Атақсыз да атақты болуға болады

Атақсыз да атақты болуға болады

Атақсыз да  атақты болуға болады
ашық дереккөзі

Оның поэзиясында ерекше мөлдірлік бар. Өзі де оны біледі. Ақын мұңы неде? Лирикалық иірімдері бөлек ақынның «өмірді бір тамшы көздің жасына» балауының сыры қандай? Әлде, «өтіп бара жатқан мың күніне емес, келе жатқан бір күніне» алаңдай ма? Ақын Исраил Сапарбаймен тілдескенімізде, көкейімізде осы сауалдар тұрған еді. 

– Бір күн өтіп бара жатыр бір

күннен, 

Қайда барып аялдарын кім

білген? 

Келе жатқан бір күн артық

екен ғой,

Өтіп кетіп бара жатқан мың күннен, – дейсіз. Өткен күндерге қарасаңыз, нені көресіз? Әлде, келе жатқан бір күніңіз үлкен үміт сыйлай ма?

– Адамның өкініші, әттеген-айы өзінің ішінде қалады. Оны айтудың да қажеті болмас. «Мынау қалып қойды, ананы орындай алмадым» деген өкініш адамның бәрінде бар. Бірақ оны іште сақтаған абзал. Оны сыртқа шығарғаныңмен, бәрібір сенің шерің тарқамайды, бәрібір ол бітпейді. Сосын, адамда шүкіршілік деген бар ғой.

– Неге шүкірлік етесіз?

– Менде бірін-бірі толықтырып тұратын, бірін-бірінен ажырата алмайтын үш ұстаным бар. Ол: шүкіршілік, қанағат және тәубе! Бұл бабаларымыздан бізге қалған даналық. Бұл үшеуі қосылған уақытта ғана адам өзінің кемел жасына келеді. Кемел жасқа жеткенше өмірден таяқ жеуіңіз, тағдырдан теперіш көруіңіз мүмкін. Басыңды тауға да, тасқа да соғатын кезіңіз болады. Бір мақсатқа, бір арманға жетемін деп жанталасасың. Шалдырып, шаршайтын да кездер болады. Сондай өзіңнен өзің түңілген сәттерде адамды аман алып қалатын, алға сүйрейтін жаңағы үш асыл қасиет. Үш қасиет адамның бойынан табылса, Абай айтқан кемел адам жасына жеткені. Біреуі кем соғып жатса, ошақтың үш бұты сияқты дүние ғой, қазаның аударылады. Сондықтан, мұның пәлсапалық үлкен мәні бар. Осы үшеуі жүрген кезде, төрт құбылаң тең сияқты сезінесің. Бір ғана мысал келтірейін. Осыдан біраз жыл бұрын Мырзашөл ауданына барған едім. Ол кезде Мырзашөлдің әкімі Көбей Самұрат деген азамат еді. Үнемі Жетісайдан қайтып кетіп жүрген маған, ол кісі: «Мырзашөлге де келіп, кеш өткізбейсің бе?» деп, қолқа салды. Кешті өткіздім. Мырзашөлдің халқы риза болып қалды. Кеш біткен соң, әкім өзінің үйіне қонаққа шақырды. Қонақта отырғанымда, Көбей ағамның айтқаны бар еді. «Сенің өлеңдеріңде мұң бар. Бір өкініш байқалып тұрады. Азырқану, назалану болып жатады. Әрине, саған материалдық жағдай жетпеуі мүмкін. Бірақ, Алла Тағала саған екінің біріне бермейтін байлықты беріп отырған жоқ па? Ол – өлең. Осыдан артық қандай байлық керек. Халық аман болса, халық бай болса, сенде бай боласың», – деп айтып еді. Көбей аға кейін қайтыс болып кетті. Марқұм Шәмші ағамыздың да өкіл інісі болатын. Рухани қазынасы бай, өте білімді азамат еді. Сол кісінің айтқаны үнемі жадымнан шыққан емес. Сол ұстанымды өмірлік қағидама айналдырып келемін. Осы күнге дейін Көбей ағамның сөзі алдымнан шығады да тұрады. Демек, Құдайға шүкір, мен баймын! Өйткені, рухани дүнием бар. Ал халық кедей болса, мен де кедеймін. Халық бай болса, мен де баймын! 

– Ақын үшін материалдық бай­лықтан гөрі, рухани құнды­лық­тың алдыңғы қатарда тұруы қажет екені белгілі. Материалдық дү­ниені былай қойғанда, ақынды зама­нынан теперіш көргізетін не­ нәрсе?

– Бір кем дүние! Байлықтың тү­бін қуып жете алмайсың. Ақын­ның теперіш көруі дегеніміз не? Ол ақынның жүрегінің жаралануы. Менің «Кім аясын ақынды қыздан нәзік жаралған» дейтін өлеңім бар. Мен қасымда отырған сенен де нәзікпін! Тез ренжіп қалам. Сөз көтере алмауым мүмкін. Жү­регіме ине сұғып алғандай жағ­дайларда, өз-өзіме келе алмай жү­ремін. Кейіннен діни-рухани кітап­тарды көп оқи бастадым. Өзім­нің емімді хадистерден таптым. Жас баланы ғана емес, адамның өзін-өзі тәрбиелеуі үшін ислами дүниелер керек екен. Өзімді рухани кемелдендім деп айта алмаймын. Рухани әлемге есік ашып келемін. «Сап-сап көңілім, сап көңілім» демей ме, Абай! Өзіңді өзің жұбатпасаң, сені ешкім жұбатпайды. Сенің ішкі дүниеңді кім жазады? Ондай сәттерде мені емдейтін – өлең! Ән! Жақсы адамдармен сұхбаттассаң, жаман ойдың бәрі ұмытылады. Хадисте: «Алланың тоқсан тоғыз көркем есімі бар. Соның біреуі – халық» деп айтылады. Алла Тағала маған өлең, ән берсе, оны жүрегімнен өткіземін де, рухани тазалап, сосын халыққа берем. Шығармашылық адамдарының бірден бір адами миссиясы осы. «Мен ақынмын», «мен композитормын» деп көкірек керудің ешқандай қажеті жоқ. Оның бәрі ғарыштан, ғайып әлемінен келіп жатқан дүние. Әрине, Алланың шарапаты, Алланың мейірімі түсті деп жатады. Солай да шығар. Ал ақынның жүрегін ауыртатын, жанын қинайтын, теперіш көргізетін не нәрсе дегенде, ол қоғамның жағдайы. Егемендік алғанымызға 23 жыл болды. Қазақтың өз қолы өз аузына жеткен кезде, әлі де ілініп-салынып, үміттеніп келе жатқаны мені қынжылтады. Халыққа көп нәрсе жетпей тұр. Осының себебін іздеймін. Оның себебі өте көп. Соны ойлағанда жүрегім ауырады.

– Кейбіреулер «Бай болсам, төрт құбылам тең болса» дейді. Олардың көпшілігі материалдық құндылық деп жүріп, рухани мешеу қалып жататыны жасырын емес. Ал енді кейбіреулер рухани бай, бірақ материалдық байлығы жоқ. Қоғам дәл осы тұста екіге жарылып бара жатқан сияқты. Қалай ойлайсыз?

– Халыққа тек қана материалдық байлық керек емес. «Халықты той­дыр­сам, азықтандырсам» деп мақсат еткен патша бәрібір жартыкеш патша саналады. Біз оған да жетіп отырған жоқпыз. Ұлттық экономикалық-әлеуметтік жағдайымыз түзелген жоқ. Біздің шетелге шығарып жатқан отандық өніміміз қайсы? Бәрін сырттан әкеліп жүрміз. Дәріханаға барсаңыз да, азық-түлік дүкендеріңіз де лық толып тұр. Өзімізден өндірілмеген дүниенің мәні де, мағынасы жоқ. Қазақта жапан дала көп. Жердің асты да, үсті де бай. «Біз алтын сандықтың үстінде отырып, аштан өлетін түріміз бар» деп Шерағаң бекер айтқан жоқ. Біз неге өзімізде барды ұқсата алмаймыз? Мүмкін, жалқау шығармыз. 23 жыл болды. Осы жылдар ішінде әлеуметтік-экономикалық реформа жасауымызға болар еді ғой. «Іш қазандай қайнайды, күресуге дәрмен жоқ!». Осының салдарынан, бүгінде рухани дүние екінші планға қалып қойды. Оның несін жасырамыз?! 

– Рухани әлемнен тыс, ештеңеге қызықпайтын ұрпақ өсіп келе жатқаны жасырын емес. Тіпті, ақындардың есімдерін білмейтіндер де көптеп саналады. Бұны рухани дағдарыс деп айтамыз ба?

– Мені жұрттың бәрі таниды деп айта алмаймын. Танымаса, бірте-бірте таныр. Бұл да үлкен өкініш-қайғы емес. Жан-жағына ой көзімен, жүректің көзімен қарау үшін бірінші, материалдық байлық керек. Ол тән азығы ғой. Ал тән азығы мен жан азығы қатар жүрсе ғана, адам өзін бай санауына болады. Сіздің жаныңыз бай болса, қара су, қара нанға қанағат етесіз. Бізде байшыкештер көбейіп келеді. Оның бір ғана мақсаты бар – байыған үстіне байи түсу. Осыдан бірнеше жыл бұрын мүфтиятта жүргенімде «Иман» деген журнал аштым. Жұма күні мешітке халық көп келеді. Арасында зиялылар да бар. Сондай бір күні мешітке бір бизнесмен жігіт келді. Менімен амандасты. «Жұма намазға бизнесмендер де келеді екен», – деп ішім жылып қалды. Мешіттен шыққаннан кейін, «әңгімелесейік» деп өзіме шақырдым. Сонда әлгі жігіт: «Мешітке келген себебім, менің жұмысым тоқтап қалды. Бес-алты ай болды, жүрмейді. Сосын мешітке келіп, қайыр-садақа беріп, Алладан тілейінші деп келдім», – дейді. Басқа кезде уақыт болмайды ғой деп айтты. Міне, көрдіңіз бе? Әр адам мешітке, рухани дүниеге әртүрлі оймен келеді. Бір ауыз сөзінен жігіттің негізгі ойын сезіп қойдым. Жүрегім шым ете қалды. Жүрек қалауымен келмегені көрініп тұр. Бұл не? Рухани тоқырау емес пе? Адамның көкірек көзі ояу болуы қажет емес пе? Көрдіңіз бе, мұнда да шектеулік бар. 

– Мұның бәрі сіздің «Ақ жол» партиясына келуіңізге себеп болды ма? Сіз қоғамның кейбір түйткілдерін партия арқылы шешуге болады дегенге сенесіз бе? Шын мәнінде, ақынды саясатқа жетелейтін не?

– «Ақ жол» партиясына келуімнің жөні бөлек. Әлихан Бәйменов екеуміз ағалы-ініліміз, әрі доспыз. Әлихан мені «Ақ жол» партиясына шақырды. «Таза, рухани жолмен жүретін партия құрайықшы» деп шақырды. Партияға барғаныммен, мен оның саяси жағына көп араласқам жоқ. Әсіресе, Алтынбек, Болаттар келгеннен кейін, партияда бес төраға болды. Сол кездері мен тіптен партиядан шеттеп қалдым. Алтыншы төраға болып жүре алмаймын ғой. Сол кездері «Зерде» қоғамдық қоры ашылып, соның атқарушы директоры болып қызмет атқардым. Ол қор әлемнің ағартушы ғалымдарының кітаптарын аударып шығарды. Қаламгерлердің шығармаларын аудардық. Бірақ партияның қызметі ұзаққа барған жоқ. Бес төрағаның бір-біріне деген ішкі эмоциясы болды ма, әйтеуір, партия екіге бөлініп кетті. Екі партия мені екі жаққа тартты. «Мен қатты ренжулімін. «Ақ жол» партиясы жап-жақсы халықтық партия болып келе жатыр еді. Екіге бөлетіндей, сендерге не жетпеді деп, партиядан кеттім», – дедім Болатқа. Содан кейін партияға жолағам жоқ. 

– Ақынды немесе жазушыны партияға алып келу немесе ол кісілерді саяси қызметке жетелеу қандай мақсаттан туындайды? Мүмкін, сіздердің есімдеріңіз қымбат шығар партия үшін… Қалай ойлайсыз?

–Шынында да, сенің бұл сұра­ғыңның жаны бар. «Ақ жол» пар­тиясының атынан екі рет депутаттық сай­лауға түстім. Қазалы, Арал ауда­нына дейін барып қайттық. Бармаған, шарламаған жеріміз жоқ. Халықпен кездескенде өлең оқимын. Бірде бір ауылға барғанымда «Жалмауыз» деген өлеңімді оқыдым. Мақсұт Нәрікбаев бар еді қасымда. Ол маған: «Өлеңіңіз тым қатқыл екен. Бұныңыз дұрыс емес» деді. «Сен не деп отырсың? «Жалмауыз» деп, жалмап, жей беретіндерді айтып отырмын» дедім. Мақсұттың сөзінен кейін тіксініп қалдым. Екеуміз бір партияның миссиясын жалаулатып жүрміз. Сонда байқағаным, өз сөзің өзіңе тиіп жатады екен. «Жүре берсең, көре бересің» дейді ғой. Сөйтсем, мен оларға керек екенмін. Елдің, көпшіліктің алдында менің абырой-беделім бар. Олардан бұрын халық маған сәлем беретін кездері болған. Бәрі кеткеннен кейін, партияға Азат Перуашев келді. Бұл кезде партияның күні біткен кезі еді ғой. Перуашев маған хабарласты. «Жоқ, мен партиядан кеткенмін. Мені әурелемей-ақ қойыңдар» дедім. Олардың да мені пайдаланғысы келеді екен. Қай партияны алсақ та, қастарына абыройлы, беделді адам керек. Олар кімдер? Ақын-жазушылар, ғалымдар. Амангелді Айталы да менің құшқанымды құшты. Амангелді Айталы қандай білікті азамат! Үлкен философ, ғалым адам. Соның өзі далада қалды. Оларға біздің атымыз керек екен. Мен партияның бәрін жылы жауып қойдым. Қазір Құдайға шүкір, бәрінен тазамын.

– Исраил Сапарбайды көпшілік «Махаббат шайыры» деп таниды. Азаматтық өлеңдеріңіз көлеңкеде қалып қойып жатқан жоқ па?

– Андрей Вознесенский деген орыстың ақыны бар. Өзі архитектор. Андрей Вознесенскийдің: «Нағыз ақын бәрін жаза алуы керек. Ол лирик бола ма, ол азаматтық әуен бола ма, оны топқа бөлудің қажеті жоқ. Ол бәрін жаза алады» дейді. Мен де сондаймын. Қоғамға, қазаққа, елге салмақ түскен кезде, ел теперіш көрген кезде, азаматтық ойымды жеткізе аламын. Жаңаөзен оқиғасына байланысты, «Жас Алаш» газетіне екі рет өлең жаздым. Мен оны еріккеннен жазғаным жоқ. Жүрегіме жара түсті. Сол жараны өлеңмен емдеуге тырыстым. Ішімнен қан жыладым. «Қазаққа қазақ оқ атты» деген өлең жаздым. Кейін кітабыма шықты. Өйткені ол өлеңдерім «Жас Алаштан» басқа газетке шықпайтын еді. Ешқашан қазаққа тиіскен емеспін. Бірақ, шындықты айтсаң, жазықты болып қаласың. Қасым Аманжолов пен Айдос Сарымға риза болдым. «Отаныма, халқыма дұшпан емеспіз. Біз шындықты айтсақ, неге жау көреді?» дейді олар. Расында да солай. Бірдеңені жасырмай, тура айтсаң, «туғаныңа да жақпай қаласың». Біздің ниетіміз сол, елге жақсы болса екен дейміз, халқымыз дұрыс болса екен дейміз. 

– Ақын өз шындығын жеткізуі үшін оппозицияда болуы шарт па?

– Оппозиция деген жеке ұстаным емес пе? Ал бізде оппозиция деп, билікке қарсы партияда жүрсең, билікке қарсы сөз айтсаң, солай қабылдайды. 

– …бұл елдің оппозиция туралы көзқарасы делік. Ал ақынның азаматтық ұстанымы ше?

– Зиялы деген сөздің өзін абайлап айтуымыз керек. Зиялылар кезінде болған. Алаш үкіметінің кезінде болды. Олар қоғам болды. Топ болып қалыптасты. Қазір зиялы қауым бар ма? Тек қана зиялы деп айтамыз. Зиялы қауымның өкілі кім дегенде бес саусақпен санасақ, жеткізе алмаймыз Жетпеуінің себебі, елдің алдында жүретін, елдің рухани-материалдық жоғын жоқтайтын адамдар аз. Қазір қай мемлекет мықты боламын десе, екі тұлғаны қадірлеуі керек. Біріншісі – батыр, екіншісі – ақын. Батыр жаугершілікте керек. Жоңғар-қалмақ соғысында соған көзіміз жетті ғой. Әр атаның, әр ауылдың өз батыры болды. Қазір «не көп батыр көп» деп жатады. Батыр көп болса, зиян ба? Көп бола берсін. Ақын да көп болсын. Бейбіт заманда, тыныштық кезеңде, алдыңғы кезекке батыр емес, ақын шығады. Құдай соғыстан сақтасын! Ал ақын жүрегі мәңгі жас болуға тиіс. Мен осы күнге дейін ғашық бола алам. Ғашық бола аламын емес, ғашық боламын. Жақсылықты, сұлулықты бірінші көремін. 

– Пайғамбар жасына жеткен адамның ғашық болуы… Көпшілік қабылдай алмайды ғой…

– Мен ғашық болмасам, махаббат жайлы өлең жазамын ба? Екі-үш жыл бұрын ұлттық университетте бес рет кездесу өткіздім. Бес факультеттің студенттерімен жолықтым. Сол университеттің студенттері маған «Махаббат шайыры» деген атақ берді. Мен расында да, махаббат шайырымын. Әлі күнге өзімді мемлекеттік сыйлыққа ұсынып көрген емеспін. Сол сыйлықты алғанның өзінде, өзімді «махаббат шайыры» деп санар едім.

– Мемлекеттік сыйлыққа ұсын­бауы­ңыздың себебі бар ма? 

– Кешегі күнге дейін ұсын­ба­уы­мның сыры белгілі. Өйткені «Ақ жолдың» адамы болдым. Ал қа­зір мүлдем басқаша. Сыйлыққа ұсынғаннан кейін, бір жыл бойы түн ұйқымды төрт бөліп, аламын ба, алмаймын ба деп, мазам кетіп жүруім керек емес пе? Онда мен өлеңді қалай жазамын? Қай уақытта жазамын?! 

– Сыйлыққа таласып, атақ алуға тырысып жататындар аз емес. Жалпы, атақтың ақынға тигізетін көмегі бар ма?

– Кеңес одағының кезінде сыйлықтың кәдімгідей салмағы болатын. «Пәленбай сыйлықтың иегері» деп жатқанда, мен іштей қорланатынмын. «Әй, мына сыйлықты алу керек екен» деп ойлайтынмын да. Дәл қазір оның түкке қажеті жоқ. Алғандарды да көріп жүрміз. 

– Қадыр аға бір сұхбатында маған: «Зиялыларға сыйлық беруді Сталин арнайы ойлап тапқан. Зиялы қауымды айтыстырып, таластырып қою үшін әдейі шығарған» деп айтып еді. 

– Оның ар жағын қазбаласақ, Қадыр ағамның сөзінің жаны бар. «Мен мықтымын» деп, ішінен бәсекелесіп жүрген жазушылар солай болып шығады ғой. Атақсыз-ақ атақты болуға болады. Мысалы, қазір көшеге шықсам, жүз пайыз демей-ақ қояйын, сексен пайыз ел біледі. Мұның бәрі кімнің арқасы! Ең әуелі Алланың, сосын, өлеңнің арқасы деп білемін. Тәубе! Қазір 150-ден астам әнім бар. Құдай қаласа, 24 күні Жамбыл атындағы филармонияда кешім өтеді. Ол стереотипті, қалыпқа түскен кеш болмайды. Бұл кеш ерекше өтпек. 

– «Жетпіс жасымда жеті томдығымды шығарамын деп едім. Қаржы таба алмадым» депсіз. Жеті томдықтың жайы не болды?

– Жеті томдықтың үш томы мемлекеттік тапсырыспен жарық көрді. Аллаға шүкір! Қалған бес томдық әлі баспада жатыр. Ақша таба алмай отыр ма, білмеймін. Менің қалтам тесік. Ол бес томдықтың тақырып жағынан бесеуі бес бөлек. «Бір тамшы көздің жасындай» атты кітабым жиырма баспа табақ. Өңшең ой-толғамдар. Өкініштісі, ол да баспадан шықпай тұр. Бұлар кітап болып шықса, оқырман мені басқа бір қырымнан таныр еді. Онсыз да эротикалық өлеңдерім үшін көп сыналдым. Сынап та жүр. Енді-енді ғана түсініп келеді. 

– «Жиі сынайды» деп айтып отырсыз. Шын мәнінде, сіздің бұл өлеңдеріңізді даттап, біраз жерге апарып тастады. Мүмкін, бұл өлеңдер қазақтың табиғатына келмейтін шығар.

– Оған байланысты емес. Қабыл­дау-қабылдамау әр адамның өзіне байла­нысты. Мұндай өлеңдерді тек қана лирик ақын жазады. Менің аза­маттық өлеңдерім де жетеді. Үш кітабым жарық көрді. Бірақ ме­нің эротикалық өлеңдерім көп сыналды. Сынағанда да, өзімнің әріптестерім сынап отыр. Тіпті, жыл қорытындысында сынға іліндім. Ақұштап Бақтыгереева апаларың қатты айтты. Кейін ол кісі менен кешірім сұрады. Бұл туралы «Эротика – ерсі ме?» деп жазғаным да бар. Менің бұл өлеңдерім поэзиялық реформа емес. Мен оны алғаш поэзияға енгізіп отырғам жоқ. «Батырлар жырын», лиро-эпосты оқысаңыз, өзіңіздің де көзіңіз жетеді. Халық ауыз өлеңдерінде жиі кездеседі. Мәселен, «Қызылқұмда ауылым, қыз-бозбала сауығым, өзіңменен ойнамай, басылмайды мауығым» дейді. Бұл жерде қуыршақпен ойнауды айтып отырған жоқ. Қазақта бұрын «Қыз ойнақ» деген болған. Сондықтан, ол қазақтың табиғатына жат емес. Ал жас ерекшелігіне келсек, ақында жас болмайды. Ақында пенделік жас болуы мүмкін. Сондықтан да, осы күнге дейін ғашық болам. Қазақтың сұлу, ақылды қыздары бар кезде, ғашық бола берем. 

–  Үлкендердің өзінен кейінгіге көңілі толмайтыны бар. Жиі өкпелеп, жиі кінә артып жатады. Сіз де солайсыз ба?

– Не үшін өкпелейсің? Кіші­лердің қандай айыбы бар? Олардың айыбы болса, ата-анасынан. Дұрыс тәрбие алма­ғандығында. Менің неге өк­пелеуім керек? Мен өкпелесем, қазақтың жігіттеріне өкпелеуім мүмкін. Іштей ренжимін. «Бөріктінің намысы бір» деген емес пе? Ұсақталып кетті ме, жалқау ма, рухани жағынан кем санай ма өздерін, солай болып барады. Керісінше, қазақтың қыздарына ризамын. Олар көп жағынан биікте тұр. Батыр, ақылды. Өзбекстанда елшілікте қызмет атқардым. Өз­бектің қыздары сұлулық жағынан қазақтың қыздарынан кем емес. Бірақ, іштері қуыс. Қазақтың қыздары ақылды, білімді, батыр. Әлия мен Мәншүк қайдан шықты? Абайды туған Ұлжан, Құнанбайды берген Зере, Шоқанның әжесі Айғанымды батыр емес деп айта аламыз ба? Бәрі қазақтың қыздары. Сол батырлық, сол білімділік бүгінгі қыздардың бойынан да табылады. Кешегі Желтоқсанда алаңға шыққандардың тең жарымынан астамы қазақ қыздары болды емес пе? Ел басына күн туған кезде, белін буады да, қазақтың қыздары шығады. «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» деп неге жаздым?! Осындай игі, асыл қасиеттерін байқаған соң, көзім жеткен соң, өлең болып өрілді. Бойжеткен қыз болып, ақыл-парасатты, сұлулықты өз бойына жинай білген, соны төкпей-шашпай қадірлей білген қазақтың қыздары ғана. Жұмекеннің «Қыз болған соң, сұлу болмау қылмыс қой» деуі тегін емес. 

– 24 мамыр күні Жамбыл атын­дағы филармонияда кеші­ңіз өткелі отыр. Бұл кештің көрер­мен­ге ұсынар сыйы қандай?

– Шәкәрімнің «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деген әні бар емес пе? Кешімнің атын осылай атауым керек еді. «Бұл кеш бұрынғы кештен өзгерек» деп. Жалпы, көрерменнің талғамын қалыптастыру өнер адамдарына байланысты. Мен жете алмай жүрген сарайға жас әншілер концерт қойып жүр. Түрлі концерт береді. Оның сапасы қандай? Маған сарайдың қажеті жоқ. Шағын камералық залда поэзия кешін өткізген дұрыс екен. Ол залда жүз адам бола ма, тіпті, елу адам бола ма, мәселе онда емес. Он адам отырса да, сен өзіңнің сөзіңді өткізе аласың. Республика сарайында алты рет кеш өткізіппін. Қазір қарасам, үлкен ерлік жасаған екенмін. Алты рет демеушісіз кеш өткізу деген… Ерлік емес пе? Мұның бәрі тәуекелден тұрады. Осы жолы филармонияны қаладым. Бұл кештің өзгешелігі неде? Бұл жерде өнердің үш саласы бірігеді. Бұл жолы поэзияға ән және би қызмет етеді. Үшеуі қосылған кезде тұтас спектакль болады. Қыз бен жігіт жүргізетін кеш емес. Биді кім жек көреді? Әнді кім жек көреді?! Бәрі қосылған кезде, мүлдем бөлек, интеллектуалдық кеш болады. Жас өнерлі қыз-жігіттердің өнердегі жолын ашпақпын. Әр әншіге «сен актер боласың» деген талап қойып отырмыз. Әнді тұтас оқиғамен көрсету керек. Сондықтан да «Сенің туған күніңде» деп атын қойдық. Оны біз 15 мамыр, туған күніме орайластырып, жоспарлаған едік. Оған үлгермей қалдық. Аты өзгерген жоқ. Менің арманым – мүмкіндігінше, интеллектуалды кеш болса деймін.

– «Материалдық құндылық мен үшін маңызды емес» дедіңіз. Шыныңызды айтыңызшы, өзі­ңіз­ді қаншалықты бай санайсыз?

–Адым сайын қиындықтар кезігіп отырады екен. «Жоқ» деген нәрсені айтам. Мәселен, менің кешімді телевидение түсіруі керек. Ол үшін басшылығына шығуым қажет. Оған барып бұйымтайымды айтамын. Өзім түсіртуге қалтамда ақшам жоқ. Олар бас тартып жатса, қалай болады деген уайымым да жоқ емес. Міне, осындай нәрселер жанды қинайды. Әйтпесе, кедеймін деп айта алмаймын. 

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС