РЕТКЕ КЕЛМЕГЕН «МЕКТЕП РЕФОРМАСЫ»

РЕТКЕ КЕЛМЕГЕН «МЕКТЕП РЕФОРМАСЫ»

РЕТКЕ КЕЛМЕГЕН «МЕКТЕП РЕФОРМАСЫ»
ашық дереккөзі

 Білім – адамзат баласының өткені, бүгіні, болашағы. Білімді азамат –
мемлекеттің  ең қуатты әрі сарқылмас байлығы. Әрбір халық, әрбір
мемлекет өзінің білім саласындағы даму жолын дұрыс таңдай алмаса, ол
ұлттың жарқын болашағы болмайды. Тарихта аты аталып,түрі түстелетін, 
бірақ бүгіндері құрдым болған мемлекеттердің бәрі осы заңдылықты бастан
кешкен.  
Тарих тұңғиығына тереңдеу

Адамзат баласы «Ес біліп,
етек жапқалы» шетсіз-шексіз білім шыңына өрмелеумен келеді. Ол үшін
әріптерді ойлап тапты. Тасқа петроглифтерді ойып түсірді. «Қыш кітап»
күйдірді. Пергамент, қағазды жасауды үйренді. Кітап басуды жолға қойды.
Оңнан солға, солдан оңға, тіпті жоғарыдан төменге жазуды қалыптастырды.
Тағысын тағылар…
Осы білімнің арқасында әлемнің «жеті кереметіне»
небір таңғажайыптарды үстемелеумен келеді. Ғарыштан жай көзбен көруге
болатын Ұлы Қытай қорғанын салды, Есіктен табылған ханзададай тұтас
алтыннан киінді. Әлемге Аристотельдің көзімен қарап, Жер, Күн, Ай туралы
ой айта алды. Ол қағидат Джонардо Бруно, Галилео Галилей,
Коперниктердің заманына дейін бұзылмай келді. Бұл арада айтпағымыз, сол
кездері Александр Македонскийді оқытып, тәрбиелейтін «гимназиялар»,
«Білім базарына» бастайтын педагогика ғылымының негізі қаланып еді.
Негізінен,
әлемдік ой-сана – «өр­кениет өрнектері» әуелі Қытайда пайда болып, Орта
Азия мен Таяу Шығыста түстеніп, ақыр соңы Еуропаға өтіп кеткен деген
тәмсіл айтады. Бұл арада біздер «Шығыс ренессансын» жасауға белсене
қатысқандардың арасында, «Екінші ұстаз» атанған отырарлық ойшыл бабамыз
Әбу Нәсір әл-Фараби болғанын мақтаныш етеміз.
Біздің қазіргі таңдағы
ақыл­ман­дарымыз, мұсылман жұрты ғылымының Орта ғасырда барынша дамып,
өркендеп, кейіннен неге бірте-бірте тұңғиыққа батқанының себебін таба
алмай сансырауда.
Ол, негізінен, бірте-бірте діннің ортадокстік,
схоластикалық, біздің тілімізше айтқанда қытымыр, солақай саясат
ұстануынан деп айтылады. Сол саясаттың семсері жұлдыз әлемінің падишасы
Ұлықбектің мойнын қиып түскеннен кейін надандықтың тамыры тым тереңдей
бастағаны анықталды.
Ал керісінше еуропалық дін өмірдің асау
ағысымен католиктер, протестанттар, православтар сияқты бірнеше тармаққа
бөліне отырып, ақыр соңы мемлекет пен шіркеудің бөлінісіне алып келді.
Тіпті, «Дін-апиын» деген тұстары да болды. Осы алапат шайқасты ілім,
білім, ғылым жақсы пайдалана білді.
Ал халық, ел есін жинағанда
есепсіз уақыт шеңберінде артта қалып қойғаны бірден көзге шалынды. Әр
кезгідей қандай бір ғылым жетістіктері болмасын, ең әуелі соғыс
қаруларын жетілдіруге пайдаланатындай, ол кейіннен күркіреген зеңбірек,
ұшақ, бомба, зымыран болып қайта оралғанда садақ асынғандардың қаншама
батыр болғанымен бармақ шайнауына тура келіп еді…
Халқымыздың
біртуар ұлы, қаламгер Мұхтар Әуезов осыны білгендіктен «Ел мен елді,
адам мен адамды теңестіретін – Білім» деген болатын.
Бізге дейінгі білім бастаулары
Біз,
қазақтар, Алла Тағаланың ерекше ықыласы түскен халықтың қатарына
жатамыз. Жаратушы бізді тұтас жырларды жаттай алатын ес, тамыры терең
талант, көрегендік, сабырлылық сияқты қасиеттерден кенде қылмапты.
Түркілік
тіл мен тектің арқасында жер дүниеге атымыз шықты. «Ергенеқон» атты ұлы
мекенде ата-бабаларымыз темір қорытудың тәсілін тауыпты. Төрт түлік
малды қолға үйретіп, «Күлтегін» жырын тасқа бастан аяқ қашап жазыпты.
«Есіктен» табылған тостағандағы жазуды көргенде көкірегіңді мақтаныш
кернейтіні бар. Он үшінші ғасырда қыпшақ (қазақ) тілі халықаралық тілге
айналып, елінде «Қыпшақ тілінің сөздігі» ретінде кітап боп басылып
шығыпты. «Кодекс Куманикус» атанған тұстары да баршылық.
Осы үрдіс
араб жазуына ауысқан соң діни салада біршама ілгерілеу болғанымен,
білімдік, ілімдік, ғылымдық ізденістерде тоқырау болғаны баршаға белгілі
жайт. Бұған моңғол шапқыншылығын қоссаңыз тұман қоюлана түседі. Бұл
темір перде патшалық Ресей кезінде тек өздеріне керекті терезелерден
«сәуле» түсіргені болмаса, барша халық қараңғылық құшағында қала берді.
Кеңес
үкіметі, рас білімге барынша көңіл аударған болды. Ең әуелі көшеге
шығып кеткен қаңғыбас ұландарды реттеуге ұмтылды. Балалар үйін ашуға
ұмтылды. Луначарский, Крупская сияқты партияның көрнекті өкілдері осы
салаға аттандырылды. Макаренконың «Қандай баланы болмасын идея, еңбек
арқылы тәрбиелеуге болады» деген қағидатына орай «Ұстаздық дастаны»
жазылды.
Сауатсыз халықпен мемлекет құрудың қиындығын ұғынып, Кеңес
үкіметі әріп танитын, қағазға қол қоя алатын дәрежеге жету үшін «ликбез»
(сауатсыздықты жою) іс-шараларын ұйымдастарды. Барлық салмақты бастауыш
білімге салды. Оны «Білім негізі бастауышта» деген ұранмен көркемдеді.
Бұл
сол заман үшін аса зор көрегендік болып шықты. Бастауыш білімнің
өзімен-ақ біздің зерделі көкелеріміз колхоз басқарды, есепшотты
тарсылдатып қақты.
Бірте-бірте бұл міндет жеті жылдықпен ауыстырылды. Осы білімнің өзімен-ақ «ДнепроГЭС»-ті сала алды. Жауды жапырып жеңді.
Соғыстан
кейін онжылдық білім беру күн тәртібіне ендірілді. Сол арқылы атом
энергиясын игеріп, ғарышқа самғады. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдардың
ортасында онбір жылдық оқыту жүйесі қалыптасты. Мың тоғыз жүз сексенінші
жылдары Кеңес үкіметі он екі жылдыққа көшуге қам қыла бастады. Ол үшін
көп бас қатырып жатпай-ақ балабақша, даярлық сыныптары арқылы білім
беруді бес жасында бастай беретін жапон елдері сияқты «төменге»
түсіңкіреп, «алты жасарларды» оқытатын жүйе жасалынды. Бұл іс-шара Кеңес
үкіметінің тарауымен құрдымға кетті.

                                              Тәуелсіздік таңдарындағы ту-талапай…

Қазақ
даласындағы білім ошақтары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағыдай
сапырылысты ешқашан бастан кешкен емес. Сол кездері мен білетін бір
ауданда он бес балабақша бірден жабылып, тек бір ғана балабақша әзер
аман қалды. Алаштың ардақтысы атанған Нәзір Төреқұловтың есімі мектепке
лайықсыз деп табылып, алынып тасталынды. Қазақтың біртуар ұлы Асқар
Сүлейменов атындағы орта мектеп бастауышқа түсіріліп, көпшіліктің
атсалысуымен мектеп әрмен қарай әзер дегенде жалғасын тапты. Бұның бәрі
мемлекеттің әуелгі назарды экономикаға бағыттағанынан болды. Дәл осы
тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мектеп өзінің кадрлық генефондынан «алтын
қорынан» айрылды. Білімді азаматтардың көбі бизнеске кетті, олардың
орындарын сол кездегі қаптаған әртүрлі оқу орындарын бітіргендер басты.
Ғылым Академиясы таратылғаннан кейін орайын тапқандар ғылым кандидаты,
ғылым докторы, академик атанып, болашағымызға «зор» үлес қосып жатты.
Үлкен қаламгер ағамыз Шерхан Мұртаза дәл осы кезеңде: «Таяқ лақтырсаң
академикке тиеді!» деген аталы да баталы сөз айтты.
Осы ретте «Біз
тәуелсіздік алған жиырма жылда ілім мен ғылым саласында кімдердің
қолтаңбасы қалды?» деген сұрақтың реті келеді. Кезінде білім саласына
түбегейлі өзгеріс енгізген Ж. Күлекеевтің есімі осы саладағы аса ірі
«реформатор» ретінде аталмай отыр. Өйткені «Әлемдегі ең озық елу елдің
қатарына ену» үшін және «сыбайлас жемқорлықпен күресу» үшін ойлап
табылған ҰБТ туралы есі дұрыс адам жақ ашуға ұялады. ҰБТ-ның қазіргі
таңдағы «тағдыры» адам аярлық. Осы саладағы былық тұрғанда білім
саласының да, білім сапасының да «қарқындап» кете қоюына есі барлардың
бәрі күмән келтіреді. Өз өтіріктеріне өздері сеніп, ҰБТ көрсеткіші үшін
жанын салатын әрбір мектеп ұжымының ахуалы да аянышты.

                                              МЕКТЕПТЕР ҰЛТТЫҚ АРНАДАН АЖЫРАП ҚАЛДЫ

Біз
«қазақстандық ұлтпыз» дейтін әсіре ұғым ең алдымен білім мен тәрбие
беретін білім ошақтарына ойсырата соққы беруде. Енді оған «үш тұғырлы
тіл» концепциясы қосылды.
Біз, мойындауымыз керек, әлі де кешегі
отаршылдық қамытынан толық босана қоймаған елміз. Экономикамыз да,
әлеуетіміз де, тіліміз де, жаратылысымыз да, ой ойлау қалыбымыз да әлі
жартыкеш қалыпта. Оны кез келген нәрседен көруге болады. Мысалы, біз
қалалардың атауын, көшелердің атын ұлттық нақышқа келтіре алған жоқпыз.
Басқа елдің мереке мейрамын, мәселен Жаңа жылды өзіміздікінен де артық
тойлаймыз.
Біз осындай орашалақ іс-әрекетімізді кесірінен мектепке
ұлттық тәрбиені толық, өз дәрежесінде енгізе алмай отырмыз. Себебі өзге
ұлттың шамына тиіп кетуіміз мүмкін деп сескенеміз. Бір де бір білім
көтеру курстарынан ұлттық тәрбиеге арналған лекцияларды көре алмайсыз.
Рас, тәрбие негіздеріне арналған жалпылама ұғымды табасыз, бірақ
мақсат-мүддеге бағынған тіршілікті көруіңіз неғайбыл.
Ертеректе бұл
«интернационалдық тәрбие», болмаса «коммунистік тәрбие» деп күн
тәртібінен түспейтін. Қазіргі мектеп қандай тәрбие беріп жатқанын өздері
де білмейді. Мектепте күнделікті болып жатқан ұрыс-керіс, суицид,
ұрлық, тонау солардың айғағы.
 

                                        БҮГІНГІ МҰҒАЛІМДЕР БЕДЕЛДІ МЕ?

Әрине,
бір қарағанда мұғалімнің беделі оның өзіне, біліміне,
интеллектуалдығына, азаматтығына байланысты сияқты көрінетіні де бар.
Бұл бір жағынан дұрыс. Әйтсе де әлеуметтік, қоғамдық көзқарас бойынша
бүгінгі мұғалім ең төменгі «аш пен тоқтың» арасындағы топ боп саналады.
Оны бір созақтық кемпірдің «Қызым оқымаса оқымасын, ең болмағанда
мұғалім-сұғалым бола салады да» дегеніндей дәрежеге түсті.
Ал
ертеректе, әсіресе он тоғызыншы ғасыр мен жиырмасыншы ғасырдың басында
мұғалімдер аса беделді болатын. Байтұрсынов, Сейфуллин, Жұмабаев,
Мұқанов т. т. бәрі де ағартушылық жұмысқа белсене араласты. Ұлы қаламгер
М. Әуезов өле-өлгенше ұстаздық ұлағаттан ажырамады.
Бүгінде
мұғалімдердің басым көпшілігі көн шоқайын сүйретіп әзер жүр. Олардың
көрген күні өмір сүру емес, өлермендіктің дәл өзі. Оны пәленбай жыл
мектеп директоры болған менің өзім жақсы білемін. Бүгінде сауда
нүктелері, оның ішінде азық-түлік дүкендері мектептің қорасына
мүмкіндігінше жақын орналасады. Олар мұғалімнің айлық алатын кінішкесін
басыбайлы қалтасына салып алып, қарызға қалағанын босата береді. Сол
дүкен ұстағанның баласы мектепте «король» боп жүреді. Тіпті сол бала
немесе қыз әке-шешесінің орнына магазинге тұра қалса, қарызға зат сұрай
келген өз апайын, не ағайын оп-оңай «қаңғытып» жібереді.
Қазіргі
таңда ешкімнің де басы екеу емес, сол себепті мектеп директорының ақша
жинаудан басқа жұмысы жоқ деп қорытынды жасауға болмайды. Оған бұйрық
жоғарыдан түседі. Аудан болған соң түрлі-түрлі тексерулер болып тұрады.
Оған келгендерді күтуге, жағдайын жасауға бюджеттен бір тиын қаралмаған.
Ал анау болса, «қырып» барады. Ал енді мектептің тізгіні қанша дегенмен
жергілікті әкімшіліктің қолында. Мектеп директорлары соның ұсынысымен
тағайындалады. Білім басқармалары жай ғана бақылайды. Себебі өздері де
әкімшілікке бағынады. Жоғарыдағылар мұғалімге шамасы келмесе де, мектеп
басшыларына «қожайын». Ал мектеп директоры одан әрман не істейді, не
амал табады, ол «құпияға» жатады. Мысалы, бір мектеп директоры
«жоғарыдан» сұраныс болса екен деп тіленіп отырады, себебі жоғарыға
жинаған болып, өз үлесін алып қалады. Ал екіншісі ағайын-туғанды көбірек
топтастырады, соларға артық сағат жаза отырып, «шығынын» шығарады т. т.
Мұнан бөлек әкімшілік мұғалімді көше сыпыруға, тал әктеуге, сайлау
науқанын өткізуге, жиналыстарда залды толтыруға т. т. емін-еркін
пайдаланады. Әншілерін, бишілерін тойдан-тойға алып жүреді. Комиссияны
күткізеді, мектепті тегін жөндеуге қосады. Олардың айлығын екі-үш айлап
бермей қою түк те емес. Орталықтағы мектепте әкімнің әйелі, оның
сіңлісі, құдасы, құдағиы, нағашысы, жиені қаздай қалқып істеп жатса,
солардың қалағаны болып жатса таңданар түк жоқ. Олардың жүріс-тұрысы,
киім киісі, сөйлеу мәнері, тойларда шалқақтай сөйлеуі, күлуі, үйінде
жатып мектеп басшыларына бұйрық бере салуы тура орта ғасырдағы тірлікті
көзге елестетеді. «Тышқанға ата жау мысық тұрғанда ол алыстағы арыстанды
не қылсын?!» дегендей, дәл жанында әкімқаралар тұрғанда олар Білім мен
ғылым министрінің немен айналысып жатқанын білмейді де. Себебі баяғы
«Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан мектебі» дейтін арнайы шығатын
газет-журналдар жекешеленіп кеткен. Болса да «Хабар» мақтап, «КТК»
даттайды. Ал әр аула, ауыл, аудан, облыстан шығатын «педагогикалық»
басылымдар ақшасын құйса болғаны, бұрқыратып баса береді. Төрт бет түгел
«құттықтау» болса да бәрібір. Қысқасы, «қағанағы қарық, сағанағы
сарық».
   
                                                     МЕКТЕПТЕГІ БІЛІМ ДӘРЕЖЕСІ ҚАНДАЙ?!

 
Бастауышта
біршама қалыпты оқыған балалар, негізгі мектепте жүргенде әрқилы
кезеңді бастан кешіреді. Бірте-бірте жүйесіз, тендер арқылы жарық көрген
сапасыз оқулықтарға жолығады. Академик Асқар Жұмаділдаевтың бірде өз
қызының есебін шығарып бере алмай ұрыс естігенін оқығаным бар еді.
Мысалы, бір апамыз суық суға құмар екен деп, «валеология» деген пәнді
оқытып, жаппай жанталасқанымыз бар еді. Қазір де солай шығар…
Жоғарғы
сыныпта Ұлттық Бірыңғай тестілеуге түсетін пәндерге ерекше мән
берілгендіктен, қалғандары жүрдім-бардым өтіледі. Оны қаншама оқытамын
деп терлегеніңмен оқушы керек қылмайды. Мысалы әдебиет тестілеуге
көнбейді. Себебі , ол сөз өнері. Оқушы Әуезов «Абай жолын жазған» деп
сұрақтың жауабын дәл тапқанмен, одан тәп-тәуір балл алғанмен, бала
кітаптың өзін оқымаған соң оның көркемдік қуатын тани алмайды. Тек
хабарламалық қана ұғым қалыптасады. «Сарыарқа» күйін Құрманғазы шығарған
дегеннен, бала күй тартып кетпейтіндей, әдебиет пәні мектептен сырылып
қалды. Ал төменгі сыныпта оқыған материалдар тек баланың тілін дамытудан
аспайды. Осыдан келіп логикалық ойлай алмайтын жартыкеш жаратылыстар
пайда болады. Тарих та сол. Ұлы оқиғалардың, көтерлістердің,
батырлардың, ақылмандардың аттарын білгенмен, затын ажырата алмайды.
Әлем жағрафиясын жаттап алғанымен, өз өлкесінің өзендерін, тауларын,
қыраттарын, аң-құстарын білмейді. Оны білу міндетті де емес!
Есімнен
кетпейді, мектеп директоры боп тұрғанымда бір ата-ана ТарМУ-дің тарих
факультетін «қызылға» бітірген қызын жұмысқа алуымды өтінді. Мен ептеп
әлгінің әуселесін көрейінші деп: «Тараз қаласы 2000 жылдығын тойлап
жатқанда үлкен Алаңға бір ескерткіш тұрғызды ғой. Ол кім?» – деп едім,
әлгі Таразда тұрып 4 жыл оқыған, ендігі жерде тарих пәнінің мұғалімі
болмақшы боп тұрған қыз бала кәдімгідей қысылып, тілі күрмеліп,
«Білмедім, атқа мінген өңкиген біреу ғой… », – десін. Сонда анасының:
«Ойбай-ау, ол өзіміздің бабамыз ғой!» деп шыр-пыры шыққаны бар еді…
 
                  ҚАЗАҚ МЕКТЕБІН АҒЫЛШЫНШАҒА АЙНАЛДЫРУДЫҢ АЛҒАШҚЫ  АДЫМЫ

Қазақтың
зиялы қауым өкілдері орыс-тілділерге теріс қарап жатқанда таяу жылдары
қазақ даласындағы мектептерді таза ағылшындық үлгіге көшіру қолға
алынды. Ол үшін қыруар қаржы шығарып, «Тұманды Альбионнан» «тренерлер»
алдырылды.
 Бұл шаруа қайдан шықты дерсіз… Оның бастауы
мемлекеттік мекеме ретінде жойылып, Біліктілікті арттырудың «Өрлеу» АҚ
құру идеясынан туындап отыр. Жаңа құрылымның жаңаша бағытта жұмыс
істемек болғаны құптарлық. Алайда құрылым құрылмай жатып басталып кеткен
көптеген іс-шаралар көпшіліктің көңілін «күптігей» етеді. Мәселен,
алдымен қыстың күндері Астанаға республиканың түкпір-түкпірінен 300
мұғалім жиналып, дәріс алды. Ондағы жағдай жеке «талдауды» қажет ететін
секілді. Оқуға келген көпшіліктің көз жас­тары көл болғанын, облыстың
біліктілік арттыру институттарынан келген әрбір мұғалім жаңа құрылымды
күтіп айлық көрмей, Астанаға келіп-кетудің оңайлыққа соқпағанына
қиналып, сең соққан балықтай сенделіп, қатты толқу-ренжулер болғанын,
арыз-шағымдар жазылып, қол жиналып, ақыры әупірімдеп әзер басылғанын
естідік. Біз әзірге көп жағдайлардың «бергі жағын» талдап отырмыз.
Менің
қолымдағы бар мәліметтер бойынша, ағылшындарда «Жалпыға бірдей оқу
Заңы» жоқ. Олардың әр мектебі өз бағдарламасымен жұмыс істейді.
Тағы бір есте болатын нәрсе, оларда ҰБТ жоқ.
Сонда «ағылшындық үлгіні» біздің оқыту жүйемізбен, мемлекеттік стандартпен қалайша қабыстырмақшы?!
Тағы
бір сұрақ, осы оқыту жүйесін жергілікті әкімшілік қабылдай ма?! Олар
дәл ағылшын елінің ұстаздарына жасалынған жағдайды бізге де ұйымдастыра
ала ма?! Оны ненің есебінен жасайды?! Оқулық, оқу құралдарын,
әдістемеліктерді кім жасайды?! Шалғайдағы ауылдар интернет жүйесіне
тұрақты қашан қосыла алады?!
 
                                             Ұстаздарды қандай  заман күтіп тұр?

Оның
ең біріншісі және бастысы, олардың айлығын көбейттік деп түрлі
әуре-сарсаңға салу жоспарланып жатыр. Ол үшін аттестация өткізіледі. Үш
ай бойы бала-шағадан ажырап оқу оқитын болады. Ендігі жерде үкімет тегін
ақшаны бере бермейді. Категорияға қарап төлейді. Оны алу қиынның қиыны
болады. Мысалы, «жоғарғы санатты» алу үшін Астанаға аттануға тиіссіз.
Бірінші санат үшін Алматыда үш ай оқисыз. Төменгісін облыс орталығы
береді. Ал оның қалай берілетінін, сыбайлас жемқорлық жайлаған елдің
ұландары жақсы біледі ғой деймін…
Екінші жосынсыз іс, жоғарғы жақ
пен жергілікті әкімшілік тартысқа түседі. Себебі тәуелсіз еліміздің
білім беру заңы осылай жасалынған. Білім сапасын қадағалау министрлікке
тапсырылған, қаражат көзін жергілікті әкімшілік шешеді. Осыған орай
жұмысқа алу, басшы кадрларды тағайындау, мектеп ғимаратын салу, отын-су
түсіріп беру жергілікті әкімшілікке қараған соң мектептің әкімге
жалтақтағаны жалтақтаған. «Жүз мектеп, жүз балабақша» салу бағдарламасы
әзер орындалғанының себебі сол. Әуелі тізім жасалынады, ақша бөлінеді.
Тендер өткізіледі. Онан әркімдер өз үлесін алады. Сөйтіп жүргенде әкім
ауысады, болмаса құрылыс материалдары қымбаттайды. Сөйтіп кете береді.
Кезінде бір мекемені пайдалануға беру үшін бірнеше мәрте лента қиған
кездеріміз болған. Себебі бітпей қалған ғимаратты жергілікті бюджетке
өткізу, соның қаржысымен жалғастыру, шала-шарпы болса да бітіру үшін бұл
қалыптасқан тірлік боп саналады.
Мектеп ұстаздары ендігі жерде
«ағылшынша», «кембридждік», «НЗМ»(Назарбаев зияткерлік мектебі)
үлгісімен оқуға назар аударылатынын білуі тиіс. Мұнда ағылшын тіліне
басымдық беріледі. Сабақ көбіне «ойнау» тәсіліне құрылады. Бұл ұзақ
әңгіме болған соң, әңгімені осымен доғарамыз.
ҰБТ-ның сұрақтары
сұрапыл болады. Колледжге де кіргізіліп, екі кезеңнен тұратын болады.
Білім гранттары азайтылады, ақылы оқу ұлғаяды.
Әрине, ұстаздарды
қолжетімді пәтерлермен қамтамасыз етеміз деген уәде таяу арада орындала
қоймайды, себебі оның механизмі әлі табыла қойған жоқ. Құрылыс
компаниялары оп-оңай қолындағы пәтерлерді бере салмайды.
Естеріңізде
болар, Білім және ғылым министрі жүз елу шетелдік ғалымдарды елге
шақырған болатын, жан адам келген жоқ. Парламент депутаттары шетелге
«Болашақ» бағдарламасымен қыз баланы жібермеу, санын шектеу мәселесін
көтеріп жатыр. Ғылым Академиясы болса да тарап тынған. Айлығын доллармен
төлейтін арнайы адамдардың балаларына арналған «ақсүйектік» мектептер
жұмыс істей бастады.
Ойласайықшы, Тәуелсіздік мұраттары осындай ма
еді?! Біздің өзіміздің төл ұлттық тәрбие негіздерінен нәрленген білім
ошақтарын құруға кім кедергі?!
Ағылшын тілін меңгерсек болды, әлемнің алдына түсіп кете аламыз ба?!
Онда неге жапондар сұрыптап, тек өздеріне қолайлысын ғана қабылдайды?!
Керек
болса, ағылшындардың өзі, біздегі білім сапасы тоқырады деп жаһанға жар
салып жатқанда, біреудің «қаңсығы таңсық» дегендей қыруар қаржыны солар
үшін шашып жатқанымыз дұрыс па?!
Біз неге өз ұлағатты ұстаздарымыз –
Айтқалиевтің, Бітібаеваның, тағы сол сияқты осы дәрежеге жеткізген
қыруар парасатты да пайымды оқыту әдіс-тәсілдерінен бас тартып отырмыз?!
Жасалынып
жатқан мектеп реформасы ретті ме, ақылға сия ма?! Қалталарыңыздан
қаншама қаражат шығарып, біліктілікті арттыруға барып қайтқан жарандар,
берілген білімге көңілдеріңіз тоя ма?! Оны қолдануға мектепте жағдай
жасалынған ба? Интернет қалыпты жұмыс істей ме? Оқулықтың сапасы қандай?
Енді ата-аналарды «демеуші» деп, мектепте ақша жинау мәселесіне қай
кездері тоқтам болады? Аудандық, қалалық, облыстық білім басқармалары
ағымдағы жөндеу жұмыстарына әр мектепке бөлінген қаржыны неге жария етіп
айтпайды? Әлі де оқу жылының соңында сынып бөлмесін әктеу,
парта-тақтаны сырлау, мұғалімдердің мойнынан қашан түседі? Балалар
арасындағы тәртіпсіздік, өз-өзіне қол салу тыйыла ма? Бұларды жоюдың
жолдары бар ма?
Сөз соңында, әрине, мұны айт­қаннан бәрі түзеліп
кете қоймас, дегенмен «көптің аузы – талқы» дегендей,  өзара пікір
алмасқанға не жетсін дегім келеді.

Жарылқасын БОРАНБАЙ,
Қазақстан Жазушылар және
Журналистер одағының мүшесі,
ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері