Санкт-Петербургтегі «Транзитті жолаушы»

Санкт-Петербургтегі «Транзитті жолаушы»

Санкт-Петербургтегі «Транзитті жолаушы»
ашық дереккөзі

Қазақ драматургының тағы бір шығармасы Ресейдің сахнасында қойылды. Ол – белгілі қаламгер, көрнекті драматург Дулат Исабеков. Бұған дейін де Дулат ағамыздың шығармалары бірнеше елдің сахнасында қойылып үлгерген еді. Бұл жолы Д.Исабековтің шығармашылығы тағы бір қойылыммен толықты. Душанбе мен Омбы қалаларының театр репертуарына еніп үлгерген драматург Дулат Исабековтің «Ескі үйдегі екі кездесу» атты пьесасы жуырда Санкт-Петербургтің атақты Державин сарайының «Эксперимент» театрында сахналанды. «Ескі үйдегі екі кездесуді» қойған режиссер – театрдың көркемдік жетекшісі, актер, Ресейдің Еңбек сіңірген артисі Виктор Харитонов.

«Эксперимент» театры Санкт-Петербургтегі атақты Державин сарайында өз қойылымдарын көрермендеріне ұсынып келеді. Орыстың белгілі ақыны Г.Державин дәуірі жүріп тұрған заманда өз сарайын салдыртқан екен. Бүгінде бұл сарай мемлекеттің қамқорлығына алынып, үлкен мұражайға айналған. Аталмыш сарайдың ішінде 150 адамға арналған «Домашний театр» жұмыс істейді. Алматыдан қойылымды көруге барған топтың аталмыш театр туралы әсері ерекше. Қонақтарды күтіп алған театр жетекшісі, режиссер Виктор Харитонов үстіне Державин заманының үлгісіндегі киім киіп алыпты. Мұражайдың әр бөлмесін аралатып, өлеңдерін оқып беріпті. Театрдың фойесінде алматылық қонақтарды үлкен тосынсый күтіп тұрған еді. Оларды скрипка мен фортепианода ойналған Абайдың «Айттым сәлем, Қаламқасы» мен халық әні «Ақ Баянның» құлаққа жағымды әдемі әуені қарсы алады. Фойенің бір шетіне көрерменге ар­налып қазақ дастарқаны жайылыпты. Театр әртістері Қазақ­станнан келген қонақтарды қа­зақы жайдары қалыппен, қазақы дастарқанмен қарсы алуы, ерекше әсерлі еді. Санкт-Петербургтің зәулім сарайында орындалған қазақтың ғажап музыкасы мен жайылған кең дастарқаны қаламгерді де тебірентпей қоймаған. Еріксіз көзіне жас ұялағанын айтады жазушы. Тіпті, петербургтік көрерменнің бірі: «Мен Абайдың ақын екенін білуші едім, бірақ оның керемет композитор екенін білмеппін. Абайдың музыкасы ғажап, қайталанбас туынды екен» деген таңданысын да жасырмапты.
Сахнаға шыққан жүргізушінің: «Бүгін ұлы Державин сарайында ерекше күн. Біздің бүгінгі сахнамызда қазақ драматургы Д.Исабековтің «Транзитті жолаушы» атты пьесасы қойылып жатыр. Оқиға Алматы қаласында, аэропорттың маңында өтеді. Қай кез, оны қазір өздеріңіз көресіздер. Сонымен «Гонг!», спектакль басталды» деген сөзінен кейін, қойылым басталып кетті.
Шығарманың желісі бәрімізге жақсы таныс. Бір үйде өткен екі кездесу. Бір үйдің екі қожайыны. Бірі ертеректе тұрған, бірі кейінірек көшіп келген. Үйдің әрбір қабырғасы ежелгі қожайынға да жақсы таныс. Әрі бұл үйде жақсы да, жаман да күндері өтті. Бұл күндері сонау Якутскіні мекен еткен Айтөре жол түсіп, Алматыға келеді. Аэропорттың маңындағы ескі үйіне бір соғып кеткісі келген жолаушы байырғы үйінің есігін қағады. Ал үйдің бүгінгі қожайыны Зейнептің де тағдыры қиындау. Жалғыз өзі кенже ұлы Ертайдың жолын тосып, жалғыздықты жанына серік еткен жан. Екі қарттың басынан кешкен өмір жолдары туралы айтылған сыр-естеліктері кез келген көрерменнің жанына мұң ұялатады. Зейнептің ролін Ресейдің Еңбек сіңірген артисі Лариса Пилипенко (режиссердің әйелі) сомдаса, Айтөренің ролін режиссердің өзі ойнап шығыпты. Қойылымда кейіпкерлерінің бейнесін қазақы мінез-қалыпта беруге ты­рысыпты. Киім-киістері мен іс-әрекеттерінің өзі соны аңғартады.
Қойылым көруге тұрарлық. Пьесаның айтар ойын көрерменіне дәл жеткізген. «Кейбір кемшіліктеріне қарамастан, пьесаның қойылымы өте сәтті шыққанын» айтады Дулат аға. Спектакльді тамашалауға Петербургтегі қазақ диаспорасының төрағасы С.Құспанов пен бір топ қазақ жастары келіпті. Режиссер әрі актер В.Харитонов «Ескі үйдегі екі кездесуді» алдағы уақыттарда Ресейдің барлық қалалары мен шетел театрларына гастрольдік сапармен алып шығу жоспары бар екенін де жеткізген екен. Ресейлік режиссердің қойылымын қазақстандық көрер­мен­нің де тамашалауға мүмкіндігі туар деген үміт бар.
Қазақ драматургиясының өзге елдерде де қойылып жатуы – бұл игілікті іс. Шекспирді қойған, Узейр Ғаджыбековтің «Аршын мал аланын» тамашалаған талайлар енді қазақ драматургтерінің шығармаларымен де таныса бастайды. Дулат Исабековтің пьесасы алғаш рет қойылып отырған жоқ. Бұған дейін Ресей сахнасында қаламгердің «Тор» пьесасының қойылғаны белгілі. «Мұрагерлерді» Оңтүстік Корея театры қойған екен. «ТҮРКСОЙ» ұйымы «Мұрагерлердің» Түркияда да қойылатынын айтқан еді.

Гүлзина БЕКТАС