ТҮРКІСТАН ДЕП ТОЛҒАНСАМ

ТҮРКІСТАН ДЕП ТОЛҒАНСАМ

ТҮРКІСТАН ДЕП ТОЛҒАНСАМ
ашық дереккөзі

Белгілі ақын Сейфолла Оспан «Түркістанның» іргетасын қаласқан белді ағаларымыздың бірі. Оның қаламынан туған мақалалары газеттің алғашқы нөмірлерінде бірінен соң, бірі жарық көрді. Бүгін біз бірнеше жыр жинағының авторы Сейфолла Оспанның өзінің төл газетіне арнаған туындысын жариялап отырмыз.


ТҮРКІСТАН – жерімсің сен АЛЛАМ сүйген


Түркістан – Түркі әлемі тұнған аңыз

Төрінде Тұран ойпат тұрған нағыз,

Айбарың жер әлемді дүр еткізген

Бір кезде тауса алмастай жыр ғып 

Абыз.

Көкжалым Арғы атасы нұрға қонған,

Барша әлем санасатын тұлға болған.

Бүгінде отыз екі ұлтты ел боп

Бірлікті берді өзі құдай оңнан.

Көк аспан Көне Түрік шаңырағы

Шарт сынып талай заман аңырады.

Қақ төсін қара жердің тұлпар тарпып,

Найзағай көгінде ойнап жарылады.

Жел ескен айдарынан сан шәһәрдің

Айбынын бір өзі алып бар нәһәннің,

Өткеріп қуанышын барша Түркі

Уытын бірге жұтты сан зәһәрдің.

Тұраннан Түркі болып туындаған

Жүрегі талай дұшман суылдаған,

Түркістан: қазақ, өзбек сан мың 

бауыр

Тұсында ұлы шаңырақ дуылдаған.

Бір жағы, Қиыр Шығыс жатқан жота,

Бір жағы, қолда ойнаған Еуропа,

Оңтүстігі Үндімен ұштасатын

Ел едік берекелі тапқан опа.

Озық ой Әмір-Темір гүрілдеген,

Жәһәнға Түркістан боп дүрілдеген,

Бейбарыс, Атиллалар осы өңірден

Түлепті, сан дұшпаны дірілдеген.

Із тастап елден ерек Тұмар ханым

Өртеніп шыққан дара от боп жалын,

Қан құйған қаһарынан небір залым

Олжалап кете алмаған шыбын 

жанын.

Бастаған әулиені Арыстан баб,

Абырой таба алмаған алысқан жат.

Түркістан жерімсің сен Аллам сүйген

Құт болып қайта қонған қайрылған 

бақ.

Бірінен бірі өткен бәрі осының,

Ерлігі Тұран ойпат баласының.

Түркістан сол тұғырдың Пірі болдың

Бір өзің табынатын дана шыңым.

Сақтайтын мәңгі-бақи қарашығым!

Түркістан – Түркі әлемі тұнған аңыз,

Төрінде Тұран ойпат тұрған Абыз.

Айбарың әруақты өрши берсін,

Көкжалым көгін тіреп тұрған нағыз.

Таси берсін 

Түркістандық мерейім

Отырардың маңайында Испиджаб

Қаласы бар айтар аңыз еске сап.

Сол қалада Қожа Ахмед Яссауи

Туыпты өзі күндерде бір іске сәт.

Жаны жарық, сөзі қанық, өзі адал

Көкірегімен күмбірлеткен не ғазал.

Білім қуып, ішпей уыт, ойға суыт

Еніп кеткен бата алмастай сұм ажал.

Табиғаты бір Алланың жолында,

Шариғаты санасында, қолында,

Бар тағдырын қанағат жыр билеп ап

Тербетілген тек адалдық қомында.

Дүниең де жауын алар көзінің,

Байлығың да еркін алар өзінің,

Сұлуың да талқан болар төзімнің

Бұза алмаған қанағатын өзінің.

Алдамшылық небір сиқыр сөздерің

Не алаяқ кейпін берген өзгенің,

Өркөкірек ожар жандар санасыз

Дәрменсіз боп сала алмаған безбенін.

Даналықты жұмсақтықпен баптаған,

Алла сөзін инабатпен ақтаған.

Бір жан еді ол, ел күнәсін арқалап

Шыбын жанын дозақ отқа қақтаған.

Ахметтің бұл бір жолын шырақтай,

Дүние қоңыз пенделерің ұнатпай,

Оңашартып тастағысы келген-ді

Небір мықтың жолын бөгеп сынаптай.

Бірақ оны Аллам өзі ептеді,

Дарымады жамандықтың дерттері.

Уағыздары нұрын шашып қайта оның

Арамдардың құрықтары жетпеді.

Қағидалы қалыптасқан санамыз,

Пенделікке ерік бермей бабамыз,

Ғұмырын да 63-пен шектеген

Тәуелді етіп табынардай бар аңыз.

Содан да оның асылдығы өшпеді,

Қасиеті де өзгелерге көшпеді.

Жатқан жері Түркістан боп тарихта

Талай елді Тәңірідей төстеді.

Омырауынан сәуле шашып күн көзі,

Шариғат пен шапағаттың күмбезі,

Түркістан боп тұрып қалды мәңгілік

Билеп алған құдыреттей шыңды өзі.

Әруағың аса берсін Түркістан

Қожа Ахмет түлегі еді Яссының

Яссы болды орталығы жақсының.

Сол жақсылық Түркістанды тұрғызды

Түркі елінің айбарындай асты үнім.

Қожа Ахмет құдыреті «құлшылық»,

Құлшылықтан өрбіп жатты тіршілік.

Адалдықтың, тазалықтың тамыры

Өніп шықты Яссы болып бір шыбық.

Ұласты ол Пайғамбардың ісімен,

Ұлығат боп бір Алланың күшімен.

Қанағаттың қанаттанған рухы

Орын тепті мұсылмандық ішінен.

Сол қасиет айдап Әмір-Темірді

Алып келді бағалауға өмірді.

Даналығы Қожа Ахмет еріксіз

Көзіне оның құдыреттей көрінді.

Сол құдырет көтерілді күмбез боп,

Шақырды да жатқан елді күнде ез боп,

Сенімдерін сіңіріп ап бойына

Шапақ атты жан-жағына күн кез боп.

Алла қолдап Түркістанның даңқы асты

Яссауимен қос өрімдей алға асты.

Десе елім «Мекке жақта – Мұхаммед,

Түркістанда – Қожа Ахмет» жалғасты.

О, Түркістан, түлеп қайта орнықтың,

Не зардабын тарттың өзің қорлықтың.

Ғасыр бойы іштей тұнып ғұмырың

Лақтырды ақыр тауқыметін зорлықтың.

Айбары боп Орта Азия айбатты,

Айдары боп Орта Азия қайратты,

Қайран менің Түркістаным жасай бер,

Қасиетті әруақ боп Ардақты.

Елбасы боп Түркілердің салмақты,

Ордасы боп Мұсылманның жан-жақты!

Ештеңе емес енді бізге қалған мұң

Отыз екі рулы ел боп бөлінбей,

Тұрған шақта Түркі әлемі өрімдей,

Отыз екі тістен шыққан аңызың

Тұнған тұста көкіректе төгілмей.

Тұран жұрты жатты жалпақ тұтасып,

Құран болып жеткен жері ұштасып,

Сонау алғаш әлімсақтан санаға

Сіңген қалам – ТҮРКІСТАНЫМ, бұл 

ашық.

Аяқ жетер барша әлем атырап,

Түркі әлемнің қаһарынан қалтырап,

Қайта жасап түлеген де дүние

Көк бөрі де ойнақ салған жарқырап.

Бұл ТҮРКІСТАН сонда тұрған 

дүрілдеп,

Күннен туған елдей-ақ бір күлімдеп,

Жұмыр жерді уысына ұстап ап

Жүрек жұтқан тұлғасымен гүрілдеп.

Қожа Ахмет Яссауиін туғызып,

Күдік пенен үрейлерді қуғызып,

Әмір-Темір көреген боп тарихта

Арай төккен әруағын тұрғызып.

Қастер тұтар қасиетті топырақ,

Жайға айналып тағзым етер атырап.

Жарты әлемге имандылық шапағын

Төкті Тұран қақ төрінде жатып ап.

Сан сенімнің шытынатып шатырын,

Өзегінен елжіретіп ақырын,

Айналаңды мұсылман ғып бір тұтас

Үйірдің сен ТҮРКІСТАНЫМ, батырым.

Қол жетпейтін күмбез болдың көгі күн,

Тірі түгіл ұлылардың өлігі

Құмар болған құшағыңа ТҮРКІСТАН

Өріліп тұр ұлтыңменен өмірің.

ТҮРКІСТАНЫМ түлеп қайта 

жандандың,

Күніндей боп көкірегінде бар жанның,

Жасырынып келдің-дағы жарқ еттің

Ұшар биік қиясындай арманның,

Ештеңе емес енді бізге қалған мұң!

Сотталған сөз – «Түркістан»

Оқыдық біз не хикая қырқысқан,

Елін қорғар ерлеріңді тұс-тұстан,

Бірақ өзің асып түстің бәрінен

Қастер тұтқан қасиетім Түркістан!

Қайрат берер тұнбаң бар-ау бойыңда,

Түршігетін бет қаратпас сойың да.

Кешегі өткен қызыл көздер қып-қызыл

Шоқ басқандай болды сенің тойыңда.

Қыбы қанған жер тезек боп шыбынша,

Міз бақпайтын бүкіл халық қырылса,

Есіміңді есіне алса бір сәтке

Безгегі ұстап атылатын тығынша.

Жойғанменен небір жанды зиялы,

Тұлғаларды кімнің көзі қияды.

Сол жауыздар дүбірлетіп жатқанда

Сенің атың бар арманын тияды.

Қолданатын барлық қару ұрыста,

Зеңбірек те, пулемет те, қылыш та,

Сенің атың аталғанда қақалып,

Бас ұрғандай болды бәрі құрышқа.

Ататтырмай атыңда атты шоланға,

Үрейленді қауіптеніп содан да.

Атып тастар жан емессің бірақ та

«Халық жаудан» бетер болдың қоғамға.

Тұншықтырып өзіңді олар соттады,

Арайланып атар таңым атпады.

Бірақ өзің жүректерге ұялап

Қазақ біткен қуат көз ғып сақтады.

Сезімдерде серіппелі қарудай,

Ұлт-намысты бейне тұмар дарудай,

Сағыныш боп сақталдың сен халқыңда,

Өзің-дағы сіңіп кеттің арудай.

Егемендік алған кезде тұс-тұстан,

Жау жанарын найзағайдай қырқысқан,

Ысырдың да шыға келдің Күн болып

Айбары асқан Әруағым ТҮРКІСТАН!

Жан көрмедім 

Қожа Ахмет бабамдай

Бойы таза, ойы таза ыластан,

Хикметімен адамзатқа сыр ашқан,

Жан көрмедім Қожа Ахмет бабамдай

Жан дүниесі ашық күнге ұласқан.

Пәк сәбидей қашық жүрген күнәдан,

Санасына кіріп алар бінәдан,

Өзін бұзбай, салқынын да тигізбей

Алып шыққан бұл не деген ұлы адам.

Күрсінсе де пәктігімен күрсінген,

Қуаныш та беріліп тұр дүрсілмен,

Күрессе де ақылменен күрескен

Жан емес ол сәл боса да күпсінген.

Бата алмаған пәктігіне сайтандық,

Тас түнекке жарық төккен жайсаңдық,

Надандыққа нақылменен жол ашқан

Кеудесі оның күмбірлеген күй сандық.

Нәпсі біткен шектелумен шоқтанып,

Ынсапсыздық ұлағатпен тоқталып,

Өз-өзінен өнеге боп өмірге

Нұрын шашып тұрған сынды от дарып.

Тағдыр жазған артық көріп өмірін,

Даналықпен ауыздықтап көңілін,

Мына жалған жарықты да шақтаған

Түсірумен көлеңкесін көрінің.

Адал жолды ақиқатты сілтеген,

Арсыздыққа шоғын атқан білтемен,

Мір оғындай құдай салған аузына

Сөзін айтып, жаза алмаған мүлт өлең.

Көз алдымда тағдыр өзі сұраған,

Сөзі сара, өзі дара тұр адам.

Аллам сүйген құлы болса бір адам

Қожа Ахмет бабам болар ұнаған.

Бойы таза, ойы таза ыластан,

Хикметімен адамзатқа сыр ашқан,

Жан көрмедім Қожа Ахмет бабамдай

Жан дүниесі ашық күнге ұласқан.

Құтты болсын жиырма жылың нұр құшқан

Қансоқта ғып жас ұрпақты жүзі нұр –

Егемендік алғанымыз үздік жыр.

Қасиетті төл үніміз «Түркістан»

Жарық көріп жиырма жылдай төккен сыр.

«Түркістаным» алтын айдар 

айбыным,

Басын бір сәт қайырғандай 

қайғының.

Кеше ғана көкірегің күрмелсе,

Бүгін сенің ашылды елге айдының.

Көп кедергі кездеседі әлі де,

Шемен жүрек бара алмай жүр әріге.

Шиыр жолдар шимайланған шырмалып,

Ұласпауда арайлы таң сәріге.

Шығаратын жасқаншақтық талқанын,

Қуат көзі үзіп шылбыр арқанын,

Ел басымыз беріп отыр оң пиғыл

Айтқызбай-ақ көтереді ел қалғанын.

Тізгінді алған танымы мол ғұлама,

Түбегейлі түп-тамырлы сұлама.

Алтын тамыр шежіресін халқының

Дөп басатын жаңылмастан дүр аға!

Тілмен төгер көне тарих зардабын,

Елім өзі түсінер деп ар жағын

Қақыратып айтуға ол сақтанар

Шыңдай алмай берік тұғыр арманын.

Көз алдында замананың ағымы,

Соған орай қалыптасқан арыны.

Түгін тартса майы шыққан жеріндей

Ағамыз ол тәңірідей тағлымы.

«Түркістаным» басқаша айтсам – 

Қалағаң

Қасиет бар қастер тұтар бар адам.

Шежірелі әмбебабы ол елдің

Сабыр сақтап аста-төксіз қалаған.

Ел ажары өшпейтұғын бақ пен тақ,

Тақ иесі әрқашанда елге жақ.

«Түркістаным» рухани байлығым –

Көкбайрағым мәңгі енді сақталмақ.

Құтты болсын жиырма жылың 

«Түркістан»

Түркі әлемі ту ғып ұстар тұс-тұстан.

Көне тарих даналығын жаңғыртып,

Жаза бер сен, бақытыңды нұр 

құшқан!!!

Бабтың бабы,

Арыстан баб – әулием

Уа, Аллам, жаратқаным, жан ием,

Кешір мені ағат болса тәрбием.

Жерде мына, Бабтың бабы атанған

Тұғыр болшы, Арыстан баб – әулием.

Тұғыр болшы, Арыстан баб – әулием,

Пенделіктен кердең қаққан жанды 

иер.

Өздерің ғой қастер тұтар Бабалар

Сыйлап өтсем қонардай-ақ бар киең.

Аллам өзі адамға бақ жолдайды

Өлі әруақ ырзалықтан қолдайды.

Жаны таза, ары таза жандарда

Қиналса да әсте арамдық болмайды.

Қайда барсам топырағым киелі,

Барша әлемің аңызға бас иеді.

Адасудан қолын сілтеп кеткен жан

Тәубесіне келіп қайта сүйеді.

Болса да өлкем қанша жерден кең 

байтақ,

Елім мынау, жатқан қалың ен жайлап.

Бабаларым құт-береке дарытып,

Айдарым да сыр білдірмес желге ойнап.

Сезік туып сескенгенде тулап бақ,

Күйге ендірген Аллам өзі қуаттап,

Бар әулие, әмбиемнің киесі,

Қалай ғана қас дұшпанды шыдатпақ.

Содан да біз төзімді ел боп келеміз,

Болашаққа өзімізді жегеміз.

Барша әулием өздеріңнен тілерім

Өз халқыңды әрқашанда жебеңіз.

Армандаған шықтық бүгін айдынға,

Қосарланып қалмай қойды қайғың да.

Жарқын жүзі бәсең тартқан халқыңның

Суаршы өзің алаулатып айбынға.

Уа, Аллам, жаратқаным, жан ием!

Кешір мені ағат болса тәрбием.

Жерде мына Бабтың бабы атанған

Тұғыр болшы, Арыстан баб – әулием,

Өздеріңмен бірге әмәнда бар кием.

Сейфолла Оспан