ЕЛІРУМЕН ӨТЕМІЗ БЕ ЕТ ҚЫЗУ...

ЕЛІРУМЕН ӨТЕМІЗ БЕ ЕТ ҚЫЗУ...

ЕЛІРУМЕН ӨТЕМІЗ БЕ ЕТ ҚЫЗУ...
ашық дереккөзі

Өлең – ақынның өзі. Өлеңі қандай болса, ақыны да сондай. Немесе, керісінше, ақынды көр де, өлеңін көр. Екеуі – бір дүние, бір әлем. «Әу» десе, аңқылдап ақ жүрегін көрсететін, сөйлесе кетсе, сырын бүкпесіз ақтара салатын, өмір, өнер туралы әңгіме қозғаса сыншыл да шыншыл Сейфолла ағамның өлеңдерінен де мен тура осыны көремін. Ең бастысы, ағамның өзі де, өлеңі де – өмірдің дәл өзіндей қарапайым. Ал жалпының жанына қарапайымдылықтан жақын не бар.

Сәкеңнің ертеректе жазылған, бірақ еш жерде жарияланбаған бір топ өлеңін ұсына отырып, ағама осы шабысыңыз бен шабытыңыздан танбасаңыз дегім келеді.

Дидахмет

Мен әлемді әуестеніп

аралағым келмейді.

Оған бола айтыспаймын

сенбе мейлі, сен мейлі.

Бар әлемің болмысымен

жатыр менің жерімде

Атырау, Алтай, Алатау, Арқа 

түсіне жат енбейді.

Тауың да бар, бауың да бар,

шөлің де бар, көлің де,

Шалқып тасып төгілетін

мұхиттайын көңілде.

Кен деймісің, ем деймісің,

жел деймісің – бәрі бар,

Түрлі-түрлі бір-біріне

ұқсамайтын өмірде.

Байтақ жатқан бабам жерін,

ауызға алсам ту алам,

Тасқындаған бар байлығың

өлшеусіз боп сұлаған.

Жатсынбайтын, жарылқайтын

жәһәндағы бар елді,

Аңқылдаған дархан қазақ

болғаныма қуанам.

Қай жерде де жарасады,

туып жатса ұлы адам.

Шыңда тусам болар ма едім

жүзі суық мұз адам.

Мен әйтеуір, қысы боран,

Жазы – аптап, құм – шөлді

Сырдың бойы, Қызылордамда

туғаныма қуанам.

Бұдан артық бақытым жоқ

теңдес келер мен үшін.

Тыныс алар кеңісім де

жырдария – кенішім.

Көкірегімді жаратұғын

ағатұғын ар-намыс,

Қоспасыз тек қалған жалғыз

қорығындай ел-ішім.

Көз тимесін, көк жейдесін

көктем сайын құшайын,

Сағынғанда омырауыңда

көгершін боп ұшайын.

Уа туған ел, аман болшы

бұзылмаған қаймағы

Мәңгі өзің құндақтаған

періштеңе ұқсайын.

Мен әлемді әуестеніп

аралағым келмейді,

Оған бола айтыспаймын

сенбе мейлі, сен мейлі,

Туған жерім – сырым менің

күңіренген қобызым

Көкірегінде қазағымның

қобыз үні сембейді.

 ШАЙТАН ҚАЙДА?

Шайтан қайда? Шайтан қайда? –

Деп безектеп іздейміз.

Қалмай қағыс аспан, айда,

Жеті қат жер, ен теңіз

Шайтан қайда? Шайтан қайда? –

Деп безектеп іздейміз.

Табамыз деп біз қалайда

Күн-түн күдер үзбейміз.

Құр далақтап көңліміз тоқ,

Шарқ ұрамыз, іздейміз.

Сол шайтанның өзіміз боп,

Кеткенін де сезбейміз.

О, Шайтан-ай,

О, Сайтан-ай,

Сені жоям деп жүріп,

Тұзағыңа біз байқамай

Түсіп қаппыз телміріп.

Ар-намысты сақтайтұғын,

Қайда бүгін қаталдық.

Жылмаңдарды жақтайтұғын

Сайтан адам атандық!

Ұлтымды кемсіткен біреуге

Ей, шақша бас,

Сөзді қой, қыртыма.

Келіп ап сүмеңдеп жұртыма,

Тойынып масайрап сөйлейсің

Сыналап сын тағып 

міңгірлеп ұлтыма.

Халқым бар досынан 

аямас бар жанын,

Есептеп жатпайды ар жағын.

Мейрімі түссе егер қайтпайды

Ақ ниет жан болса 

дос болған қанша мың.

Арғы атам сендерге

жаны ашып бұрылған,

Аштық кеп алғанда ұрыннан.

Үйдегі үнемін сыпырып 

Бергенде өздері

аштықтан қырылған.

Ал әкем кешегі 

сұрапыл соғыста,

Көз тіккен өзіңдік қонысқа,

Сұм жауға аттанды өзіңмен

Білсең ол барған жоқ

өтеуге борышқа.

Ал өзім кең байтақ

жерімді берсем де,

Шүбәсіз достыққа сенсем де.

Кемсітіп, кекетіп күлесің

Көшсеңші онанда

өзіңе тең сөзге. 

Көнбесең оған сен

Абайла, абайла.

Ойынды көрсетіп талайға, 

Осынша жерді алған байқағын 

Семсердей сілтенген

айналмай малайға.

Кешегі соғыста

көрдің ғой көзіңмен,

Қайратты көрсетті өзіңмен.

Жауларды жусатып сан рет

Құрбан ғып өзінде

мәңгілік көз ілген.

Тиме сен намысқа,

Ескертем алайда,

Халықпын мен-дағы шарайна.

Оқыста ұят боп жүрмесін 

Жауласып кем ақыл

балаша, жарай ма?!

Бізді сен қорашсып 

аз деме тағы да.

Қайтады көп елдің бағы да.

Өзгеден өрт тисе жанына

Қарамас құдырет

тұтатын тағыңа.

Қастасқан дұшпаннан 

Сыралғы дос жаман.

Табылар не қилы қасқалар.

Әр-бірі қазақтың өштессе

Алынбас мәңгілік

мызғымас тас қамал.

Абайла, бауырым,

шарт сынып жүрмейін.

Ұсқының түтілген жүндейін,

Басылып киіз боп қалмасын

Кеңкілдеп мен саған күлмейін,

Еркіндеп етекті түрмейін,

Тіліңді осымен күрмейін,

Сілімтік сөзіңді білмейін,

Жарқылдап жүрейік күндейін.

 Берекесіз бес жүзім

Қарғыс атып, мына маған

мейлің сендер налыңдар,

Кеудесінде намыс оты жалындар,

Мен де жанмын жаратылған адам боп

Керек болсам,

қанымды ішіп қаныңдар.

Не екенін біле алмадым

басым қатып еміңнің,

Дерсің бәлкім неменеге елірдің.

Кінә тағып құртыңдаршы көзімді

Ең жасығы мен шығармын елімнің.

Құрып жатқан қасиетті

адам аз ба онсыз да,

Не құдырет құлап жатыр құнсызға.

Менің жаным артық емес олардан

Жету қайда тумысынан жұлдызға.

Тек бірақта бір сөзім бар

қабылдаңдар, алыңдар,

Елітпесін әләуләйім – ағымдар.

Берекесіз Айдаһардай бес басты

Нанбасаңдар біздей елді табындар.

Үш жүз бенен қожа, төре – 

түп төркіні бір қазақ.

Бір-біріңді отқа қақтап, тұзға сап,

Жатырсыңдар жоқтықта да,

тоқтық та

Құдыретіңнен айналайын, бұл не азап.

Ел тұрғанда түк те емес қой

жеке бастың қызығы.

Қашанғы арбар сиқырлы үннің ызыңы.

Көз жіберіп салиқалы ойларға

Қашан ғана құрыр екен

көңілшектік һүзірі.

Көз сүземіз

көлденең келген көк атқа.

Телміреміз күйдірсе де ол отқа.

Табынамыз маңдайларды тасқа ұрып,

Қасқырдаймыз таласатын ол жоқта.

Сайқалдардай қылымсимыз

жасыратын айыбын,

Ойнақтайды өмір жалған қайығым.

Шығамыз кеп қара жағып қаңдасқа,

Өзге емес өзімізге төгіндетіп қайғы-мұң.

Қолыңдағы дәміңменен

Хор қып айтар ән кетіп,

Айбар шегер әрің тайып, әл кетіп,

Өтермісің сабақ алмай жалғаннан

Арбасумен тірлігіңнен сән кетіп.

Аз күндік бақ апара алмас

Айқай жетпес алысқа,

Түспеңдерші өтінемін жарысқа.

Құнсыз болып кетті мына дүние

Ақырзаман ту тіккендей табысқа.

Байлық та бар, жер де шексіз,

қазына мол жетеді.

Дарын деген одан да мол көшелі.

Тек жалғыз-ақ жетіспейтіні бір нәрсе

Татулық жоқ.

Сол бүлдіріп кетеді.

Жатқан кезде бай-кедей боп

Ырылдасып, шайнасып,

Алаяқ қу жасап жатыр айла асып.

Олар қазір білгендерін істеуде

Елдігіңе бір түкіріп жайғасып.

Қашанғы біз досқа күлкі,

қасқа таба болармыз.

Жамандықтың күйік отын жағармыз.

Бір кездерде бүкіл ел боп опық жеп,

Тас қамауда мәңгүрт болып қалармыз.

Тілің жалғыз, жаның жалбыз

жайсаң жанды қазақсың,

Түп төркінін айтпай білер мазақтың –

Бір атаның бес баласы тату боп,

Күні қашан батар екен азаптың.

Өкпе артсам да безе алмайтын

берекесіз бес жүзім,

Жараланған жан жүрегім, бет-жүзім.

Айғыз-айғыз албастыдай көрініп,

Елірумен өтеміз бе ет қызу.

Татулықтың туын тігіп,

бар тілегім жаныңдар,

Елдікті тек сақтап қана қалыңдар.

Менікі жәй жылау болса адасып,

Солай болсын ылайым,

куә болсын құдайым!

Мына мені сол күні,

сөзге келмей өтінемін,

Құрбандыққа шалыңдар!!

Тек ел болып қалыңдар!

 Сүңгі үстімен

Сүңгі үстімен суық тамшы сүмектеп,

Қайран өмір еріп жатыр шүмектеп.

Бір қария алқынып кеп тоқтады

«Әй, антұрған, қайран осы жүрек», – деп.

Кәрілікті қиын беру суреттеп,

Кешегі жас маужырап тұр жүдеп кеп.

Арыны жоқ арқыратып басатын,

Жер ойылып кетердей-ақ жүр ептеп.

Қара жерге ақ таяғы тірек боп,

Ептеп-септеп, әйтеуір, тек күнелтпек.

Бір кездегі найзағайдай жанары

Елестейді бұлдыраған түнек боп.

Жастық шағы кеудесінде сайрайды,

Буындарын дәрменсіздік байлайды.

Немересін былдырлатып ес көріп,

Әжептәуір жігерленіп жайнайды.

Кіп-кішкене немересі қолғанат,

Соныменен отырады жол қарап.

Осы бір аз өміріне тәубе етіп,

Жер үстімен жүргеніне жорғалап.

Небір мықты құрдастарын нар қабақ

Елестетіп.

Өз өмірін жалғап ап,

Мәз болады кей сәттерде шаттанып,

Қырандайын көк жүзіне самғап ап.

Көп ұзамай жел соғады бір өкпек,

Сүмбі үстімен суық тамшы сүмектеп,

Шаршап келіп жантайғандай болады

«Әй, антұрған, қайран осы жүрек», – деп. 

ТОҚТА, ТОҚТА, ЖІГІТІМ!

Тоқта, тоқта, жігітім!

Тоқта, тоқта!

Сен бір жақта біреусің,

Мен бір жақта,

Бей-берекет ішкенің маған батты-ау,

Қастер тұтар бойыңда намыс жоқ па?!

Тап кеше әп-әдемі жігіт едің,

Ел алдыңа ес тұтып жүгінетін.

Үлкенге де кішіге үлгі тұтқан

Ал бүгіндер қалыпты суретің.

Тентек суға тойып ап жүрсің мәз боп,

Жағаң жайлау, өзіңше көңлің жаз боп.

Үйіңде бала-шағаң үрейленіп

Бір уыс боп отыр-ау өле жаздап.

Қызың өсіп келеді, ұлың өсіп,

Көрінгенмен сен тұрсың күлімдесіп,

Үйге барып былапыт сөйлейсің-ау,

«Ұйықтап та қалмайсың үнің өшіп…»

Жан ашуың бар шығар құқай жеген,

Жауыздығын дайындап құздай терең.

Құлатқанда шығар-ау баз біреулер

Түршіктіріп бойыңды мұздай шеген.

Мықты болсаң ондайда шарап ішпе,

Сабыр сақта салма да қара күшке.

Бір айналып алдыңа келері хақ

Қақпанына қара басып қайта түспе.

Ашуыңды алма сен үй-ішіңнен,

Ертеңгі дара күшің тынысы кең.

Оны да ойда жоқта құртып алсаң

Жан болғаның мүсәпір құр ісінген.

Жүрегің қақ жарылып қуансаң да,

Тарихта қалатындай ту алсаң да,

Шарап сенің шырқатар әнің емес,

Білдірмей тұншықтырып буар соңыра.

Тоқта, тоқта, жігітім,

Тоқта, тоқта!

Қастер тұтар өзіңде намыс жоқ па?

Балам үшін бәріне барайын деп

Әкең сенің түспеп пе ед

 қызыл шоққа.

Ол әкең әсте мұны ойламаған,

Шешең де құр бекерге тойламаған,

Дастарханға тұз-дәмнің бәрін салып,

Атыңды әбиүрлі қойған адам.

Қой, жігітім,

қосылма азғын топқа,

Одан да өртеніп ол жанған отқа.

Бұл менің жан ашуым

 жалын қапқан

Мейлің боқта сыбанып,

 мейлің сотта!

АРАМ БОЛҒЫМ КЕЛЕДІ

Арам болғым келеді, арам болғым,

Тозғандай топшылары адал жолдың,

Мейманасы тасынып өңкей малғұн,

Жаны күйіп жатқанда адалдардың

Арам болғым келеді, арам болғым.

Адам болғым келеді, адам болғым,

Туын ұстап жоғары адал жолдың.

Ар майданын арсыздар көміп жатыр

Қара жерге шыбық боп қадалғаным.

Қадалғаным көктей ме, көктемей ме?

Адал жаным, беттей ме, беттемей ме?

Арамдық-ай қара бұлтша қаптаған

Көктің жүзін жабуға жетпегей де.

Арамдықты асырсам арамдықтан,

Арылып шығар едім адамдықтан.

Әлде өңкей малғұнға күлкі болып,

Биігім құлар ма екен азар шыққан.

Құрдымынан құтылып адал жолдың,

Арам болғым келеді, арам болғым.

Бірақ, бірақ қайта айналып 

келмейді-ау,

Өмір қысқа.

Бола алмас адам малғұн.

Сейфолла ОСПАН