Украина: Тимошенко бостандыққа шығып, Янукович шетелге қашты ма?

Украина: Тимошенко бостандыққа шығып, Янукович шетелге қашты ма?

Украина: Тимошенко бостандыққа шығып, Янукович шетелге қашты ма?
ашық дереккөзі

Бүкіл әлем халқы Украинаға көз тігуде. Елдегі шиеленісіп кеткен саяси
жағдайдың соңы немен бітетіні бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Бүгінгі ақпарат көздері 2009 жылы
Украина мен Ресей арасындағы газ келісіміне қол қойып, 2011 жылы жеті
жылға бас бостандығынан айрылған  экс-премьер Юлия Тимошенконың түрмеден шыққанын хабарлады. Жоғарғы рада
депутаттары оны босату туралы шешімді бүгін шығарған. Қаулыға 331 депутаттың
322-сі дауыс берген. «Алайда,
заңның бабы жойылған жоқ, өзгертілді. Заңға енгізілген өзгертуге орай, Юлия
Владимировнаға қолданылған бап бойынша енді, қылмыстық жаза қолданылмайды.
Осыған орай, заңға қол қойылған соң, Юлия Тимошенко түрмеден босатылады», – деді
экс-премьердің адвокаты Сергей Власенко.

Кешке қарай
Тимошенконың баспасөз-хатшысы Марина Сорока: «Экс-премьер қызы Евгений мен
адвокаты Сергей Власенконы Харьковте күтіп отыр. Сосын Киевке жол тартады»,– деп
мәлімдеді. Президент Янукович оппозиция серкелерінің бұл талабын да орындады.
Ол майданда тәртіпсіздікке қатысы бар деген ереуілшілерді де босатуға келісімін
берген болатын.

Алайда,
президент Янукович мемлекеттік бетбұрыстың болатынын айтса да, отставкаға
кетпейтінін мәлімдеді.  Президенттің
кеңесшісі Анна Герман оның халыққа арнаған бейне жолдауын тыңдауын өтінді. Онда
Янукович: «Мен мемлекетте қанның төгілмеуі үшін бәрін істеймін. Адамдарды
қорғауға тырысамын. Мені қорқытқысы келіп, өз еркіммен отставкаға кетуімді
қалайтындар көп. Бірақ отставкаға кетпейтінімді айтқым келеді» деген. Сондай-ақ,
ол әлемдік қауымдастық елдерінің Киевтегі бүлікті қоздырып, отқа май құя
түскеніне іштей наразы екенін жеткізді. Ал АҚШ президенті Барак Обама Ресейдің
Украинаға жасаған жымысқы әрекетін сынға алып, Путиннің Киевте ауыспалы үкімет
құруға талпынғандығын әшкере етті.

Бір айта
кетерлігі, Януковичтің отставкаға кететіндігі туралы «Батькивщина» фракциясының
депутаты Вячеслав Кириленко «Рада» телеканалынан мәлімдеп үлгерді. Ол: «Меніңше,
қазір ресми түрде президенттің орнынан кететіндігін жария етуге болатын
шығар…» деп жұрттың құлағын түріп қойса, Жоғарғы раданың 328 депутаты
президенттің отставкаға кетуіне дауыс берген. Жаңа қаулыны оқып
берген Жоғарғы раданың жаңа төрағасы Александр Турчинов: «Президент Янукович
конституциялық өкілеттілікті және өз міндетін орындаудан басын алып қашты. Сол
себептен де Рада еркін украин халқының атынан шешім шығарды» деді.  Ал «Удар» және «Батькивщина» партиясының
жетекшілері мерзімінен тыс парламенттік және президенттік сайлауды Украина
Конституциясына сәйкес, 25 мамырдан кешіктірмей өткізу керектігін қадап айтты.

Сонымен,
Янукович бұл шешімге қалай қарайды? «Отставкаға кетпеймін» деген сөзінде қала
ма, әлде 25 мамырда өтетін сайлауға қатыса ма? Оның бейнежолдауын тыңдасақ,
бұзақылармен ешқандай да құжатқа қол қоймайтын сияқты. Бірақ басқа амалы бар
ма? Оппозиция белсенділері: «Януковичтің отставкаға өз еркімен кететіндігі
жөнінде мәлімдеме жасауына таңғы сағат 10-ға дейін уақыт береміз. Егер
үндемесе, мемлекет басшысының ғимаратын жаулап аламыз» деген еді. Алайда, бүгін
таңертең президент Януковичтің ұшағы Біріккен Араб Әмірліктерінің Фуджейра
әуежайына қонғандығы туралы ақпар тарап үлгерді. «Ол Харьковтегі Украинаның
оңтүстік-шығыс облыстары депутаттарының съезіне қатысу керек болатын. Бірақ
таңға жуық Киевтен асығыс ұшып кеткен» делінген кейбір дерек көздерінде.

Динара Дүрмән