Жаңалықтар

Украина бізге нота жіберді

Украина Сыртқы істер министрлігі
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Гаагада Украинаға қатысты жасаған
мәлімдемесінің мазмұнына алаңдаушылық білдірген нота жолдады. Айта кетсек, 25
наурыз күні Гаагада брифингте Назарбаев Украинадағы ахуалға қатысты пікірін білдірген болатын. Оның
айтуынша, Украина үшін сайлау өткізу керек, ол жағдайды құқықтық алаңға қайта
әкелуге септігін тигізеді. «Заңды президентті, парламент пен легитимді үкіметті сайлау керек. Содан
кейін осы негізде бейбіт келіссөздер жүргізіп, қалыптасқан ахуалдан бірлесіп
шығу қажет»,– деген еді
Қазақстан Президенті.

Осыған орай, Украина сыртқы
саясат ведомствосының Ақпараттық саясат департаменті директоры Евгений
Перебийнистің айтуынша, Қазақстанның Украинадағы елшілігінің кеңесші-уәкілі
Арғын Оспанов 26 наурыз күні Украина Сыртқы істер министрлігіне шақыртылған.
Назарбаев мәлімдемесінің халықаралық құқықтың жалпы қалыптасқан нормалары мен
көп елдің позициясына қайшы келетіні, оның екі ел арасындағы серіктестік
қатынастарға кереғар және украин тарапы үшін қабылданбайтын жайт екені айтылды.
Алайда, Қазақстан Сырты істер министрлігі
 
Украинаның нотасын түсіне алмайтынын
жеткізді.  

«Украина Сыртқы істер
министрлігінің нотасын біз түсіне алмадық. Негізі ол парасатты мағынада емес,
көп жағдайда эмоциямен жазылған секілді болып көрінді», – деді баспасөз мәслихатында
ҚР сыртқы саясат ведомствосының ресми өкілі Жанболат Үсенов. Сондай-ақ ол
Қазақстан Украинадағы дағдарысқа қатысты салмақты және шынайы ұстанымда екенін айта
келе, “Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бір емес, бірнеше рет, тіпті Гаагадағы
саммитте де, барлық тараптардың Украинадағы дағдарысты  бейбіт
келіссөздер арқылы шешуіне шақырды. Сондықтан біз аталған мәлімдемелерге
украиналық тарапты алаңдататын негіз көріп отырған жоқпыз», – деді Жанболат
Үсенов.

Ресми өкілдің айтуына қарағанда, бүгін Украинаның уақытша
сенімді өкілі ҚР СІМ-не шақырылып, еліміздің украиналық дағдарысқа қатысты
ұстанымы тағы бір мәрте түсіндірілетін болады. «Аталған нотаға жазбаша жауап беруді
жоспарлап отырған жоқпыз», – дегенді жеткізді. Алайда, мұны Украина тарапы қалай қабылдайтыны белгісіз.

Динара Дүрмән 

Back to top button