ЕСТІ АНА

ЕСТІ АНА

ЕСТІ АНА
ашық дереккөзі

Ауылда да, қалада да адам­шылықтың небір үлгілерін көресің. Үлгі тұтасың. Қазанбас, Кірекес, Ермахан деген есімдер Сыр еліне, әсіресе Қармақшы жұртшылығына етене таныс еді. Қазанбас бидің шөпшегі, Кірекес болыстың шөбересі, Ермаханның немересі Сәуле Ерділдақызын да жұртшылық құрмет тұтады. Сәуле бабаларындай би болып, ел басқарған емес. Бірақ би болмаса да, би түсетін үй болған, шаңырақтың киесіндей көрінді алғаш маған. Сәуле және отағасы Сағидолламен аралас-құралас болғаныма 20 жылдай уақыт өтіпті. Бұл кімнің-кім екенін танып білуге аз уақыт емес. Алғашында жылдам сөйлеп, ақжарқын отыратын отанасына сынай қарасам, ол да құдайы қонақты сынай қарапты. Кейінірек өз ойымызды жасырмай айтып күлгеніміз бар.

Әкесі Ерділда Кірекесов 1998 жылы, анасы Фатима Қосымбетқызы 2008 жылы өздерінің кіндік қаны тамған Қармақшыда өмірден өтіп, бабалары жатқан жерден жамбасы тиді. Осы тұста Сәуленің ата-анаға деген құрметі ерекше болды. Аға-інілері, сіңлілерімен бірге әкесі Ерділда мен анасы Фатиманы ақ жуып, арулап жер қойнына тапсырды. Сол кезде қамығып, қайғырса да азаматтық танытып, бойын тік ұстап, жоқтау айтып, іштегі шерін тарқатқаны да есте. Арада біраз жылдар өтсе де әкесі мен анасының қайтқан күнінде, бейсенбі, жұма күндерінде құран оқытып отырады. Сәуле бұл әдетінен жаңылған емес. Алматы қаласынан арнайы барып, ағайын-туыстармен бірге әке-бабаларының қабірінің басына барып, көңілін бір демеп алады. 

Сәуле жай отырыста болсын, басқа да шараларда ата-аналарының жақсы қасиеттерін, олардың айналасындағы адамдарға деген ыстық-ықыластарын талайларға көмектескенін, еске түсіріп, «біздерге бұрынғылардай болу қайда?», – деп отырады. Өзі де қолы әманда ашық, әрдайым көмек қолын созуға даяр тұрады.

Жоғары оқу орнын бітірген ана талап қойғыш, балаларының, келіндері мен немерелерінің тәрбиесіне жете назар аударып, білім алуына бар жағдайды жасаудан жалықпайды. Отағасы Сағидолла Еркебаев екеуі үлкен, мәуелі шаңырақтың бағбаны тәрізді. Әжелеп жүгірген немерелері жүрегін елжіретеді-ай. 

 Оралдық ініміз Сағидолла Сырдың бір азаматындай болып, етене араласып кетті. Бұл туралы Сағидолла: «…Менің осындай дәрежеге жетуіме қамқорлық жасаған Ерекең мен Фатима анам болатын, солардың ұрпағы Сәулені адалдығы мен азаматтығы үшін қадірлеймін, құрметтеймін». 

Бірде Сәуледен «Мамандығың бойынша қызмет неге атқармадың?» деп сұрасам, «Аға-ау, Сәкеңнің қызметті абыройлы атқаруына қолғабыс жасадым, балаларымның тәрбиесіне қарауды мақсат тұттым. Одан жаман болған жоқпын, «ұлымды ұяға, қызымды қияға» қондырдым. Отбасымның түтінінің түзу шығуына бар еңбегімді арнап келемін», –деп ағынан жарылғаны бар.

Рас, Сағидолланың мақсат-мұраттарының орындалуына барынша көмектесіп, шын жанашыры, көмекшісі бола білді. С.Еркебаев Орталық комсомол, партия комитеттерінде жауапты қызметтер атқарса, тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында қаржы саласында, кейіннен аудан әкімі қызметтерін абыроймен атқарып, елге танылды. Бүгінде кәсіпкер. Әріптестері мен қызметтес замандастары Сағидолланы шын жақсы көреді. 

Сәуле тегін Ермаханова деп бекер жаздырмаса керек. Шынында да Сәуле бабасы Ермаханға ұқсап бағуда. Дастарханы кең, айналасына мейір шуағын шашып тұрады.

Сәуле Ерділдақызының сонау балалық-балғын шағы бірге өткен сыныптастары, студенттік шақтағы дос-жарандары, бәрі-бәрі Сәуле есімін зор ілтипатпен атап, онымен кездесуге, жүздесуге асық. Сәуленің жұрттан асқан шен-шекпені болмаса да қатарына сыйлы, балаларына бауырмал ана, немерелеріне сүйкімді әже екенін аңғардым.

Ата-анасын қадірлесе Сәуледей қадірлесін. Өйткені ол ата-анасының қайтыс болған күндерін еске алып, ата-бабаларына  Құран бағыштаудан тайған емес. Ата-анасы жайлы әңгімеге тартып, естеліктер тыңдап, оларды көңіліне тоқиды.  

Тынышбек ДАЙРАБАЙ,

еңбек ардагері