«ЭНГЛИШ ЭПИДЕМИЯСЫ»!

«ЭНГЛИШ ЭПИДЕМИЯСЫ»!

«ЭНГЛИШ ЭПИДЕМИЯСЫ»!
ашық дереккөзі
147

Тақырыптың үш ұлт тілдерінен теріліп алынып, осылай қойылуының мәнісі: немісше «ахтунг» – «абайла», «сақтан», «энглиш» – онсыз да белгілі ғой; «эпидемия» – ежелгі грекше – «жаппай тараған науқас», «індет» – үш шет тілдер төңірегінде қиял жүгірту. Және де өзім басымнан өткізген немесе куәгері болған жағдайларға байланысты сөз сабақтастырсам деймін.

«Ахтунг!» (әсіресе леп белгісі қойылып айтылғанда) сөзін Екінші әлемдік соғыстан кейінгі советтік пионерлердің кітапқа үйір топтары жақсы білсе керек. Өткен ғасырдың бірінші жартысы аяқталар шақта қазақ тіліне орысшадан аударылып, жиі шығарыла бастаған майдан жөніндегі кітаптарға олардың көбі үйір болған-ды, әрине, ол шығармалардан «гитлершіл ақылсыз офицерлер» мен «қанқұйлы, топас фрицтерді» біздің «саңлақ солдаттар» мен «алғыр қолбасшы офицерлерден»  оп-оңай «ажырата алатын» оқырмандар едік.   Әсіресе, совет-фашист болып ойнау қызық, ал аспанда айқасқандар жөнінде жазылған роман, повестерден бас алу қиын еді.

Сол туындыларда бас­қын­шылардың аэродромында төбелерін жапырақпен жауып, жасырын орналасқан бақылау пункттеріндегі «фрицтер», біздің сайыпқыран ұшқыштар төбелеріне тұтқиылдан тақала бергенде:

«– Ахтунг! Ахтунг! Аспанда – Кожедуб! Аспанда – Кожедуб!» немесе: «–Ахтунг! Ахтунг! Аспанда – Покрышкин! Покрышкин!» – деген жанайқайларын оқығанда, үйге берген есепті шығаруды жиып қойған баланың бар адреналині басына шабатыны айғақ еді… Және де осы «ахтунгімен» «аналардың» жанталасқанын оқып отырғанда, кітап оқушыға одан асқан рахат болмайтын… Немістің аузынан шыққан «ахтунгіден» қастерлі сөз жоқтай көрінетін.

Қазіргі менің жағдайымда және бүгінгі таңда сол сөз басқаша мән-мағына иеленгендей (Ол турасындағы әңгіме сәл-пәл кейінірек). 

Екіншісі – «энглиш». Көп дыбыстары мұрын жолымен шығатын, бүгінде саудагер болам деген жұртшылық үшін «бағы жүріп тұрған», жер таңдамай, ел таңдамай, баса-көктеп кіріп кете беретін, «батыс­тан соққан» «көпқоректі» тіл.

Бір қызығы – зерттеуші Майкл Х.Харттың 1978 жылы қайта басылып шыққан «100 ұлы адамдар» кітабында бірінші орын берілген Мұхаммед пайғамбардың ізін ала, екінші тұрған, Вулсторпта (Англия) туған Исаак Ньютон механиканың заңдары және әлемдік тартылыс заңын жасаған әйгілі «Табиғат философиясының математикалық негіздері» атты іргелі еңбекті, термодинамика, акустика,  жұрт аузында көбіне «Нъютонның биномы» делініп жүрген атақты бином теориясы, астрономия мен космогония саласындағы керемет дүниелерін түгелдей тек қана латын тілінде жазғанын қалай ұғуға болар? Бұдан 370 жыл бұрын Жер планетасында кіндігі кесілген ғұламаның мұндай қылығын қиқарлық деп есептесек керек. Заманауи ғылыми жаңалықтарды саралауда, қазіргі кейбір айтқыштар ұрандап жүргендей, энглиштің қауқары  орасан бола бермейтініне көзі жеткен секілді. Әйтпесе, бүгінгі Англия мен Америка, тағы да бірқатар елдерде сол тілге «судай» миллиондаған адам түгелдей Ньютон болып кетсе, қайда қалды?

Үшіншісі – грекше «эпидемия» аталатын, біздіңше – «жұқпалы ауру», «індет». Мұны өміріміздің бірсыпыра салаларында қолдануға болады. Бұл, әсіресе, денсаулыққа байланыс­ты медицинада көп ұшырасады. Ол негізінде вирус арқылы таралса керек.

1946-1947 жылдары Арал теңізінің солтүстік-батыс жағында орналасқан Көкаралда оба (чума) ауруы табан астында «бұрқ» еткен-ді. Сол науқастың салдарынан адамның шабына не қолтығына шыққан без екі-үш тәулік ішінде өз «объектісін» о дүниелік қыла берген-ді. Ауруға жақындап кеткендер сау қалмаған. Соның кесірінен тұрғындар саны аз Ауан және Көкарал елді мекендерінің әр үйлерінен бірен-сарандарымен қоса, түгелдей шаңырағы ортаға түскендер жетерлік еді… (Ол жылдары еш мәлімет басқа жерлердегі жұртшылыққа жетпегендіктен, осы індеттің елеусіз қалуын Москва «ретке келтірген». Ал, қарап отырсақ, енді-енді ғана бір кездердегі – Қантүбек, кейінірек – Николай, одан кейін – Возраждение аралындағы жасалған биологиялық қаруларды сынау нысанына айналған сол Көкарал деп білеміз.) 

Міне, осындай «эпидемия» атты түбірі бір індет бүгіндері «энглиш» түрінде тірлігіміздің қыруар саласын жайлап барады. Бұл үдеріске бедеу әйелі «ойда жоқта» ұл тапқандай, құлақ қақпай қуанып жүргендер де бар. «Жоғарыдағылар айтты – біз құлдық» деп, қалақ бастарымен асфальт сүзушілер де табылады. «Бар», «табылды» емес, ондайлар күн өткен сайын көбейіп бара жатқан секілді. Алайда осы «ұлы дүрмектің шаңына шашалса» да, «көппен көрген – ұлы той» принципімен жүргендер басым ба деп қаламын. Олар – жоғарыдан берген тәртіпке амалсыз көніп, «Құдай салды – мен көндім дер».

Қайран Абайдың осыдан 127 жыл бұрын интернатта жүрген балаларға қаратып: «Ойында жоқ бірінің / Салтыков пен Толстой/ Я тілмаш, я адвокат/ Болсам деген бәрінде ой», – деген қапалы ойлары «шапан киген» автордан тек сыртқы өңі өзгеріп, «тыртитып джинси киінген» «интернет оқушылары» бүгінде сол баяғы «мамандықтардың» біздің заманға сай, шақталған, компьютерленген, электронды-сандық үлгіге, міндетті түрде «энглишше» сұлбасында меңгерген боп, тек тест сұрақтарына дайындалуға көшкен.

Ұлы Хакімнің осы тақырып бағытындағы ақындық дәстүрін сәтті жалғастыра алған қайран Қадырдың, ерте ме, кеш пе, ана тілі проблемасының кесе-көлденең тұратынын творчестволық интуициясымен сезе білгеніне бүгінде көзіміз жеткендей. Міне, күні кеше ғана мәңгілік көз жұмған шайыр: «Өзге тілде сайрау қауіпті емес. Өзге тілде ойлау қауіпті»; «Біздің кейбір балалардан көкектің балапаны жақсы. Олар өзге ұяда өссе де, өз тілдерінде қақсайды»; «Ұрлықтың төркіні – түнде, төбелестің төркіні – тілде»; «Ана тілі алпыс тілге татиды»; «Қай елде де тұрақты // Болу керек бір-ақ тіл»; «Ана тілін қадірлемеген адам қай ұлтқа да перзент боп жарытпайды» [Мырза- Әли Қ.Ғибратнама. -А.: Қазығұрт, 2001. – 18-31 бб.], – дегендей әлемдік афоризмдерге бергісіз ғақылия жолдар қалдырған!..

Осы айтып отырған індетіміздің аймақтық, континентаралық нұсқасы – Кеден одағы болса, күллі планетаны шарпуға тиісті көкаман көрінісі – жаһандану. Бұлардың алдыңғысы әуелі – экономика, келе-келе саясаттың «организмін» жайласа, соңғысы – мемлекет-мемлекеттерді «жіліктемей», тұтастай жұтып қойып, жалпы болмысы беймәлім монстр-құрылым құрастырудың айласы. Алдарыңыздағы қисындардың қиялгері бірдеңе-сірдеңе болжалдай алатын болса, осы аталған әрекеттердің, грек әліпбиімен атасақ, альфасынан омегасына дейін жұлын-жұтасының тездеткіш реакторы – ұжымдық сыбайластық. Ал, ол сыбайластықтың ертелі-кеш, күні-түні, тыным таппай табынатыны – ақша! Қазіргіше – доллар! Планеталық барлық тірлік атаулының өлшемі – тек сол болуы тиіс!!! 

Осындай жағдайсыз жайдың туа­рын сезгендей, бүгінімізден төрт жыл бұрын Елбасы: «…Қазақстан ТМД-да алғаш болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заң қабылдаса, біздің еліміздегі мемлекеттік қызмет, сот жүйесі, құқық қорғау органдары туралы заңнаманың сыбайлас жемқорлыққа қарсы айқын бағытталған сипаты бар… Сыбайлас жемқорлыққа бүкіл қоғамның төзбеушілігі қажет… Бұған қол жеткізу – қиынның қиыны. Өйткені: әңгіме қоғамның құқықтық мәдениетінің әлдеқайда жоғары деңгейі  және белгілі бір тәжірибе туралы болып отыр. Ал, оны азаматтардың бойында балғын кезінен-ақ тәрбиелеу қажет. Осынау ізгі істе  мемлекет азаматтық қоғаммен, партиямен, үкіметтік емес ұйымдармен, БАҚ-пен иық түйістіре жүруі тиіс – деп баса көрсеткені есімізде. Міне, сол проблемаларымыздың сол кездегіден де бедерлене көрініп отырғанына куәгерміз. Бұл тенденция, әсіресе, халық ағарту, білім беру жүйесінде айқындала түседі. Бұған біздің уәжімізді қомсынсаңыздар, Президентіміздің: «Қарап отырсам, үкімет басында отырғандардың дені – жастар, шенеуніктердің балалары. Еш нәрсе білмейді. Әкелері мықты бір жердің тұтқасын ұстап алады да,  асфальтта өскен балаларын бір-бір министрліктің  бөлім бастығы етіп қояды. Олар бір ауыз сенің қазақшаңды да білмейді. Салт-дәстүріңе де пысқырып қарамайды. Өз тілінен жеріген осындайлар құртып жатыр бізді», – деп аса налып, ашумен айтқанынан істің әбден насырға шапқанын есті адам сезсе керек.

Оған да күдіктене қарайтындар табылса, «Қазақстан-2030» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің саяси бағытында»: «Егер әрбір қазақ ана тілінде сөйлеуге ұмтылса, тіліміз әлдеқашан  Ата Заңымыздағы мәртебесіне лайық орнын иеленер еді… Ұлттық мүддеге қызмет ету үшін әркім өзгені емес, алдымен өзін қамшылауы тиіс… Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті  деп атайтын боламыз…» – деп баса көрсетілгені бар.

Неге шет тілдерін ана тіліміздің есебінен дамытуға тиіспіз? Неге жоғары оқу орнына түсушілерден ағылшын тілінде емтихан алу заңдастырылған. Қазақтың тарихын, филологиясын, басқа да мәдени құндылықтарымен өз тілінде танысып, зерттеу үшін неге ағылшын тілі жетекші рөл атқаруы тиіс? Жасыратыны жоқ, республикамыздың жалпы орта білім беретін мектептерінде шет тілін, құбылаға қарап айтыңызшы, қайсыңыз университет, институтке түсетіндей еркін игере алдыңыз?

Міне, содан келіп алып, болашақ математик те, физик те, қазақ тарихын, әдебиетін, мәдениетті т.т. зерттеушілері де ағылшыннан емтихан тапсырады… Әрине, құлайды!.. Ал, соңғы жылдарын ата-анасы ақы төлеп оқытқан, бірақ негізгі білім, ғылым жөнінде біліп жарытпайтындар оқуға түсіп жүре береді.

Міне, Президент ашуланатындай: «Еш нәрсе білмейді… олар бір ауыз сенің қазақшаңды да білмейді. (Әрине, энглишті озық оқып түскендер ғой! – авт.)… Салт-дәстүріңе де пысқырып қарамайды».

«Энглиш геноцидінің» тағы бір көрінісін көшедегі жарнамалардан әдемі көруге болады. Біріншіден: жалпы жарнамаларға қатысты ресми талап: егер олар қос не үш тілде болса, мемлекеттік тіл бірінші қатарды алуы тиіс. Көбіне осы тәртіпке бағынып жатқандары байқала бермейді. Екіншіден: сол қазақша мәтіндерде өріп жүретін қателер мен «жарымжан» қазақшаланған атауларды елеп жатқан қала әкімшілігін көре алмайсыз.

Бұларға назар аударыңқырап отырған себебіміз: бүгіндері жас­тарды ана тіліне тәрбиелеуде «көше тәрбиесін» елеусіз қалдыруға болмайды…

Радио, телевизияны қо­йыңызшы! («Айта-айта Алтайды, әнші апай қартайды!» ғой).

Ағылшын тілін алға салу… Емтихан біткенді тестімен, нағыз, шын білімге ұмтылған талапкерлердің тағдырын қаншама электронды-есептегіш болғанмен, сезімсіз «көк темірге» беріп қоюдың ақыр соңғы нәтижесі хақында көзі қарақты азаматтар әр кезде әр жерде айтып та жүр. Мәселен:  негізгі мамандығы – педагог, бүгіндері белгілі саясаткер Иманғали Тасмағамбетовтың ойынша: «Біздің дәуірде білім адамға емес, біздің дәуірдің индус­триясына қызмет етті. Білім алу арқылы қара және түсті металдарды, өнеркәсіпті, шаруашылықты игеру мақсат етілді. Білім алушының тұлғалық қасиетіне баса назар аударылғаны жоқ. Ендігі таңда бұл базаның ескіргенін дамыған елдердің жаңаша әдістерге ұмтылыстарынан байқап отырмыз».

Ертелі бері «үштұғырлы» емес, әрқайсысы – жеке-жеке тұғыр болуы тиісті қазақ-орыс-ағылшын тілдерінің бір ел аумағында қызмет көрсету қауқарларына қатысты мәселелерді көтеріп отырмыз. «Жаһандану мен вестерндеуге қарамастан, біздің мәдени бірлестігіміз беки түсті» және «Қазіргі әлемнің осы «лингва франкосын» меңгеру біздің еліміздің әрбір азаматына өмірдегі шексіз жаңа мүмкіндіктер ашады», – оның үстіне, «Біз алдағы уақытты да мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі кешенді шараларды жүзеге асыруды табандылықпен жалғастыра береміз» (Н.Назарбаев).

Кейбір авторларымыздың пікірлері «әрі итер де бері бар» көзқараста болары хақ. Олай ой жарыстыру да керек-ақ. Дегенмен, біздің тұрмысымызда  аксио­ма секілді  бір қағида бар. Ол – тілге қатысты қағида. Баяғы Марк Тулий Цицеронның: «Тарихты білмеу – мәңгі бала боп қалу», – дегеніне жүгінсек, жалпы қоғамның бірден-бір қарым-қатынас  құралы – тіл. Оның бір мысалының өзі  – француз тілі орта ғасырларда Англия билігінің,  ағылшын аристократтарының тілі болған. Соған қоссақ: Лев Толстой эпопеясының басты кейіпкерлері французшадан «түспейді» ғой…

Ақыр-соңғы айтарымыз: қазіргі сәндік (модалы) сөз «жаһандану» бүкіл әлемдік дамуға оңды ықпал етер, бірақ, бақылаудан бұйдасын үзіп шыққан жаһандану  ұлттарға, бірінші кезекте, ана тілімізге зақымын тигізбегей!..

Әсіресе, сыбайлас жемқор­лықтың диірменінен сақтағай!..

Абдул-Хамид Мархабаев,

ҚР Білім және ғылым министрлігінің

озық оқытушысы

Серіктес жаңалықтары