"Түркістан" - 20: «Заманда» бас қосқан, «Түркістанда» достасқан...

"Түркістан" - 20: «Заманда» бас қосқан, «Түркістанда» достасқан...

"Түркістан" - 20: «Заманда» бас қосқан,  «Түркістанда»  достасқан...
ашық дереккөзі
194

«Түркістанның» бірінші күнінен бері осы редакцияда қызмет етіп келе жатқан менің есіме бүгінде не түседі? Жоқ, «не» дегеннен гөрі «кім» дегенім дұрыс. Өйткені «кімнің» артында Адам бар. Ал біз газетті Адамдармен шығардық. Шын мәнінде бас әріппен жазылатын Адамдар! Олардың басында – Қалтай ағам, оның қасында – екі Әбекем – Әбіраш пен Әбілмәжін ағалар бар. Міне «не» туралы емес, «кім» туралы әңгіме осыдан басталады. Біз бұл Адамдармен газетті бірге шығарып қана қойғанымыз жоқ, бірге адамша қызмет еттік, адамдық, кісілік дегеннің не екенін білдік, Адамдармен адамша қарым-қатынас жасауды үйрендік. Бүгінде біреу «Түркістаннан» не алдың десе, мен ең алдымен осыны алға тартамын, үлкендерден алған өнегемді, Адамдардан көрген жақсылығымды айтамын!

Бұл жөніндегі сөзімді тура бірінші Әбекемнен – Әбіраш Жәмішевтен сабақтағым келеді. Кезінде ол кісі дүниеден қайтқанда, жүрегімнің бар жылуын білдіріп «Жауапты хатшы Жәмішев» деген мақала да жазғанмын. Өйткені ол да маған өз жылуын аз төккен жоқ еді. Бұл жөнінде аталған мақалада біраз ақтарылғаным бар. Ал қазір қысқа қайырсам: 76-ның күзінде студент мені суықтау қабылдап, артынша баласындай бауырына тартқан да, 80-ші жылдың маусымында Сайынға айтып, «Қазақ әдебиетіне» қызметке алдырған да, содан 83-тің күзіне дейін дәл өзіндей «қысқарту мен ұстартудың» нақ шебері етіп шығарған да сол ағам – сол Әбекем еді ғой. Сосын… 91-дің күзінде, «Заман-Қазақстан» жаңа ашылып жатқанда, баяғыда «Қазақ әдебиетінде» қайрап-қайрап қалдырып кеткен «өткір қайшысын» тағы да өзіне шақырған ғой. «Шақырғаннан қалма!». Әсіресе, Әбекем шақырса қалай қалайын. Келдім.

Қызметкерлердің негізгі құрамы жасақталып қойыпты. Бас редактор – Қалағаң, Қалтай Мұхамеджанов, бірінші орынбасары – Бейбіт Сапарәлі, жай орынбасары – Әбілмәжін аға Жұмабаев. Жауапты хатшысы – өзімнің Әбіраш ағам. Енді міне біз келдік: Жұмагүл, Нұрқасым, Сәбит, Абзал.

Өстіп бәріміздің басымыз түгенделді-ау дегенде Қалағам «ұлы құрылтайын» шақырып жіберсін. Бірінші жиын. Бірінші бас қосу. Төрде – Қалағаң, екі жағында – екі Әбекең. Біз оларға тік қарай алмаймыз. Үлкен адамдар. Үлкен қызметте болған кісілер. Анау Әбілмәжін аға «Жазушы» баспасының директоры кезінде есігінен сығалай алмайтынбыз. Мына Әбіраш ағаға қанша жақын жүрсек те, бетпе-бет келгенде біртүрлі мысы басып тұратыны бар. Ал Қалағаңның жөні тіпті бөлек. Аты аңызға айналған кесек тұлға, бүкіл қазақтың Қалтайы. Ал қазір сол ағаның алдында отырмыз. Не дер екен? Сөзін неден бас­тайды? Күткеніміз – әрине, ресми сөз, басшыларға тән жуан дауыс, өктем үн. Сонда ол не деді дейсіз ғой. Алғашында, расында кәдімгі басшы сияқты салмақты-ақ сөйлеп отыр еді, бірақ соңғы жағы былай жалғасып кеткен. 

– Мен өзі бұған дейін анау-мынау жорнал болмаса, есі дұрыс қабырға газетіне редактор болмаған адаммын. Сондықтан сендер газетті ойлаңдар, ал мен сендерді ойлайын… Естіп отырсың ба, әй, Сары шал? – деп оң жағындағы Әбілмәжін ағаға қулана қараған…

– Е, естіп отырмын ғой. Естідім, – дейді ол көкшілдеу көзі күлімсірей түсіп.

– Өй, сенің құлағыңды! – деп Қалағаң кесектеу мұрнын бір сипап тастап, сөзін әрі созған. (Кейін білдік, Қалағаң бұл Әбекеңмен ылғи да ойнап отырады екен. Сондай сәтте құрдасы не десе де Әбекеңнің жылы жымиып қана қоятыны қандай әдемі еді, шіркін!).

– Анау түрік жағымен жақсы келісімшарт жасадық, – деді сосын Қалағаң. – Өзіміздің жеке редакциялық үйіміз, жеке шотта ақшамыз, қайқайып мініп, шалқайып отыратын екі-үш машинамыз болады… Айлықтарыңды доллармен, дорбамен аласыңдар. Сендер үшін енді Түркияға бару Түргенге барудан оңай. Таңертеңгі тамақтарыңды Алматыдан ішіп, түстіктеріңді Стамбұлда жасап отырасыңдар… Тек сендерге бір өтінішім – мына газеттің бір нөмірін шығарып бір-ақ кетіңдерші.

Бәріміз ду күлдік. Алдымызда аюдай ақырған басшы емес, кәдімгі Адам отырғанын сезіндік. Арамызда сабырлы қалпын сақтаған Әбіраш аға ғана. Ал «сарышал» Әбекең:

– Әй, Қалтай-ай, басымызға жұмақ орнататын болдың ғой, – деп жылы жымиып қойды.

– Бірақ жұмақ екен деп жұмысты ұмытып кетпеңдер, – деді Қалағаң.

–Иә, иә, жұмыс істеуіміз керек. Ең алдымен газетті дұрыс шығаруымыз керек! – деп Әбіраш аға бәрімізді көзімен бір шолып өткен.

Осы сәтте Әбекеңнің көңіл күйін мүмкін мен ғана түсінген шығармын. Манадан бері бұл кісі Қалағаңды тыңдағандай болып отырғанмен, негізгі ойы газетте екенін ішім сезген. Себебі, сонау 76-дан бері мен білетін Әбекең тек газет үшін туғандай еді. Шындығында, арамыздағы нағыз «газетчик» те сол кісі болатын.

Сонымен жұмыс басталды. Алғашқы күннен байқағаным: Қалағаң қабырға газетін былай қойғанда, тура «Правданың» бас редакторы болғандай-ақ екен. Газетке нені беру керек, қалай беру керек, қайда барып, кімдермен сөйлескен жөн, халық нені оқып, нені білгісі келеді, мұрағат қорларында қандай құнды дүниелер бар – бәрі-бәрін бізге айтып, не істеу керектігін шегелеп тапсырып отырады. Кейде «әй, мынаны оқып пайдаланыңдаршы» деп өз үйінен де әлдебір ескі кітап, көне жорналдарды алып келеді. Қадымша, жәдитше жазылған оларды Нұрқасым аға аударып, газетке үзбей жариялайды. Мысалы, кезінде Қазанда басылған «Шора» журналынан өз тарихымызға қатысты қаншама құнды дүние бергеніміз әлі есімде. Ал Қалағаңның өзі мақаланы біз сияқты қаламмен жазып қиналмайды, тікелей «диктовка» жасайды. Оны қағазға басатын қыз әрең үлгеріп отырады. Кереметі сол, Қалағаңның ол мақаласы тіл жағынан татаусыз төгіліп тұрады. 

Лездемеміз өте қызықты өтеді. Қалағаң қалжыңдап отырып-ақ небір әдемі әңгіменің тиегін ағытады. Біріне күлеміз, біріне ойланамыз. Жоқ, күлгеннен гөрі ойланатын кезіміз көп. Қалай ойланбайсың, кейде өмірі естімеген, білмеген сөздерді естиміз. Халқымыздың тарихына, жалпы түркі дүниесіне қатысты қаншама тың дерек­терге құлақ тосамыз. Телегей теңіз білім. Білгенін қазақтың қарапайым сөзімен-ақ кестелеп, өрнектеп, қызықтырып жеткізетін сұлу тіл. Тіл демекші, ол Шығыс шайырлары туралы қазақша түсіндіре келіп, енді бір сәтте олардың рубаиларын парсыша, түрікше сайрай жөнеледі. Аузымызды ашып біз отырамыз. Тағы да тіл демекші, Қалағаң тіл мәселесіне ерекше мән беретін. Газеттің, әдебиеттің, ұлттың!

– Сөздің жаны бар. Орнын таппаған, зорлықпен қыстырған әр сөз жылап тұрады, – дейтін ол.

– Ең өкініштісі, тілді қарапайым халық емес, мына сендер сияқты тілшілер, оқыған-тоқығандар бүлдіреді, – дейтін тағы да ол.

– Публицистика – уақыттың тынысы, әдебиет – сол уақыттың психологиясы. Яки әдебиет – адамның, заманның, қоғамның жан-дүниесі. Ал жан-дүниенің құлпын тіл деген кілтпен ғана ашасың, – дейтін және де. 

 «Сендер газетті ойлаңдар, мен сендерді ойлайын» деген сөзінің түп мәнісін біз кейін түсіндік. Шындығында ол газетті де, бізді де ойлады. Бізді, әрине, көбірек. Ауыратын аяғын сүйрете жүріп, біздің үй-жайымыз, тұрмысымыз, айлығымыз бен шайлығымыз үшін ашпайтын есігі, кірмейтін тесігі жоқ еді жарықтықтың. Өстіп жүріп Бөгенбай мен Сейфуллиннің қиылысынан екі қабатты, отыздай бөлмелі үйді алды редакцияға. Өстіп жүріп бес-алты жалаңаяқтың қолын жеке пәтерге жеткізді. Мен сияқты жаяуды «атқа» мінгізді. Бұған қоса сырттан көмек сұрап келетін ағайын-жекжат, таныс-бейтаныстар да жеткілікті. Солардың ішінде әсіресе шеттен келген қандастарымызға деген Қалағаңның жанашырлығы тіптен бөлек-ті. Олардың жоғарыға жеткізетін, төменге жетелеп апаратын шаруасы бір басқа, кейде тіпті бухгалтер Рая екеуімізді шақырып алып:

 – Мына кісі Моңғолиядан келіпті. Қайбір жетісіп жүр дейсің. Шотта қанша ақша бар? Бірдеме та­уып берейік те, – дейтіні де есімізде. Шоттан шықпаған «дүние» ақыры өз қалтасынан шығатын да кезі болатын. (Бұған мысалдарды бұрынғы естеліктерімде жазғанмын. Сондықтан тағы қайталамай-ақ қояйын).

Сол күндері және бір көзім жеткені: Қалағаң қай бастықтың алдына кірсе де бір шаруасын бітірмей шығатын кезі жоқ-ты. Сондағы қуанышын көрсең. Көзі күлімдеп, аузы жыбырлап шығады алдымнан.

– Сонымен не бітті, аға? – деймін мен.

– Сонымен сол бала ханның қызын алып, мұратына жетіпті, – дейді ол мәз болып. Түсінікті. Мәселе шешілді деген сөз!

Бірде өстіп бір әкімнің кабинетінен өте көңілді шыққан.

– Не болды, аға? – деймін мен.

– Өй, не болғанын сұрама. Жеті жұрттың тілін, жеті ғаламның сырын білетін қасқа екен, – дейді ол. Сосын менің құлағыма сыбырлап, былай дейді:

– Тіпті Абайды да біледі екен!

– Қалай?

– Былай. Мен Абай туралы айта бас­тап едім, ол: «Ой, Қалаға-ай, Абайды кім білмейді. Ол тақпақ жазатын адам емес пе!» – дегені ғой.

Әйтеуір, Қалағаң не айтса да соңын күлкімен бітіреді. Қайдағы жоқ сөзді қайдан табатынын да білмейсің. Қараңыз. Алматыда, бесінші қабаттағы бір министрдің кабинетіне көтеріліп келеміз. Жаяумыз. Екі аттап бір демаламыз. Басқыш тік. Көтерілу мұң. Қалағаң жоғарыға қарап:

– Шаңырақтан еттің иісін сезсе, соқыр мысық соған секіреді. Жүр, Дидахмет, жүр! – деп қояды.

Қалағаң қалжың айтқанда, мынау үлкен, мынау кіші, ал мынау менің қызметкерім демейді. Кірген жерінде кімді болсын күлкіге көміп кете барады. Әйтпесе былай дей ме ол. Мені Президенттің баспасөз қызметіне қосып Германияға ұшырып жібереді де, ертеңінде тілшілер бөлмесіне кіріп:

– Сендер радиодан мына хабарды естідіңдер ме? – дейді үлкен бір жаңалық айтатындай болып.

– Не туралы? Қандай? – деп қыз-жігіттер елең ете қалады. 

– Кеше Германия канцлері Гельмут Коль біздің Дидахметті қабылдапты. Ал бүгін Нұрекеңмен кездеседі екен, – дейді.

Жә, болды! Жалпы, өз басым Қалағаңның қалжыңдарын көп айтуды қаламаймын. Тере берсем, менің күнделіктерімде бұл туралы бір кітапқа жетерлік дүние бар. Бірақ тергім келмейді, себебі Қалағамның қалжыңдарын айтқан сайын оның адамдық тұлғасы, адамгершілік қасиеттері тасада қалып қоятындай көрінеді. Ал жанында сегіз жыл жүрген мен үшін бәрінен де осы қымбат. Ұрпаққа тәрбие, өнеге үшін де осы керек. Ал шын мәнінде жақсылығын жан-жаққа шашып жүретін, жүрек жылуын жақынға да жатқа да аямайтын, өзінен бұрын өзгені ойлайтын, бар қазақты бір қазақтай көретін мұндай адам сирек туатын шығар. Айтсақ, алдымен осыны айтайық. Шүкіршілік, айтып та жүрміз.

Бұл жағынан мен әсіресе Көлбайға ризамын. Адырбекұлына. Редакциямыздың сонау «Заман»-нан бергі қызметкері. Бәрін көрген, бәрін ойға түйген. Енді соларын мөрдей етіп қағазға түсіріп жүр. Оның Қалтай Мұхамеджан, Әбілмәжін Жұмабай, Нұрқасым Қазыбек туралы жазғандарын да мақала емес, жыр десе болғандай. Жүректі тербейтін, көңілді қозғайтын жыр. Ал адам тағдыры, заман зары жайында жазғандары және бір төбе. Олардың қай-қайсысы да бүгін оқып, ертең ұмытылатын дүние емес. Тек соңғы Әзімбай Лекеров пен Лаврентий Берия туралы мақалаларында қаншама шындықтың беті ашылғанын білесіздер ме! Білмесеңіздер, оқыңыздар! Осы Көлбайға жасаған біздің бір қиянатымызды да жасырмаймын. Ол – ұзақ жыл оны осы газетімізге жауапты хатшы ету. Кез келген редакцияда бұл жұмыстан ауыр жұмыс жоқ. Бұны мен «Жауапты хатшы Жәмішевте» жеріне жеткізе айтқанмын. Рас, жауапты хатшы болып жүріп бірдеме жазуға болар, бірақ көсіліп, есіліп жазуың екі талай. Бұған Жәмішевтің қолы келгенмен, Көлбайдың әлі келмеген. Оның көсілгені де, есілгені де – соңғы жылдары ғана. «Жаухатшыдан» құтылған соң.

…Міне, мен редакцияда отырмын. Баяғы «Түркістанда». Баяғы орынбасармын. Жоқ, мен бірінші орынбасар да болғанмын. Ол кезде Жаңабек – жай орынбасар. Қазір бірінші. Ештеңе жоқ, Путин – Медведев сияқты бір-бірімізге қызметті кезек беріп отыра береміз… Әне, баяғы Айнаш, баяғы Көлбай. Көзге ыстық ескікөздер. Сонау күндердегі қайран ағаларымның қазір мұнда бірі жоқ. Бірақ олардан мирас боп қалған бір жылылық бар. Ол – мен бастықпын, сен қызметкерсің демейтін, үлкені де, кішісі де әзіл-қалжыңсыз жүрмейтін, бір-біріне жақсылық пен жанашырлықтан басқаны білмейтін – адамдық қасиет. Көргенді деген сөз осындай да еске түседі. Бұл жағынан қазіргі «түркістандықтардың» көргені бар. Кешегі Ағалардан! Алыптардан! Соның бірі… жо-жоқ, айтпаймын. Ол өзін қойып газеті туралы бір жылы сөз айтсаң ұнатпай қалады. Мақтасақ, анау қыздарды мақтайық. «Түркістанды» «Түркістан» етіп отырған төрт-бес қыз дегенді мойындайық. Әне, кезінде біз бара алмаған шет елдерде солар жүр көк туды желбіретіп. Міне, біздің тісіміз батпаған талайлардың шаңын қағады олар бұрқыратып. Қазақ десе – қанын, ұлт десе – жанын беруге де даяр – солар. Оларды біреулер қасқыр дейді. Қасқыр өзімен кетсін, біздің қыздар – редакцияда Қыз Жібек, сыртта – шетінен Тұмар ханым ғой.

Солай! «Түркістан» деген осындай газет, ағайын!

Серіктес жаңалықтары