МӘҢГІ ЕЛ – БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ

МӘҢГІ ЕЛ – БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ

МӘҢГІ ЕЛ – БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ
ашық дереккөзі

“Мәңгiлiк елдiң” түпкі ұлы ұйытқысы – Жер мен Су. Өйткенi Тәңiртауды түркі жұртына Тәңiрiмнiң өзi еншi етiп бергендіктен де, “керуен жүргiзушiлерден басқалардың” табаны баспауы тиiс, өзен-суы жаттың шөлiн қандырмауы және оны қаған – мұрагерiне, ата – баласына, ана – қызына» аманат қалдыруы тиіс. Сондықтан да “Тариат” көне жазба ескерткiшiнде: ”Түстiктегi шекара мен Алтай тауының батысын, Көгман тауының терiстiгiн сақтаңдар! Өйткенi Тәңiрiден жаратылған тәңiр тектi халықты құраған Тәңiртау бұл”, – деп өсиет еткен қасиетті мекен, яғни осы жер. Оның себебін “Күлтегiннің” кiшi жазуында:“Егер қазiр баяғы кексiз түрiк қағаны Өтүкен қойнауында отырса, онда ел мұңсыз болады. Ел тұтатын жер осы Өтүкен қойнауы. Өтүкен қойнауында отырсаң Мәңгi елдiгiңдi сақтайсың. Онда түрiк халқы тоқ”,– деп түсіндірген. Соны білген ата түркі оғландары “төрт бұрыштан» (анталаған) «дұшпандарға» … сарбаздармен аттанып, төрт бұрыштағы халықты көп алды, бәрiн бейбiт еттi, бастыны еңкейттi, тiзелiнi бүктiрдi. Iлгерi Қадырқан қойнауына дейiн, керi Темiр қақпаға дейiн жайлады. Екi аралықта жүрген иесiз көк түрiктер осылай қоныстанды. Қоныстандырғандар – бiлге, алып қағандар мен бiлге, алып әмiршiлер” болды (“Күлтегiн”, үлкен жазу).


І. ЖЕР ЖЕГІСІ – ЕЛ ЖЕГІСІ


Сөйтіп, мәңгi алаңсыз мекендейтiн “мәңгiлiк ел мен жер» туралы әфсаналар, міне, осылай, тасқа қашалған өсиетті аманат ретінде исi түрiк қауымының аңсарына айналды. Ел жаңарып, ұрпақ жаңғырса да, осынау қасиеттi арман олардың жүректерiне рух боп ұялады. Соның нәтижесінде, Қорқыт баба мен Асан қайғы iздеумен өткен өлiм-жiтiмсiз ел мен жер – Жерұйық пен Жиделiбайсын жұрты туралы аңыздар туды, ол аңыз “мәңгiлiк елдiң” ныспылы нысанасына айналды. Жер – “мәңгiлiк елдiң” киелi кепiлi. Жыл санауымыздан бұрынғы IV ғасырда өмiр сүрген Мөде тәңiрқұты дұшпандары арандату мақсатында одан астындағы атын, қойнындағы қатынын сұратқанда, олардың айтқанына көнедi. Ал ешкiмге керексiз сортаң жердiң пұшпағын сұратқанда: ”Қатын мен хайуанды ел үшiн қиюға болады. Орыны толады. Ал Жер – Отанның белгiсi, елдiң мәңгiлiк еншiсi. Ат пен қатын табылады, жер табылмайды. Соғысамыз”, – деп намыстанып, түн қата аттанып, жауын жер жастандырады. Құнанбай да: ”Ел өседi, жер өспейдi”, – деп Шыңғыстың ұлтарақтай пұшпағы үшiн өмiр бойы ағайындарымен жағаласып өттi. 

Мөде мен Құнанбайдың арасын екi жарым мың жыл бөлiп тұр. Бiрақ та жерге деген көшпенділердің құрметі мен елдiк саясаты өзгермеген. Оның басты себебi, атадан балаға аңсар ретiнде көшкен “мәңгiлiк елдiң” нысанасы. Ал бiз күннiң ашығында, айдың аманында ата қоныстың өңiрiн өз қолымызбен жыртып бердiк. Біз етегімізден кесіп берген тура сол жер жаттың қолында кетпесiн деп байырғы түрiк қағандары: ”Өтүкен қойнауындағы Сүңгi Башқан жайлауына тақ пен сарай орнатты. Мың жылдық, түмен күндiк жазу белгiлерiн осында жалпақ ауыр тасқа жаздырды. Өйткенi, онда көктегi Көк Тәңiрi жарылқаған түрiк елi өмiр сүрдi, елдiгiн құрды. Төменде Қара Жер жарылқады, сол жер үшiн төрт бұрыштағы халық күш-қуатын сарып еттi. Жаулары өз үлесiнен айрылды”(“Тариат” жазуы). 

Бiрақ заман бiр төңкерiлiп түскенде тақ та, сарай да, “мың жылдық, түмен күндiк жазу да” жаттың уысында қалды. Осы тұрғыдан алғанда жер жөнiндегi “мәңгiлiк ел” нысанасында тасқа қашалып тұрып жазылған: “Адамға өлiм бар, елге өлiм жоқ” деген қасиеттi қағиданы ешқашанда жадымыздан шығармауымыз керек. Аталарымыздың өсиетiне жүгiнсек, жат қолына кеткен ел мен жер – «өлi дүние». Қазақ ұлтының сөгiлген қабырғасы бiтiп, босқан «бүдіні» (елi) бүтiнделiп, кеткен жер мен ел есесi әлi толық қайтып болған жоқ. Демек, бұл да елiмiздiң ертеңi үшiн тiкелей қатысы бар тәмсiл.

Демек, сол өркениеттің бүгінгі жұртында бұл идеяның қайта түлеуі заңды, дәстүрлі құбылыс. Бұл идея – тәуелсіз мемлекеттік құрылымды орнатуға ұмтылған «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің Біртұтас Алаш идеясында нақтылай тұжырымдалды. 

Көне түркі жазбаларындағы бұл үлгi – бүгінгі “Мәңгiлiк ел” үлгiсiнің қормалы. “Мәңгiлiк ел” нысанасы – “Аспан мен Жер, Су жаратылғалы” Тәңiртауының сағасын мекендеп келе жатқан, “жетi рет жер жаңартқан” (Шәкәрiм) көшпелi түрiк жұртының, оның тікелей мұрагері бүгінгі қазақ елінің ұлы арманы, түркі-қазақ әлемi мен руханиятының ұйытқысы. Демек, жер мен су болса ғана қазақ қауымы мәңгiлiк ел қалпын сақтап қалмақ. Өйткені “Мәңгiлiк ел” нысанасы көшпелiлердiң рухани кеңiстiгiнiң қасиеттi болмысы. Оның мәңгiлiк сыпатына Тәңiр мен Ұмай ана, Жер мен Су кепiл. Мұндай ғаламдық кеңiстiк деңгейiндегi Кепiлдiкке ие болған түрiк жұртының құрып кетуге кеше де ешқандай құқы жоқ болатын, бүгін де «құлданып, күңденіп кетуге» құқы жоқ, ертең де «жойылып, сіңіп» кетуге қақысы жоқ. 

Алашорданың орнатайын дегені де сондай мәңгілік аңсарға ұйыған – ұлттық демократиялық мемлекет. Ал Алаш идеясының басты аманаты – жерді ұлттың игілігіне мәңгі аманатқа қалдыру. Қазақ мемлекеті үшін ең басты мәселе – жер, жер және жер. Өйткені жер – Отан, жер – экономика, жер – қорғаныс, жер – рух, жер – мәдениет, жер – намыс. Жерсіз мемлекет өмір сүре алмайды. Әр ұлт, әр сарбаз өз елін «Менің жерім!» деп қорғайды. Жерінен айрылған мемлекет – өзінің бостандығынан, тәуелсіздігінен айрылады (Айтпақшы, біздің әнұранымыздағы Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің елім, менің жерім!» деген жолдарындағы «жер» деген сөз неге алынып тасталды?). Жер – мемлекеттің меншігі және Отан деген ұғымның басты кепілі. Ендеше, «Мәңгілік ел» ұстанымының қасиетті қағидасы да осы жерге негізделуі тиіс. Сонда сонау көне аңсармен – бүгінгі аңсар,бүгінгі аңсармен – ертеңгі аңсар өзара мәңгі ұштаспақ. Әйтпесе, бүгінгі ұзынырғасы 13-15 латифундистің меншігіндегі жер «мәңгілік елдің» мекені бола алмайды. Қырымдағы қитұрқының тонын сыртына аударып: «Жер – өзіміздің жеке меншігіміз. Сондықтан да оны қай мемлекеттің құрамын қаласақ, соған бағындырамыз. Сол үшін референдум өткіземіз» – десе, Біріккен Ұлттар Ұйымы да, Еуропалық одақ та ештеңе дей алмайды. Өйткені олардың басты қағидасы – жеке капитал мен жеке меншікті қорғауға құрылған. 

Демек, бұл мәселеге қайтып оралып, жерге жеке меншік мәселесін бүкілхалықтық референдум арқылы шешпей, «мәңгілік ел» ұстанымы да тиянақталмайды. Өйткені «мәңгілік елдің» мәңгілік мекендейтін, оны асырайтын, паналайтын тұрақты жері болуы керек. Қазақстан жерінің 77 пайызы латифундистердің қолында. Сонда «мәңгілік еліміздің» Өтүкені, Жиделібайсыны, Жерұйығы қайда? Біз кімнің жерін басып жүрміз? Қазақстанның фаунасы мен флорасының алтын қоймасы саналатын қорықтарға тиесілі аң аулау шаруашылықтарының тоқсан пайызынан астамын «бауырластарымыз бауырмалдықпен» бауырына басып, меншіктеп алғаны туралы нақты деректі оқығанда, Арқанкерген мен Алматы қорығындағы қанды қырғын есіме түсті. Егерьлердің мылтықсыз жүрмейтіні белгілі, демек, олар қару-жараққа да ие. 

Енді осы сөздеріме нақты жанама мысалдар келтірейін. Мен осыдан бес жыл бұрын Торғайдағы Ахмет Байтұрсыновтың атамекені Ақкөлге бардым. Бұл 2 мың шаршы шақырым аумақтағы құрдымда жатқан көл. Яғни, Арқалыққа дейін 600, одан Торғайға дейін 500, Торғайдан әрі қарай 170 шақырым жерде орналасқан, торғайлықтарды ашаршылықтан аман сақтап қалған көл. Сол көл 2006 жылы жеке меншікке сатылып, Торғайдағы 17 кеңшардың халқы балықсыз қалыпты. Торғайдың жері сары топырақты болып келетіндіктен, онда сабағы қоға, басы бидайық сияқты қоға деген өсімдік қана өседі. Оны мал жемейді, егін салуға келмейді. Яғни, халықтың күнкөріс көзі – балық аулау ғана. Кейінгі жылдары сол Ақкөл тартылып, балығы шіріп, жағаға шығып қалыпты. Ақкөлдіктер: «Ең қорлығы сол, биылғы жазды өзімізге қызығын көрсетпей отырған біреудің балығын тегін жиып, өртеумен өткіздік», – дейді. Сөйтсек, әлгі көл иесі балықты өзі де аулап жарытпайды, жергілікті тұрғындарға да аулатпайды екен. Содан кейін су тартылып, балықтар шіри бастаған. Балық шіріген жерде індет тарайды. Сонда жалғыз күнкөрісінен айрылған ел не істейді? 

Тағы бір мысал. Бір жылдары Шығыс Қазақстанда өскен шөп адам бойынан асып кетті. Ал, сол жылы Семей өңіріндегі басты мәселе шөп тапшылығы болды. Алтайдың сілеміндегі адам бойынан асатын шөпті шабуға болмайды. Өйткені, ол біреудің жері. Кімнің жері? Әйтеуір қазақтікі емес. Өйткені, мәйектің дені Ертістің арғы бетінде. Сондай-ақ, Қазақстанның көп аймақтарында сол жылы егін бітік шыққанымен, орылмай қалды. Неге? Өйткені, Қазақстанның солтүстіктегі қаратопырақты аймақтарындағы бүкіл егін аумағының дені 7-11 латифундистің меншігі. Солтүстіктегі облыстардың барлық элеваторлары «жат қолында» (Ғ.Мүсірепов). Ал олар, әрине, шағын серіктестерден көрі, латифундистердің өнімін көтермелеп сақтағанды жөн көреді. Ауыл шаруашылығы министрінің бұл мәселені шешуге шамасы жетпейді. Өйткені, ана жер Кулагиндікі, мына жер Терещенконікі, үшінші бір жер Мадиновтікі сияқты, төртіншісі… Мен өз сөзімнің дәлелін алдын-ала айтайын, қазақ жерінің аумақты көлемін әр түрлі бүркеншік атпен меншіктеп алғандардың дені Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері сияқты. Ассамблеяға саясатпен айналысуға құқық берген соң, ассамблея мүшелері жер саясатымен еркін және белсенді түрде араласуға бет алды ма?! Бейне бір патша заманындағы жерді отарлау, бөліп беру саясатын жүргізген земствоның міндетін қолына алған сияқты. 

Осындай бір алқақотан отырыста пікір айтылған тұста қазақтың ой қормалы, оқымысты Амангелді Айталы дегдар: «Тұрсын Жұртбайды қолдасақ, біраз уақыт көптеген мүмкіншіліктерден айрылып қалдық. Қадіріміздің қашқанын енді біліп жатырмыз ғой деймін. Мысалы, жер мәселесінің бұдан да әрі ушығуы мүмкін. Бір жағынан алғанда, Ресеймен шекараны анықтау үлкен жетістік. Жалпы, орыстар қазақтармен шекараны анықтауға ешқашан да көңіл бөлген жоқ. 2005 жылы қараша айында Ресей мен Қазақстанның шекарасын анықтауға арналған отырыс болды. Бірінші нүктесінен бастап, көлі бар, сайы бар, суы бар, орманы бар, тауы бар әрбір метріне дейін екі тілде жазылған 500 бет кітап екен. Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин осы мәселені бір күнде келісіп, шешкен. Біз өте үлкен құлшыныспен ратификация жасадық қой. Сонда «жер берілмесін» деп Ресейдің 36 депутаты өре түрегелген. Путин болса: «Қазақ деген жақсы халық» деп тоқтатыпты. Өйткені, қазақтан басқа Ресейді қолдайтын ешкім қалмады ғой. Украинасы анау, Балтық жағалауы анау, Кавказы анау. Соның өзінде, күні бүгінге дейін шекараның әлі шешілмеген мәселелері бар. Десек те бұл үлкен жетістік. Осы хаттама БҰҰ-на кетті ғой. Халықаралық күшке енді. Қытаймен де сол сияқты. Ал еншімізді алғанмен, елдің ішіндегі мәселені келістіре алмай жатқанымыз рас. Балқаштан былай қарай 30 млн. гектарға жуық жер әскери полигон. Оның жалдық ақысы да көп емес. Сол жерлерге де қазақ малын жая алмай отыр. Бұл – зымырандық полигондар. «Бұл да еліміздің қорғанысы, бұл зымырандар тек Ресейді емес, бізді де қорғайды» дейді. Өз еліміздің байлығына ие болу, жерді тиімді пайдалану және рухани мәселелерді шешпеу – бұл әрине, әсіресе, Ресейдің ақпараттық үстемдігі», – деп бізді қостап еді. 

Әулие екен. Міне, енді «Қырым оқиғасын» көзбен көрген соң, көңіліміздегі күдік пен кәдік бұрынғыдан да ұлғайып отыр. Жер мәселесі – қазақтың тәуелсіздігінің кепілі. Ендеше бұл мәселеге қайтып оралу керек. Бәлкім, бұл мәселені бүкілхалықтық референдуммен шешкен дұрыс шығар. Әйтпесе, біздің бүгінгі күйіміз баяғыда біз оқыған мектептегі тарих пәні оқулығындағы бір аяғымен жер басып тұрған орыс мұжығының суретіне ұқсайды. Әлихан Бөкейханов айтқандай: «Қазақтың байырғы жерін қашан ғылым мен техникаға сүйеніп толық игермейінше, жер жеке меншікке де, қоныстанушыларға да берілмеуі» тиіс. Өйткені, Жер – Отан, ал Отанды сатуға да, жеке меншікке айналдыруға да болмайды. Қазір қазақ жері өзінің тарихи иесінен айрылып қалды. Ал «мәңгілік ел» ұстанымының ұстыны – жерсіз, ұстын емес, «қағылған қазық» қана.


ІІ. «БIР ТОБЫЛҒЫ ЖҮЗ, ЖҮЗ ТОБЫЛҒЫ МЫҢ БОЛА МА»?


Көне түркі қағанаты тұсында мәйегі ұйыған «Мәңгілік ел» идеясы мен Біртұтас Алаш идеясының күретамырлана ұстасатын да, ұштасатын екінші тамыры – «мәңгілік Өтүкендегі» «мәңгілік елдің» құзырындағы «жердің астындағы-үстіндегі, аспанындағы қазынаға» мәңгілік иелік туралы аманат. Ел абыздарының өсиеттерi де мәңгiлiк. Бiлге қаған да, Күлтегiн де, Тоныкөк те, Құлашор да, Мойыншор да, “барлық айтар сөзiн мәңгi тасқа басты”. (Балбал тастарды қариялар қасиеттi санап: ”Мәңгi тастың киесi атады” – деп балаларды оған жолатпаушы едi. Сонда бiзге “мәңгiтас” – “мәңгүрт тас”, “мәңгiртас” деген ұғым беретiн сияқты көрiнетiн. Сөйтсек, бұл үлкендердiң “мәңгiтасты” мәңгi сақтау үшiн жүгiрмектерден қорғаудың амалы екен-ау!). 

Жыл қайыруымыздан жетi ғасыр бұрын өмiр сүрген Анақарыс данышпанның кiсiмсiнген элладалыққа: “Мен үшiн елiм қайғы, ал сен – елiңнiң қайғысысың” деп жауап беруiнде сондай тәңiрлiк сыпат жатыр. VIII ғасырда қағаз бетiне түскен ең көне түрiк жазуы “Ырық бiтiктегi”: “Хан таққа отырып, сарай тұрғызды. Оның елi мықты болды. Айналадан жақсылары жиналып келiп сүйiншi сұрады, қуанды… Соны бiл. Бiр тобылғы жүз болды, жүз тобылғы мың болды, мың тобылғы түмен болды, соны бiл. Пайдасы бар игi iс ол”– деген өсиет те Мәңгiлiк елдiң ұрпаққа аманаты. Мұндағы: «Бiр тобылғы жүз болды, жүз тобылғы мың болды, мың тобылғы түмен болды, соны бiл. Пайдасы бар игi iс ол» – деп отырғаны өзге емес, тура жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық шикізат. 

Сол “мәңгiлiк ел” мен жер, қазынасын игеру үшiн қағандар мен бектер, оғландар: “Бiресе iлгерi шапты, бiресе керi шапты. Қаны судай құйылды, сүйегi таудай үйiлдi. Әкемiз, ағамыз құрған халықтың аты, даңқы өшпесiн деп, түркi халқы үшiн түн ұйықтамады, күндiз отырмады”, “төрт бұрыштағы иесiз көк түрiк халқының жаңылғандарын, көшкендерiн жиып Өтүкен қойнауына қоныстандырып, ел еттi, ілгерi – күн шығысында, оң жақта – күн ортасында, кейiн – күн батысында, сол жақта – түн ортасында ел ұстап, төрелiк еттi”, көркейттi, көтердi, “мәңгiлiк ел” орнатты.

Қаған – қағанатты (елін, жерін), сол арқылы қағанаттың жерінің астындағы, үстіндегі, аспанындағы қазынаны қорғайды. Қаған – қағанаттың азаттығы мен амандығының, ырысының кепілі. 

Міне, бұл – «Мәңгілік ел» ұстынының да ұстанымы. Біртұтас Алаш идеясының екінші ұстанымы да осы «мәңгілік ел» аңсарымен тікелей ұштасып жатыр. Жердің астындағы, үстіндегі, аспанындағы барлық шикізаттық игілікті игеруде қазақ мемлекетінің үлес салмағы үстем түсуі керек, яғни  Ә.Бөкейханов айтқандай: «Оның әрбір түйір тасы әр қазақтың өңіріне түйме болып қадалуы» тиіс. Жер байлығы әуелі қазақ мемлекетінің игілігіне жұмсалуы қажет. «Яғни, бұл – өз жеріміздің игілігін әуелі өз еліміздің игілігіне айналдырсын, одан асса ғана жатқа салауат. Одан асса, шетелге инвестицияға шығаруға болады», – деген емеуірін. 

Мен үнемі статистикалық мәліметтерді жиып жүремін. Мысалы, Ресейге барып, компьютерді қосып қалсаң, Қазақстанның экономикасы туралы ақпараттар самсап шыға келеді. Түркияға, Моңғолияға, Қытайға, Америкаға барсаң да сайттардан барлық статистикалық цифрларды ашық оқи аласың. Ал біздің сайттарымызда ондай ақпараттар неге жоқ? Бары – бар-ау, бірақ ол ақпараттар бір-бірімен неге сәйкес келмейді. Басымызға ұрып тұрып өткізген халық санағының нақты есебінің анық-танығын шығару үшін алты ай жұмсап, нәтижесін екі рет өзгертіп барып, бір жылдан соң ресми жария еттік қой. Ал өнеркәсіптің нақты өнімімен ресми көрсеткіші сай келмейтін, ресми көрсеткіші мен көлеңкелі жасырын көрсеткіші сай келмейтін, үш түрлі қиқыматқа құрылған статистика арқылы қазақ жерінен өндірілген қазынаның көлемі қанша, оның қаншасы кімге тиесілі, түсімі қайда жұмсалып отыр, мұның барлығы «мәңгілік елдің» тұрғындары үшін «мәңгілік құпия» мәліметтер. Менің аннан-мұннан шым-шымдап жиған там-тұм мағлұматыма қарағанда, жеріміздің асты мен үстіне, оның қазынасына иелік ететіндердің қатарында «мәңгілік елдің» мұрагерлері некен-саяқ қана. 

Амангелді Айталы ағам жоғарыдағы «Алаш аманаты» атты пікіралысуда: «Жер асты байлығымыздың қолды болып кетуі мұнай, газ, металл шығатын жерлерде… Бірақ, мынадай бір ақиқат бар екен. Ақтөбедегі Дөң кен байыту комбинатының еншілестері тек шетелдіктер ғана емес. Өзіміздікі де бар екен. Жергілікті ұлттық буржуазия шетелдіктермен бірігіп, жұмыс істеп жатқан көрінеді. Бірақ, бұл құпия. Десек те, қанша құпия болса да, шығып қалады» – дегені ғана медеу. Аспанды айтпай-ақ қояйын, өйткені «Қазсаттың» қайда қаңғып жүргенін білмеймін. Қара металлургия Машкевич пен Ибрагимовтің, Шодиев үшеуінің, түсті металлургия мен мыс Ким, Нилердің, мұнай мен газдың қырық пайызға жуығы қытай компанияларының қолында, ал қанша жүрек жұтқан болсам да уранның иесін тәуекел етіп ашық айта алмаймын. «Екібастұздың» көмірі Ресейдің ауыр стратегиялық өнеркәсібінің қазандығын тегінге жуық жылытып жатқаны анық. Қай өндірісті алсаң да, қожайынының жүнді қолы шекараның ар жағынан сұғынып тұр. Әйтеуір, қазақ ұлтының өкілі емес. Сонда, бабаларымыз «Бiр тобылғы жүз болды, жүз тобылғы мың болды, мың тобылғы түмен болды, соны бiл. Пайдасы бар игi iс ол” – дегендегі «игілігімізді» таландатып жібергеннен саумыз ба? Әлгі, «еуразиялық одақ», «еуразиялық экономикалық одақ», «ақылға бірлік», «малға бірлік»», «антұрған бірлік» деп таңдайымыз тақылдап жүрген «бірлігіміздің» мына «жүз тобылғы мен түмен тобылғыға» қатысы қандай? Әй, қайдам, менің бұған да күдігім мен кәдігім бар.

Бізге, нақты статистикалық ақпараттар мен талдаулар керек. Халық Қазақстанның нақты экономикалық көрсеткішін білсін. Бюджеттегі ашық қаржыдан «қарабауыр қаржының» көлемі бір, біржарым есе көп деген мәліметті айтып жүрген бұрынғы министрлердің сөзі рас па, жоқ па? Мұны бейресми Үкімет құруға шақыру деп те түсінулеріңізге болады. Сол «қарабауыр қаржы» да еуразиялық экономикалық одақтың қоржынын толтыра ма, жоқ Қайрат Келімбетов айтқандай, «мәңгілік елдің» бүйірін бұлтита ма? Бұған күдігім мен кәдігім тіпті көп.


ІІІ. «САУДАМЫЗ – АР МЕН ИМАН БА?»


«Мәңгі елді» – мәңгілік ел ететін үшінші ділгір мәселе, ол – эконмикалық тәуелсіздік. Кезінде айбынды көк түрік қағанаты экономикалық тәуелділікке ұшырап, “алтынды, күмiстi, дақылды, жiбектi соншама шексiз берiп жатқан табғаш халқының сөзі – тәттi, бұйымы асыл табғаштарға (қытайларға) алданып, бектерiнiң, халқының ымырасыздығынан, табғаш халқының тепкiсiне көнгендiгiнен, арбауына көнгендiгiнен, iнiлi-ағалының дауласқандығынан, бектi халқының жауласқандығынан түрiк халқы елдiгiн жойды, қағандығынан айрылды, табғаш халқына бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды. Түрiк бектерi атын жоғалтып, табғаш бектерiнiң табғаш атын тұтынып, табғаш қағанына бағынды, елу жыл iсiн-күшiн бердi”. 

Ал біз елу жыл емес, 250 жыл (!) iсiміз бен күшiмізді бердiк! Және дәл сондай күйдi бiз қазiр де басымыздан кешiп отырмыз. Жайма мен қара базар толған табғаштардың заты. Сөзi жылы, iшi суық. Қағанатымызды ежелгi Кунзының тұсындағы тақыс саясатына салып, “жапырақты бiлдiрмей жеген жiбек құртынша” кемiре кеулеп барады. Ақыл-санамыз да, жүрiсiмiз бен тұрысымыз да, бөзiмiз де, сөзiмiз де жаттың үлгiсiне ауысты. Енді «қайыс ноқтаны» басымызға киіп тұрып, енді оған «темір ноқтаны» еуразиялық еркін одақ арқылы» (Анна Иоановнаға өз еркімізбен қосылмап па едік) қайтадан кисек, «мәңгілік еркін еліміз» қайда қалады? «Жигули» мен «Газельді», «Ниваны» қайтадан ауыздықтармыз-ау, бірақ енді соған тақымымыз үйрене қояр ма екен? Енді, қазақ теледидары көрсеткеніндей, әуелі өздері шомылып барып, денесінің кірін қосып бізге жіберген орман жұртының сүтін шайға қатып ішу қалды ма? Сүт екеш сүтті өндіре алмаған елдің «мәңгілік ел» атануға қақысы бар ма өзі? «Мәңгілік ел» ұстанымында бұл мүттәйімдікті жоюдың жолы қарастырылған ба? 

Алаш идеясының үшінші ұстанымы сол «саудасы – ар мен иманы» (Абай) болған «антұрғандықты» жоюға бағытталған. Яғни, Әлихан айтқандай, «қойдың үстінен қырқылған бір уыс жүн қазақ халқының үстіне тоқыма болып тоқылуы керек» еді. Мұның себебін Алаш көсемдері: «Отарлық жүйеде басқаға қарайлаумен күніміз өтті. Тәуелсіз экономика жасамасақ, емінсек ел боламыз. Ол біздің алған тәуелсіздігімізді он бес жылда екінші бір тәуелді мемлекетке айналдырады» деп түсіндірмеп пе еді. 

Ал біздің тәуелсіздігіміз ширек ғасырға жуықтады. Біздің бүгінгі күйіміз – шарасыз мүттәйімнің күні. «Қашаған» сияқты алып заводымыз бен үй құбырындағы нәзік бұранда сынып қалса, қолымызды қусырып, иығымызды қағып, мүттәйім бола қаламыз. Өйткені әлгі бұранда елімізде шықпайды. Демек, шәйнек пен шәугімге де тәуелдіміз бе? Тәуелдіміз. «Тым болмаса кеттің ғой мал баға алмай» деп Абай айтқандай, ХХІ ғасырдың өзінде мал баға алмай отырмыз. Ауылда мал жоқ. Ресейге жыл сайын өткізетін алпыс мың тонна етті доңыздың етімен өтеп отырғанымыз туралы «Егемен Қазақстанда» жарияланған мақала біразымыздың шымбайымызға батты, ал ресми мекемелер үнсіз дымын ішіне тартумен тыйылыпты. 

Өз көзіммен көргенімді айтайын. Менің ауылым Шыңғыстау мен Абыралының түйіскен тұсындағы Көксеңгір деген бұрынғы егіндік пен шабындықтың, жайлаудың етегінде. Ондағы ел малына қыстық азыққа шөп таба алмай қиналады. Екі-үш жыл бұрынғы қалың қарда біразының малы жұтап қалды. Ал әлгі Көксеңгірде қаншама жердің шөбі шабылмай бос жатыр: «Әй, мына шөпті неге шаппайсың?» – деп ағайыныма ұрыссам, ол: «Болмайды» – дейді. Неге? Өйткені, біреудің жері. Ойбай-ау, қазақ өзінің жеріне шыққан шөпке өзі ие болып, өз малын өсіріп, өзінің үстіне киетін тоқыманы өз қойының жүнінен есе алмаса, күні не болмақ? Жұмыссыздық деген осы емес пе?!. Тағы да сол Абай дегдардың «Тамағы тоқтық, жұмысы жоқтық, аздырар адам баласын» дегенінің кебін құшып тынбаймыз ба?

«Мәңгілік елдің» ұйытқысын ұйытқан көне түркі жазуындағы бас ерiктерiнен айрылған түрік бектерiне: «Тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты (өзіне) сонша жақындатты. Жақын қонып, сосын (олардан) әдепсіз қылықтарды үйрендің… Тәтті сөз, асыл дүниесіне көп алданып, түркі халқы қырылдың, түркі халқы жойылдың» («Күлтегін» жазуы), “Хан бердiм. Ханыңды тастап, бағындың. Бағынғаның үшiн Тәңiрi сенi өлiмшi еттi. Түркi халқы қырылдың, әлсiредiң, жойылдың. Түрiк сiр халқы жерiнде тiршiлiк қалмады” (Тоныкөк” жазуы) – деп ескертпеп пе еді. Қаһарланып барып, қайтадан елдi ел етуге ант берісіп: бiрлiктiң, қағанын сыйлағандықтың, бауырын бауырына басқандықтың нәтижесiнде ғана: “Елсiреген, қағансыраған халықты, түрiк иелiгiнен айрылған халықты ата-баба мекенiне қайта оралтты. Төлiс, тардүш (тарға), жабғы, шад сайлады”, яғни, көк түрiк қағанаты тұсындағы 28 дәрежелi мемлекеттiк билiктi қалпына келтiрдi. 

Осыдан 1 500 жыл бұрын бабаларымыз тасқа жазып тұрып ескерткен «Өтүкен қойнауында отырсаң ғана сен мәңгілік елдігіңді сақтайсың. Онда түркі халқы тоқ. Сен ашсың ғой (кедейсің), Аштықта тоқтықты түсінбейсің, бір тойсаң аштықты түсінбейсің. Соның үшін алдандың… Түркі, оғыз бектері, халқы тыңдаңдар! Төбеңнен тәңірі баспаса, астыңнан жер айрылмаса, түркі халқы, ел-жұртыңды кім қорлайды? Түрк халқы, өкін! Бағынғаның үшін!» («Күлтегін» жазуы) – деген, «жер, су иесіз қалмасын!» деген аманатты неге жадымызда ұстамаймыз. Неге ұмытамыз? “Күлтегiннiң” кiшi құлпытасындағы жазуда: “Ақылды кiсiлердi, батыл кiсiлердi табғаштар қозғай алған жоқ… (Егер) бір кісі алданса (онда) руы, халқы тұқымына дейін қалмас еді, ”– деген жолдар бар. Иоллық тегiн жыраудың “мәңгiлiк ел” ұстанымы қазір де сондай бір «ақылды, батыл кісінің» шешім қабылдауына мұқтаж. 

Амангелді Айталы қайраткер бұл тұрғыда «Тәуелсіз экономика дегенге келсек, бүгін біз өзімізді өзіміз асырай алмай отырмыз. Басқаны айтпағанда, «30 корпоративтік көшбасшы» деген бағдарламада ауыл өндірісіне арналған жоба жоққа тән. Бір кездері ағылшынның бір премьері Үндістанға қатысты былай депті: «Тәуелсіздікті алу бар да, оған қол жеткізу бар. Үндістан әлі біраз уақыт бізден кетпейді». Біз де сол тәуелсіздікті алдық, бірақ шынайы тәуелсіздікке қолымыз жетпей жатыр», – деген еді. «Мәңгілік ел» ұстанымында сол «қолымыз жетпей жатқан шынайы тәуелсіздікке» қол жеткізетін кепілдік қарастырылуы тиіс.

 Қош, сонымен, елдiң елдiгiн сақтап қалу үшiн “Тәңiрi, Ұмай, Жер, Су түрiк жұртына Мәңгiлiк жеңiс» пен жер, яғни, шикізат, қазына, берді”. Сол «пайдасы бар игiлікті (“Тоныкөк” жазуы), шикізатты, жер қойнындағы қазынаны қорғап, ол игіліктің қызығын жат жұрттықтар көрмес үшін “ақылды кiсiлер, батыл кiсiлер» “Iнжу өзенiн кешiп, Тiнесi ұлының мекенiндегi Мәңгiкөк тауынан мәңгi асыра қуады”. Сол үшін, “Түрiк халқы үшiн түн ұйықтамаған, күндiз отырмаған, қызыл қанын төккен, қара терiн ағызған, күш-қуатын аямай жорыққа шыққан” Тоныкөк пен Күлтегiндi “Тәңiр жарылқады, бақ бердi, сәтiн түсiрдi”, сөйтiп, “өлiмшi халықты тiрiлттi, жалаңаш халықты тонды, кедей халықты бай қылды. Аз халықты көп қылды, тату елге жақсылық қылды”. 

“Бәрi бейбiт, бәрi тату, бәрi қағанды” (“Күлтегiн” жазуы) болса деп тiледi. Соны тiлей отырып, түрiк елiн де сыйлауды, онымен санасуды талап еттi. Елiнiң “басын идiрiп, тiзесiн бүктiрмедi… Көп екен деп қашпады, аз екенбiз деп қорықпады. Неге басындырады? Шапты! Қуды! Кiнәлi жауды алдына келтiрдi. Бүкiл түрiк халқына қарулы жау келтiрмедi. Атты әскер жолатпады. Елтерiс қаған жауламаса, оған ерiп Тоныкөк пен Күлтегiн жауламаса; елi, халқы жойылар едi… Сол әрекеттiң нәтижесiнде: елi қайта ел болды, халқы қайта халық болды. Өзi қартайды, халқына көсем болды” (“Тоныкөк” жазуы). Ақыры “құл – құлды болды, күң – күңдi болды”. Құл мен күң ұстау – “мәңгiлiк ел” нысанасының мүддесi емес, сол замандағы ұлт пен ұлыстың бәрiне ортақ соғыс заңдылығы болатын. 

“Мәңгiлiк ел” нысанасының рухани мәйегi – елдiк қасиет, яғни ел бiрлiгi идеясы. Ықылым заманнан берi әлемдiк өркениеттiң ажырамас бiр бөлшегi ретiнде қанаттаса өмiр сүрiп келе жатқан көшпелi түрiк дүниесiнiң барлық рухани мұраларының негiзгi түйiнi – “Ел”, басты құлақ күйi мен мазмұны – “елдiк, бiрлiк” деген ұғым. Ал соны түрiк қауымы сияқты ұлттық аңсарына айналдырып, заманалар бойы әфсаналарына арқау еткен. Жоғарыда аталған жазбалардың бәрi де “бiрлiк” мәселесiн “мәңгiлiк елдiң” түрiктiк кепiлi ретiнде бағалайды. Сол береке-бiрлiк, ынтымақ, елдiк қасиет үшiн дұшпанына да бейбiт өмiр тiлейдi. “Бектерi жау болды. Тиiспейiн деп ойладым. Тиiскенi үшiн жандым, соғыс жүргiзе үйге қарай беттедiм. Жауға тиiп, iнiме, ұлыма өсиет қалдырып: Елтерiс қағаннан айрылма, Тәңiр тектi Бiлге қағаннан айрылмайық, азбайық дедiм. Солай оқыттым. Керi кеттi. Бiлге қағанның халқы (берекесiз боп) кеттi. Өз бақытын, күш-жiгерiн өз қағанына жұмсады” (“Құтлық қаған” жазуы). 

Тұрсын Жұртбай, 

жазушы, филология 

ғылымдарының докторы