АҚ ҰННЫҢ АШЫЛМАҒАН ҚҰПИЯСЫ

АҚ ҰННЫҢ АШЫЛМАҒАН ҚҰПИЯСЫ

АҚ ҰННЫҢ АШЫЛМАҒАН ҚҰПИЯСЫ
ашық дереккөзі
476

Ақиық ақын Мұқағалидың: «Дін – ғылымның анасы, ғылым – діннің баласы» деп жырлауында үлкен мән жатыр. Саналы ғұмырын ғылым жолына арнап, өзінің ғылыми мектебін қалыптастырған  Қазақстан Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Оспанов – еліміздегі агралық ғылым саласындағы санаулы ғалымдардың бірі. Ғалымның бойындағы білімге, ілімге  деген құлшыныс пен құштарлықтың  ата-тегінен жалғасқанын ерекше айтуға болады. Атасы  Оспан Шүренұлы  елге абыройлы, көзі ашық, өз заманындағы сауатты, білімді азаматтардың бірі болған екен. Жас кезінен білімге бас қойған Оспан ата құранды жатқа оқыған.

Мұсылмандық семинарияны тәмамдаған соң жұртшылықтың қалауымен ұстаздық жолға түседі, молдалық қылады. Әбдіманап Әубәкірұлы атасы жөнінде: «Елдегі көзкөрген замандастарының, мысалы Шорабек молда, Айымқыз шешеміз, тағы басқалардың айтуынша  ол кісі ғылым мен білімді насихаттаған. Сөзге шешен болған, бойында ақындық қасиеті бар деседі. Өткен ғасырдағы қазан төңкерісі кезінде жалпы халық Оспан молданың айтқанына жүгініп, ақылдасып отырады екен», – дейді. 

1937 жылы жазықсыз сотталып, ату жазасына кесілген Оспан молда Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының шешімімен 1957 жылы 16 мамырда ақталады. Әбдіманап Оспанов жалғыз атасы ғана емес, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған көптеген абзал азаматтардың есімдерін жақында ғана «Мерей» баспасынан жарық көрген «Ғылым шыңына ұмтылыс» атты ғұмырнамалық эссе кітабында атап өтті.  Белгілі ғалым 1971 жылы  Оңтүстік Қазақстан облысы (сол кездегі Киров ауданы) Арнасай ауылындағы Қ.Сәтбаев атындағы орта мектепті алтын медальмен бітірген соң, Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтының ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетіне оқуға түседі. Аталмыш оқу орнын 1976 жылы қызыл дипломмен бітіріп шығады. Ал 1982 жылы кандидаттық жұмысын сәтті қорғайды. Ол кезде докторлық ғылыми жұмысты қорғау үшін одақтас республикалардағы мен деген білікті ғалымдар оппонент болып, ғылыми жұмыстың барлығы Мәскеу арқылы сараптамадан өтетін. 1992 жылы тағы да Мәскеу қаласында «Тағамдық заттарды және жем-шөпті майдалау технологиясын жетілдіру» атты докторлық ғылыми жұмысын қорғады. Диссертациялық жұмысты қорғау барысында-ақ  елуден аса ғылыми еңбектері жарияланған, бір монография, оннан аса авторлық куәлік пен патенттердің иесі болып үлгерген Әбдіманап Әубәкірұлы ғылыми жолдағы ізденісін содан бері іріккен емес. Тәуелсіз еліміздің аграрлық саласын дамытуға сіңірген сүбелі  еңбектерін біреу білсе, біреу білмейтіні өкінішті. Ғалымның өзі де мен осылай істеп едім деп айтқан емес. Үнемі хакім Абайдың қара сөздерін, дидактикалық  жырларын өнеге, өмірлік ұстанымына айналдырып, бойтұмардай қастерлеген ғалым адамдық пен адалдықтың  ақ туын биік ұстап келеді. «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрселермен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақшылық» деген ғибратты сөзіне жүгінеді. Әбдіманап Әубәкірұлы 2001-2008 жылдары Астанадағы Қазақ астық және оның өңделген өнімдері ғылыми-зерттеу иститутының директоры болған жылдары Қазақстандағы астық өнімдерінің сапасын арттыру, өңдеу, экспорттау жұмыстарының белсенділігін арттырады. Шетелдегі аграрлық саланың озық үлгілерімен танысып, тың жобаларды қолға алады. Түрік елінің Стамбул, Мармара, Измир қалаларындағы заманауи тұрғыда ұйымдастырылған машина жасау зауыттары мен технопарк жүйесімен жақын танысып, Финляндия, Канада, АҚШ-тағы әлемге әйгілі ғылыми орталықтардың озық тәжірибелерін бөліседі. Ғалымның ұлттың болашағын, ұрпақ денсаулығын ойлаған тұлға ретінде еліміздегі ұнды фортификациялауға қарсы азаматтық көзқарасын ғылыми тұрғыдан жан-жақты дәлелдеп, табандылық танытуы ерекше атап айтуға тұрарлық. Өйткені халықтың денсаулығы тікелей ішкен тамақтың нәрлілігі мен сапасына байланысты екені белгілі. Фортификациялау жөнінде Әбдіманап Әубәкірұлы: «Әрине, ұн өндірісінің тұрақты өсуіне қарамастан әр түрлі астық дақылдары дәнінен ұн өндіру технологиясын үнемі жетілдіріп отыру, сонымен қатар оның тағамдық құндылығын арттыру саясатын іске қосу керек. Ұн өнімінің тағамдық құндылығын арттыру әдістерінің  бірі ұнды тағамдық қоспалармен және басқа да биологиялық белсенді заттармен жасанды байыту болып табылады. Өнімдерді байытудың бұндай түбегейлі әдісі келесідей терминология­дан тұрады: нутрификация (ағылшын тілінен – nitrification) – тамақ өнім­дерінің тағамдық құндылығын арттыру мақсатында байытқыштар қосу; қалпына келтіру (ағылшын тілінен – restoration) – өндіріс, сақтау немесе пайдалану үрдісінде жоғалтқан қосылыстарды толтыру үшін тамақ өнімдеріне тағамдық заттарды қосу және фортификация (ағылшын тілінен – fortfication) – тағам өнімдерінің химиялық құрамын табиғаты синтетикалық микронутриенттермен берілген өнімдегі оның құрамынан асып түсетін деңгейге дейін байыту.

Сонымен қатар, көптеген тұтынылатын өнімдерді (ұнды) жасанды жолмен байыту жайындағы сұрақтарда отандық және ресейлік ғалымдардың көзқарасы екіге бөлінеді. Өйткені химиялық табиғаты бар заттарға технологиялық өңдеу процесінде ыдырау тән, фортификацияланған ұн өндірісі кезінде олардың тұрақтылығын, оны сақтауды, сонымен қатар нан және нан-тоқаш өнімдерін сақтау жағдайларын зерттеу заңды. Ал ғылыми зерттеулердің мәліметтері бойынша синтетикалық дәрумендер мен биологиялық белсенді заттарды қабылдау кезінде олардың бар-жоғы 10-15 пайызы ғана сіңіріледі, табиғи шикізаттың дәрумендері 90 пайызға дейінгі сіңіріледі» деген нақты ғылыми дәлелдері арқылы өз пікірімен санасуға қол жеткізеді. 

Зерделі ғалым бүгінге дейін екі жүз сексеннен асатын ғылыми еңбектердің, елуден асатын өнертабысқа арналған куәліктер мен патенттердің, үш зияткерлік меншік межесін мемле­кеттік рәсімдеу куәліктерінің авторы. Оның  Мүсілімов, Тимурбековамен бірге шығарған «Толық түрде ұнтақталған ұн өндіру технологиясы», «Көп дәнді өнімдер өндіру технологиясы», «Тағамдық заттарды майдалау технологиясы» атты оқулықтары, оқу-құралдары мен басқа да ғылыми оқу-әдістемелік еңбектері аграрлық салада ізденіп жүрген жас ғалымдардың көмекші құралына айналуда. Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Астық және астық өнімдерінің технологиясы және сапасы», «Нан және нан-тоқаш өнімдерің пісіру технологиясы», «Тағамдық өнімдердің экструзиялық технологиясы» деген үш жаңа заманауи тұрғыдағы ғылыми-зерттеу зертханаларын ашты. ҚазҰАУ ректоры, ҚазҰҒА академигі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Тілектес Есполовтың: «Бүгінгі күні ғалым-зерттеуші, ұстаз, дарынды ұйымдастырушы, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры Оспанов Әбдіманап Әубәкірұлы заманауи аграрлық ғылымның лайықты өкілі, табанды жанашыры болып табылады. Оның  ғылыми және өндірістік әрекеттері тағам  және  ауыл шаруашылығы өндірістеріндегі, соның ішінде, астықты қайта өңдеу және құрамажем салаларындағы; кондитер және наубайхана өнеркәсібіндегі майдалау, престеу, араластыру және кептіру үрдістерінің теориясы  және  моделденуі негізін жасаумен байланысты. Ол майдалау және ұнтақтау теориясында жаңа ғылыми гипотеза ұсынды және оны іс жүзіне асырды. Ә.Ә. Оспановтың ғылыми жасалымдарының өндіріске енгізілуі қайта өңдеу және тамақ  өнеркәсіптерінің  технологиялық  сызба тиімділіктерін көтеруге, еңбек өнімділігін арттыруға мүмкіндік  береді. Ол «қайта өңдеу өндірістерінің техникасы және технологиясы» бағытында ғылыми мектеп құрды», – деген жоғары бағасы бекер айтылмаса керек.

Президент Н.Ә. Назарбаевтың биылғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауында: «Болашақ – аграрлық секторда, әсіресе, шағын және орта бизнес түріндегі жаңа өңдеу кәсіпорындары желісін құруда. Бұл тұста біз бизнесті несие арқылы қолдауға тиіспіз. Фермерлер ұзақмерзімді қаржыландыру мен өткізу нарықтарына делдалсыз, тікелей шыға алатын болуға тиіс. Ауыл өндірушілерінің қарыздарын кепілдендіру және сақтандырудың тиімді жүйесін құру да өзекті мәселе.

Қазақстан ет және сүт өнімдерін экспорттайтын өңірлік ірі елге айналуға тиіс. Егін шаруашылығында суды көп қажет ететін тиімділігі төмен дақылдар көлемін қысқарту, оларды көкөніспен, майлы және азықтық өнімдермен алмастыру жолына бет бұру керек. Агрохимикаттарды тиімді тұтынудың, қуаң жерлерде топырақты нөлдік өңдеудің заманауи технологиялары мен өзге де инновацияларды қолдануды кеңейтудің кешенді шаралары қажет. «Жасыл» экономикаға көшу жөніндегі қабылданған тұжырымдамаға сәйкес, 2030 жылға қарай егіс алқаптарының 15 пайызы суды үнемдеу технологияларына көшірілетін болады. Біз аграрлық ғылымды дамытып, сынақтық аграрлық-инновациялық кластерлер құруымыз қажет», – деп атап көрсеткен болатын. Міне, Елбасымыз айтқан тапсырмаларды орындау үшін кемеліне келген, тәжірибелі Әбдіманап Оспанов сынды білікті ғалымдардың көшбасшылық қасиеті қажет.

Ғалыммен әңгімелессең, қашанда ғылымның даму үдерісі жайындағы соны ой, тың пікірлерімен баурап алады. Мысалы, Әбдіманап Әубәкірұлы: «Еліміздің тәуелсіздігін қамтамасыз етуде, жаңғыртуда, жаңа белес­тер­ге көтеруде ел экономикасының жан-жақты рухани өсуінің рөлі шексіз бола­тындығы дамыған алып елдердің тарихынан мәлім. Сондықтан да жүзеге асы­рылып жатқан Қазақстанның индустриалды-инновациялық жедел даму Стра­тегиясының маңызы өте зор.

Десек те, шешілмеген мәселелер аз емес, мысалы, аграрлық ғылымды дүниежүзілік заманауи тәжі­рибелерге сай үйлестіру-ұйым­дастыру жұмыс­тары осы күнге дейін орындалмай келеді. Қазақстан Республикасы ауылшаруашылық министрлігіне қарасты аграрлық ғылымды ұйымдас­тырушы жалғыз операторы «ҚазАгроИнновация»-ның құрылғанына жеті жыл толған жоқ. Солай бола тұра оның басшысы алты рет ауыс­ты. Басшыны ауыстыра бергенмен мәселе шешіле қоймайтыны белгілі. Одан да сол «ҚазАгроИнновация»-ның функциясын тек ғылымды ұйымдастырумен шектемей, керісінше, оның базасында орталықтандырылған, ғаламдық талаптарға сай заманауи жабдықталған ғылыми зертханалар ұйымдастырып, кеңейтіп, жетілдіру қажет сияқты.

Бұндай зертханаларда әлем­дік деңгейдегі ғылыми зерттеулер ұйымдастырылса, ондай зерттеулерге Отаны­мыздағы және дүние жүзінің белгілі ғалымдары араласса, жоғары дәрежедегі елеулі ғылыми нәтижелерге қол жеткізуге болар еді. Ел эко­номикасының қажеттілігіне байланысты бұндай зертханалар келешекте барлық аймақтарда ұйымдастырылуы мүмкін. Ал салалық ғылыми-зерттеу институттары тиісті бюджеттік жобалар мен бағдарламалық зерттеулерін өз ретімен жүргізе береді. Тек аса күрделі дәрежедегі зерттеулер жүргізу үшін орталықтандырылған зертхана көмегіне ұсыныс жасайтын болады. 

Осындай жайттарды ес­кере келе, XXI ғасыр туындатып отырған – ауыз су тап­шылығы, тағамдық ақ уыздың жетіспеушілігі, тағам қауіпсіздігі, ұзақ мерзімге сақталатын тағам түр­лерін шығару, қуат көзін үнемдеу сияқты тағы басқа мәселелерді шешуге еліміздің ғылыми әлеуетін жұмылдыруды ұмытпайық. Қазақстанның аграрлық ғы­лымының келешегі – аграрлы егемен еліміздің келешегі екенін әрқашан жадымыздан шығармауға тиіспіз», – деп айтқан тұшымды ой, құнды пікірлері елдің ертеңін, аграрлық саланың өркендеуін ойлаған тұлғаның азаматтық үні екені сөзсіз.

Өз тәжірибесін бөлісіп, болашақ аграрлық саланың жас мамандарына бойындағы терең білімін сіңіріп, үйрету үшін 2009 жылдан бас­тап жоғарғы оқу орнына қайта оралған Әбдіманап Әубә­кірұлы Алматы техноло­гиялық университетінің ғылы­ми жұмыс жөніндегі проректоры, кейін Қазақ Ұлттық Аграр­лық университетінде кафедра меңгерушісі, профессор болып қызмет атқарып келеді. 2010 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің Ғылым мен техниканың дамуына елеулі үлес қосқан ғалымдар мен мамандар үшін 2010-2012 жылдарға тағайындаған «Мемлекеттік ғылыми стипен­дияcының» иеге­рі атанды. Ғұмырын қазақ аграрлық ғылы­мының өркендеуі үшін сарп етіп келе жатқан, «Қазақ­стан Республикасы тәуел­сіздігінің 10-жылдығы», «Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игерудің 50-жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған Әбдіманап Әубәкірұлының әлі де бергенінен берері көп.

Серік ҚАЛИЕВ, 

ҚР Мәдениет қайраткері

Серіктес жаңалықтары