Қазақша сөйлеген жетінші фильм

Қазақша сөйлеген жетінші фильм

Қазақша сөйлеген жетінші фильм
ашық дереккөзі
500

Қазақтың жеті санының киелі екені рас. Жеті қазына, жеті ата, жеті жарғы, жеті керемет, жеті  қат көк, жеті қабат жер, жеті… ары қарай жалғаса береді.  Әрине, мұның киелі жетіге қатысы шамалы да шығар, дегенмен, «Жаңа Өрмекші-адам: Кернеген қуат» фильмі – ана тілімізде сөйлеген голливудтық жетінші фильм. 

Бұған дейін қазақ көрермендеріне арнап, қазақша дубляжбен бірнеше фильм көрсетілген-ді. Олардың қатарында «Көліктер-2» («Такси-2»), «Қара киімділер-3» («Люди в черном-3») фильмдері де бар. Қазақ тілінде дыбысталған фильмдердің сапасы өте жоғары, әрі көрерменнің де ыстық ықыласына бөленгені белгілі. Бұл жолы «Жаңа Өрмекші-адам: кернеген қуат» картинасы «Болашақ ассоциациясы, «Алтын Қыран» қайырымдылық қоры және MARWIN компанияларының қолдауымен қазақ тіліне аударылып отыр. 

Апта басында Астанада «Нұр Отан» партиясының қолдауымен картинаның алдын-ала көрсетілімі ұйымдастырылды. «Жаңа өрмекші адам» осымен жетінші тілге аударылды. Бұған дейін фильмнің кейіпкерлері ағылшын, француз, испан, неміс, португал және орыс тілдерінде сөйлеген екен. Алғашқы «Жаңа Өрмекші-адам» фильмінің әлемдік кассалық жиналымы өз бюджетінен үш есеге асып түсіпті.  

Фильмдегі бас кейіпкер Питер Паркердің дауысын театр және кино актері Мерей Әжібеков, Гвен Стейсиді Әлима Қайырбекова, Макс­велл Диллонды Азамат Қанапия дыбыстады. Қазақ тіліндегі дубляждың режиссері Әйгерім Оңалбек. 

Әйгерім бұл фильмнің алғашқы аударма емес екенін айтады. «Сондықтан да аударма мәселесінде еш қиналған жоқпыз. Түпнұсқадағы көңіл күй, кейіпкерлердің образы қазақша аударылғанда шы­найылықтан алыстай қойған жоқ. Әйтсе де актер таңдауда біраз кедергілерге тап болғанымыз анық. Қажетті тұстарда шетелдік әріптестеріміз өз көмегін аямады. Ақыл-кеңесін беріп, шетелдегі компаниямен тікелей байланыс жасауға мүмкіндік туғызды», – дейді дубляж режиссері. 

Фильмді қазақшалауға «Алтын Қыран» қайырымдылық қоры қаржылық қолдау көрсетіпті. «Алтын Қыран» бұған дейінде бірқатар фильмдерді қазақ тіліне аударуға себепкер болған еді. 

Алдын-ала көрсетілімге «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек, «Мирас» қоғамдық кеңесі, ҚР жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес мамандары, мәдени және шығармашылық өкілдері, бизнесмендер пен саясаткерлер қатысты. 

Фильмдегі басты жағымсыз кейіпкерді сомдау Азамат Қанапияға тиесілі болыпты. Азаматтың бұрынғы жобалардағы дауысы да көрерменнің ризашылығына бөленген еді. Актерге Disney тарапынан да үздік баға беріліпті. 

«Өрмекші адамды» көрерменнің  қазақша көруге ниет білдіріп жатқанын естіп қуанып қалдым, – дейді Азамат. – Бұл қазақ тілінің мәртебесінің өскенін көрсетеді. «Болашақ» қауымдастығы бұл жұмыстарды қазақ тілінің қолданысын кеңейту мақсатында қолға алған болатын. Енді, міне, фильмге деген сұраныс артып отыр. Бұл біздің еңбегіміздің еленіп, үмітіміздің ақталғаны деп білемін».

Әрине, «Болашақ» қауымдастығы қолға алған бұл игілікті шара қазақ тілінің мәртебесінің кеңеюіне де өз ықпалын тигізетін болады. Қазақ балалары келешекте бұдан да өзге голливудтық өнімдерді қазақ тілінде тамашалап жатса, құба-құп. Бұл ана тіліне деген балалардың ерекше құрметін оятар еді. Балаларға арналып, көрсетіліп жатқан голливудтық өнімдер өте көп. Сол фильмдердің негізгі көрсетілімін прайм-тайм уақытында тамашалай алса, тіптен жақсы. 

«Жаңа өрмекші-адам: Кернеген қуат» бүгіннен бастап, еліміздің кинотеатрларында көрсетіле бастайды. Әзірге фильм туралы жағымды пікірлер айтылуда. 

Серіктес жаңалықтары