ҚАЙРАН САДЫҚБЕК АҒА
ҚАЙРАН САДЫҚБЕК АҒА
Сәкең мені «Лениншіл жаста», одақта, қалалық комитетте, қызметте жүргенде іні-бауыр тұтып, жиі араласып жүрдік. Шығармашылығына ризамын, ішкі сырларынан да хабардар едім. ЖенПи-де жұмыс жасаған менің әйелімді «келін»деп, қыздармен таныстыруды «ымдайды» ғой. Содан келіні бір жесір келіншекті алып шығып, институт ауласында таныстырып, сынатады емес пе!
Жарықтық мәз болып, ризалығын оңашада білдірмей ме: –Аяқ деген төңкерген бөтелкедей, бел десеңіз (мықынды айтамын) бұралып тұр, иық, кеуде, аққу мойын, қолаң қара шаш, бәрі-бәрі «5». Бірақ, басында қарғаның миындай ми болмаса, қайтеміз?!
Келіні ақ көңіл, аңқаулау әйел: – Ой-ағай-ай, миын таразылап неғыласыз, оны «пісіріп» жейсіз бе? Бұдан артық «әйбәт» сұлуды енді қайдан табамын, – депті.
– Онда саспа, айналайын келін, мен бұған «үйленемін, құшағыңды аш» деп хат жазамын газет арқылы.
Сонымен, Сәкең қыздармен қоштасады. Бірақ… «құшағыңды аш» дегенін газеттен көрмедім. Шыннан көңілі қалса керек.
* * *
Бірде Сәкең бейтап боп, сырқаттанып жатып қалса керек. Әдетте мұндайда қабат-қабат көрпе жамылып, тер одан да кетіп, бұдан кетіп тез сауығып қалады екен.
Әйтсе де бұл жолы ол әрекеттен түк шықпай «Жедел жәрдем» шақырады. Медбикелері бар түйедей қара жігіт «бригада» боп есікті ашып, аяқ киімдерін де шешпей төрге өрлей берген. Жалаңаштап, сұп-суық температура өлшегішті өкпесіне, жүрегіне, бауырына сүйреңдете түскен.
– Әй, тоқта, – дейді Сәкең. Анау ештеңе естімегендей барлық денесіне тықпыштап, тітіркендіреді.
– Көкетай-ай, тоқташы, сәл аялдашы, бір нәрсе айтайын.
– Иә, айтыңыз, аға, құлағым сізде, – деп құлағындағы ақ темірді алады. Көзі көк екен.
– Қымбаттым, мен де көк көзбін. Айтшы, сенің өзің мединститутта қаншаға оқыдың? Қызыл дипломға бітірген боларсың…
Дәрігер саса бастағанда, Сәкең: – Білем, білем, сен үшке оқыған қусың! Оны «удоб» дегенмен, мен қанағаттанып тұрған жоқпын. Қағазыңды әкел, қол қойып берейін. Сосын қайқай жөніңе. Табандарыңды жалтыратыңдар!
Олар едел-жедел жиналып, үйден қаша жөнелген.
* * *
Сәкең бірде баспаға келе қалды. «Жалын» баспасына. Жігіттер жапырыла тұрып сәлем бердік. Миғынан күліп, Қожанасырдың әңгімелерін айтып біраз отырды да:
– Еркінбай, мені шығарып сал, Шымкентке бармақпын поезбен.
Баспа үйінен сыртқа шықтық. Ол кезде «Жалын» «Минцветметтің» бесінші қабатында болатын. Наурыз айының ортасы. Көшедегі қарғын төмен қарай жөңкіп ағып жатыр. Гоголь және Мир көшелерінің бұрышынан такси ұстап, ІІ-Алматының вокзалына бармақпыз. Ешбір машина тоқтамайды. Бір кезде Сәкең қалтасынан өңкей қызыл он сомдықтарды шығарып, ақшаны көрсетіп, теріс қарап тұрды. Жүргізушілер тоқтаудың орнына күліп қарап өтіп жатыр. Мен:
– Қойыңыз, Сәке, – деймін. Ол кісі онан сайын өршелене қол бұлғайды. Әлденуақытта бір машина тоқтады. Ол кісі қолындағы бір уыс ақшаны ұсынып: – Тарттық Алматы вокзалына, – деді. Анау керегін алып, қалғанын қайтарып берді. Біз вокзалға жеттік. Пойыз кетпей, қаңтарылып тұр екен.
– Көрдің бе, бауырым, мынау Шортанбай атаң айтқан зар-заманның белгісі – сауып ішер малың да, қойыныңдағы қатының да! Алла жолымызды берсін!
Пойыз вагондарын сүйреп, жыландай ирелеңдеп Шымкентке қарап жөней берді.
Мен қол бұлғап қала бердім…
Еркінбай Әкімқұлов
Алматы қаласы