Шенділердің баласы талтаңдай бере ме?

Шенділердің баласы талтаңдай бере ме?

Шенділердің баласы талтаңдай бере ме?
ашық дереккөзі

Мас күйінде көлік айдағанымен қоймай,
аса жоғары жылдамдықпен келе жатып, 6 адамды бірден қаққан, оның біреуін сол
жерде тіл тартқызбай, о дүниеге аттандырған 24 жастағы жігіт тиісті жазасын ала
ма?

Сонымен
оқиға неден басталып еді? Таңғы сағат 4-тер шамасында құйғытып келе жатқан BMW X6 көлігі Алматыдағы «Целинный» кинотеатрының алдындағы тротуарда тұрған 2 жігіт
пен 4 қызды бір-ақ қағыпты. Соның салдарынан 1 жігіт тілге келместен қайтыс
болса, қалғандары түрлі жарақатпен ауруханаға түскен. Оқиға болған жерге көлігін
тастап, қашып кеткен Мақсат Үсенов «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясындағы құрылыс
департаментін басқаратын Қажымұрат Үсеновтің баласы боп шықты. Ал ішіп алып,
рульге отырған оның баласының тіпті, көлік айдауға құқы жоқ екен. Яғни, 2013
жылдың 13 ақпанында соттың шешімімен, мас күйінде көлік айдағаны үшін жүргізушілік
куәлігінен айрылған. Жуырда тағы бір деректің шеті қылтиды: 28 қарашада Мақсат Үсенов
Алматы қаласы Алмалы аудандық әкімшілігінде салтанатты түрде ант беріп, мемлекеттік
қызметке қабылданыпты. Бірақ жол апатынан сәл уақыт бұрын ол жұмыстан шығып
кетіпті. Аудан әкімі аппаратының жетекшісі Күлия Әбілқақованың айтуынша, «2013
жылдың 28 қарашасында Мақсат Үсенов ант қабылдады да, келесі күні отбасылық жағдайына
байланысты жұмыстан кету туралы өтініш жазған». Қызығы, Алмалы аудандық әкімдігінің
сайтында тұрған Мақсат Үсеновтің суреті мен оның ант бергені туралы ақпаратты
жуырда біреулер өшіріп тастапты.

Жылдамдықты
қатты жақсы көретін М.Үсенов драг-рейсингке (көлік жарысы) қатысып тұратын көрінеді.
Сол түні ішкен ішкілігі ме, әлде жарысқа қатысқан кездегі үйреншікті әдеті ме,
оны тіпті, апат болған жердегі бордюр да тоқтата алмаған. Өкініштісі, күтпеген
жерден ажал құшқан 23 жастағы жігітпен оның отбасы үйлену тойына дайындалып жүрген
екен.   

Жол
апаты болған кезде Мақсат Үсеновтің әкесін іздеп шарқ ұрған журналистер Қажымұрат
Үсеновті таба алмаған. Бірде «демалыста», бірде «іссапарда» жүрді. Жұрт алдына
шығып, мәселенің анық-қанығын айтуға бел буды ма, кеше ол кісі: «Балам қазір түрмеде
отыр. Бірге тұрмаймыз, шешесімен бөлек тұрады. Балама қымбат көлікті әпкесі
алып берген. Әпкесінің фирмасы бар. Жол апатын менің қызметіммен
байланыстырмасаңыздар», – деп ақталды. Шенеуніктің ақталатын жөні бар. Өйткені,  әп-дегеннен әлеуметтік желілерден басталған ақпаратқа
көп ұзамай Парламент депутаттары, сосын Мемлекеттік қызмет әстері жөніндегі
агенттіктің басшысы Әлихан Байменов араласты. Анығында, депутаттар дөкейдің
баласы «тиісті жазасын алсын, заң алдында жауап берсін, жауапқа әкесі де тартылсын!»
деп талап етсе, Байменов керісінше, араша түсті: «Баласының қателігіне әкесі
жауап бермейді».

Бастапқыда
оқиға болған жерден қашып кеткен Мақсат Үсенов көп ұзамай полицияға өзі барып,
«оқиғаны көрген куәгерлер мені ұрып-соға бастағасын, ол жерден қашып кетуге мәжбүр
болдым» деп ақталыпты. Қазір осы оқиғаға байланысты М.Үсеновтің үстінен қылмыстық
іс қозғалды. Қызу пікірталас үстіндегі Қазақ қоғамы заң бойынша тыйым салынса
да, көлік айдаған, мас болған, алты адамды бірден қағып, жас жігітті қыршынынан
қиған шенеуніктің баласы тиісті жазасын алса» деп алаңдайды.

  Нәзия
Жоямергенқызы