ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕДЕН БАТЫПТЫ

ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕДЕН БАТЫПТЫ

ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕДЕН БАТЫПТЫ
ашық дереккөзі

Ай сайын мың құбылатын коммуналдық төлемдер
тұтынушыны тұралатқан сыңайлы. Қазіргі қарыз 6 млрд. теңгеге жуық. Монополистер
болса, қызмет құнын өсіруді сұрап, құзырлы органдардан жиі мазалауға құмар.

Қазақстан халқының коммуналдық төлемдерге деген қарызы 6
млрд. теңгеге жуық көрінеді. ҚР Аймақтық даму министрі Болат Жәмішевтің
айтуынша, жылу беру маусымының басында коммуналдық қызметтерді тұтынушылар
тарапынан қызметтер ақысы уақытылы өтелмегендіктен борыш көлемі 5,8 млрд. теңгеге
жетіпті. Тұрғын үй-коммуналдық сектор, әлеуметтік сала мен коммуалдық төлемдерге
қатысты есеп берген министр 2014 жылдың 1 желтоқсанындағы деректер бойынша, 4,9
млрд. теңгеге төмендегенін айтты. Мойнындағы қарыздан құтылуда әсіресе, Алматы
тұрғындары белсенділік таныпты. Қысқа мерзім ішінде борышкерлер 1 млрд. теңгені
кассаға бір-ақ төлеген. Одан кейінгі кезекте Ақтөбе (13,8 млн. теңге) мен Қызылорда
(10,9 млн. теңге) облыстары тұр. Есесіне, қарызды қайтарудың орнына өсіріп алғандар
қатарында Астана (64 млн. теңге) мен Солтүстік Қазақстан (12 млн. теңге) бар.

Әлбетте, кез келген адам мойнындағы қарызынан тезірек құтылуға
асығады. Егер мүмкіндік болса. Бірақ күн сайын мың құбылатын базардағы баға қарапайым
халықтың қалтасына салмақ салатыны анық. Әрі жылу мен жарық, ыстық су мен басқа
да коммуналдық қызмет ұсынатын монополистер Табиғи монополияларды реттеу
агенттігіне Құдайдың құтты күні бағаны өсіруге рұхсат сұрап, өтініш жазады. Үйді
ұстау шығындарын айлап емес, апталап көтеруге кетары емес КСК дегендеріңіз тағы
бар. Кейде олардың айтқаны да болады. Мәселен, Қазақстанның 4 аймағында жыл
басынан бері коммуналдық қызметтер қымбаттаған. Әсіресе, су мен канализация құны
өсті. Шығыс Қазақстан облысында бұған дейін 90 теңге болған су 200 теңгеге
бір-ақ шарықтады. Ал Оңтүстік Қазақстанда бұл көрсеткіш 72 пайызға өсіпті: қазір
мұнда 1000 литр
суды 82 теңгеге сатып аласыз. Бұл Алматы, Астана, Павлодарға да қатысты. Табиғи
монополияларды реттеу агенттігіндегілердің айтуынша, қымбатшылықтың себебі, кәсіпорындардағы
құрылғылардың ескіруі. «Егер ешқандай негіз болмаса, біз бағаны өсіруге қарсы
шығамыз» деп ақталған агенттік өкілдері қызметтерді қымбаттатуға амалсыздан
баратындықтарын айтты. Бірақ осыдан сәл уақыт бұрын Президент Н.Назарбаев
монополистерге тиесілі құрал-жабдықтарды, құрылғыларды жаңарту шараларын тұтынушылардың
қалтасына салмақ түсірмей, іске асыруға пәрмен бергені белгілі. Ол үшін
монополистер инвестиция тартуға мүдделі болуы тиіс. Әлбетте, монополистер
проблеманы шешудің қиын жолын емес, оңайын таңдап, тығырықтан бағаны қымбаттату
арқылы шығуға бейіл. Тек бұл әлеуметтік ахуалы онсыз да мәз емес халықтың, әсіресе,
өндіріс орындары дамымаған, жұмыс орындары шектеулі ауылдағы ағайынға ауыр
тиеді. Мұны құзырлы органдардың ескермейтіні өкінішті.

Бір қызығы, коммуналдық төлемдерді дер кезінде өтеуге немқұрайды
қарайтын байлар да бар екен. Олардың тізімі жасалып, сот арқылы өндіру қолға
алыныпты. Негізі монополистер қарызы аса көп еместерді де (егер 5-6 ай төлемесе)
сотқа сүйреуге құмар. Психологиялық тұрғыда жағымсыз әсер ететіндіктен, тұтынушылар
қарызды бөліп берсе де, төлеуге ұмтылады.

  Нәзия Жоямергенқызы