АДАМ ӨЛТІРСЕ ДЕ, АЗАТТЫҚ АЛДЫ

АДАМ ӨЛТІРСЕ ДЕ, АЗАТТЫҚ АЛДЫ

АДАМ ӨЛТІРСЕ ДЕ, АЗАТТЫҚ АЛДЫ
ашық дереккөзі

Алты адамды удай мас күйінде қағып кеткен шенеуніктің ұлы ақыры бостандыққа шықты. Құзырлы органдар тараптардың келісімге келгенін көлденең тартса да, қаза тапқан жігіттің анасы баласын өлтірген дөкейдің ұлын ешқашан кешірмейтінін айтып азар да безер.  

Удай мас күйінде көлік айдағанымен қоймай, алты адамды бір-ақ сәтте қағып кетіп, олардың біреуін сол жерде ажал құштырған Мақсат Үсеновтің үстінен қозғалған қылмыстық істің тоқтатылуына байланысты тұтқыннан босатылды. ҚР Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2014 жылдың 22 қаңтарында Алматы қаласы Алмалы аудандық сотының қаулысына сәйкес, М.Үсенов ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 154-бабы бойынша азаттық алған. Ресми мәліметтерге сүйенсек, жүргізуші куәлігінен 2013 жылдың ақпанында айрылып қалған М.Үсенов былтыр 1 желтоқсанда Алматы қаласындағы кинотеатрлардың бірінің жанындағы тротуармен кетіп бара жатқан 6 адамды қағып кеткен. Қатты тиген соққыдан 24 жастағы бір жігіт тілге келместен көз жұмса, қалған бесеуі түрлі деңгейде жарақат аллыпты. Зардап шегушілерге көмектесудің орнына оқиға болған жерден қашып кеткен Б.Үсенов кейін полицияға өзі барып, «сол жердегі адамдар ұрып-соға бастағасын, қашып кеттім» деп ақталған. Соңында Қылмыстық кодекстің екі бабы – «Адам өліміне әкеп соққан жол ережесін бұзу» және «жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу» бойынша айыпталып, үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Бірақ көп кешікпей оны құқық қорғау органдары тараптардың өзара бейбіт келісімге келуіне байланысты тұтқыннан босатқан. Оқырмандардың есінде болса, Мақсат Үсенов «ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясындағы құрылыс департаментін басқаратын Қажымұрат Үсеновтің ұлы. Қанды оқиғадан кейін туған дауда қоғам мүшелерімен бірге Парламент депутаттары да дабыл қаққан болатын. Халық қалаулыларының бірқатары бір емес, бірнеше рет заң бұзған еркетотай ұлдың әкесін қоса жауапкершілікке тарту керек деген ұсыныс айтты. Алайда, шенеунік өзінің ажырасып кеткенін, баласына қымбат көлікті (BMW X6) кәсіпкерлікпен айналысатын әпкесі алып бергенін, мас күйінде көлік айдағыш ұлының шешесімен бірге тұратынын айтып ақталды. Бұқаралық ақпарат құралдары, әлеуметтік желілер арқылы қоғамдық пікір тудыруға тырысқан азаматтар Мақсат Үсеновтің заң алдында тиісті жазасын алмай, оңай құтылып кетуінен қауіптенген. Ақыры солай боп шықты. «Тараптардың өзара келісімге келуін» көлденең тартқан тәртіп сақшылары еркетотай ұлды еркіне қоя берді. Бірақ БАҚ арқылы жанайқайын жеткізген марқұмның анасы «келісімге» өзінің қол қоймағанын, бір айдан кейін шаңырақ көтеруге ниеттеніп жүрген ұлын қыршынынан қиған Мақсат Үсеновті кешірмегенін және кешірмейтінін жеткізді.

  Азалы ана осылайша іштегі шерін тарқатып жатқанда құзырлы органдар тарапынан М.Үсеновке қатысты оқиғаның EXPO-2017 көрмесіне дайындыққа ешқандай кері әсерін тигізбейтінін айтып, сүйінші сұрап жатты… Алайда, сот шығарған шешіммен келіспеген Интернет қауымдастығы EXPO-2017 шарасына бойкот жариялауға шақырған петицияға қол жинауға кірісті. Құжатқа қол қойғандар саны бүгінде 17 мыңнан асып түсті. Петицияны қолдағандар арасында Үсеновтің кесірінен қаза тапқан Мұрат Қарабалиннің анасы Қалдыгүл Қарабалина да бар. «Құдай кешірсін оны, бірақ мен кешірмеймін, кешіре алмаймын. Осы 59 күннің ішінде қатты шаршадым. Кешіру туралы өтінішке қол қойған жоқпын, жолдасымның қалай қол қойғанын білесіздер. Құдай куә», – деген ол Мақсат Үсеновке қатысты шығарылған сот шешімімен келіспейтіндігін ашық айтты.

  Тағы бір жайт, адам өліміне әкеп соққан жол-көлік апатына кінәлі  Porsche Cayenne көлігінің жүргізушісі Әлібек Қайымсұлтанов деген біреу де темір торға тоғытылудан оңай құтылған көрінеді. Есесіне, Қазақстанда құқық қорғау саласында еңбек ететін Евгений Жовтис те бір кездері абайсызда адам қағып кетіп, өлтіріп алғаны үшін сотталып кете барған. Дәл сол кезде тараптардың өзара келісімге келуі, марқұмның туған-туыстарының кешіргені де Жовтиске араша түсе алмаған. Біз біреуді алалау не арандату мақсатында айтып отырған жоқпыз. Бастысы, Қазақстанның әділ заңы баршаға бірдей болса деген тілек қана.

  Нәзия Жоямергенқызы