Қырымды орыстар басып алды ма?

Қырымды орыстар басып алды ма?

Қырымды орыстар басып алды ма?
ашық дереккөзі

Соңғы ақпараттар бойынша, Қырым Парламенті оның автономиясының өкілеттігін арттыру жөніндегі референдумды мамырдың 25-іне белгілеген. Сондай-ақ, Қырым парламенті автономия үкіметін толығымен отставкаға жіберген. 

Дегенмен Украинаның Орталық сайлау комиссиясы Қырым автономиясын өкілеттігін арттыру мақсатында референдум өткізудің заңдық негізі жоқ екендігін мәлімдеген. Өйткені, дәл осы күні Украинада президенттік сайлау өткізілетін болып белгіленген болатын. 

Қырымның Жоғары Радасы мен Министрлер кеңесінің ғимаратын белгісіз біреулер басып алып, Ресей туын кұшпен іліп тастаған. 

96f00f76b92b5a48e137d29e1528b293.jpg

Бүгінде Украина Батыс және Шығыс болып бөліне бастады. Батыс жағы
Украинаның, Шығыс жағы Ресейдің мүддесін қорғауға кіріскен. Бұл дәл қазір
Ресейдің де саясатына дөп келуде. Себебі, соңғы кезде Украинадағы толқуға
тікелей себепші болған Путин билігінің күні батып бара жатқандай.

Ал Киевтен бастау алған ереуіл
Қырымға да жетті. Симферопольдегі Жоғарғы кеңес ғимаратының жанында екі митинг
өтті. Ресейге қосылуды көздейтін «Орыс бірлігі» қозғалысы жаңа украин билігіне
қарсы шығып: «Біз – Донецк, Харьков, Қырым – Кедендік одаққа кіруді қалаймыз!
Біз Ресейге қосылғымыз келеді! Біз фашистер және ұлтшылдармен бір мемлекетте
өмір сүргіміз келмейді» десе, елдің бірлігі мен тұтастығы сақталсын деген Қырым
татарлары Киевтегі өзгерістерге қолдау көрсетуде. Бір-біріне қарама-қайшы екі
топтың пікірлері үйлеспегендіктен де төбелеске ұласқан. Әу баста наразылық
танытуға келген 10 мыңға жуық адам Ресей мен Украина туын қолға ұстап, қарулы
қақтығыстың өршуіне әкелген. Ақпараттарға сүйенсек, 40-қа жуық адам жарақат
алса, үш адам мерт болған. Ал бүгін қаруланған топ Қырым парламенті мен
Министрлер кеңесінің ғимаратын басып алған. Қырым жұртын сабырға шақырған
«Удар» партиясының жетекшісі Виталий Кличко: «Бұл – арандатушылық!
Автономиядағы жағдайды ушықтыруға ұмтылғандардың жетегінде кетпеңіздер!
Қақтығыстар арқылы бүлік салғысы келетіндер бар. Сабыр сақтап, барлығын бейбіт
түрде шешу қажет. Бұл – ел тұтастығы мен Украина бірлігіне аса қауіпті», – деді. 

f960196d56bdf8fdd361eb3443f85b53.jpg

Ал Шешенстан басшысы Рамзан
Қадыров соңғы кездері Украинадағы саяси жағдайға өз бағасын беріп: «Украин
халқы ішінде достарым көп. Сондықтан онда болып жатқан оқиғаларға көңіл
білдіргім келеді. Біз бұны мемлекеттік төңкеріс деп санаймыз. Меніңше, Батыс
бұл оқиғаларға дұрыс көзқарас танытпады. Мұның алдында Сириядағы бандиттердің
қолына қару ұстатса, Ливияда да сол ұстанымда болды. Қазір Украинада осы
көрініс қылаң берді. Демократия қайда? Егер Украинада 50 млн. халық тұрса, оның
10 мыңы ғана алаңға шықты. Мемлекеттің тағдырын олар шешпейді ғой», – деген ол
барлық жауапкершілік Януковичтің мойнында екенін жеткізді.

Сондай-ақ, ол Қырым тұрғындарына
көмек көрсететінін айтып: «Украинаны бандиттер мен террористердің қолына беруге
болмайды. Біз өз халқымызды қорғауымыз керек. Онда шешендер, орыстар, татарлар,
казактар тұрады. Біз оларды қорғауға міндеттіміз. Өз басым Киевтегі толқуды
Украина арқылы Ресейге жасалған қысым деп есептеймін. Ресей – күшті мемлекет.
Мен мемлекеттің басшылары дұрыс шешім қабылдайтындығына сенімдімін», – деді
пікірін білдіріп. 

Айта кету керек, халықаралық
іздеу жарияланған Януковичтің көмекшісі Анна Герман оның Украинада екенін
айтса, кейбір дерек көздері Мәскеу түбіндегі шипажайдың бірінде жатқанын
жазады. Алайда, Янукович Ресейден өзін қорғауын сұрап, әлі күнге өзін Украина
мемлекетінің президенті санайтынын мәлімдепті. Ол тіпті, Жоғарғы Раданың қолға
алып, қабылдап жатқан шешімдерін де жоққа шығарып, бүгін жасақталып біткен жаңа
үкіметті де қабылдамайтынын жеткізіпті. Әзірге өз ойын сырттай ғана айтқан
Януковичтің ел алдына қашан шығатыны белгісіз. Біздіңше, бұл да Ресейдің тағы бір
амалы секілді. Өйткені, ресейлік ақпарат құралдары Украинаны бөлшектеу сценариін
әлдеқашан жазып тастаған. Қырым – олардың қолындағы соңғы көзір болатын. Олар соны
іске қосты. Януковичтің қолтығына су бүркіп, әлдеқашан президенттік билікті тапсырып
кеткен оған мәлімдеме жасауға да кеңес беріп отырған Путин билігі. Бір
белгілісі, 50 млн.-ға жуық халқы бар Украина оның өзін де, сөзін де есепке
алмайтын сияқты.

Динара Дүрмән