ҰЛТТЫҚ БАНКТЕ – 100 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР

ҰЛТТЫҚ БАНКТЕ – 100 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР

ҰЛТТЫҚ БАНКТЕ – 100 МИЛЛИАРД ДОЛЛАР
ашық дереккөзі
242

Жуырда Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келімбетов Үкімет отырысының қорытындысы бойынша брифинг өткізді. Брифингте қаржы секторын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайы сөз болды.

Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келім­бетов біраз уақыт бұрынғы ва­люта бағамына енгізілген түзе­ту­л­ердің ел экономикасына оң серпін бергенін атап өтті. Қайрат мырзаның сөзіне сүйенсек, бірінші тоқ­санның қорытындысы бойынша ағымдағы есепшоттың оңтайлы сальдосына қол жетіп отыр. Оның жалпы көлемі 5,5 млрд. долларды құрады. Өткен жылы ағымдағы шоттың төлем балансының теріс сальдосы қалыптасып, оның деңгейі минус 118 млн. доллар көлемінде болды. Яғни, осы орайда жүргізілген валюталық түзетулерде экономиканың оңтайлы қарқынын байқауымызға болады.

Ұлттық банк төраға­сы­ның мәлімдеуінше, «Макро­эко­но­ми­калық көрсеткіштерге сәйкес, сәуір­де инфляция өсімі 0,6 пайызды құ­рады. Бірінші тоқсанда оның деңгейі 3,3 пайыз еді. Ал 4 айдың қорытындысында 3,9 пайызға жетті. Өткен жылы осы кезеңде бұл көрсеткіш 4,8 пайыз болды. Ақпан айындағы инфляция сер­пілісін есепке алмағанда, біз құнсыз­да­нудың қалыпты қарқынына қайтып келіп отырмыз», – деді.

Бас банкир инфляцияның қалып­ты деңгейде екенін айтады. Атап айтар болсақ, сәуір айында инфляция 0,6 пайызды құрады. Бірінші тоқсанда оның деңгейі 3,3 пайыз болып, төрт айдың қорытындысы бойынша 3,9 пайызды қамтып отыр. Биылғы жылы инфляция 6-8 пайыз дәлізінде болады деп жоспарланғанын да жеткізді бас банкир. 

Сондай-ақ жиында қозғалған мәселенің бірі – қаржыны заңдастыруға мүмкіндік беретін заң жобасының әзірленуі. «Ұлттық банк пен Үкімет бірлесе отырып, заң жобасын даярлады. Он­дағы негізгі жаңалықтардың бірі азаматтар өзінің қаржысын екін­ші деңгейлі банктердің арнайы есеп­шотына орналастыру арқылы заң­дас­тыру құқығына байланысты», – деді Қайрат Келімбетов. Ұлттық банк төрағасының айтуынша, қаржыны орналастыру талаптарының аясында ортамерзімді кезеңде, яғни 5 жыл уақытта қаржы депозитте болуы тиіс. Осы жағдайда ғана банк жүйесінің ұзақ мерзімді қор жинау мүмкіндігі артатынын айтады. 

Сонымен бірге, бас банкирдің ай­туына қарағанда, Ұлттық қор ак­тиві мен Ұлттық банк резервінің жиынтық көлемі 100 млрд. доллардан асыпты. Мұндай жағдай бұрын-соңды тарихымызда болған емес. 

Қайрат Келімбетов: «Мемлекет бас­шысы еліміздің халықаралық қорының жиынтық көлемі жақын арада жүз миллиард доллардан асуын мақсат етіп қойған болатын. Бүгінде оның деңгейі 101,9 млрд долларды құрады. Бұл – Қа­зақ­станның макроэкономикалық жағ­дайы тұрақты деген сөз», – деді. 

Брифингте талқыланған тағы бір жайт, еліміздің қаржы нары­ғын­да жұмыс істеу құқығына әлем­дік ірі қаржылық ұйымдардың филиал­дарының ие болуы. Сонымен бірге, ұлт­тық банк төрағасы Еуразиялық эконо­микалық одақтың қаржылық қада­ғалау органы Алматыда орна­ла­сатынын атап өтті. 

Өз сөзінде Қайрат Келімбетов: «Біздің еуразиялық интеграция аясындағы келісімдердің бірі 2025 жылға қарай қаржылық қадағалау органын құруға байланысты бол­ды. Ол Алматыда орналасуы мүмкін және осы уақытқа дейін бұл саладағы заңнаманы үйлестіру бой­ынша нақты жұмыстар атқа­рылуы тиіс», – дейді. Әрі қарай банк төрағасы соңғы қаржы дағда­ры­сынан кейін әлемдік монетарлық билік банктік жүйесі тәуекелдері мен тұрақтылығына қатысты қадамдарды қайта қарастырғанын, оның ішінде банктік қадағалау бойынша Базель комитеті ор­талық ұйымы «Базель-3» атауы­мен кешенді шаралардың топта­масын ұсынғанын айтты. «Мұн­да капиталға, өтімділікке, контрцикл­ді­лік жағдайында банктер жұмысы мәсе­лесі тұрғысында белгілі бір өзгертулер мен талаптар қарас­ты­рылады»,– деді. Осы орайда, елімізде 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап «Базель-3» талаптарына көшу басталмақ. Алғашқы жылдары банктер үшін талаптар өзгермейді, алайда 2018-2019 жылдардан бастап, банктерге жоғары талаптар қойылатын болады. Жоспарға қарағанда, 2019 жылғы 1 қаңтарға қарай банктер осы үдеріске дайын болады. Сонымен қатар, мұндай талаптардың сақтандыру ұйымдарына да қатысы бар.

Ұлттық банк басшысы: «Екінші деңгейлі банктерге салымдарды орналастырған кезде барлығы ашық байқау бойынша жүргізіледі. Мөлшерлемелер бойынша бәсеке болады. Тиісті ережелерді банктермен пысықтап жатырмыз. Банктердің шоттарына зейнетақы активтерін орналастырумен қатар, инвестициялау тұжырымдамасында мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу мен шетелдік қаржы құралдарымен жұмыс жүргізу қарастырылған. Біз халықтың салымдарының сақталуын қамтамасыз етіп, кірісті айтарлықтай арттырамыз деп есептейміз», – деді.

Брифинг соңында Ұлттық банк төрағасы журналистердің бірқатар сауалдарына жауап берді. Сөз барысында Қайрат Келімбетов Батыс елдерінің Ресейге қатысты экономикалық санкцияларды қабылдау ықтималдығы Қазақстан билігін алаңдататынын да тілге тиек етті. Бас банкирдің айтуынша, негізгі қауіп біздің ірі сауда серіктесіміз – Ресей Федерациясына қатысты санкциялардың күшею мүмкіндігіне байланысты көрінеді. Яғни, Қазақстандағы импорттың 36 пайызы – Ресей өнімі, қазақстандық экспорттың 7 пайызы Ресей нарығына шығарылатыны белгілі. «Биылғы жылы Ресейде экономикалық өсім мүлдем болмауы мүмкін. Бұл біз үшін жақсы жаңалық емес», – деді бас банкир. 

Дегенмен, мемлекеттің эконо­ми­касының тұрақтылығын сақтау негізгі мін­деттердің бірі болып қала береді. Ол үшін инфляция қарқынының теңгерімін сақтау маңызды болары сөзсіз. 

Гүлзина БЕКТАС

Серіктес жаңалықтары