Қысқы спорттан «қылқынып» тұрмыз

Қысқы спорттан «қылқынып» тұрмыз

Қысқы спорттан   «қылқынып» тұрмыз
ашық дереккөзі
246

Әлемдік спорттың ең биік шыңы – Олимпиада. Міне, сол биік шыңды бағындыру Қазақстан спортшылары үшін қол жетпес арман болудан қалғаны қашан.
Тәуелсіздік арқасында олимпиаданың алтынын, күмісін, қоласын уыстап алатын дәрежеге жеттік. Бұл орайда жазғы олимпиаданы меңзеп отырғанымыз ғой. Аталған табыстың бәрі Елбасымыздың спорт саласына айрықша көңіл бөліп отырғанының арқасы екені даусыз.
Түсіне білген адамға спорт үлкен саясат. Міне, бұл орайда Қазақстанның әлем алдындағы беделі, мәртебесі жыл сайын арта түсуде.
Олимпиадаларда, әлем чемпионаттарында, Азия деңгейіндегі ірі жарыстарда жеңіс биігінен көрініп, Қазақ елінің абыройын асқақтата білген нарқасқа спортшыларымызды төбемізге көтеріп, сый-сияпат көрсету жағынан Қазақстан әлем елдерінің көбіне үлгі-өнеге танытып келеді. Олимпиада ойындарының жеңімпаздарына 250 мың АҚШ долларын сыйға тарту соның айқын кепілі.
Міне, ХХІІ-қысқы Сочи олимпиа­да­сының жалауы желбірегеніне бүгін бір апта болды. Осы олимпиада ойын­дарында табыс биігінен көрінген жеңім­паз­дарға берілетін сыйақы сол жазғы олимпиада ойындарында берілетін деңгейінде сақталып отыр. Осыдан екі күн бұрын Сочи олимпиадасында берілетін сыйақы қай елде көп деңгейде белгіленген деген мәселе журналистер қауымының арасында талқыға түсіп, бұл орайда көш басында Қазақстанның тұрғаны анықталды.
«Осы сыйақыға лайық Сочи олим­­пиадасына қатысып жатқан спорт­­шыларымыз бар ма?» – деген заңды сұрақ өзінен-өзі сұранып тұр. Дәл қазір бұл сұраққа бар деп те, жоқ деп те айту қиын. Оны Сочи олимпиадасының бәсекелері анықтауы тиіс.
Сочиде өтіп жатқан ХХІІ қысқы олим­пиада ойындарына үмітпен үкілеп 51 спортшыны қосып отырмыз. Жалпы жолдамамыз – 58 болған-ды. 7 ақпан күні Сочи олимпиадасының ашылу салтанатында құрамында 102 адамы бар Қазақстан делегациясы еліміздің көгілдір туын желбіретіп алып өткен болатын.
Енді газет оқырмандарына олимпиа­да­ға барған спортшыларымызды таныс­ты­ра кетудің артығы болмас. Әр спорт түрі бойынша мына спортшылар ел намы­сын қорғайды.
Міне, осынша спортшыны алып барып, ең болмаса бір алтын, бір күміс, екі қола медальға қол жеткізуге мүмкіндіктің болу, болмауы таразы басына түсіп тұр. Спортта алдын ала болжам жасау көбіне-көп абырой әпере бермейтін нәрсе.
Жасыратыны жоқ, еліміз Сочиден қанжығасы бос қайтпай, үздіктердің қатарында болғымыз келетіні айтпаса да түсінікті. Оған ел спортының әлеуеті жетерлік. Сочи бәсекесінің қарсаңында мұны шетелдік белгілі спорт мамандары да мойындаған болатын. Ол үшін sportsmyriad.com порталының болжамын айтуға болады. Бұл ақпарат құралының болжамынша, Сочи олимпиадасында Қазақстан кем дегенде екі алтын медаль алуға тиісті. Мұндайда «аузыңа май, астыңа тай» демеске амалымыз жоқ.
Олардың көріпкелдігі бойынша, бұл аламан бәйгеде қазақстандық шаңғышы Алексей Полторанин алтыннан алқа тақса, конькиші Денис Кузин күміспен күптелмек.
Олардың осы айтқаны дәл келсе, Қазақстан 90-ға жуық елдің арасында алғашқы жиырма үздіктің арасынан көрінуі ғажап емес.
Ал жалпы кімдерге үміт арта аламыз дегенде, мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің бар екені көңілге медет. Алтын алмаса да, алғашқы үштікке ілінуге толық мүмкіндігі бар.
Сонау 1994 жылғы Лиллихамер қысқы олимпиадасының чемпионы, атақты шаңғышы Владимир Смирновтың алтын тұғырдан көрінгені бәріміздің есімізде. Содан бері өткен жиырма жыл ішінде алтын медаль алу қазақстандықтарға арман болып келеді. Көзден бұл-бұл ұшты. Сочи олимпиадасы қарсаңында Владимир Смирнов БАҚ өкілдерімен кездесуде, ең алдымен Полторанинге үлкен үміт артатынын айтып, оған табысқа жету жолында кесірін тигізетін біраз жайлардан аулақ болуды қадай айтқан еді.
Біріншіден, Полторанинді психо­ло­гия­лық тұрғыдан қорғау керек деді. «Дәл қазір Алексейдің күшін дұрыс жұмсай білуі маңызды. Өз тәжірибеме сүйене отырып, бұған дейін үздік нәтиже көрсеткен қашықтықтырға ерекше көңіл бөлуге кеңес бердім, ең бастысы өзінің мүмкіндіктерін толық пайдалану керек», – деген еді.
9 ақпан күні ерлер шаңғыдан 15 шақырымдық скиатлон түрінен Сочи олимпиадасының алтын медалін сарапқа салған болатын. Бұл сында Алексей Полторанин 16-шы орыннан аса алмады. Енді 14 ақпан күні шаңғышылар екі кезеңнен тұратын 15 шақырымдық сында өз бақтарын сынайды. Одан әрі қысқа қашықтықта командалық спринт, эстафеталық бәсеке, ерлердің 50 шақырымдық марафоны бар.
Шаңғыдан қазақстандық қыздары­мыз­дың мүмкіндігі төмендеу. Құрама команда бапкерлерінің алға қойып отырған межелері – қыздарымыздың алғашқы ондықтан көрінуі.
Сонымен Сочи олимпиа­да­сындағы бәсекелер күн санап қыза түсуде. Дегенмен Қазақстан қор­жы­нына әлі медаль түсе қойған жоқ.
Фристайлдің могул түрі бойынша әйелдер арасында өнер көрсеткен екі спортшымыз – Дарья Рыбалова мен Юлия Галышева медальға қол жеткізе алған жоқ. Жарыстың осы түрінен Канаданың қыздары ерекше көзге түсіп, алтын, күміс медальді олжаласа, араға бір күн салып, фристайл могул түрінен ерлер сынға түскен болатын. Бұл жолы да канадалықтар шоқтықтарының биік екенін дәлелдеп, жүлделі үш орынның алғашқы екеуі соларға бұйырды. Қыздар арасында алтын медальді сарапқа салған алты мықтының қатарына іліне алмаған Юлия Галышева жетінші орында қалып қойды. Ал, ерлер арасындағы бәсекеде қазақстандық Дмитрий Рейхерд бесінші орыннан көрінді. Әрине, бұл да көңілге медеу.
10-шы ақпан күні ерлер конькимен жүгіруден 500 метрлік қашықтықта өз бақтарын сынады. Қазақстандық Роман Кречтің абыройлы жетінші орыннан көрінуі айтуға тұрарлық көрсеткіш.
Алтын, күміс, қола медальдарды күреп алып жатқан мемлекеттер ретінде АҚШ, Голландия, Канада, Норвегия, Германия сияқты елдерді атауға тиіспіз.
Шынын айтсақ, Владимир Смирновтың осыдан 20 жыл бұрынғы медалінен кейін алтын медаль күні бүгінге дейін арман болып келеді. 2010 жылғы Ванкувер олимпиадасында Ресей құрамасынан шеттеліп, Қазақстанның атынан сынға түскен биатлоншы Елена Хрусталеваның жалқы да жалғыз күміс медалі айран­дай төгілгелі тұрған абыройымызды ас­қақтатқан еді. Шынын айтқанда, бұл табыс Қазақстан үшін де, Хрусталева үшін де кездейсоқ табыс болатын.
Сочиде 9 ақпан күні 7,5 шақы­рым­дық биатлоншылар сынында Е.Хрусталева 51-ші орынға жайғасты. Командалас басқа құрбыларына қарағанда бұл біршама тәуір нәтиже, еліміздің атынан түскен Марина Лебедева 73-ші орында болса, 90 спортшының арасынан 83-ші орынды иеленген Галина Вишневскаяның көрсеткіші одан да өткен сорақы.
Биатлоннан өткен 10 және 12,5 ша­қырымдық ерлер араындағы бә­се­кеде қазақстандық жігіттер де осы дең­гейден көрініп, бәрімізді жерге қаратты. Үш-төрт жылдан бері үзбей өткізіліп келе жатқан биатлоннан әлем кубогында қазақстандық жігіттер де, қыздар да алғашқы 20 спортшының қатарынан көріне алмауы Қазақстандағы биатлонның қандай деңгейде екенін байқатса керек.
Шаңғымен тұғырдан секірудің де жағ­дайы дәл осындай. Оған дәлел, осыдан төрт күн бұрын 95 метрлік тұғырдан секіруде үкілеп қосқан спортшымыз М.Жапаровтың іріктеу сынынан өте алмауы.
Айтып, айтпай не керек, қысқы спорт түрлерінен қылқынып тұрғанымыз айдан анық. Жылдың 8-9 айында қысқы спорт түрлерімен айналысуға мүмкіндігі бар өңірлеріміз бола тұрып, алға басушылық байқалмайды. Бүкіл Қазақ елінің абыройын шамалары келгенше асқақтатып жүрген негізінен Шығыс Қазақстан облысының өкілдері. Қостанай, Көкшетау, Павлодар өңірлері ұлттық құрамаға бірді-екілі спортшылар ғана беріп жүр.
2011 жылы өткен қысқы Азиада ойындарында 70-тен астам алтын медаль алып, командалық бас жүлде жеңіп алдық деп қалпағымызды аспанға лақтырған болатынбыз. Жасыратыны жоқ, Азиадаға қысқы спорт түрінен алпауыттар саналатын Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея Азиадаға 2-ші, 3-ші нөмірлі спортшыларын әкелгенін ұмытпағанымыз абзал. Сол Азиадаға деп салған қаншама спорт кешендері Астана мен Алматыда бой көтерді. Содан бері үш жылдың жүзі болыпты. Алға озып кеткеніміз шамалы. Бәз баяғы күймен күйбеңдеп жүрміз.
Мұның бәрін біз неге ренішпен айтып отырмыз? Біздің бір облысымызға татымайтын Норвегия бірінші күннен бастап алтын медальді тоғытып жатқаны, аядай Швейцарияның шаңғышысы алтын медаль алып жатқаны шымбайымызға қатты батқандықтан айтып отырмыз.
Қадірлі ағайын, Үкімет 2020 жылға дейін еліміздегі барлық елді мекендердің 50 пайызын спорт ғимараттарымен қамтуды көздеп отыр. Бұл біздің болашағымыз жарқын деген сөз.
Құрметті жанкүйер қауым, сарыуайымға салына бермейік. Ел болып, спортшыларымыздың қадамы сәтті болуын тілейік!

Рабат ЖӘНІБЕКҰЛЫ

Серіктес жаңалықтары