ЕНДІГІ ҮМІТ – ПРЕЗИДЕНТТЕ

ЕНДІГІ ҮМІТ – ПРЕЗИДЕНТТЕ

ЕНДІГІ ҮМІТ –   ПРЕЗИДЕНТТЕ
ашық дереккөзі

                                           ҚР Азаматтығын алу туралы  заңның өткелектері

1991 жылғы Елбасының «ағайынға ақ тілегінен» кейін елге қарай ағылған қазақтардың көші алғашқы жылдары талай заңдық кедергілерге ұшырағаны мәлім. Қазақтардың Атамекеніне ең көп оралған 1991-1999 жылдардың еншісіне тиеді екен. Дәл осы жылдары «ҚР азаматтығын алу» туралы заңның шетелден оралған қандастарға арналған арнайы баптарының болмауы себепті, Қазақстанға оралған қазақтар 10 жыл бойы азаматтығын ала алмай, біраз әуре сарсаңға түскен болатын. Тек Қазақстан азаматтығын ұлты қазақ шетел азаматтарының қабылдауын оңтайландыру туралы заң 2002 жылы қабылданды. Бұл заң бойынша, Қазақстан аумағына 1991 жылдан бері қоныс аударған шетелден оралған қазақтар үшін екі айдың ішінде, жаңадан оралған қазақтар үшін алты айдың ішінде азаматтығын алуға мүмкіндік туды. Сөйтіп айналасы он жылдың ішінде осы жеңілдікті пайдаланған шетелдік қандастарымыздың 1 миллионға жуығы Қазақстан азаматы атанып үлгерген болатын. Алайда 2011 жылдан Елбасының саясатына қарсы шығып, оған қайшы әрекеттер жасауға көшкен жекелеген саясаткерлердің кесірінен «Азаматтық алу» туралы заң тағы да өзгеріске ұшырады. «Халықтың көші-қоны» туралы Заңды қайта қабылдап, өзгерістер мен толықтырулар енгізген ҚР Парламенті заңға «ҚР азаматтығын алуы үшін келген елінің азаматтығынан шықты деген анықтама алып келу» туралы бапты қайта енгізді. Қоғамдық белсенділер мен журналистердің табанды қарсылығының арқасында бір жылдан кейін бұл заңнан аталған бап алынып, шетелдік қазақтардың ҚР азаматтығын алу үшін бұған дейін қолданып келген жеңілдіктер қайтарылды.
Алайда, «Жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» дегендей Мәжіліс пен Сенатқа келіп түскен «Еңбек мигранттары» туралы заңның бір қайнауы ішінде, шикі күйінде мақұлданып отыруы – шетелдік қандастарымыздың көшін біржола кері бұруға әрекет етуге бағытталғанын айқындап тұрғандай. Біріншіден, бұл заң жобасы көпшілікке таныстырылмады, жұрт талқысына түспеді. Көпшілік ақпарат құралдарынан естіп-білісімен өре түрегеле қарсылық танытып еді, оның жымын білдірмеудің әрекеті – 5 жылды 4 жылға түсірумен шектелді.

Рахым Айып, «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы:
                                              

                                                    Халықаралық ұйымдарға шағымдануға болады

Осы заң жобасы Сенатта бірінші оқылымда мақұлданған кезде оған қарсылық білдіріп, баспасөз-мәслихатын ұйымдастырушылардың бірі «Жебеу» қоғамдық бірлестігінің бас хатшысы Рахым Айып болған еді. Біз ол кісіге арнайы хабарласып, аталған заң жобасы жайында пікірін білген болатынбыз.
– Рахым Айыпұлы, Сіздер осы заңға қарсы тұрған ұйымның бірі болдыңыздар. Заң Мәжілістен де, Сенаттан да мақұлданып, Президентке жолданды. Сіздіңше, бұл заңға Президент қол қоя ма?
– Әлі де болса, Президент қол қоймайды-ау деген үмітім бар. Өйткені бұл заң 22 жыл бойы Президенттің табанды түрде жүргізіп келген көші-қон саясатын түбірімен жоққа шығарады. Сол себепті де ол кісі өз саясатына өзі қайшы келетіндей қадамға бара қоймайды деп ойлаймын.
– Жалпы, Қазақстандағы көші-қон саясатының өзгеруіне, оған жекелеген шенеуніктердің кедергі жасағысы келіп, түрлі бөгеттерді ойлап табуына не түрткі болды деп ойлайсыз?
– Меніңше, бұның басты себебі – 2010 жылы өткен жалпыұлттық халық санағы. Өйткені санақтың алғашқы қорытындысында қазақтардың үлес салмағы – 67,8 пайыз деп көрсетілді. Дәл осыдан кейін-ақ, көштің басына қара бұлт үйіріле бастады. Демек, сол шенеуніктердің арасында Қазақстанның ұлттық мемлекет ретінде қалыптасуын қаламайтын адамдар бар ма деп топшылаймын. Және бұл адамдар биліктің аса бір ықпалды бұтағына қонақтап алған ба деп қорқамын!
– Көштің ендігі қарқыны қалай болады деп ойлайсыз?
– Егерде Президент бұл заңға қол қоятын болса, көш мүлдем тоқтайтын болады. Себебі, көштің басты бағыты – отанға оралу болса, екіншіден – адамдардың ұлттық намысымен де тікелей байланыс­ты. Егерде шетелден оралған қазақтарды белгілі бір аумақтан көшпеуге мәжбүрлесе, ол оның адамдық құқын шектеу, шетелде бір елдің толыққанды азаматы атанып жүрген қандастарымыз өзінің тарихи отанына оралып, екінші сортты адам болып күнелтуге келіспейді деп ойлаймын.
– Осы заң жобасы Сенатта жылт еткенде, қоғамның қарсылығы күшті болып еді. Алайда екінші рет Мәжіліс пен Сенат бес жылды төрт жылға шегеріп, қайта мақұлдағаннан бері ешқандай мәлімдемені естімедік. Оның себебі неде? Баяғы көнбістік пе?
– Жоқ, үнсіз қалған жоқпыз. Кеше ғана «Алматы» телеарнасындағы «Тұжырым» бағдарламасында мен өзім егжей-тегжейлі айттым, ұлттық баспасөз-клубында баспасөз мәслихатын өткізген жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Қабдеш Жұмаділов ағамыз да өзінің мәлімдемесін жасады. Осының бәрі қоғамның әлі де қарсылық танытып жатқанының көрінісі деп ойлаймын.
– Қазақстан көптеген халықаралық пактілерге қол қойғаны мәлім. Соның бірі «Бөлініп-жарылған отбасылардың құқын қорғау» туралы Конвенция. Қазақстанға осы жылдар аралығында кемінде 1 миллионға жуық қазақ келді. Енді олардың туған-туысқандары, ата-анасы, бала-шағасы бөлініп жарылған отбасылар қатарына жатады ғой. Кез келген халықаралық тәжірибеде ұлттық заңдардан халықаралық пактілердің дәрежесі жоғары тұрады. Қазақстан Парламенті бұл заңды мақұлдауы арқылы Қазақстанның өз саясатына қайшы келіп отырған жоқ па?
– Осы Конвенцияны бетке ұстай отырып, халықаралық ұйымдарға шағымдануға толықтай болады. Ондай қадамға бармас бұрын, әуелі өз елімізде бұл заңға соңғы нүктесі қойылуы керек. Бұл заң әлі заңдық күшіне ие болған жоқ. Ал Қазақстан адам құқығы жөніндегі халықаралық 6 бірдей Конвенцияға қол қойған. Сол себепті де, заңдағы тағы бір тармақ оралмандарды белгілі бір аумаққа орналастыру және одан көшуіне тыйым салу. Бұл да адам құқын шектейтін саясат. Демек бұл заңның қабылдануы халықаралық адам құқығы жөніндегі ұйымдарды бейжай қалдырмайды деп ойлаймыз.
– Рахмет!

Есенгүл КӘПҚЫЗЫ