ҚР Президенті Н.Назарбаев: Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!

ҚР Президенті Н.Назарбаев: Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!

ҚР Президенті Н.Назарбаев:   Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!
ашық дереккөзі
246

ҚР Президенті Н.Назарбаев:

  Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!

  Елбасының халыққа Жолдауынан

Елбасының жыл сайынғы халыққа
Жолдауы биыл тікелей эфирден берілген жоқ. Бірақ құжатта айтылған мәселелер мен
жүктелген міндеттер бұған дейінгі Жолдаумен үндес болды. 

Үкімет мүшелері, Мәжіліс пен Сенат депутаттары, халықаралық
ұйымдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкілдері тыңдаған биылғы Жолдаудың
ерекшелігі: Елбасы әдеттегідей тікелей эфирден сөйлеген жоқ. Екіншіден,
жолдаудың басым бөлігі орыс тілінде болды. Сонымен, халыққа биылғы Жолдауын «Қазақстан-2050»
бағдарламасынан бастап, құжаттың басты мақсаты елімізді дамыған 30 мемлекеттің қатарына
қосылу болғандығын еске салған Елбасы Тәуелсіздік алған 22 жылдың ішінде қыруар
істің тындырылғанына тоқталды: «Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық.
Әрбір отандасымыздың жүрегіне өз еліне деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық.
Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Халықтың 97
проценті әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскенін
айтады».

Үстіміздегі жылы экономикалық өсім деңгейін 6-7 пайызға
дейін өсіруді тапсырған Президент жан басына шаққандағы Жалпы ішкі өнімді 14,5
доллардан кемітпеуді ескертті. Сонымен қатар Ұлттық банкпен біріге отырып, алдағы
5 ай ішінде инфляция деңгейін 3,4 пайызға дейін төмендетудің кешенді жобасын түзуге
және әлемдік қаржылық дағдарыс салдарынан қиындыққа ұшыраған отандық қаржы
саласын 2030 жылға дейін дамытуға бағдарлама жасауға нұсқау берді. 

Бәсекелестікке төтеп беру, шикізат өндірудің тиімді тәсілдерін
табу, Алматы мен Астана қалаларын агломерациялаудың стратегиясы мен қалыптасу
жобасы, халықаралық сауданы дамытудағы кедергілерді жойып, сауда-саттық шеңберін
барынша кеңейту, жолдарды жөндеу, салауатты өмір салтын сақтау, медицина
сапасын жақсарту, Қазақстан халқының өмір сүру ұзақтығын 80 жастан бастап, одан
көп жасқа ұзарту, медициналық туризмді дамыту, ұлттық білім беру жүйесін қалыптастыруды
аяқтау, адамдардың лайықты өмір сүруін қамтамасыз ету сияқты басқа да мәселелер
сөз болды Жолдауда. 

Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, Үкімет пен «Самұрық-Қазына»
Ұлттық әл-ауқат қоры мемлекеттің қатысы бар мекемелерді анықтап, оларды
жекеменшікке өткізудің жолдарын қарастыруы тиіс. Мәселен, биыл 2014-2016 жылдарға
арналған жекешелендіру бағдарламасының кешенді бағдарламасы түзіледі. Сонмен қатар
34 мемлекет мүшелікке өткен Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының қағидалары
мен стандарттарын Қазақстанға да енгізуді міндеттеген Президент инвестиция көлемін
қазіргі 18 пайыздан 30 пайызға көтеруді, бүгінде 24,5 мың болатын еңбек өнімділігін
126 мың долларға дейін арттыру және экспортталатын шикізаттық емес өнім көлемін
70 пайызға көбейтуді тапсырды.

2050 жылға дейін бекітілген басты міндеттердің қатарында
агроөнеркәсіптік кешеннің заманауи талаптарға сәйкестендірілуі, азық-түлік қауіпсіздігін
қамтамасыз ету, шаруаларға отандық өнімдер көлемін арттыруды тапсыру, сапаны
халықаралық стандарттарға сәйкестендіру, «жасыл экономика», ғылыми зерттеулерге
ден қою, ұлттық инновациялық жүйенің тиімділігін арттыру, Алматы мен Астана сияқты
ірі қалалардағы технологиялық парктердің жұмысын жақсарту т.б. мәселелерге
жеке-дара тоқталған Н.Назарбаев Жолдауда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің
аяқталуға жақындағанын, Түркіменстан мен Иранға бастайтын темір жолдың тартылғанын,
осының арқасында Парсы шығанағына жол ашылғанын, «ЭКСПО-2017» көрмесін лайықты өткізуді
мақсат тұтатын дайындық жұмыстары жүргізіліп жатқанын мақтанышпен
жеткізді. 

Жылдағы әдетінен жаңылмаған Елбасы отандық шағын және
орта кәсіпкерлікті (ШОК) дамытуға да көңіл бөлді: «Шағын және орта кәсіпкерлік
– ХХІ ғасырда Қазақстанды индустриалдық және әлеуметтік модернизациялаудағы
басты құрал. Отандық экономикадағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі неғұрлым
ұлғайған сайын Қазақстанның дамуы соғұрлым тұрақтана түспек. Біздегі ШОК
субъектілерінің саны 800 мыңға жетті. Оларда 2,4 миллион азамат жұмыс істеуде.
Соңғы төрт жылда осы салада өндірілген өнім көлемі 1,6 есеге өсіп, 8,3 миллиард
теңгеге жетті».

Бүгінде мектептердегі орынның жетіспеушілігінен балалар үш
ауысыммен білім алуға мәжбүр. Жолдауда осы мәселені көтерген Елбасы алдағы үш
жыл ішінде, яғни, 2017 жылға дейін білім ошақтарының тапшылығын жоюды, екі
ауысымнан асырмауды тапсырды. Сондай-ақ, жастардың техникалық білім алуына жағдай
жасалмақ. Ал шәкіртақы 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап Үкімет 25 пайызға өсіру
жолдарын қарастырады. Соңғы кездері Қазақ қоғамында қызу пікірталастарға ұласқан
мемлекеттік тілдің жағдайына тоқталған Президент: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен
білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл
өткен сайын көбейіп келеді.  Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57
орталық жұмыс істейді. Одан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі
де үйренуде. Былтырғыға қарағанда биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің
саны 10 процентке өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда
мемлекеттік тілді дамытуға республика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді
ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік
тіл болды. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн», –
деді. Өкініштісі, былтыр дауға себеп болған бір жайт: мектептердегі қазақ тілі
пәнінің сағаттары қысқарып қалған болатын. Бұл келеңсіздік Елбасының
мемлекеттік тілді дамытуға қатысты берген пәрменіне кедергі келтірмес үшін Қазақстандағы
барлық мектептерде (қазақ, орыс, аралас мектептердің бәрінде) берілетін қазақ
тілі пәнінің сағатын қысқартып тастамай, керісінше, көбейтілгені дұрыс. Мұны құзырлы
органдар қадағалауда ұстауы тиіс.

Сөзін қорытындылар тұста Елбасы: «Біз – біртұтас халықпыз. Біздің ортақ тағдырымыз
– Мәңгілік Ел, біздің лайықты да ұлы Қазақстан! «Мәңгілік Ел – жалпықазақстандық
шаңырағымыздың ұлттық идеясы, ата-бабаларымыз аңсаған арман», – дей келе,  ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім, тарих
пен мәдениет, тілдің біртұтастығы мемлекеттегі тұрақтылықтың кепілі бола
алатынын ескертті. Аталған құндылықтардың негізінде жаңа патриоттық сезімнің
негізі қаланатынын айтты: «Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол
жеткізді.  Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік
Елордамызды тұрғыздық. Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын
баянды етуге арналады.  Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың
Перзенті.  Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел! Мен Мәңгілік
Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан 2050» стратегиясының түп қазығы
етіп алдым. Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі, оны ұстап тұру әлдеқайда қиын.
Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық.
Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға
жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай жер бетінен ұлт ретінде жойылып
кеткен елдер қаншама. Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала
білуге тиіспіз.  Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел біздің өз қолымызда.
Ол үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек. Байлығымыз да, бақытымыз
да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек».

  Елбасының халыққа Жолдауынан
бұрын қоғам жылдағы әдетімен болжам айтуға кіріскен. Көпшіліктің пікірі былтыр
болған маңызды оқиғалармен үндесіп еді. Мәселен, бұған дейін де Қазақ даласына
бірнеше рет құлаған «Протон» зымыран тасығышының ұшырылуына тыйым салу, Ресейдің
Қазақстандағы сынақ алаңдарын жабу, Кедендік одақ құрамынан шығу, Еуразиялық
экономикалық одақтың келісімшартын түзуден бас тарту, Дүниежүзілік сауда ұйымына
Қазақстанның ұлттық мүдделерін негізге ала отырып, мүше болу т.б. мәселелер.

  Нәзия Жоямергенқызы

.   

Серіктес жаңалықтары