ИРАН ЖӘНЕ «АЛТЫЛЫҚ» КЕЛІСІМ

ИРАН ЖӘНЕ «АЛТЫЛЫҚ» КЕЛІСІМ

ИРАН ЖӘНЕ «АЛТЫЛЫҚ» КЕЛІСІМ
ашық дереккөзі

Женевада Иран мен әлемнің алты державасы арасында ядролық бағдарлама бо-йынша келісімге қол жеткізілді. Оған Иран, Ұлыбритания, АҚШ, Ресей, Франция, Германия және Қытай өкілдері қатысты. Бұл уағдаластық жайында аталған келіссөзге қатысқан бірнеше делегация пікірін бірден мәлімдеді. 

Сол күні-ақ Иранның Сыртқы істер министрі Мұхаммед Зафир өзінің Twitter-дегі шағын блогына: «Біз келісімге келдік», – деп жазды. Иран келісімнің бір бөлігін жүзеге асыру үшін 4,2 млрд. доллар көлемінде шетел валютасына қол жеткізетіндігі хабарлануда. Ресей СІМ басшысы Сергей Лавровтың айтуына қарағанда, МАГАТЭ Тегеранның ядролық бағдарламасына бақылауды айтарлықтай кеңітетін болады. Ал Иран Аракадағы реакторды жабдықтауды тоқтатуы қажет. Келісімде 20 пайыздық байытылған уран қоры келісім жасалғаннан кейінгі алты айдың ішінде жойылуы тиіс. Одан ары Иран уранды бес пайыздан жоғарыға байыта алмайды. Дәл осы кезеңде Ислам Республикасына қарсы бұған дейін енгізілген алтын, мұнай химиясы, автомобильге қатысты санкциялар жеңілдетілетін болады. АҚШ-тың Иран Орталық банкіне қарсы енгізген санкциясы әзірше өз күшінде қалады.

АҚШ Президенті Барак Обама келісімге қол қойылғаннан кейін Конгресті Иранға қатысты жаңа санкциялар енгізбеуге шақырды. Ислам Республикасы жарты жыл ішінде өз міндеттемелерін орындамаған жағдайда ғана қысым жасалады. Иранның ядролық бағдарламасының басшысы Ферейдун Аббаси-Давани биыл тамызда Иранның уран ба-йытатын центрифугаларының саны 18 мыңға жеткенін хабарлаған еді. Аббаси-Давани Иранның уран байытатын 17 мың «алғашқы буын» центрифугалары (IR-1) бар екенін, оның 10 мыңы жұмыс істеп тұрғанын, 7 мыңы іске қосуға дайын екенін мәлімдеген. Аббаси-Давани бұлардан бөлек, 1 мың жаңа центрифуганың уран байытуға кірісуге дайын тұрғанын айтқан. Иран таратқан мәліметтер бойынша, жаңадан жасалған 1 мың центрифуга алдыңғы буын құрылғыларына (IR-1) қарағанда уранды бірнеше есе тез байытады.

2013 жылы қыркүйекте Иранның жаңа сайланған президенті Хассан Роу­хани ел үкіметінің ядролық қаруға ие болуға ұмтылмайтынын және бұл даулы мәселеге қатысты Батыс мемлекеттерімен келіссөздер жүргізуге толық өкілеті барын айтқан. Роуханидің бұл сөзінен кейін Иран парламентінің депутаты Хоссейн Накави Хоссейни «Тегеран уранды 20 пайызға дейін байы­туды тоқтатқанын» хабарлады. 

Биыл қарашада Франция президенті Франсуа Олланд Иранның уран байыту бағдарламасына қатысты мәселелерді шешу үшін төрт талап қойған. Олландтың айтуынша, Тегеран әуелі Ирандағы барлық ядролық нысандарын халықаралық қауымдастықтың бақылауына рұқсат беруі тиіс. Екіншіден, Иран уранды 20 пайызға байыту жұмысын тоқтатуы қажет. Бұдан соң Иран қолда бар 20 пайызға байытылған уран қорын азайтуы тиіс. Олландтың төртінші талабы – Тегеран Аракта салынып жатқан ядролық реактор құрылысын тоқтатуы болған. 

Динара Дүрмән