Бангкоктегі шерушілер парламентті таратты

Бангкоктегі шерушілер парламентті таратты

Бангкоктегі шерушілер парламентті таратты
ашық дереккөзі

 

Қазақстаннан Тайландқа бағыт алған туристер легі кеміп қалды. Әлемнің түкпір-түкпірінен тай аралдарына ағылушылар ел астанасы Бангкоктегі наразылық шеруінен жүрексініп отыр. Елшіліктер бәлендей қауіп жоқ десе де, Бангкокке уақытша саяхаттамауды ескертті. Екі аптаға созылған
қарсылық акциялары толастар емес. Алаңға шыққан жұртшылық Йинглак Чинават
басқарып отырған министрлер кабинетінің отставкаға кетуін талап етуде. Ашынған халық
тіпті бірнеше үкіметтік мекемелерді басып алып, үкіметтің тоқтау сөздерін
құлағына асар емес. Бүгінге дейін ереуілшілердің талабы бойынша Парламент
таратылды, алайда халықтың талап-тілегі Үкіметтің «уақытша билік» дегенді
сылтауратпай, сайлауға дейін кетуін сұрауда.

Күні кеше
екі апталық наразылық акциясының нәтижесі көрінгендей болды. Үкімет 2 ақпанда
болатын сайлауға дейін билік басында қала береді, ал келесі жылы өтетін
сайлауға «Халықтық кеңестен» мүшелер сайлануы тиіс. Бірақ оның құрамын тағы да
король тағайындасын деген ұсыныс бар.

Халық
алдында сөз сөйлеген Йинглак Чинават ереуілшілердің талаптарына келісіп,
Парламентті таратқанын жариялады және
халықты бейбітшілікке шақырған ол көз жасына ерік берді. «Мен әділдік сұрап тұрмын. Біз талаптарыңызға
келістік» деді Чинават ханым. Бірақ премьер-министрдің қысқа мәлімдемесі халық
наразылығын баса алмады. Жүз мыңдаған тобыр министрлер кабинетінің алдына
жиылып, елде жүйені түбегейлі өзгертуді талап етуде. Парламентті тарату мен
қайта сайлау өткізу жеткіліксіз дейді шерушілер. Ереуілшілердің пікірінше, өз
билігін уақытша деп жариялаған Йинглак Чинават ең алдымен өзі қызметтен кетуі
керек. Шеруге шығушылар елде жаңа конституция қабылданып, жаппай жемқорлықпен
күрес жүрмейінше тарқамайтынын айтты. Бангкоктегі наразылық шеруі 24 қараша
күні басталған еді.

Йинглак ханым
бұрынғы Премьер-министр Таксин Чинаваттың қарындасы. Ол 2006 жылғы көтеріліс
кезінде елден безіп кеткен болатын. Алайда Чинават үкіметінің жергілікті тай
халқына сіңірген еңбегі көп дейді әлем саясаткерлері. Демонстранттардың
айтуынша, қазіргі министрлер кабинеті қуғында жүрген бұрынғы премьер-министрі
Таксин Чинаватпен қоян-қолтық жұмыс істейді. «Сол себепті де мемлекеттегі
сыбайлас жемқорлық тыйылар емес!», – дейді олар. Ашынған халық енді көше
қозғалысымен қоса, жарықпен және сумен қамтамасыз етуші ұйымдардың жұмысын
тоқтатты. Сондықтан, бірқатар елдің
елшіліктері өз отандастарын Таиланд астанасына саяхаттаудан бас тартуға шақыруда. 

Ақниет Оспанбай