Абдулқайым Кесіжі, Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясының төрағасы: ҚАЗАҚЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – БОЛАШАҚҚА МИРАС

Абдулқайым Кесіжі, Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясының төрағасы: ҚАЗАҚЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – БОЛАШАҚҚА МИРАС

Абдулқайым Кесіжі, Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясының төрағасы:   ҚАЗАҚЫ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – БОЛАШАҚҚА МИРАС
ашық дереккөзі
282

Тағдыр талайымен бір
кездері шекара асқан қандастардың бір бөлігі бүгінде Батыс мемлекеттерде күн
кешуде. Қазақы мәдениет, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты олар қалай сақтауда?
Ана тілін ауропалық жастар жетік меңгерген бе? Жыл сайын өткізілетін Еуропадағы
Қазақтардың құрылтайында биыл қандай мәселелер күн тәртібіне шығады? Осы және
басқа да сұрақтарға жауап іздеп, 
Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясының төрағасы, саясаттану ғылымдарының докторы Абдулқайым Кесіжі мырзамен әңгімелескен едік.

  «Биылғы Құрылтай Берлинде өтеді»


– Абдулқайым аға, алдымен
Еуропа қазақтары құрылтайы туралы қысқаша айтып өтсеңіз? Шараны ұйымдастыруға
не себеп болды және алғашқы рет қашан өткізілді?


Еуропадағы Қазақтардың құрылтайын өткізу дәстүрі 2002 жылы Германияның Келн
қаласында басталған еді. Сол жылы Шығыс Түркістан қазақтарының Түркияға көшіп
келуіне 50 жыл толса, олардың еңбек миграциясы арқылы Еуропа елдеріне қоныс
аудара бастағанына 40 жыл толған болатын. Аталған маңызды даталарды аты затына
сай атап өту мақсатында Германияның Кельн қаласындағы Қазақ мәдениет
орталықтарының басшылары Еуропа көлемінде қазақтардың басын қосып, жасап жатқан
шаруаларын көрсету үшін Құрылтай ұйымдастыруды ұйғардық. Ол кезде Кельндегі
Қазақ мәдени орталығының төрағасы Абдурахман Четин деген ақсақал еді.
Қазақтардың алғашқы құрылтайына Қазақстаннан марқұм Қалдарбек Найманбаев
Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығынан үлкен делегацияны бастап келіп, бізге
қолдау көрсетті. 

– Биылғы Құрылтайға қанша
елден қанша қандас қатысады?


Дәстүрлі Еуропа қазақтары құрылтайы биыл 6-8 маусым аралығында Германия
астанасы Берлинде өтеді. Еуропа Қазақ қоғамдары федерациясының қолдауымен,
Берлиндегі Қазақ мәдени орталығы тарапынан ұйымдастырылғалы отырған осы
құрылтайда Еуропаның Германия, Франция, Ұлыбритания, Голландия, Австрия,
Швеция, Дания, Норвегия, Бельгия және Швейцария сияқты елдерінен Қазақ
диаспорасының 1500-ге жуық өкілі бас қосады. Бұған қоса Түркия және Америка
Құрама Штаттарындағы Қазақ диаспорасының өкілдері де аталған шараға қатысады.
Ал Қазақстан жағынан Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының өкілдері, Қазақ елінің
қоғам және өнер қайраткерлері, БАҚ өкілдерінен құралған делегация келмек.

– Қатысушылар баса назар
аударуы тиіс мәселелер қандай?


Еуропа Қазақтары Құрылтайын ұйымдастырудағы басты мақсат – Еуропаның
түкпір-түкпірінде қоныстанған қазақтардың басын қосып, оның ішінде, Қазақ
жастарының ана тілі, ұлттық салт-дәстүрі, мәдениетін сақтап қалуға және өзара
қарым-қатынасты нығайтуға ықпал ету. Берлиндегі Құрылтай шеңберінде өтетін
дөңгелек үстелде осы мәселелер қаузалады. Өйткені бүгінде Еуропадағы қазақ
жастарының ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып, қазақы мәдениет пен Ана тіліне
қатысты қиындықтары шаш-етектен. 

– Жер шарының
түкпір-түкпірінен жиналатын қазақтар үшін мәдени және спорттық шаралар
ұйымдастырыла ма?


Берлиндегі Құрылтай бағдарламасына сәйкес, Қазақстаннан келетін өнерпаздар
концерт береді. Бұл – жыл сайын Құрылтайға жиналатын жұртшылық асыға күтетін
шаралардың бірі. Ал спорттық шаралар үшке бөлінеді: біріншісі, Еуропадағы қазақ
жастарынан құралған 10 команда арасындағы футболдан жарыс. Екіншісі, Қазақстан
Күрес Федерациясымен бірге ұйымдастыратын Қазақша күрес бойынша күш сынасады.
Бұл жарысқа кәсіби палуандармен қатар Еуропадағы қазақ жастарының әуесқой
спортшылары да белдеспек. Үшіншіден, Құрылтайдың маңызын арттыру мақсатында
қазақтың ұлттық ойындары – асық ойнау мен тоғызқұмалақты да бағдарламаға енгіздік.
Сонымен қатар еуропалық қазақ жастарының арасындағы мергендері садақ атудан бақ
сынасады. Біздің міндетіміз бен мақсатымыз – қазақтың мәдениеті, ұлттық
салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ойындары арқылы Атажұртқа деген сүйіспеншілік сезімді
арттырып, тығыз қарым-қатынас орнатуға ықпал ету. Ата-бабаларының кіндік қаны
тамған жерге деген қызығушылықты ояту. Қазақстанмен арадағы байланысты
күшейту. 

– Сіз қанша уақыттан бері
Еуропадағы Қазақ қоғамдары федерациясын басқарасыз?


2008 жылы Норвегияның астанасы Ослода өткен Еуропа Қазақтарының Құрылтайы
кезінде Еуропадағы Қазақ мәдени орталықтарының үйлестіру кеңесінің төрағасы
болып сайландым. Ал 2009 жылы Ұлыбритания астанасы Лондонда өткен Еуропа
Қазақстарының құрылтайында Еуропа Қазақ Қоғамдары Федерациясы (FEKA) ресми
түрде құрылды. Содан бері аталған Федерацияның төрағасы міндетін атқарып
келемін. 

  

«Қызға қырық үйден тыйым» деген бар…


– 8 наурызды Қазақстан
жұртшылығы Көктем және Аналар күні ретінде атап өтеді. Еуропа қазақтарында
мұндай мереке бар ма?

– Еуропа
қазақтарында 8 наурызды атап өту салты жоқ. Бұл мереке тек Қазақстанға ғана тән  шығар. Жалпы Еуропа елдерінде де 8 наурызды
Әйелдер күні деп атағанмен, дәл Қазақстандағыдай кең ауқымда тойламайды. Ондай
дәстүр Батыста қалыптаспаған. Сондықтан 8 наурыз басқа күндерден айтарлықтай
ерекшеленбейді. Бірақ мен Қазақстандағы барлық қыз-келіншекті 8 наурыз
мерекесімен құттықтап, оларға зор денсаулық, бақыт және денсаулық, амандық
тілеймін!

– Қазір Еуропадағы
қандастар қыз бала тәрбиесіне қалай көңіл бөледі? Қыздарға отбасы тарапынан
қандай талаптар қойылады?


Барлығы отбасынан басталады ғой. Отбасының негізі – қыз бала. Сондықтан
Еуропадағы қазақтар қыз баланың тәрбиесіне ерекше көңіл бөледі. Оларды ұлттық
салт-дәстүрге сай, үлкенді сыйлайтын, кішіге мейірімді, иманды және ибалы етіп
өсіруге тырысады. «Қызға қырық үйден тыйым» деген қағиданы еуропалық қазақтар
қатты ұстанады десе де болады. Бұған қоса олар қыздарының үй шаруасына мығым,
білімді ана, білікті маман және елі мен жұртына сыйлы болып бойжеткенін армандайды
әрі мақсат етеді.

– Сіздерде үйлену, тұрмысқа
шығу мәселесі қалай? Қазақтар тек қазақтарға ғана үйлене ме, әлде басқа
ұлттармен де шаңырақ көтере ме?


Диаспорадағы, оның ішінде, Еуропадағы қазақтардың құда түсу, отау құруы
көбінесе өз арасында болады. Әйтпесе, 80 жылдан бері елден елге көшіп жүрген
қазақтар бірлігі мен берекесінен, ұлттық ділінен, тілінен айрылып қалар еді.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары Қазақстаннан біраз қазақ қызы Еуропадағы
қазақтардың отбасына келін боп түсті. Сонымен қатар еуропалық қандастар
арасында кейде өзге ұлт өкілдеріне үйленіп не тұрмысқа шығатын жайттар бар.
Алайда диаспора қазақтары көбінесе тек қазақтармен некелесіп, отау құрады.


  «Қазақша үйретуді мемлекет қолдаса»


– Сырттағы қандастарға
келгенде бірден қазақ тілі туралы әңгіме шығады. Қазіргі жас буынға Ана тілін
қалай үйретіп жатырсыздар?


Қазір Еуропадағы қазақтарды қатты алаңдатқан мәселе – Ана тілінің бүгінгі халі.
Бұрын қазақ диаспораларында елден келген үлкен кісілер балалары мен
немерелерімен шет тілін білмегендіктен тек қазақша сөйлесетін. Осынң арқасында
сырттағы қазақтардың көпшілігі Ана тілін кәдімгідей жақсы білетін. Бірақ ол
кісілер түгелге жуық о дүниелік болды. Қазақша сөйлесетін орта да жоқ. Бүгінде
ата-аналар балаларымен жаттың тілінде ұғынысатын жайт жиі кездеседі. Еуропалық
қазақ жастарына қазақша үйрету мақсатында Лондон, Париж, Мюнхень және Вестерос
(Швеция) сияқты қалаларда біраз жыл қазақша үйрену курстарын ұйымдастырдық.
Аталған курстарда Қазақстаннан келген мұғалімдер, дипломатиялық қызметкерлердің
жұбайлары немесе студенттер ерікті түрде сабақ берген еді. Өкінішке қарай,
осындай тіл үйрететін курстар түрлі себептермен соңғы кездері жалғасын таппай,
тоқтап қалды. Біздіңше, тіл үйрету мәселесі мемлекеттік деңгейде қолдау табуы
тиіс. Ол үшін Еуропа елдерінде Қазақ тілі мен мәдениетін жастардың бойына
сіңіретін орталықтар болса  және олар
тұрақты түрде жұмыс істесе дейміз. Дәл осы мәселеге орай 2012 жылы Данияның
Аархус қаласында өткен Еуропа қазақтарының Құрылтайы барысында қозғалған болатын.
Шара барысында Қазақстаннан келген мемлекеттік делегация өкілдері Еуропа
елдерінде Қазақ тілі мен мәдениетін насихаттау үшін «Абай мәдени орталықтарын»
ашу туралы жоба жүзеге асырылатынын айтқан. Келешекте, аталған мәдени
орталықтар ашылады деген үміттеміз. Ал жекелеген жағдайларда, Батыстағы көзі
ашық, көкірегі ояу саналы жастарымыздың көпшілігі интернет порталдар немесе
басқа да заманауи ақпараттық құралдар арқылы өз беттерінше қазақ тілін үйреніп
жатыр. Олардың кейбірі Қазақстанға барып жоғары білім алып немесе арнайы
курстарда қазақша меңгеріп қайтады. Ұлтын сүйетін, құрметтейтін әрі мақтан
тұтатын осындай жастарға қарап біз қатты қуанамыз. Өйткені біз Еуропадағы
қазақтардың болашағы ана тіліне тікелей қатысты деп есептейміз. Жастарымыз,
балаларымыз қазақша білсін, қазақша сөйлесін, сөйтіп ана тілімізді сақтауды
және  келешек буынға қазақ тілін мирас
етсек деп армандаймыз. Жастардың ана тілін білуге ынталандыру үшін әрдайым
түрлі шаралар ұйымдастырып отырамыз. Биыл Берлиндегі Құрылтайда жастар арасында
«Қазақша білесің бе?» деген атаумен байқау ұйымдастырудағы басты мақсатымыз да
осы.

– Еуропадағы Қазақ
Қоғамдары Федерациясының 2014 жылға қойған басты мақсаты қандай?


Федерацияның (FEKA) 2014 жылға белгілеген басты мақсаты –  Еуропадағы қазақ диаспорасының бірлігі мен
берекесін, ынтымағын нығайтуға, жастарды қазақ тілін, тарихын, мәдениетін,
салт-дәстүрін білуге ынталандыру, сондай-ақ, олардың атажұрт – Қазақстанмен
байланыстарын күшейтуге арналған симпозиумдар, семинарлар, конференциялар т.б.
шаралар іс-шаралар ұйымдастыру. Осы орайда Еуропадағы қазақтар туралы
мәліметтерді біздің арнайы сайтымыздан (www.eurokazak.net) құлағдар боласыздар.

 – Еңбектеріңіз табысты болғай! Әңгімеңізге
рахмет!


Әңгімелескен Нәзия Жоямергенқызы 

Серіктес жаңалықтары