраған қаражатын ешкім қолға ұстата салмайды. Ол үшін әрбір монополист инвестициялық бағдарлама түзуге міндетті. «Бұл шығатын әр тиынды қадағалап отыруға және бақылауға өте тиімді», – деп мәлімдеген Мұрат Оспанов аталған құжаты жоқтарға тарифтердің бекітілмейтінін жеткізді.
Агенттік жетекшісі жарықты үнемдеу мен жарықты тиімді пайдалануға қатысты шаралардың тарифті тұрақтандыруға, яғни, тұтынушының қалтасына салмақ салмағанын да айтты: «2012 жылы аталған шаралар тұтынушылардың 7,3 миллиардтан астам қаржысын үнемдеуге мүмкіндік берді. Бұл «Астана су арнасы» МКМ сияқты ірі кәсіпорынның үшжылдық кірісіне тең». Әрине, агенттік басшысы келтірген көрсеткіштер көңіл қуантады. Тек әттең, жарық пен суды үнемдеудің жолдарын қарапайым тұтынушының барлығы тиімді пайдалана алмай отыр. Мәселен, жарықты пайдалануға қатысты бағанда тұрған үш түрлі тарифтің қайсысын таңдайтынын білмейтін отандастар көп. Сондай-ақ, пайдаланылатын су көлемін есептегішті де тұтынушының барлығы қондырды деу өте қиын. Демек, тиісті органдар тарапынан түсіндіру жұмыстары кең ауқымда жүргізілмеуде. Сонымен қатар, қазір тұтынушылар ауызсумен қамтамасыз ететін кәсіпорындардың қызмет сапасына көңілі толмайтынын жиі айтады. Өкініштісі, бұл республикамыздың барлық аймағына тән түйткіл. Мұндайда жергілікті жерлердегі экологиялық ахуалдың да қатысы бар. Мәселен, біз барған Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының тұрғындары судың бетінде жанар-жағармайға ұқсас сап-сары май қалқып жүретінін айтады: «Сірә, бізде өндірілетін уранның кесірінен шығар. Әлде «Байқоңырдан» ұшатын «Протондардың» әсерінен бе? Неде болса, осындай сапасыз суды бала-шағамызбен бірге түгел ішіп отырмыз».
Мұрат Оспанов көтерген тағы бір мәселе – монополист компаниялардағы шығынды қысқарту: «Нормадан тыс шығындар 2013 жылдың аяғына дейін жойылады. Жүргізілген жөндеулер мен құрал-жабдықтардың жаңартылуы, ұйымдастыру жұмыстарының арқасында өндіріске кететін жылу қуатын едәуір азайтты. Соңғы 10 жылда бұл көрсеткіш 2 есеге дейін төмендетілді. Бұл бағыттағы жұмыс жалғастырылуда».
Табиғи монополияларды реттеуге қатысты біраз мәселені қозғаған агенттік басшысы Мұрат Оспанов заң бұзатын монополистерді жазаға тартуға немқұрайды қарайтындардың бар екеніне қынжылды. Оның айтуынша, әкімшілік құқық бұзғандар саны 195 екен. Салынған айыппұлдың жалпы көлемі 1 миллиард 847 миллион теңгеден астам. «Алайда, анықталған құқық бұзушылықтың жалпы сомасы 3 миллиард 200 миллион теңгеден асады», – деген Мұрат Оспанов өзінің жауапты хатшысына аталған заң бұзушылықтарға кінәлі басшылардың ісін жеке-жеке қарауға пәрмен берді. Біздің тілек, мұндай қадамдардан тұтынушының қалтасына көз сүзетін кейбір ашкөз монополист құзырлы органдар сабақ алса, игі.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Back to top button