Торыққан көңілі залымнан

Торыққан көңілі залымнан

Торыққан көңілі залымнан
ашық дереккөзі
490

Еуропаны кезіп жүрген коммунизм елесі саяси, экономикалық-әлеуметтік қайшылықтары әбден шиеленіскен, крепостниктік құқықтың жойылғанына жарты ғасырдай болған Ресей өңіріне, сонан соң оның көрші елдерінен қоныс тапқан еді. Алайда өзін мәңгілік санаған кеңестік империя бар-жоғы жетпіс жыл ғана өмір сүрді. Өйткені әлеуметтік әділеттілікті ту етіп саяси сахнаға шыққан тоталитарлық өкімет билікті қолға алар-алмастан өз табиғи болмысын танытты. Шет республикалардың мәдени құндылықтарын тәркі етіп, ең алдымен ұлттың шынайы зиялы қауымына тиісті. Оларға әртүрлі аттар таңып, қудалады, түрмеге жапты, айдады, атты.


«Атышулы» Мұстафа Шоқай

eda1dbf52d163608ab16b9aa6e1df75e.jpg

Кеңестік насихат «сатқын», «опасыз», «нағыз пантюркист» және «панисламист» дегендей толып жатқан аттар таққан кездері Алаш жетекшілерінің бірі Мұстафа Шоқай мәжбүрлікпен шетелде тұрып жатқан еді. Сол себепті де оның тарихи-публицистикалық еңбектерi батыс тарихнамасында қоғамдық қарама-қарсы екi жүйенiң қырғи-қабақ соғыс жолына түсе бастаған жағдайында аса маңызды туындылардың қатарында болды. Ол Еуропада «мұсылман эмигранттарының сөзсiз көшбасшысы» болды, өзiнiң жарияланымдарында КСРО-дағы ұлттық саясатты аяусыз сынға алды. Сондықтан да 1925 жылдың 29 мамырында И.В.Сталин «ақгвардияшы баспасөзге бейтаныс емес Шоқайдың» қазақ басылымдарынан алынған мәлiметтердi пайдаланып жазған мақалалары туралы РКП(б) Қырғыз өлкелiк комитетiнiң бюро мүшелерiне жолданған хатында: «Бiз өкiметтi жастарды саяси және идеологиялық тәрбиелеудi буржуазиялық партияда жоқ интеллигенттерге табыстау үшiн алғанымыз жоқ. Бұл шайқас толығымен коммунистердiң пайдасына шешiлуi қажет. Олай болмаған жағдайда Қырғызстанда (Қазақстанда – Ә.Б.) шоқайшылардың жеңiске жетуi әбден мүмкiн. Ал бұл Қырғызстандағы коммунизмнiң идеологиялық және саяси күйреуiмен теңбе-тең»,– деп жазған еді.
Мұстафа Шоқай алдымен Грузияда, сонан соң 1921 жылы Түркия арқылы өзінің өмірінің соңына дейін тұрған Францияға өткеннен кейін Еуропада «мұсылман эмигранттарының сөзсiз көшбасшысы» болуымен қатар Түркістанда орнаған кеңес өкіметімен екі бағытта күресті.
Бірінші, саяси-әлеуметтік іс-әрекет еді. Бұл бағытта ол алдымен Түркiстан ұлттық бiрлiгi Орталық комитетiнiң мүшесi, 1929 жылдан бастап оған жетекшiлік етті. «Жаңа Түркiстан» (Стамбұл, 1927-1931) журналының негiзiн қалаушы, «Яш Түркiстан» (Берлин, 1929-1939) журналының редакторы, Кавказ, Украина және Түркiстан халықтарын ұлттық қорғау органы – «Прометей» (Париж, 1926-1938) журналы редакциялық алқасының мүшесi болды.
Екіншісі – Мұстафа Шоқай әртүрлі дәрежедегі жиындарға қатысып, сөз сөйледі. Халықаралық саясаттың, кеңестік Орта Азия мен Қазақстандағы iшкi саяси, әлеуметтік-экономикалық жағдайдың өзектi мәселелерi жөнiнде баяндамалар жасап, кітаптар шығарды, мақалалар жариялады. «Дни», «Последние новости», «Борьба», «Вольный горец» және басқа эмиграциялық басылымдарда еңбектерi жарық көрдi. Ол орыс эмигранттарының газеттерiмен ынтымақтастықта болды. Ол өз еңбектеріне дерек көзі ретінде «Еңбекші қазақ», «Қызыл Өзбекстан», «Правда Востока», «Правда» т.б. басылымдар мен ресми жауапты қызметкерлердің жазған мақалалары мен сөйлеген сөздерін пайдаланды.
Мұстафа Шоқай Кеңес шындығын нақты материалдар негізінде талдау арқылы оның патшалық Ресейдің отаршылдық саясатымен сабақтастық сипатын ашып көрсетеді. Ол орыстың патшалық мекемелері шет аймақтардағы ұлттық дамуымызды тежеп келген болса, большевиктердің басқаруы қазақ халқын ұлттық сезімнен жұрдай етуге, мұндай сезімді оның көкірегінен біржола сылып тастауға тырысып отыр деді. Сондықтан кешегі патшалық Ресейді бүгін кеңестік Ресей немесе пролетарлық Ресей деп атағанмен, ұлттық мәдениет тұрғысынан қарағанда, ештеңе өзгермегенін, жергілікті халықтың өзіне тән рухани әлемін суалтып, оның орнына орыс пролетариатының рухын орнатпақ болып отырғанын ашына жазды. «Бір ұлттың рухани, экономикалық мүдделері екінші бір күшті ұлттың мүдделеріне құрбан етілуі отаршылдық болып табылады» деген Ленин мен Сталиннің кеңінен мәлім қағидасын негізге ала отырып, Мұстафа Шоқай бұған толып жатқан мысалдар келтіреді. Екі-үшеуін ғана атай кетейік. ІІІ Интернационалдың әйгілі жетекшілерінің бірі болған Зиновьев 1920 жылы қыркүйекте Бакуде өткен Шығыс халықтарының съезінде кеңес үкіметінің Түркістандағы агенттері «далалық шаруа­ларды ренжітеді, жерлерін алып қояды, оларға төменгі нәсілділердің тұрғысынан қарайды» деп мойындауға мәжбүр болған-ды. «Еңбекші қазақ» газетінің 1928 жылғы 1 және 3 қаңтардағы сандарында жарияланған «Ұлтаралық алауыздық» деген мақалада «революцияның болғанына он жыл өткенімен орыстың ұлы державалық ескі саясатының тура және заңды ұрпағының жалғасы отарлаушы кулактар әлі күнге дейін қазақтарға, өзбектерге, тағы басқа езілген халықтарға үстемдіктерін жүргізіп келеді» жазылған болатын.
Саяси күрескер өз сынына кеңес қызметкерлерінің сөздерін ұтымды пайдалана білді. Мысалға 1929 жылы жазылған «Біздің жол» деген мақаласында келтірілген Кеңес Одағы Орталық Атқару Комитетінің сессиясында Шалва Элиаваның «Түркістан пролетариаты дегенді бұрын-сонды ешкім естімеген емес» («Не ясная категория»), «Өзбекстан Республикасы (демек бүкіл Түркістан) пролетариатсыз күресуде», Кеңестер Одағы деген атау туралы ұсыныс енгізген көрнекті коммунист Затонскийдің «Біз айналамыздағы өлкелердің есебінен Орталықты нығайтқанымыз дұрыс болар еді. Егер Орталықты күшейту үшін төңірегіміздігі өлкелерді тонау қажет болса, біз оған да барған болар едік» деген сөздері бар еді.
Мұстафа Шоқай «Ұлттық керітөң­керісшіл ме», жоқ әлде «Ұлттық төңкерісшіл ме?» деген мақаласында Ресейдің өзіндегі бітіспес жаулары мен өзге аймақтардағы сондай қарсыластарының арасында өзгешеліктер барын атап көрсетеді. Ресейдегі троцкийшілдер, зиновьевшілдер Сталиннің жеке диктатурасымен келіспеді және олар орыс үстемдігі ұлтшылдықты асқындырады деп есептеді. Шындық солай еді. Бірақ кеңес үкіметі ұлт өлкелеріндегі кері төңкерісшілдерді әлдеқайда қауіпті санады. Өйткені олардың ең көкейкесті мақсаты өз атамекендерін Ресейдің бодандығынан құтқарып, тәуелсіз мемлекет құру болатын.
Жоғарыда аталған мақалада кеңестік Қазақстандағы сол кездегі кейбір саяси-идеологиялық жағдайлар да ашық жазылған. 1936 жылы “Казахстанская правда” газетінің 16, 21-шілде және 2-тамызындағы сандарында Қазақстан Компартия Орталық комитетінің насихат бөлімінің меңгерушісі Илияс Қабылұлы “садуақасовшыл”, “қожанұлышыл”, “меңдешұлышыларды” сынай отырып, “ғылыми, рухани салаларда кең орын алған осы ұлтшылдық ағымдарға қарсы рахымсыз күрес ашуға” шақырған болатын. Алайда соңғылардың қойған талаптардың мағынасы – Түркістанға өзінің ұлттық саяси құрылысын басқаруға көбірек құқық берілуін, орыс жұмысшылары мен солдаттары жүргізіп отырған алуан түрлі озбырлықтарының тоқтатылуын, орыс келімсектерін әкелуге шек қойылуын талап етуден ары бармайтын. Олар “қазақ ауылдарында таптық күрестің отын жағуға“ келіспеді, бұған қарсылық білдірді. Кеңес орыс империализмі орыс пролетариат диктатурасының жауларын, Мұстафа Шоқай сөзімен айтқанда, “реакцион ұлтшылдықпен” айыптады. Олар бұл күрестің түп негізіне ой тастамай, оның себептерін сырттан іздеді. 1936 жылғы 30 желтоқсанда “Казахстанская правда” газетінде жарияланған тағы да жоғарыда аты аталған автордың “Қазақ ұлтшылдығын нысана етейік” атты екінші мақаласында Қазақстандағы кәсіпорындардың өз жоспарларын орындамауын, Негізгі заңға, озат жұмысшылар мен колхозшыларға қарсы шыққандарды Францияда жүрген Шоқайұлының әрекеттері деп түсіндіреді. “Ұлтшылдармен” “ұлы” күрескердің сөзін назарларыңызға ұсынайық: “1918 жылы керітөңкерісшіл Қоқан автономиясын құруға ұрынған атақты азулы алашордашылардың бірі, атышулы Шоқайұлы Қазақстаннан қуылып, ақ мұғажырлыққа кеткен болатын. Міне, сол Шоқайұлы шетелде жүрсе де, ішіміздегі алашордашылар мен қазақ ұлтшылдарының қалған-құтқандарына өзінің арам ойларын өткізіп жатыр. Империалистерге сатылған осы Шоқайұлы троцкийшілдер және ұлттық тұрақсыз элементтермен бірлесіп шпиондар, зиянкестер, арандатушылардан тұратын фашистер тобын ұйымдастыруға тырысып отыр”. Бұл сөзде жалғыз ғана шындық бар еді. Ол – Мұстафа Шоқайдың “атақты азулы алашордашылардың бірі, атышулы” екені, оның идеясының елде қолдау да тауып жатқандығы болатын. Қалғанының барлығының жалған екенін тарих дәлелдеп шықты.

Мұстафа Шоқай – кеңес шындығының саяси сарапшысы

ff2faa5b14d434876be3e533867a185b.jpg

Мұстафа Шоқай Түркістандағы кеңес өкіметін сынағанда оның бастауы назардан тыс қалмады. Большевиктер билік басына келер алдында ұлттардың өздерін өздері басқаруы, тіпті бөлініп кетуге дейінгі құқығы жөнінде жан-жақты үгіт-насихат жүргізді. 1914 жылдың сәуірінде пролетариаттың көсемі В.И.Ленин: «Ұлттың өз тағдырын өзі билеушілігі бөтен ұлттық коллективтен бөлек шығуында, өз алдына жеке мемлекет құрылуында» деп жазған болатын. Осыдан дәл үш жыл өткенде, яғни 1917 жылы сәуірде Петербургте өткен большевиктердің съезінде сөйлеген сөзінде И.В.Сталин: «Ресейдің құрамындағы езілген халықтарға олардың Ресейдің құрамында қалғысы келе ме, әлде жеке мемлекет болып бөлінуді қалай ма деген еріктілік өз қалауларына берілуі қажет» деді. Осы конференцияның қарарында: «Ресейдің құрамына кіретін барлық ұлттардың өз еркінше бөлінулері, жеке мемлекет құру еріктері сақталуға міндетті. Олардың бұл еріктіліктерін жоққа шығару және оның іс-жүзінде жүзеге асуына шара қолданбау – басып алушылық пен зорлап қосушылыққа парапар»,– деп көрсетілді. Алайда 1917 жылы патшалық монархия құлап, бұрынғы Ресейге қараған елдер бөлініп, өз алдына тәуелсіз өмір сүрмек болғанда олар қанды соғыстар арқылы қайтадан Мәскеуге тәуелді етілді. Жергілікті халық үшін ең қайғылы осы оқиғаларды большевиктер «орыс емес халықтардың азаттығы», орыс ұлтының «адамгершілік міндетін» өтеуі, пайғамбар Лениннің бодан халықтарға істеген «шапағаты» деп атады, ал мұны түсінбегендердің бастарын коммунистің «балғасымен» жаншып, «орағымен» орып тастап отыр деп жазды Мұстафа Шоқай. Ал Азамат соғысы аяқталып, бірсыпыра ұстанымдарын нығайтып алғаннан кейін большевиктердің ұлттық республикалардың Одақтан бөлініп шығып, өз алдына тәуелсіз мемлекет құруына дейінгі өзін-өзі билеуі туралы берген уәделері түбегейлі өзгерді. 

Кеңес өкіметінің ұлттық саясатының алғашқы кезеңдерінде үкіметтік мекемелерді жергілікті халыққа жақындату мәселесі «жергіліктендіру» деген атпен көп айтылып, мол насихатталды. Бірақ бұл, Мұстафа Шоқай сөзімен айтқанда, «қызыл сөздерге боялған» уәделер іс жүзінде «орыстың ұлттық рухына негізделген пролетариат диктатурасынан басқа ештеңе де болмай шықты…». Тіпті кейін большевик қайраткерлер «жергіліктендіру» міндетті түрде басқару істеріне жергілікті халық өкілдерін қатыстыру емес екенін түсіндірумен болды. 1930 жылы жазылған «Түркістандағы жергіліктендіру қандай мазмұндарды қамтиды?» атты мақалада Ресей Компартиясы Орта Азия Бюросының бастығы Зеленскийдің «жергіліктендіруге» қатысты мынандай сөзі келтірілген: «Жергіліктендіру» дегеніміз – өкімет аппараттарының жергілікті халыққа жақындауы. Мұндай жақындауға жергілікті халықтың тілін үйрену арқылы орыстар да қол жеткізе алады». Бұл, шынына келгенде, кеңес қайраткерлерінің екі жүзділігінен басқа ештеңе емес-ті.
Кеңестік шындықтың бет пердесін барынша аша түскен «Советтер қол астындағы Түркістан» атты еңбек болып табылады. Тақырыптың астында «Пролетариат диктатурасына мінездеме» деп жайдан-жай жазылмаған туындыда большевиктердің жергілікті халықтың мүдделерімен қаншалықты санасқандарын дәлелдейтін бірнеше мысалдар бар. 1919 жылдың 5 маусымында Ташкентте өткен Түркістан коммунистері партиясының өлкелік 3-съезінде мұсылман делегаты өз сөзінде былай дейді: «Біздер, мұсылман сорлылар, Николайдың кезінде де мал соңында зар еңіредік, қазіргі пролетарлық үкіметте де тап сол қалпымыз. Тіпті одан да жаманбыз…». Ал Сырдария губерниясындағы қазақтар барлық тұрғындардың 79 % -ын құраса, ал барлық еуропалықтар (орыстар, украиндар, белорустар, немістер т.б.) 9,5 % ғана еді. Бірақ губерниядағы мектептерде 6 пайыз ғана қазақ балалары оқыса, орыс балаларының 53, 2 пайызы оқуға тартылған тұғын. Сол кездегі жағдайдың қиын болғандығы соншалықты, жергілікті халық 94 пайыз болғанына қарамастан Түркістанның мемлекет істеріне жергілікті адам тарту жөніндегі ойларды еске алудың өзі “керітөңкерісшілдік” деп жарияланатын.
Кейін коммунистерге айналған большевик­тердің мұндай ұрандарының бос сөз болғанын Қазақстан тәжірибесі бірнеше рет дәлелдеген-ді. Тіпті кеңестік идеологияның талмай насихаттағанындай, «социализмнің нағыз кемелденіп коммунизмге аяқ басқан кезінде» ел басшылығына тағы да қазақ дегеннің кім екенін біле бермейтін өзге ұлт өкілінің келуіне байланысты болған 1986 жылғы Желтоқсан азаттық көтерілісінің жарасы әлі жазыла қойған жоқ.
Жаңа үкіметтің экономикалық саясаты да сынға алынды. «Түркістандағы жергіліктендіру қандай мазмұндарды қамтиды?», «Мақта төңірегіндегі күрес», «Патшалық Ресей министрі Кривошейннің Түркістандағы мақта шаруашылығына көзқарасы» т.б. мақалаларында Мұстафа Шоқай жергілікті диқандарды дербес жұмыс жүргізу мүмкіндігінен айырып, Орталық үшін қажет деп зорлап мақта еккізіп отырғанын айтты. Ол Өзбекстан мен Түркістандағы ашаршылықтың ең басты себебін осы дәнді дақылдар егетін жерлердің мақта егісіне берілгенімен түсіндірді. Большевиктер мақта саясатын жергілікті жерге қызмет етеді және ол Түркістанда басқару істерін қысқа мерзім ішінде жергілікті халықтың өз қолына беру арқылы ғана жүзеге асады десе, Мұстафа Шоқай бұлар осындай даурықпа насихаттың көлеңкесінде өздерінің түпкі ойларын жүзеге асыруға кірісті деп жазды. «Правда Востока» газетінде (30.10.1929) жарияланған Мәскеу телеграммасындағы Тоқымашылар одағының Орталық Комитетінің алдағы (1930 жылы – автор) жарты жыл ішінде алты мың жұмысшыны Кеңес (яғни үкімет) және шаруашылық салаларына жауапты әкімшілік қызметтерге жіберуді шешкені, бұдан басқа жергілікті тоқыма өнеркәсібіне тән мекемелерді күшейту үшін тағы 500 жұмысшы, Орталық Азиядағы жауапты қызметтерге 400 жұмысшы баратыны туралы хабарлар отаршылдықтың жарқын мысалдары болатын.
Көреген саясаткер экономикалық саладағы іс-шаралар Түркістанның тәуелсіз өмір сүру мүмкіндігін біржола жоюға, оны Ресейдің шикізат көзіне айналдыруға бағытталғанын атап көрсетті. «Орыстар Түркістанды Мәскеуге тек экономикалық жағынан ғана байлаумен қоймай, мәдени, рухани өмірінің көрінісі болған бүкіл тарихи шығармаларын да өз қалуынша бұрмалап, Мәскеудің еркіне тәуелді етуде»,– деп тұжырымдайды. Бұған кейінгі Қазақстан өмірі де толық дәлел бола алады.
Республиканың өндіріс орындарына, құрылыстарына көрші Еуропа елдерінен, негізінен Ресейден мыңдаған, ал кезінде талай көркем шығармалар мен фильмдерге тақырып болған, кейін әр бес жыл сайын кеңестік кезеңнің ұлы жеңісіндей тойланып отырған тың және тыңайған жерлерді игеру шараларына миллиондаған адамдар келгенде, орталықтың негізгі мақсаты Қазақстанды көркейту емес, ұлттық байлықты иемдену, жергілікті халықты орыстандыру болғаны айқындалды. Осының кесірінен қазақ өз жерінде, өз елінде бұрын-сонды болмаған азшылылыққа айналып, еліміздегі халықтың 30 пайызын ғана құрады.
Мәскеудің Сарыарқаның төсінде Тың өлкесін құруы да, кеңес көсемі Н.С.Хрущевтің солтүстік бес облысты Ресейге қосуға әрекет жасауы да ұлы державалық пиғылдан басқа ештеңе емес еді. Қазіргі күні осыларды еске алудың өзі жүректі сыздатады. Жұмабек Тәшенов сияқты өз жерін де, өз халқын да ерекше сүйетін шынайы ұлтшыл һәм қайсар тұлға болмағанда бүгінгіміз не боларын кім біліпті.
Мұстафа Шоқай өз еңбектерінде Кеңес өкіметінің 30-жылдардан кейінгі ішкі саясатына, әсіресе, мемлекетті басқару бағытындағы күрделі өзгерістерге де көп көңіл бөлген. Ол «Табыс мерекелері», «Ресейдегі жағдай және біздің міндеттеріміз», «Кеңес Одағының негізгі заңы төңірегінде» атты т.б. мақалаларында Сталиннің жеке басына табынушылығын көрегендікпен болжады. Өздеріне қолайлы жайға үйренген жоғары элитаның Сталинді барынша дәріптеп, кеңестік бұқаралық ақпарат құралдарында бар нәрсені тек соның атымен байланыстыру науқанының басталғанын жақсы байқады. Бұл үдеріс кейін «сталиндік» деп аталған Одақтық Конституцияның қабылдануымен күшейе түскен болатын. Содан күн көсем маңайын тазалауға кірісті. Қазан төнкерісінің ардагерлеріне, үкімет пен партияда маңызды орындарды ұстап отырған ірі тұлғаларға «сатқын», «фашист агенттері» деген ауыр айыптар тағылды, әртүрлі қуғын-сүргінге салынды. Көбісінің көзі жойылды. Бұл оқиғалар ішті былай қойғанда, кеңестік Ресейдің еуропалық достары арасында «бұл елдің, сірә, жөні түзу басшысы жоқ шығар» деген ой туғызғаны рас.
Шынында да, кеңес шындығы тоталитар­лық жүйеге сүйенген большевиктік билікке адам құқығы, демократия мен ұлт бостандығы секілді адамзаттық құндылықтардың жат екен­дігін көрсетті. Сондықтан Мұста­фа Шоқайдың Түркістанды орыс пролета­риатының үстемдігінен құтқарып, тәуелсіз мемлекет құрудан басқа ешқандай арман-мүддесі болмады.

Сталин социализмі – тонаушы саяси жүйе

d70be0e93adc93ae5c6a9462dc6b2ac7.jpg

Кеңестік саясаттың кейбір теориялық мәселелері де өз заманының білімдар саясаткерінің назарынан тыс қалмады. Олар туралы айтылған ой-тұжырымдар қазір де құнын жойған жоқ. Солардың ішіндегі большевиктердің таптық күрес туралы ойлары ерекше. Бұл мәселеге Мұстафа Шоқай өз көзқарасын ашық білдірді. Ол «Таптық күрес ұлттық өнеркәсібі қалыптасқан саяси, әлеуметтік және экономикалық мүдделері бір-біріне қарама-қарсы тұрған, ұлттық буржуазия мен ұлттық пролетариат таптары бар тәуелсіз елдерде ғана болуы мүмкін» деген теориялық қағидаға сүйене отырып, таптық күрес түгіл, тіпті таптардың өмір сүруі үшін Түркістанда өндірістің болмағандығын атап көрсетеді. Қазақстанда мұндай таптар қалыптаспағанын сол кездегі Кеңестің кейбір басшыларының өздері де мойындауға мәжбүр болған еді. «1916 жылғы ұлттық қозғалыс туралы большевиктердің өтірігі» атты мақалада Кеңес Одағы Орталық Комитетінің мінбесінен оның мүшесі Шалва Элиаваның: «Түркістанда пролетариат табы туралы сөз болуы мүмкін емес. Ол жерде ұлттық пролетариатсыз пролетариат диктатура құрылды» дегенін тілге тиек етеді.
Мұстафа Шоқай жергілікті газеттердің материалдарына сүйеніп жазған «Атамекен жағдайы» атты мақаласында Түркістанда таптық күрес ұранымен жүргізіліп жатқан ашық террор, Кеңес өкіметінің халықты жаппай қуғын-сүргінге ұшыратуы, азапқа салуы, аштыққа душар етуі және жүздеген-мыңдаған жазықсыз жандардың атып өлтірілуі туралы айтылады. Партиядан шығарылып, қамауға алынғандардың, жер аударылғандар және өлім жазасына кесілгендердің бар кінәсі олардың баяғыда өліп қалған атасының бай, саудагер, ғұлама, яғни кезінде іс басында болғандары немесе айыпталушының көне медре­селерде оқығандығы болды. Бұл кеңестік биліктің нағыз сорақы саясаты ғана емес, табиғи болмысы да еді.
Тамаша құқықтанушы кеңестік мемле­кеттің құқықтық қанқасын, сая­си сипатын айқындаған 1936 жылғы КСРО Конституциясындағы логикалық қайшылықтарды ашып көрсетті. «Белсенді, саналы, ынталы азаматтар ғана коммунистік ұйымдарға біріге алады» деген Конституция бабын сөзбе-сөз айта келе: «Мұның екінші мағынасы Коммунистік партияға кірмеген адамдар белсенді, ынталы және саналы болып саналмайды деген сөз. Коммунист емес 98 процент азаматтар, мәселен, ғалымдар, профессорлар, техникалық мамандар, инженерлер, т.с. кеңестің Негізгі заңына сәйкес, екінші сорт адамдарына айналып отыр»,– деп жазды.
Мұстафа Шоқайдың Мәскеудің социализмі мен жалпы социализмнің арасындағы айырмашылықты атап көрсетуі де қызғылықты. Ол «Сталин социализмі – тонаушылықты қамтамасыз ететін саяси жүйе» деп атады да, «төңкерістің бас кезінде социализм үшін буржуа-мүлік иелері талауға түсті, енді социализм үшін еңбекші халық бұқарасы талан-таражға түсті» деп жазды. Ал «Ақ-Қызыл» атты мақалада «Социализм деген не?» деп сұрақ қойылады да, ол былайша түсіндіріледі: «Социализм – экономикалық теория болумен бірге, ұлттық теория да болып табылады. Барлық ұлттардың барлық жағынан теңдігі қамтамасыз етілмейінше, нағыз социализм туралы сөз болуы мүмкін емес». Бұл тұжырым бойынша Кеңестік социализмнің жалпы социализм атаулыдан аулының алыс болғанын байқау қиын емес.
Мұстафа Шоқай большевиктер Түркіс­тандағы ұлттық қозғалысқа қарсы жиі пайдаланған “ұлтшыл шовинизм” туралы да арнайы мақала жазып, “шовинизм” ұғымына түсініктеме берген. Басқа ұлттардың өмірлік мүдделерін тек өз ұлтының мүддесі үшін құрбан етуді көздеген шовинизм мемлекеттік билікті ұстап отырған ұлтқа ғана тән екенін атап көрсетеді. Осындай алғы шарттары болмай тұрғанда түркістандықтарды шовинизм дертіне шалдыққандар қатарына жатқызудың ретсіз екенін бірден кесіп айтады.
Алаштың басқа жетекшілері сияқты өз халқын шексіз сүюдің, оның мүддесі үшін қажет болса, жанқиярлық іске апаратын «ұлтшылдық» ұғымына қатысты ойлар да тағылымды. Мұстафа Шоқай, «Ұлтшылдық біздің, соның ішінде менің де, саяси идеяларымыздың соңы емес, басы. Олай болса, біздің барлық іс-қимылымыз өз билігіміздің өз қолымызға өтуін қамтамасыз ету тұрғысынан жасалуы керек»,– деп ұлтшылдықтың түпкі мақсатын бүкпесіз атады. Сонымен қатар ол: «Ол (ұлтшылдық – Ә.Б.) – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деді. Мұстафа Шоқай түсінігінде, жалпы ұлттың мүддесін жеке мүддеден жоғары қоя білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады.
Мұстафа Шоқай «жұмысшы демократиясы» деп жалаулатылған кеңестік насихаттың шындыққа жанаспайтын саяси сипатын теріске шығара отырып, биліктің жалпы жұмысшы табының қолында емес, бір ғана большевиктер партиясының уысында екенін атап көрсетеді. Мұның дәлелі ретінде «Жұмысшы демократиясы дегеніміз тарихтың табиғи қажетіне сәйкес бірігіп, саяси демократияның шеңберінде бола отырып, жалпы жұмысшы табының дербес тап ретінде өзін көрсете алуы болып табылады» – деген анықтама ұсынады. Ары қарай ойын сабақтай отырып, автор жұмысшы табы ешбір жерде дәл кеңестік Ресейдегідей тепкі көріп отырған жоқ дейді. Сонымен қатар ол социалист (түрліше түстегі) жұмысшылар болғаны тәрізді антисоциалист жұмысшылар да болатынын, Еуропада «католик жұмысшылар ұйымының» да бар екенін, егер жұмысшылар көмектеспесе және қатынаспаса, онда Италиядағы фашис­тер мен Германиядағы гитлершілдер күш алуы мүмкін еместігі сияқты мысалдарды келтіреді.
Кеңес үкіметі мен Коммунистік (большевиктік) партияның алғашқы кезеңдерден бастап күндіз-түні талмай жазған тақырыбы пролетариат табының диктатурасы еді. Мұстафа Шоқай өз мақалаларында Түркістанның байырғы халықтарының Қазан төңкерісіне ешқандай қатысы болмағандығын айтып, пролетариат диктатурасы шын мәнінде орыс диктатурасы болып отыр деген қорытындыға қайта-қайта оралып отырады. Расында, Түркістанда пролетариат табы болған жоқ. Мысал үшін мынандай бір фактіні келтіре кетейік. 1928 жылғы 7 ақпандағы «Еңбекші қазақ» газетінде өндірісте жұмыс істейтін жұмысшы қазақтар жалпы жұмысшылардың 2,2 пайызын ғана құрайтыны туралы жазылған болатын.
Осындай жағдайда Қазақстанда пролетариаттың диктатурасы туралы сөз айтудың өзі иінсіз болатын. Ол саяси өмірде Коммунистік партияның жеке диктатурасынан басталып, жалпы кеңестік жүйеде Сталиннің диктатурасына ұласқаны белгілі. Кейін жеке басқа табынумен күрескендер де өздерінің жеке билігін ауыздықтай алған жоқ. Олар да жоғары билік мансабының құлы болып, жеке бастың ауруымен саяси сахнадан кетті. Осының бәрі шешілмес қайшылықтарға әкеліп, өзін мәңгілік санаған Кеңес Одағын құлатты. Ежелгі гректің ұлы ойшылы Платонның қоғам басшысынан бастап бұзылады деген сөзін тарих тағы да дәлелдеп берді.

Мұстафа Шоқай тағылымы

Тағдыр құдіретімен мемлекетіміз тәуелсіздікке жетті. Бұл түркі әлемі ұлы перзентінің бар қажыр-қайратын, әлеуметтік әлеуетін, шығармашылық қуатын, қажет кезінде ғұмырын да аямаған асқақ мұраты, асыл арманы еді. 1937 жылғы «Радлов хақында» атты мақаласында Мұстафа Шоқай: «Иә, мен егер ғалым болуды мақсат еткенімде, ол (Радлов – Ә.Б.) нұсқаған жолмен кетуім әбден ықтимал еді. Алайда мен жас кезімде таңдап алған жолымнан таймадым. Бұл жолда ерекше еңбек сіңірмесем де, осы жолымды жөн санап келе жатырмын», – деп қарапайым ғана жазған болатын. Ал, шын мәнісінде, Мұстафа Шоқай – туған еліндегі ұлттық сая­сатты аяусыз сынаған отандық кеңестану ғылымының негізін қалағандардың бірі.
Тәуелсіздік жылдары жаңа мемле­кетіміз әлем танитын дәрежеге жетті. Бұл даусыз. Дегенмен рухани салада кенже келе жатқанымыз аз айтылып, кем жазылып жатқан жоқ. Ең негізгі өкініш, кешегі құлдық психология ілесе еріп, тәуелсіз сананың қалыптасуын артқа тартып отыр. Ұлттық рухымыз бой көтере алатын емес.
Қазір Алаш жетекшілерінің бір ғасыр бұрын бүкіл қазақ даласына жария еткен «Оян, қазақ!» ұранының күні туып тұрғаны сөзсіз. Мұны Тәуелсіздік мұраттары қатаң талап етіп отыр. Бұл бүгінгі алыс пен жақынды біле бермейтін Жаһанданудың үдерісінен де туындауда.
Әлемдік деңгейдегі тұлғаның «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді», – дегені бүгін айрықша атойлап тұр. Түйіндей айтқанда, тәуелсіздікті тұғырлы етер күш-қуатымыз осында жатыр. Қайран, ұлттық рухқа суарылған осы сөздерді білер азаматтардың жоғары билік басындағылар қатарынан да, өз арамыздан да көп табыла бермейтіні қинайды. Мұстафа Шоқай тағылымы шынайы ұлтшылдар қатарын көбейте түсуге шақырады.

Әбдіжәлел Бәкір, саяси ғылымдар докторы, профессор

Серіктес жаңалықтары