ПОЛЬШАДАҒЫ ҚАЗАҚТАР

ПОЛЬШАДАҒЫ ҚАЗАҚТАР

ПОЛЬШАДАҒЫ ҚАЗАҚТАР
ашық дереккөзі
Орталық Еуропада орналасқан Польша мен Орталық Азияда орналасқан көшпенді дала халықтары арасындағы қарым-қатынас әу баста сауда-саттық түрінде, «Ұлы Жібек жолы» арқылы іске асқаны тарихтан белгілі. Ал осыдан 8 ғасырдай уақыт бұрын Қазақ даласына алғаш табаны тиген еуропалықтың ұлты поляк, Ватикан шіркеуінің монахы Бенедикт Полак екенін, оның алғаш рет Қазақ даласы туралы, қазақтар туралы естелік жазып қалдырғанын білетіндер некен-саяқ. Поляк жиһанкезі Бенедикт Азия елдеріне Ватикан шіркеуінің дипломатиялық өкілдігі құрамында барған екен. Ол сол жолғы сапарында «Ұлы Дала» туралы көптеген құнды ақпараттар жинайды. Осы ақпараттар арқылы Еуропа жұртшылығы неше мыңдаған шақырым алыстағы батыр, қайсар көшпенділер туралы алғаш рет шынайы жағдайды естіп білген. Өйткені соның алдында ғана «татар-моңғол» деген атпен осы Ұлы даланың иесі Шыңғыс ханның атты әскерлерінің тұяғы Польша жеріне жетіп, халқын қырғынға ұшыратқаны біздердің көшпенді ата-бабаларымыз туралы поляктар есінде жағымсыз әсер қалдырғаны рас. a85cdfa08eeef08e4c383edb01113f20.jpg Тарих шежірелеріне үңілсек, 1241 жылы сәуірдің 9-ы күні Шыңғыс ханның немересі Бату ханның 10 мың атты әскері (көбі бүгінгі қазақ халқын құрайтын керейлер, наймандар, меркіттер, қоңырат, жалайырлар) Польшаның оңтүстігіндегі Легница деген жерде Польша королі Генрих II Побожныйдың армиясын тас-талқан етіп жеңеді. Бұл Польша тарихында «Легница түбіндегі жеңіліс» деген қаралы атпен жазылып қалды. Тарих бетін ары қарай парақтасақ, бұдан кейінгі жылдары «Алтын орда» хандары мен поляк корольдері өз араларында қыз алысып, қыз берісіп, бір-бірімен құда болысып, сырт жауларына қарсы күш біріктіріп, бірге соғысқан. Соның бірі 1410 жылы батыстан төнген «крестілер жорығына» қарсы поляк-литва әскерилерімен бірге «Алтын орда»-дан көмекке барған бір түмен (10 мың) әскерилер Грунвальд (Grunwald) түбінде жауды тас-талқан етіп жеңеді. «Алтын орда» әскерилерінің батырлығына, қайсар ерлігіне сүйсінген Польша-Литва королі Владислав Ягелло (Wladyslaw Jagieyllo): «Польша мен Литва шекарасы аймағынан жер бөліп берейін, сонда қалсаңдар» деген тілек білдіреді. Бұл ұсынысты қабыл көрген бір мыңдай әскер Польша жерінде қалып, қалғаны елдеріне қайтады. Бүгінгі күні Польшада тұратын 5 мыңнан аса мұсылмандар өздерін осыдан 7 ғасыр бұрын Польшада қалған «Алтын орда» әскерилерінің ұрпақтарымыз дейтін көрінеді. Олардың көбі Польша мен Литва шекарасына жақын Белосток (Bialastok) аймағында тұрады. Мешіттері бар, дінге берік халық. Ең қызығы «Тасқын» (Potop), «Пан Володоевский» (Pan Wolodyewski), «Өрт пен қылыш» (Ogniem i mieczem) романдарын жазған әйгілі поляк жазушысы, Нобель сыйлығының иегері Генрих Сенкевичтің әкесі католик дінін қабылдаған поляк «татары», яғни Польша жерінде қалған қыпшақ әскерінің ұрпағы екен. Алайда 18 ғасырда Польша елі Пруссия, Австро-Венгрия және патшалық Россия тарапынан үшке бөлінген отар елге айналды. Патшалық Россияның отары болған жерлерде көптеген поляк революционері Польшаның тәуелсіздігі үшін күресті. Қолға түскендерін патша жандармдары Польшадан алысқа, Сібір мен Қазақ даласына жер аударған. Тағдыр тәлкегімен осылай Қазақ даласына жер аударылып келген поляк революционерлері Адольф Янушкевич (Adolf Januszkiewicz), Густав Зелинский (Gustaw Zelinski), Вронислав Залеский (Bronislaw Zaleski) қазақтар туралы, қазақтың бай мәдениеті және ауыз әдебиеті бар ерекше халық екендігін Еуропа жұртшылығына алғаш «Қырғыз даласынан жолданған хаттар», «Сібір сапарынан күнделіктер» секілді кітаптары арқылы таныстырды. Бұған дейін патшалық Россия өзінің иелігіндегі дала халықтарын «жабайы, бұратана халықтар» деп атап келгенін поляк революционерлері жоққа шығарып, мұндай бай көшпенді мәдениеті бар халықтың келешегі зор екендігін жазды. Поляк революционерлерінің бұл кітаптары ағылшын, неміс, француз тілдеріне аударылып, сол арқылы еуропалықтар қазақ халқын жақын тани бас­тады. Осы кезде өмір сүрген поляктың ұлы ақыны Адам Мицкевич (Adam Mickiewicz, 1798-1855) пен одан жарты ғасырдай уақыт кейін дүниеге келген қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбай (1845-1904) арасында бір рухани байланыс бар секілді. Абай кезінде поляк ақыны Адам Мицкевичтің орысша аудармасынан бірнеше таңдаулы өлеңін қазақшаға аударған. Екеуі де өлеңдерінде өз халықтарының тағдырына алаңдап, қиындықтан шығу жолдарын өздерінше іздестіріп, соны жырлайды. Екеуі де 58 жас жасапты. Жақында поляк ғалымы Хенрих Янковский (Henryk Jankowski) Абайдың қара сөздерін поляк тіліне «Slowo» деген атпен аударып, жеке кітап қып шығарды. Екі халықтың тарихына қарасақ, екеуі де талай қиындықты бастарынан кешкен, «мың өліп, мың тірілген» халықтар. Сондықтан да болар екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Сталиннің бұйрығымен Украинадан Қазақ даласына жер аударылып келген жүздеген мың поляктарға қазақ халқы қол ұшын берді, бір таба нанды бөлісіп жеп, кең қолтығының астына алғанын сол қиын күндерді бастарынан кешкендер өмірі ұмыта алмайды. Бүгінде олардың ұрпақтары өсіп-өнді. Қазақстанның әр түкпірінде жемісті еңбек етіп жүр. Қазақстандағы поляк диаспорасының саны 50 мыңдай. Польша үкіметінің шетелдегі отан­дастарына арналған бағдарламасы бойынша Қазақстаннан Польшаға жүздеген поляк жанұялары қоныс аударған. Польша елінің Қазақстандағы елшісі қызметін 3 жыл атқарып келген елші, дипломат Владислав Соколовский Варшавадағы үйінің ауласына қазақ киіз үйін тігіп, оның ішін қазақ халқының өнер шеберлерінің туындыларымен толтырған. Тұскиіз, сырмақ және домбыра, қобыз секілді ұлттық музыка аспаптары қойылған. Ол өзінің қазақ халқы туралы сол елге жер аударылып барып, кейін еліне қайтқан әжесінің әңгімесінен көп тыңдағанын, сол арқылы қазақ еліне деген ықыласының жастайынан оянғанын айтады. «Кейін елші-дипломат ретінде Қазақ еліне барғанымда, қазақ халқын жақыннан тануға мүмкіндік туды» дейді ол. Бүгінгі күні ол Варшавада «Менің Қазақстаным» атты қауымдастық құрып, Қазақ елін Польшаға таныстыру, насихаттау ісінде зор еңбек атқарып жүр. 904da4ff24b6a77c6a85f2d920fb3a3e.jpg Ал Қазақстандағы поляк диаспорасының жастары үшін Польша үкіметінің арнайы бағдарламасы бойынша жыл сайын Польшаның жоғары оқу орындарында білім алады. Солардың бірі Познань қаласындағы Адам Мицкевич университетінің саяси ғылымдар және журналистика факультетінің 3 курс студенті Алена Бугаенко өзі туралы: «Бәлкім менде қазақ қаны болмауы мүмкін. Бірақ менде қазақтың асқақ рухы бар. Сондықтан өзімді осында «қазақпын» деп сезінемін. Мен өзімнің атажұртымда ата-бабам тілін үйрену арқылы үлкен атам Адам мен әжем Михайлиналардың армандаған арманын орындап жүргеніме бір жағы қуанамын. Алайда менің отаным ол – Қазақстан, сонда туып, өстім. Сондықтан оқуымды аяқтаған соң Қазақстанға ораламын», – дейді. Қазірдің өзінде Польшаның жоғары оқу орындарында 200-ге тарта қазақстандық поляк жастары білім алып жүр. Сол жастардың біразымен кездесіп, әңгімелескен кезімде олардың қазақ халқына деген ыстық ықыластарын сезіндім. Олар өздерін «қазақпыз» деп санайды. Көбі Қазақстанға қайтуды ойлайды. Алайда Варшавадағы Қазақстан елшілігінің кеңесшісі Асқар Әбдірахманов: «Польшадағы қазақтардың саны туралы нақты мәлімет жоқ деуге болады. Бұндағы Польша азаматтығын қабылдаған қазақтардың барлығы поляктармен жанұя құрғандар, яғни бұл елде қазақ отбасылары жоқ. Сондықтан, қазақ диаспорасы туралы айтуға негіз жоқ. Жалпы, азаматтарымыздың еркін жүру заманында ондай кешенді статистиканы жүргізу мүмкін емес», – дейді. Адам Мицкевич университетінің докторы, тіл маманы Күлайхан Ақтайдың айтуынша, Польшада қазақ диаспорасы әлі қалыптаспаған. Краков, Варшава, Познань, Вроцлав секілді қалалардағы жоғары оқу орындарында Қазақстаннан келіп оқып жатқан қазақ жастары көп. Олар түрлі бағдарламалар бойынша келіп оқиды. Тек Познаньдағы Адам Мицкевич университетінде 50-ге тарта қазақ балалары білім алып жүр. Олар Қазақстан президентінің «Болашақ» бағдарламасы, ҚР Білім және ғылым министрлігінің шетелде мамандар даярлау бағдарламалары, сондай-ақ «Ерасмус Мундус» және «Киркланд» секілді Еуропа одағының бағдарламалары және өз беттерімен келіп оқып жатқан жастар. Сондай-ақ Польша университеттерінде докторантурада, магистратурада оқып жатқан қазақтар да баршылық. Cондай-ақ қазақ тіліне жасынан құштар, осы тілді өз ана тілімен бірдей көріп, қазақша еркін сөйлейтін поляк жастарының саны да соңғы жылдары көбеюде. Поляк азаматтарға тұрмысқа шыққан тіл маманы Күлайхан Ақтай секілді қазақ қыздары да баршылық. Олар қазақ елін, тілін, салт-дәстүрін поляктарға насихаттап, өздерін жақсы жағынан танытып жүр. Бірақ олардың дәл саны қанша екені белгісіз, алайда бәрінің жүрегі Қазақстан деп соғатынын түсінуге болады. Міне, бұлардың бәрі бүгінгі күні Польшадағы қазақтар деп аталады.

Досан Баймолда

 Познань, Польша