БАСБАҒЫП ТҰРЫП, БАСҚАДАН ПАРА СҰРАЙДЫ

БАСБАҒЫП ТҰРЫП, БАСҚАДАН ПАРА СҰРАЙДЫ

БАСБАҒЫП ТҰРЫП,  БАСҚАДАН ПАРА СҰРАЙДЫ
ашық дереккөзі
157

Жемқорлық пен пара алу бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының Қазақстан бойынша алғашқы орынды талай жылдан бері бермей келе жатқанын бұған дейін де талай мәрте айтқанбыз. Етіміз үйреніп кетті бүгінде. Жұмысқа алу үшін бір бастық пара сұрайды, жағдайы шамалы жұмыссыз пенде шарқ ұрып ақша іздейді. Қарызға батады, қадірі кетеді. 

Басқаны қойып, білім саласын жемқорлықтың шырмауықтай матап алғанына біраз болды. Ұсталмаған ұры емес, әрине. Ұсталғандары жайлы айтып отырмыз. Былтырдың өзінде осындай ондаған қылмыстың ашылғаны белгілі. Сотталды. Өкінген де болар. Бірақ басқаға сабақ болса мейлі ғой. Жоқ. Олай болмай тұр.

Таяуда, анығын айтсақ, 4 желтоқсан күні Шымкент қаласының №66 «Қазығұрт» атындағы мектептің 2 мұғалімінен 60 мың теңге пара алды деген күдікпен осы мектептің директоры Г.Оспанова ұсталды. Жалғыз ол емес, арада делдал болып жүрген орынбасары да қаржы полицейлерінің қолына түсті. Сот санкциясымен қазір директор Оспанова қамауда отыр екен. Ал орынбасарына ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылыпты. Бір айта кетерлігі аталмыш мектеп Шымкенттегі ең беделді, танымал мектептердің бірі болатын. Сондай қадірлі білім ошағын парақор, қылмыскер басшылардың басқарып отырғанын жұрт қайдан білсін?! 

Осы оқиғаның ізін ала 6 желтоқсанда 14 млн. теңгеден астам бюджет қаражатын жеп, ысырап етті деген күдікпен Төлеби ауданы білім бөлімінің бастығы, бас есепшісі және бірқатар да қызметкерлерінің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Білім бөлімінің қызметкерлері өз қызметтерін асыра пайдаланып, 2011 жылдың қаңтар айынан 2012 жылдың қыркүйек айлары аралығында «Қазақстан Халық банкі» арқылы аталған мекемеде қызмет атқармайтын тұлғалардың есеп-шоттарына қаражат аударып отырған. Оның сомасы жоғарыда айтып өткеніміздей 14 млн. теңгеден асады. АҚШ валютасына шаққанда 100 мың долларға жуық. Қазіргі таңда қылмысқа қатысты дегендер анықталу үстінде. Іс сотқа өтсе, білім бөлімінің бірнеше қызметкерінің абыройлары айрандай төгілейін деп тұр.

Қарашаның 13-күні Мақтаарал ауданына қарасты Игілік ауыл округіндегі «Тоқтар Әубәкіров» атындағы мектептің де директоры қолға түсіп, қолына кісен салынған болатын. Қол астындағы мұғалімнің дәрежесін өсіріп бермек болған бастық ақысына 30 мың теңге сұраса керек. Бастығының қылығына зығырданы қайнаған мұғалім қаржы полицейлеріне шағымданыпты. Ақырында мектеп директоры Г.Ибадуллаева пара алып жатқан жерінде ұсталды. Қорыққаны сондай дірілдеп, селкілдеп кеткен. Бірақ не болса да кеш енді. Істегенін мойнымен көтереді. Басқа шарасы жоқ.

Таяуда облыстық Қаржы полициясы Сарыағаш ауданының «Нұрбөбек» балабақшасының меңгерушісінен пара алған осы ауданның білім бөлімінің бас есепшісін қылмыс үстінде ұстады. Сөйтсек, бас есепші 115 мың теңге берсең балабақшаңа тексеріс жүргізбеймін депті. Алып жатқан жерінде полицейлер сау етіп, кіріп келген. Амалы таусылған есепші не істерін білмей қалыпты. Әзірге күдіктіге ешқайда кетпеу туралы бұлтартпау шарасы қолданылған. Егер жең ұшынан жалғасқан парақорлық құқық қорғау саласының осы іске жауаптыларына да жұғып кетпесе, бас есепші сотта тиісті жазасын алуы тиіс. 

Шынын айту керек, күнгейдегі білім саласы осы бір жаман әдеттерден арыла алмай келеді. Пара ұсынса ала беретін, бюджет қаржысын әкесінің мұрасындай ханталапайға салатын басшы-қосшылар қосақталып ұсталып жатса да тыйылар емес. Ешкімге сабақ болмаған сияқты. Пара алатын директор пара бере де біледі. Орынтаққа отырмас бұрын жаңағы ұсталған басшылар мен есепшілер біреулердің аузын жақсылап майлап қоймағанына ешкім кепіл бола алмас. Сол үшін де, яғни парақорлық пен жемқорлық тыйылсын десек, жоғарыда отырған шен-шекпенділердің азаматтығын, имандылығы мен қолының бұрын таза не лас болғандығына мән бере отырып тағайындау керек сияқты. Әйтпесе істің бәрі бос. Баяғы жартас бір жартас болары анық. 

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Шымкент қаласы

Серіктес жаңалықтары