МЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ ЗАУЫТ НЕГЕ ТОҚТАП ТҰР?

МЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ ЗАУЫТ НЕГЕ ТОҚТАП ТҰР?

МЕТАЛЛУРГИЯЛЫҚ ЗАУЫТ   НЕГЕ ТОҚТАП ТҰР?
ашық дереккөзі

Ферросиликомарганец – металл сапасын арттыра түсу үшін қоспа ретінде қолданылатын өнім. Бізде өндірілетін ферроқорытпаның құрамында фосфор өте аз болғандықтан, әлемдік нарықта жоғары сұранысқа ие. Сапасы жағынан ТМД елдерінің өнімдерімен батыл бәсекеге түсе алады. Осыдан екі жыл бұрын Үдемелі индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жаңа екі пешті іске қосқан «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС елдегі ферросиликомарганец өндіретін кәсіпорындар ішінде өнім көлемі жөнінен үшінші орынға табан тіреген еді. Алайда, оның бүгінгі ахуалы көңіл қуантарлық жағдайда емес.

Аталған зауыт 2006 жылдың қараша айында «Химпром» АҚ бұрынғы химия зауытының негізінде құрылған. Меншік иесі – «Орталық-Азиялық инвестициялық консалтингі компаниясы» ЖШС-нің шешімімен бұрынғы фосфор зауыты ферроқорытпа және болат балқыту өнімдері өндірісіне көшті. Жоба меншік иесінің өз қаражаты, сондай-ақ «Қазақстанның даму банкі» АҚ есебінен қаржыландырылуда. Бес жылдың ішінде өндіріске 11,5 миллиард теңгеден астам қаржы инвестицияланған. 2007 жылы ең алдымен № 5 және № 6 пештер қайта жаңғыртылса, 2010 жылы зауытта жобалық қуаты жылына 100 мың тонна болатын ферросиликомарганец өндірісі бойынша инвестициялық жоба іске асырылып, 300 жаңа жұмыс орны құрылды. 2011 жылы №3 және 4 екі жаңа кен-термикалық пеш салынып, іске қосылды. Бұрынғы ескі пештің әрқайсысы тәулігіне 45 тоннадан ғана өнім өндіруге қабілетті болса, жаңалары тәулігіне 80 тоннаға дейін ферроқорытпа балқытып, шығара бастаған. Әрқайсысының қуаттылығы – 16-18 мегаватт. Олар арнайы газ тазалайтын құрылғымен жабдықталған. Құрылғы зиянды қалдықтарды 97 пайызға дейін тазалайды. Сонымен бірге, аталған пештер энергия тиімділігін 20 пайызға дейін арттыруға мүмкіндік беруде. Шығарылған ферроқорытпаның 97 пайызы шетелге экспортталады. Ал, басқа өнімдер өз еліміздегі тұтынушылардың арнайы тапсырысы бойынша шығарылуда. Соңғы жылдары қол жеткен басты нәтиже сол – ферросиликомарганец өндірісі 2009 жылдан бері 5,3 есеге ұлғайды.
Болашаққа жоспар да көп еді. Жалпы, алдағы үш жылда өнім өндіру ауқымы бұдан да әрі ұлғаюға тиіс болатын. Жылына 300 мың тонна өнім өндіруге жол ашылады деген нық сенім болды. Негізі, жобаның қуаты – жылына 120 мың тонна ферросиликомарганец өндіріп шығару. Міне, биыл зауыт толық жобалық қуатына шығып, сөйтіп, бюджетке түсетін салықтық түсім екі миллиард теңгеге дейін жетеді деп жоспарланғанымен, өкінішке қарай, өндіріс орны көктемнен бері тоқтап тұр. Кәсіпорында екі жыл 1300 адам жұмыс істесе, былтыр ол 1070 адамға кеміді, биыл штаттағы қызметкерлер саны – 750 адамды құрап отыр. 300 жаңа жұмыс орны ашылды деп алақайлағанымызбен, соңғы екі-үш жылда одан екі есе көп адамның «қысқарып» кеткенін байқау қиын емес. Жұмысшы санының барынша азая түсуін зауыт директорының орынбасары Эдуард Кондаков әртүрлі қызметтердің бөлек отау құрып, жеке серіктестіктерге бөлініп кеткенімен түсіндірді.
– Қазір Еуропада қаржылық дағдарыс кең етек жайып, әсіресе тауар өндірушілерді тар қыспаққа алып отыр. Көптеген өндіріс ошақтары жабылуда. Мәселен, Украина экспортқа шығаратын ферросиликомарганецтің көлемін 70 пайызға азайтты. Соған орай, сәуір айынан бері біз де жұмысымызды уақытша тоқтаттық. Қазір зауыт жұмысшыларының 30 пайызы ғана жұмыс барысында. Біз зауыттағы бос шығындарды азайтып, өткеретін өніміміздің өзіндік құнын төмендетудің жолдарын қарастырудамыз. Ол белгілі бір мөлшерде ақшаны қажет ететіні анық. Мәселен, ескі градирняны (тұзын алу үшін тұзды судың суын құрғататын орын) бұздырып, екі пешке арнап жаңасын тұрғызу үшін Ресейден қажетті құрал-жабдықтарды алдырудамыз. Оның құны 103 миллион теңгенің төңірегінде. Градирня экологиялық жағынан өте пайдалы, әрі тиімсіз ысыраптарды азайтуға ықпал етеді. Бүгінде құрылғы құнының 30 пайызын төледік. Одан бөлек, тіпті ғимаратты пайдалануда да үнемшілдікке баруға тура келіп тұр. Еңселі 9 қабатты ғимараттың тек 4 қабатына қоныстанып, қалғандарын тарс жауып, жылу жібермеу арқылы да біраз қаржыны үнемдеуге болады. Бұл – қазіргі уақыттың талабы, – дейді Эдуард Викторович.
Зауытты әрі қарай дамыту үшін айына 21 мың тонна марганец концентраты жеткізілуі қажет, яғни зауыттың жаңаруы бірқатар марганец кеніштерінің өркендеуіне септігін тигізеді. Әзірге шикізат Қарағанды облысының Жезқазған қаласынан тасымалданады. Бүгінде Қарағанды облысындағы кен орнын пайдалануға мемлекеттен рұқсат алған кәсіпорын сол аймақтан арнайы кен байыту фабрикасын ашу үшін жұмыстар жүргізуде. «Арман-100» деп аталатын фабрика іске қосылса, зауыт өзгеден шикізат сатып алмас еді. Әзірге зауытқа шикізат құны да өте қымбатқа түсіп отыр. Ол өнімнің өзіндік құнының 40 па­йызын құрайды.
– Біз өндірісті қайта жаңғыртып шыққан соң, өнім құнын төмендетіп, керісінше, көлемін көбейтеміз, – деп сендірді бізді Э.Кондаков. Әрине, барлығына уақыт төреші. Дегенмен, Тараздағы ірі зауыт дағдарыстың аранына жұтылып кетпей, өз аяғына нық тұрып кетеді деген үміттеміз.

Жанат Қапалбаева
Жамбыл облысы