ФАТИМА БАКРИ ҚАЖЫП БІТТІ. Неге?

ФАТИМА БАКРИ ҚАЖЫП БІТТІ. Неге?

ФАТИМА БАКРИ ҚАЖЫП БІТТІ. Неге?
ашық дереккөзі
169

 
Фатима Бакридің Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген ауылында тұрып жатқанына біраз жылдың жүзі.
Редакциямызға қоңырау шалған қандасымыз Фатима Бакри маған өз басындағы
халді айтып, шағынғысы келетінін жеткізді. Қолымыздан келер қайран аз
болса да, Фатима апамызды редакцияға шақырдық.

– 1996 жылы ең
әуелі баламды осында оқуға жіберген едім. Қыздар педагогикалық
университетінің жанынан ашылған дайындық курсын тәмамдап, сосын
Өскемендегі С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік
университетінде шет тілдері факультетінде білім алды. Сосын 2002 жылы
ұлым ұлты ұйғыр Зохра Абдурасолмен бас қосып, шаңырақ көтерді. Көп
ұзамай қос сәбилі болды. Алайда, сорымызға қарай, екі-үш жылдан кейін
ұлымыз осындағы сойқандардың қолынан қаза тапты.
Ұлым 2002 жылдан
Қазақстан Республикасының азаматы. Оның екі баласы да Қазақстан
Республикасының азаматы. Келінім өзге ұлт өкілі болғандықтан,
Қазақстан Республикасының азаматы атана алмаған еді. Енді міне содан
бері он шақты жыл боп қалды, ол Қазақстанда тұрақты тұру үшін берілетін
«Ықтияр хатты» екі рет алды. Енді осы келінім қазақтың арыстай екі
азаматын өсіріп отырғандықтан, ҚР азаматтығына қабылдауын өтініп, Ішкі
істер басқармасына қаншама рет хат жаздым. Олар оның Қытай азаматтығынан
бас тартқаны жайлы анық­тама әкелуін талап етті. Оған да қол жеткіздік.
Құжат­тардың бәрі дайын болды деген соң, Дүниежүзі қазақтары
қауымдастығының Алматыдағы бас кеңсесіне келдім. Ондағы Үйлестіру
бөлімінің бастығы Ботагөз Уатқанға рахмет, мені ертіп алып Алматы
облыстық Көші-қон полициясы басқармасына келді. Алайда ондағылар бізге
азаматтық беретін емес. Әкесіз өсіп келе жатқан екі немереме төленетін
жәрдемақыларды әлі күнге дейін ала алмай келеміз. Біз атасы екеуміз әлі
күнге дейін Қытай азаматтығынан бас тартқан жоқпыз. Өйткені ақсақалым
сол Қытайдың зейнетақысын алады. Бүкіл бүтін бір әулет сол зейнетақыға
күн көріп отыр, – деді ол жыламсырап.
Дүниежүзі қазақтары
қауым­дастығының Үйлестіру бөлі­мінің бастығы Ботагөз Уатхан да Фатима
Бакри апаймен бірге біраз сабылғанын айтады:
– Ондағы басқарма
бастығы төрағасының орынбасары Әнет Тоқмұхаметұлы азаматтықтың орнына
«Азаматтығы жоқ тұлға» деген куәлік беретіндіктерін айтты. Мен оның
қазақ жігітіне тұрмысқа шыққанын және Қазақстан азаматына тұрмысқа
шыққан адамның жеңілдікпен азаматтыққа қабылдану мүмкіндігі барын
айттым. Алайда ол түсінбеді, – деді Ботагөз Уатхан.
Алматы облыстық
Көші-қон полициясының Алматыдағы кеңсесіне осы мәселенің анық-қанығын
білмек мақсатта бас сұқтым. Әнет Тоқмұхаметұлы қысқа мерзімді демалыста
болғандықтан, Азаматтығы жоқ тұлғаларға куәлік беру және шетелге тұрақты
шығу үшін рұқсат беру инспекторы, полиция полковнигі Ахвар Үсенов бұл
адамның Қытай азаматтығынан шығып келгендігі үшін, оған «Азаматтығы жоқ
тұлға» куәлігін береміз дейді.
– Бұл адам қазақ азаматына күйеуге
тиген ғой. Қазақстан Респуб­ликасы халықаралық «Тұрмысқа шыққан әйелдер
құқығын» қорғау конвенциясына қол қойған мемлекет ретінде Қазақстан
азаматына күйеуге тиген әйелдерге жеңілдікпен азаматтық беретін еді ғой,
– деп сұрадым.
– Біріншіден, бұл адамның күйеуі қайтыс болып
кеткен. Ондай жағдайда біздің заң­намалықтар негізінде оған
жеңіл­дікпен азаматтық беру қа­растырылмаған, екіншіден, біз аталған
Конвенцияға қол қойған мемлекеттердің азаматтарын ғана жеңілдікпен
қабылдай аламыз. Қытай «Тұрмысқа шыққан әйелдер құқығын» қорғау
конвенциясына қосылмаған. Тіпті, күйеуі бар болса да, оның әйелі біздің
азаматтықты қабылдау үшін міндетті түрде «Азаматтығы жоқ тұлға» куәлігін
рәсімдеуі тиіс. Содан кейін ғана біздің азаматтықты ала алады, – деді
ол.
Мен осы мәселені Фатима Бакри ханымға түсіндіріп баяндағанымда,
ол бұған дейін келінін ҚР азаматы атандыру үшін қаншама өткелектен
өткендігін және қаншама құжат жинағандығын айтып налыды:
– Енді
«Азаматтығы жоқ тұлға» куәлігін алғаннан кейін, аза­маттықты рәсімдеу
үшін тағы да қаншама құжат жинаймын. Оның барлығы тегін емес, қаншама
қаражатым кетер екен, – деп күрсінді.
Бүгінде отағасы төсек тартып
жатыр. Екі баласының бірі 4-ші, екіншісі 3-ші сыныпта оқиды. Екеуі де
Қазақстан азаматы. Алайда, олардың аналары ҚР азаматы атану үшін талай
өткелекті басынан кешіруге мәжбүр.

Серіктес жаңалықтары