ТӨС ПЕН БАЛҒА

ТӨС ПЕН БАЛҒА

ТӨС ПЕН БАЛҒА
ашық дереккөзі
1. Шойын төс пен болат балға арасы: Бірдемдік қана жол емес. Соқпақтары сан түмен – Бұрылысы мың түмен – Ғасырлық сапар шамасы, Бармағынан бал тамған, Маңдайынан тері аралас қан тамған. Рухы асқақ ұсталар сол жолменен сендер жүріп келесің. Туған ұлтқа, Ата жұртқа болайық деп демесін. Солай да солай десек те, Алпауыттардың ниеті құрылған сұмдық есепке. Тәуелсіздік балғын жас буыны әлі қатпаған, Сағат сайын аңдаулы әр қадамды аттаған, Алмағайып заманда айнымайтын дос керек. Ұлтын сатқан ұлықтың улы басын жаншитын – Балға менен төс керек. Жауыздықтың кәлласын айбалта керек, шабарға (Қағаз керек қаламға). Алаяқтардың аяғын кездік керек кесетін. Суайттардың өсегін, жағымпаздың тіл жағын, Осып-осып тастайтын, қанжар керек қайраулы. Жебесінен дұшпанның қалт жібермей қорғайтын – Қалқан керек айбарлы. Бостандықты жырлайтын жалған сөзге алданбай, Ақын керек Мағжандай, Әнші керек Күләштай, Биші керек Сарадай, Күмбірлеген күй керек, Қарақылды қақ жарған қаділетті би керек. Керек, керек, Бәрі керек біздің Алты алашқа, Сап құрыштан соғылған топшы керек сенімді – Қомданған қос қанатқа. Керек, керек, Бәрі керек, Атқа – таға, өкшеге – тозбайтығұн нәлі керек, Шойын төс пен болат балға арасы, Соқпақтары сан түмен – Бұрылысы мың түмен – Ғасырлық жол шамасы… Осы жолдан адастырма тәңірім! 2 Сөйлесе тарих сөйлесін: Түріліп қас-қабағы, Жүрек барда жаралы, Құлақ барда саналы. Атамнан қалған сеңсеңнен тіккен бөрікті, Қабанбай киген дулыға ма деп қалам. Алмасса да замандар, Алжасса да адамдар, Дулыға маған жетті аман. Дауыл ұрса қаңбақтай боп домалар, Домалай – домалай жоғалар, Бөріксіз қалған жалаңбас. Дулығалы сарбазды жау жабылып ала алмас. 3 Ұлы Абай 1893 жылы, 15 қарашада Семей облыстық «Өлке тану» музейіне алтынмен аптап, күміспен күптеп жасалған ғажайып Айбалтаны өз қолымен табыс еткен. Абай тұтқан Айбалта сұстанып тұр, сұстанып, Құпиясын ашпайды тірі жанға тіс жарып. Қай ғасырда – Қай жылы – Қай мекен – Қай дүкенде – осынау асыл мұраны, Қандай ұста соқты екен? Қандай мақсат ұстанып?!. Басымыздан өтті ғой талай майдан сұрапыл, Шын ерлердің ғадеті сұрапылда сынасу. Дау-жанжалдар асқынып жеткен кезде шегіне, Нендей түйткіл түйінді кесті екен бұл асыл? Шешті екен бұл асыл?!. Айбалтасы бар адам айбатымен ықтырар, Жауы түгіл досы да оны көрсе тік тұрар. Айбалтасы жоқ адам өзін-өзі бұқтырар, Жүрген жерін жұт қылар. Алты құрлық, Төрт мұхиттан құралған, Мынау мұңлық ғаламның, Тағдырына алаңмын. Алаң-алаң алаңмын. Әрбір адам, Әрбір ұлт жастығының астына – Бір-бір балта жастанып жататұғын заман бұл. Төңірегіне төңкеріліп келгенде, Барша ағайын, барша жұрт, Құшақ жайып қарсы алып, Алыптан туған Ұлы Абай атадан қалған мұраны, Өз қолы өз еркімен адамзатқа тапсырды, Алты алашқа жар салып. Беу, Алты алаш, Беу, Алты алаш, Қимылыңды бағып тұр – Алты құрлық, шар тарап, Оң жағыңды сыралғы орысың тұр өрісіңді тарылтқан, Ырысыңнан дәметіп сол жағыңда қытай тұр – Екі көзі қанталап. Абай тұтқан Айбалта сұстанып тұр, сұстанып. Құпиясын ашпайды тірі жанға тіс жарып. Бұлшық еті бұлқынып – Ар-намысы жыртылып – Тұла бойын күш кернеп – Құрды қайда дүкенін рухы асқақ ұсталық…. Біздің тарих керуен-керуен алып көш, (қараңғылық – жарыққа өш). Алты алашты ата жаудан қорғаған, Айбынды патша Айбалта, Көп шыңдалған халық – төс… 4 Ақ қағаздың бетіне өрнек салған сар таңда, Ұста досым сыйлаған қалам едің, жалтарма! Телегей ойдың түбіне сүңгіп кетші жебедей, Омыраулатқан толқынды еңсесі егей кемедей. Құстан да ұшқыр қиялға тосырқамай ерік бер, Көк аспанның жұлдызын жарқыратып теріп кел. Күн нұрына шомылып, ай төсіне қонып кел, Жердің шарын ғарыштан емін-еркін шолып көр. Алыс-алыс сапарға жорт қаламым, жортып бақ, Мен жүрейін қасыңда қағазымды қолтықтап… Жеріне бар киелі бабалардың сандуғаштай сайраған, Ресейге бар тағы азу тісін қайраған. Қытайға да сапарла құмырсқадай қайнаған, Батысқа да сапарла мұхит кешіп, бұлт кешіп, Париж, Лондон, Нью-Иорк, Емес саған тарс жабылған сыртқы есік, Абай тұтқан қауырсын қарындашқа қосылып, Шыр айналшы ғаламды жортуылдап жосылып. Қолымда өзің болмасаң күй кешермін мен нендей, Имансызға ой салып имандыға дем бергей. Қалтыраған қайғыдан жүрегіне сұлудың, Шипа болар дертіне сыйлашы бір жылу жыр. Қызғаншақтың көзіне сия болып тамшылап, Дым сезбейтін топасты қамшылап ал, қамшылап. Пейілі арам, сөзі лас, ой-санасы соқырдың, Көрмейтұғын көзін аш. Дінін сатқан сатқынның, Ділін сатқан сатқынның, Жүрегінің тұсына найза болып қадалғын, Осы емес пе парызы қасиетті қаламның. Алдайтұғын адамды аз ба зәлім, құбыжық, Сондай пасық неменің алшы тілін суырып. Жүрегі адал жақсыға ықыласпен қол беріп, Жалпылдаған жаманды кете баршы өңгеріп. Шын шебердің қолынан шыққан абаз қаруым, Қуаныш пен қайғымды тең бөліскен жарығым, Теңдесі жоқ алыбым. Беу, қаламым өтінем қалғымашы әр таңда, Менен соңғы ұрпақтар жамырасып оқитын, Тарихтың бетінен қалдырайын қолтаңба. 5 Әке айтқан бұл аңыз – Шындықтай шымыр тірі аңыз – Есімнен кетпес мәңгілік. Тірі аңыздың үнімен жаңғырып тұр Өр Алтай, Жаңғырып тұр Алатау, Жаңғырып тұр Қаратау, Жаңғырып тұр Атырау, Жаңғырып тұр Сарыарқа, Жаңғырып тұр Көкше де, Талай ғасыр өтсе де. Қара ниет қанқұмар кеткен кезде асқынып, (Құм жасайды тасты үгіп). Еркіндіктің аяғын айласымен тас буып. Сонау ықылым заманда, Иманы жоқ дінсіздер иманы бар түрікті, Билеп-төстеп құнықты. Еркектері құлданып, әйелдерін күң етті, Тіршіліктен жоқ белгі, Ошақтағы от сөнді. Қарусыз жұрт – бейбіт жұрт, Қарулы жаудан қан жұтты. Бардың малын талап жеп, Кедейлерін қаңғыртты. Күндердің бір күнінде аян берді көк Тәңір, Қарт ұстаға ақылды. Ақылды ұста кенеттен дүкен құрды жасырын, Еңіреген ерлерді өз қасына шақырды: – Құтылу үшін сұмдықтан, – Құтылу үшін құлдықтан, – Қару керек мұқалмас, – Төсім керек жұқалмас – Ер түріктің ұрпағы айтқаныма көне гөр – Аян берген көк Тәңір, – Көрге тығар тірідей жалған айтса мен егер. Қарт ұстаның қайратты қабыл болып айтқаны, Оты лаулап дүкеннің шарпыды бар аймақты. Көкірегінде түріктің бұрқылдады кек қайнап, Жұдырықтай түйілді беті қайтпас көп қайрат. Көрік гулеп қоздырды ошақтағы шоқтарды, Шоқ алаулап от жанды. Шойын төстің үстінде болат балға кетті ойнап, Тарғыл-тарғыл тас балқып айналды көк найзаға, Айналды алмас қылышқа, Айналды асыл құрышқа, Айналды темір тағаға, Айналды сауыт – сайманға, Айналды темір арқанға… Түгенделді бес қару, Түгенделген мұздай қару-жарақты, Белін буған сарбазға оңды-солды таратты. Кек үстіне кек суып, Көк бөрілер кетті ұлып, Тағалаулы тарландар кісінеді жер тарпып, Дүбірінен жер шалқып. Ата жауы түріктің қарсыласты қасқайып, Бұрын-соңды болмаған қызыл-қырғын қан майдан, Қара жердің тау тасын қан аралас жас шайып. Ерегескен екі жақ үш ай үш күн белдесті, Аспан айнып, Жай ойнап, Күн күркіреп, Сел көшті. Мұхит болып тулады қарт ұстаның ақылы, Жауды жеңді ақыры. Күллі әлем мойындап Ер Түріктің жеңісін, Сүйіншілеп тарихты дүркіретті ел ішін. Ұсталықтың дүкені ырыс болды, құт болды. Алтын менен апталып, күміспенен күптелді. 6. Беу, армысың, Бармысың дархан ұста бауырлар, Аңқылдаған ақынның ақ тілегін тыңдашы… Қолыңдағы балғаны шойын төске пергілеп, Жігерімді ой-санамды шыңдашы. Дүниенің қым-қуыт болмысынан шаршадым, Көз ілмедім қанша күн. Шаңырағын қазақтың ғасырлап, жылдам көтерген, Қара атаның табанымен шоқ басты. Қынабында көп жатып қылышымды тот басты Тағасыз қалған тұлпарым тасырқады жасқанып, Тұяғы мұз, тас қарып. Көрігім жоқ гуілдетіп үрлейтін, Ошағымның оты лаулап жанбай тұр. Қанатынан қайырылды ақ сұңқарым самғайтын, Бармысың, Армысың ұсталарым ұсқынды, Тілегімді қабыл алып, жүрегімді тыңдашы. Ырысымды тасытып, қылышымды шыңдашы. Таға соқшы тозбайтын астымдағы тұлпарға, Топшы соқшы қайырылмас қолымдағы сұңқарға Көрігіңді гуілдетіп басшы бір, ошақ оты лауласын, Ошақ оты лауласын, Жаурап қалған жанымды жалынымен баурасын!

Жәркен Бөдеш

 Алматы