ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ ҚАЖЕТТІЛІГІ НЕДЕ?

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ ҚАЖЕТТІЛІГІ НЕДЕ?

ҚАЗАҚША СӨЙЛЕУ ҚАЖЕТТІЛІГІ НЕДЕ?
ашық дереккөзі
949

Белгілі жазушы, әрі ғалым-филолог Нұрдәулет Ақыш «Қазақ әдебиеті» газеті тілшісінің «Бүгінгі таңда қазақтардың тіл білу деңгейі қандай?» деп қойған сауалына берген жауабында заңгер жас қазақ келіншекпен жолығып қалып, оған «Неге қазақша сөйлемейсің» деп сұрақ қойғанында мынадай жауап алғанын айтады: «Менің ата-әжелерім де, әке-шешем де, мен және менің балаларым да орысша сөйлейді, бізге қазақ тілін меңгеру қиын және аса қажеттілігін көріп тұрған жоқпын». Осыған байланысты жазушы-ғалым тіл мәселесін шешуде, бірінші кезекте, қазақ тіліне деген қажеттілікті арттыру керектігін айтады Бірақ ол қазақ тіліне деген қажеттілікті қалай арттыруға болатындығы туралы айтпады. 

«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі қойған «Сенің топшылауыңша, қазақ тілінің өркенін қалай өсіруге болады?» сауалына 7-ші телеарна қызметкері Максим Рожин: «Ең бірінші айтарым, қажеттілік болуы тиіс. Қажеттілік бар жерде, тілдің өркені өседі. Қазақ тіліне деген жағымды көзқарасты жақсы жарнаманы жолға қою керек. Одан соң тіл отбасында, мектепте, жоғары оқу орындарында мықты орныққаны жөн. Тіл мәселесіне кез келген мекеме басшысы бірінші кезекте мән беруі тиіс. Әсіресе, сауаттылықты алға шығарып, бұл істе өздерін көрсетіп жүрген азаматтарды үлгі етсе, нұр үстіне нұр болар еді. Мен таяуда Астанадағы №1 автопарк директорымен әңгімелескенімде, ол қызметкерлерін қазақ тілі курсына жіберетінін айтып, ең бірінші қоғамдық көліктегі мемлекеттік тілдің аясын кеңейту керек деді. … Курчатов қаласында болғанымда, қонақүйдің кіре берісінен бастап, әр заттың атын қазақша жазып қойыпты. Сөйтсек, қонақүй директоры осылайша да мемлекеттік тілді өзге жұрттарға үйретуді көздеген екен. Меніңше, өте дұрыс. Тек өзгелер де осылай істесе ғой дейсің», – деп жауап берген. 

Мұнда Максим Рожин қазақ тіліне деген қажеттілікті арттыру керектігін ғана айтып қоймай оны жүзеге асырудың нақты жолдарын да көрсеткен. Мысалы, қазақ тіліне деген қажеттілікті туғызатын немесе арттыратын құралдарға ол қазақ тіліне деген жағымды көзқарастағы жақсы жарнаманы жолға қоюды (бірақ, жағымды көзқарастың қандай болуы мүмкін екендігі айтылмаған), қазақ тілін білуге отбасында, мектепте, жоғары оқу орындарында жоғары талап қоюды, қазақ тілін жақсы меңгергендерді үлгі етіп көрсетуді, мекеме басшыларының қызметкерлеріне қазақ тілін үйренуді міндеттеуін, қонақүй сияқты орындарда пайдаланылатын әртүрлі бұйымдардың аттарын қазақшалап жазуды жатқызған.

Басқа мемлекеттік органдарға қарағанда ішкі істер органдары жүйесінде жыл сайын қазақ тілі курстары тұрақты түрде ұйымдастырылады. ІІМ Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің бастығы Нұрділдә Ораз қызметкерлердің мемлекеттік тілді тез үйреніп кетуі үшін қажеттілік туындауы шарт дей келе, қажеттілікке ол барлық іс-шараларды, атап айтқанда, аппараттық, жедел кеңестерді, мәдени іс-шараларды, саптық байқауларды мемлекеттік тілде өткізуді жатқызған. Қажеттілік бар жерде тіл үйрену мәселесі өзекті болмайтындығын, қызметкерлерге мемлекеттік тілді лаузымдық міндетін атқара алатын деңгейде жеделдетіп оқыту керектігін айтады. 

Мұнда аппараттық, жедел кеңестерді, мәдени іс-шараларды, саптық байқауларды мемлекеттік тілде өткізу оны өткізушіден қазақ тілін жан-жақты білуді талап ететіндіктен бұлар қажеттілік болып табылады. 

Кезінде «Ақ жайық» газетінде (15 желтоқсан, 2010) «Қазақшаңыз қалай?» деген мақала авторы былай деп жазған еді: «Қазақ тілін үйрену керек деп бәрі айтады. Тіпті оны айтып келе жатқанымызға 20 жылдан асты. Қазақ тілі туралы заң қабылданып, қазақ тілін дамытуға арналған 2001-2010 аралығындағы он жылдық бағдарлама да аяқталды. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Неге? Өткен аптада «Мен қазақша білемін!» атты өзге ұлт өкілдері арасында өткен байқау осы сауалға табылған жауап тәрізді. … Валентина Ксенофонтовна Махамбет ауданының тумасы. Осындағы Сарайшық ауылындағы көп балалы Ешимовтар отбасында дүниеге келген ол қазақ тілін кішкентайынан қазақ балаларымен ойнап жүріп меңгергенін айтады. – Бала кезімде шөлдеп кетіп, құрбы қызымның үйіне кіріп «дайте воды» деп су сұраған едім. Оның әкесі алдымен «су беріңізші» деп айтып үйрен, әйтпесе сусыз қаласың деді. Мен сол сөзді қайталап, су сұрап іштім. Ал мектепке қазақ тілін жақсы меңгеріп бардым, – дейді ол. 

– Сіз өзіңіз қазақ тіліне деген қажеттілік бар деп санайсыз ба? Қазақ тілін білу-білмеудің карьера жасауға кедергісі бар ма?

– Әрине, ресми қажеттілік күн санап артып келеді. Бірақ менің ойымша қазір қазақша білмеудің карьераға әсері жоқ тәрізді. Дегенмен оны үйрену ешкімге зиянын тигізбейді ғой. Балам мен немерелеріме қазақша үйретуге тырысамын, үйде кейде сөйлеймін. Бірақ одан не пайда? Төңіректегілердің бәрі орысша сөйлейді. – Мен Валентина Ешимованың ащы шындықты айтқанына разы болдым. Ие, қазақ тілі мен карьера арасында әзірге ешқандай байланыс жоқ. Тіпті оған деген сұраныстың өзі күмәнді. Бірақ оған кім кінәлі?».

Мақаланың осы үзіндісінен Валентина үшін қазақ тілін үйрену қажеттілігі мыналардан туындап отырғандығын байқаймыз: қазақ тілін білмесең қазақ тілді балаларымен ойнай алмайсың (демек, қазақ тілін білмесең қазақ тілді ұжымда жұмыс істеу де қиындау болады); құрбысының әкесі алдымен «су беріңізші» деп айтып үйрен деп талап қоюы. Егер қазақ балалары Валентинамен орысша сөйлессе, «су беріңізші» деп айтып үйрен деген талап жасалмаса, онда ол үшін қазақша сөйлеу қажеттілігі болмас та еді. 

 Валентинаның «Бірақ менің ойымша қазір қазақша білмеудің карьераға әсері жоқ тәрізді», – деген пікірін төмендегі деректер растайды. 

 Мемлекеттiк тiлдi дамытудың бiр-ақ жолы бар. Ол сол тiлге қажеттiлiк тудыру. Мемлекеттiк тiлдi бiлмегендердi, сол тiлде сөйлеп, сол тiлде жаза алмайтындарды, iс-қағаздарын қазақша жүргiзбейтiндердi мемлекеттiк қызметке жолатпай қойса, онда үкiмет қаржысын босқа шашпай-ақ, әркiм ол тiлдi өзi-ақ үйренiп алатын болады. Қазiргi кезде өз қаржысын төлеп, ағылшын тiлiн үйренiп жүрген жастар өте көп. Олардың саны жылдан-жылға артпаса, кемитiн түрi жоқ. Неге? Ағылшын тiлiн үйренуге байланысты (кеңес өкiметi кезiндегi орыс тiлiн үйренгенiмiз сияқты) бiрде-бiр бағдарлама жасалған жоқ, бiрде-бiр қаулы-қарар қабылданған жоқ. Қаржы да бөлiнген емес. Соның өзiнде жастар жанталасып үйренiп жатыр. Неге? Өйткенi жұрт ағылшын тiлiнiң қажеттiлiгiн сезiне бастады. Сондықтан да, көше бойында кездесетiн маңдайшалар мен жарнамалардың басым көпшiлiгi ағылшын тiлiнде жазылып қойылған. Газет-журналдар мен ғылыми зерттеу жұмыстарында да ағылшын, немiс, француз сөздерi қаптап барады 

 «Мемлекеттiк тiлдi бiлмегендердi, сол тiлде сөйлеп, сол тiлде жаза алмайтындарды, iс-қағаздарын қазақша жүргiзбейтiндердi мемлекеттiк қызметке жолатпай қойса, онда үкiмет қаржысын босқа шашпай-ақ, әркiм ол тiлдi өзi-ақ үйренiп алатын болады» – деп айту оңай болғанымен, оның өзіндік қиындығы да бар. Мысалы, мемлекеттік тілде сөйлей алып, iс-қағаздарын қазақша жүргiзе алғандарымен білім деңгейі, кәсіби іскерлігі, ұйымдастырушылық қабілеті сияқты маңызды сапалары төмен мамандар мемлекеттiк қызметке қабылдана алмайтыны анық. Ал осы аталған сапалары бірдей болса, мемлекеттік тілді білгеніне басымдылық беру еш дау туғызбауы тиіс. Осының өзінен-ақ қазақ тілінің мансаптың өсуіне, материалдық жағдайдың артуына ықпал ететіндігін байқауға болады. 

Әртүрлі әдебиеттерді, интернет көздерінен алынған материалдарды қазақ тіліне аудару оңай шаруа емес. Аудармалардың көпшілігінің сапасы төмен. Қазақ тіліне өзге тілден аударылғаны көрініп тұрады. Сондықтан, шетелдік құнды материалдарды қазақ тіліне сапалы аударғандардың еңбегіне материалдық жағынан дұрыс қолдау көрсетудің де қазақ тілін кәсіби деңгейде игеру қажеттігін туғызады. 

Іс-қағаздарын қазақша жүргiзе алмай­тындарға жүргізе алатындардың көмектесуін сұраса, онда бұл жұмыстың қиындығын байқаған алғашқылар қазақша сөйлеуге мәжбүр болады. Егер мұны кейбіреу ресми тілдің рөлін төмендету десе, онда оның мемлекеттік тілді кемсіткені. 

«Сіз қазақ тілінде еркін сөйлей аласыз ба? Қазақ тілінің мәртебесін көтеру үшін қарапайым халық не істей алмақ?» – деген интернеттегі сұрақтарға Тоғжан Сағынғалиқызы «Қазіргі кезде ағылшын тілін білетіндер үшін жақсы жұмысқа орналасып, әлеуметтік жағдайды көтеруге толық негіз жасалған. Қазақ тілі Қазақтың елінде неге дәл осылай қолданысқа енбейді? Өз ойларыңызды жаза отырыңыз, пікір алмасайық! Қазақ тіліне қосар бір үлесіміз – осылай қазақша пікір алмасау шығар, бәлкім?!», – деп жазған пікіріне әлеуметтік желіде ешкім нанымды жауап бермеген. 

 Қазақта «Аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін», – деген мақал бар. Қазақтың жері бай десек те, қазақ тілінің мысы басым бола алмай тұр. Оның себебі басты байлық жердің асты мен үстіндегі табиғи байлық емес, адамдардың рухани байлығында – кәсіби білімі мен іскерлігінде. Осы білімнің кемшілігінен жеткілікті өңделіп жоғары бағамен сатылмаған тауар шикізат күйінде арзан бағаға сыртқа экспортқа кетуде.

Қазақ тіліне деген маңызды қажеттіліктер Қазақстан Республикасының Тіл туралы Заңының баптарында нақты айтылған. Мысалы, 4-бапта (Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi) «Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы», – делінген.

Қазақ тілінің қажеттілігін туғызатын факторлардың екінші тобын – негізгі тобын осы тілді білмеуді ар-ұят деп түсіну құрайды. 

«Ана тілің-арың бұл,

Ұятың боп тұр бетте.

Өзге тілдің бәрін біл,

Өз тіліңді құрметте!» – деп, Қадыр Мырза Әли ағамыз айтпақшы, ана тілі – арың мен ұятың.

«Шәкәрім» энциклопедиясында А.Тоқсамбаева: «Ұят – жасаған әрекетіңнің жөнсіздігін түсінушілік. Намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау – масқара болушылық. Ар – адамгершілік сана, этика-философиялық категория. Адамгершілік (адамшылық, адамдық) қазақ халқында адам бойындағы жақсы қасиеттердің жиынтық мағынасын білдіретін ұғым-өлшем болса, ар оның шығу тегі, бұлақ бастауы. Арды адам бойындағы жақсы қасиеттердің өлшемі, адамгершілік санасы деуге негіз бар», – дейді.

Қазақтың ар мен ұятты кез келген карьерадан (мансаптан) жоғары қойғандығын білеміз. “Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы” деген қағидадан көрініс тапқан, яғни ар-иманның қадірін білумен айқындалатын намыстың бір түрі адамның адамдық келбетін айқындайтын асыл қасиеті. 

Қазақша сөйлеуге мәжбүрлейтін басты қажеттілік негізінде ана тілінде сөйлей білмеудің жөнсіздігін түсінушілік, намысқа кір келтірушілік, моральдық рухтың асқақтығын қорлау – масқара болушылық жатқандығын мойындау жатыр. Қазақша сөйлеудің, оны үйренудің басты қозғаушы күші – қажеттілігі осында.

 Оңдасын Мұсабеков, 

 профессор 

Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары