ЖАҢА ЖЫЛ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

ЖАҢА ЖЫЛ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?

ЖАҢА ЖЫЛ ҚАЙДАН ШЫҚТЫ?
ашық дереккөзі
658

Қазақ қоғамында қызу пікірталасқа айналған тақырып: Жаңа жылдан бас тарту. Бұл пікірді жақтайтындар бар, даттайтындар да. Жалпы Жаңа жыл қайдан және қалай пайда болды? Қазақ даласына қалай келген?

Ежелгі заманда адамзат біткен жаңа жылдың басын көктемде мерекелейді екен. Яғни, Наурызда жиі айтатын «жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында малдың аузы – көкке, адамдардың аузы аққа тиіп», қыстан аман шығып… дейтін тіркестер көктемгі мерекеге арналған. Бұл дәстүрді бұзған Ежелгі Римнің императоры Юлий Цезарь жаңа күнтізбе ойлап тауып, жылдың басын 1 қаңтарға белгілейді. Көршілес орыс жеріндегі Жаңа жыл да патша заманында 1 қаңтардан басталған. Атап айтқанда, І Петр 1700 жылы бұған дейін көктемде тойлайтын Жаңа жыл енді 1 қаңтарға ауыстырылсын деп бұйырады. Өзі түнгі сағат 12-де далаға от алып шығып, оны аспанға қарай шашқанда Жаңа жыл есіктен енді деп есептейтін болған. Патша дәуіріндегі дәстүрді 1927-1936 жылдар аралығында қызыл коммунистер тойлаудан бас тартады. Осыған орай, 1936 жылы «Правда» газетінде Постышев «Жаңа жылға қарай балаларға арнап шырша ұйымдастырайық» («Давайте организуем к новому году елку детям») деген мақаласында Қазан төңкерісіне дейін бай-шонжарлардың балаларына арнап шырша өткізгенін, сол кешке қатысқан бай балаларына кедейдің балалары терезе сыртынан қызыға қарап тұрғанын, сол керемет үрдісті «ескінің қалдығы» деп бас тартқанын, ол дұрыс емес екенін айтып, «бүкіл колхоздарда шырша тойлансын, комсомолдар атсалыссын, мектептер, театрлар мен жетімдер үйінде шырша орнатылып, көңілді кеш ұйымдастырылсын», – деп үндеу тастайды. Сталин Жаңа жылды тойлауға рұхсат бергенмен, 1 қаңтарды күнтізбеде жұмыс күні ретінде белгілейді. Ал Кремльдегі ең алғашқы бүкілодақтық шырша 1954 жылы тойланады (оған дейін Одақ үйінің залында тігілетін шырша). Бұл үрдіс тіпті, 1941-1945 жж. соғыс кезінде де жалғасын тапқан. Жау тылына жақын қалған кезде советтік жауынгерлердің қолдарына темір бақырларын ұстап түскен мерекелік суреттер көп қазір архивтерде. Шыршаға қатысты тағы бір қызық мәлімет, 37 жылға дейін шыршаның басына 8 бұрышты жұлдыз қойылса, КСРО кезінде бұл Сталиннің бұйрығымен, 5 жұлдызға өзгертілген.

Соғыс аяқталып, ел есін жинай бастаған кезде Жаңа жылдық шыршаларды арнайы концерттік бағдарламалармен өткізу қолға алыныпты. Балаларға арналған мерекелік кешке билет алу да қиын еді. Балға барғандар міндетті түрде жұқа ақ матадан қоянның немесе қардың киімін киюге тиіс болатын. Әр балаға берілетін Жаңа жылдық сыйлықтың ішінде кәмпит, алма, жаңғақ т.б. салынатын. Жыл сайын сыйлық алу кәсіподақ ұйымдарына жүктелген. 

КСРО кезінде адамдар Жаңа жылға жаз кезінен бастап дайындыққа кіріскен. Оның себебі, көп нәрсе қат еді. Әсіресе, «Советское шампанское» аталатын аққайнар мен коньяк. Егер дүкенде істейтін жақын танысың болса, арақ-шарап та, мандарин де еш қиындықсыз табылады. Ең бастысы, дастарқанда «Оливье», сәбіз бен қызылшадан салат, тұздалған қияр қойылатын. Қазір жаңажылдық киімді «қара базардан» бастап, ірі дүкендерге дейін сатады. Әркім қалтасы мен көрпесіне қарай көсіледі, әрине. Ол кезде балалардың шыршаға киетін киімі қолдан тігілген. Бала тұрмақ, ересек әйелдер де көбінесе көйлекті өздері тігіп киген. Біраз дүниенің қат болғаны сонша, қонаққа шақырған үйге құрқол бармас үшін шұжық (көбінесе «Сервелат») та апарған. Бұл сыйлыққа үй иесі қуанбаса, ренжімесі анық. Ал әйелдерге көбінесе иіссу сыйға тартылған. «Красная Москва» сияқты кәдімгі кеңестік иіссулар ол кезде аса қат болғаны белгілі.

Бүгінде христиандардың мерекесі саналатын Жаңа жыл бірқатар мұсылман мемлекеттерінде де атап өтіледі. Мәселен, Египет, Ливан, Сирия, Біріккен Араб Әмірліктері т.б. Себебі сан алуан: Египет пен Ливанда жергілікті тұрғындар қатарында христиан арабтар бар. Ал Сирия туризмді дамытуға мүдделі болғандықтан, ол жаққа қарай ағылатын христиан туристер өздерінің діни мерекелерін бірге апарып, жергілікті халықтың салт-дәстүріне сіңірген. Бұл орайда, миссионерлердің еңбегін айтпау мүмкін емес. Әлеуметтік ахуалы төмен адамдарды қаржылай қызықтырып, өздерінің салтын алдап-арбау арқылы енгізуге тырысады олар. Әлбетте, Жаңа жыл қазір мұсылман мемлекеттердің барлығында тойланады деу – жаңсақтық. Мысалы, Сауд Арабиясында 31 желтоқсан түні Жаңа жыл ретінде мерекелесеңіз, қамауға алынасыз.

Қазақстанда, әлбетте, Жаңа жылды атап өткеніңіз үшін заң алдында жауап бермейсіз. Бірақ дінімізге де, ділімізге де жат осы мейрамның тұрмыс-салтымызға қалай енгені қызық. Тарихи деректер жоқтың қасы. Бірақ көз көргендердің айтуынша, орыс әскерлері қазақтарды қыста киіз үйлерден мылтықтың дүмімен күштеп алып шығып: «Жаңа жыл келді! Билеңдер! Ән айтыңдар!» деп бұйырған. Қорыққанынан билеп кеткен қазақ әлі тоқтай алмай жүр, бүгінгі қазақ қазір қуанғаннан билейді. Дәл сол күні аста төк дастарқан жайылып, ақ көбікті аққайнар атылып, ақ тілек те ағыл-тегіл ағады. 

Соңғы кездері Қазақ қоғамында, әсіресе, әлеуметтік желілерде КСРО кезінде тойлаған Жаңа жыл, 23 ақпан, 8 наурыз сияқты мерекелерден бас тартып, олардың орнына Наурыз, Қозы мен Баян күні, Аналар күні сияқты жаңа мейрамдарды насихаттауға ұсыныс білдіруде. Қандастардың алаңдайтын жөні бар. Өйткені ұлттық құндылықтарымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын мейрамдар күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге дендей енгеніне соншалық, олардың барлығын төл туынды, ұлттық мақтаныш ретінде қарауға көшкенбіз. Оның үстіне Тәуелсіздік алған 22 жылдың ішінде сырттан келген миссионерлер де ұлттық болмысымызға жат мерекелер Әулие Валентин күні (Ғашықтар күні), Хэллоуин сяқты басқа да рухани дүниелерін тықпыштайды. Сырт қарағанда, ешкімге ешқандай кесірі жоқ көрінетін осы мерекелер психологиялық және идеологиялық тұрғыда ауыр соққы. Әсіресе, ұлттық бояуы солғын тартқан халықтар үшін. Ең дұрысы, табиғаты жат нәрседен бойды біртіндеп аулақ салуға тырысу. 

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары