258
МӘҢГІ ЕЛ – БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ
МӘҢГІ ЕЛ – БІРТҰТАС АЛАШ ИДЕЯСЫ
Аңсарлы бірлік – «малға бірлік емес» (Абай), рухани бірлік. Ал рухани бірліктің ұйытқысы – төртінші және киелі идея – тіл, дін, діл тәуелсіздігі. Осы үштік тоғыстың тұтастығы үшін көне түркілер «Мәңгілік ел» ұстынында «түрк елін сыйлауды талап етті», сол үшін түрк жұртының “басын идiрiп, тiзесiн бүктiрмедi…». Өйткені “Тәңiр жарылқады». Елдіктің елдік кепілі – Рухани азаттық. Бұл кесірге ұшыратқандар «түрк бектері атын жоғалтып, табғаш бектерінің атын, табғаш атын тұтынғандар», солардың сатымсақтығының, Абай айтқандай, “Қолына алып, Пәле салып, аңдығаны өз елi” болған “төрден үрген итке ұқсағандардың” салдарынан, тағы да «түркі халқы елдігін жойды», «бек ұлдары құл болды, пәк қыздары күң болды».
IV. «Еліңді сыйлауды талап ет!..»
Рухани азаттыққа қарсы тұру – өз бақытына, өз елiне, өзiңнің рухына қол салу. Бұл үш тоғыс – «мәңгiлiк ел» нысанасының ең басты киелі қасиеті. Сондықтан да оған ешкімнің сұғын қадауға, сұғына килігуіне, сұқ саусағын сұғуға қақысы жоқ! Біртұтас алаш идеясында да тәуелсіз мемлекет құрушы ұлттың тіл, дін, діл үстемдігі анық салтанат құруы тиіс. Х.Досмұхамедов айтқан «ұлттық мәдениет үстемдігі» дегеніміздің мағынасы да осы мәңгі тасқа қашалған «түркі елін (алаш жұртын) сыйлауды талап ету», сол үшін түркі жұртының «басын идiрмеу, тiзесiн бүктiрмеу…» (рухани тәуелді етпеу), «Тәңiрі жарылқау» (дінін сақтау) деген ұстаным. Осы үстемдік «Мәңгілік ел» ұстанымда сақтала ма, жоқ па? Біз тіл мәселесін әу баста «түркі елін (алаш жұртын, қазақ тілін) сыйлауды талап етудің» құралына айналдырмай, саясасаттандырып алдық. Бүгінгі ұлтшыл деп жүрген адамдарымыз ол кезде өзінің ұзақты ойлай алмайтындығын байқатты. Яғни «белсенді коммунистерден» белсенді ұлтшылдар шықпады. Мен бір-ақ нәрсе айтайын. 92-жылы бірінші Конституция қабылданған кезде қазақ тіліне бүгіннен бастап кірісу керек деді. Кірісіп кетуге болатын еді. Үлкен қайшылықтар да туындауы мүмкін еді. Бірақ қиналып барып жеңетін едік. Сол кезде Олжас Сүлейменов айтты: «Жоқ, бұл нәрсені ойланайық. 1949 жылы қабылданған халықаралық келісім бар. «Отарлаудан босанған елдерге өз тілін игеру үшін 10 жыл мүмкіндік берілсін» деген. 1949 жылы Израилға 10 жыл берілді. Иврит деген тіл – өлі тіл болатын. Олар бір жылдың ішінде мемлекеттік тілде сөйлеп шыға келді. Біз де он жыл уақыт берейік. Он жылдан кейін қазақ тіліне бәленбай күні, бәленбай сағатта көшеміз. Ол күні бүгінгі бірінші сыныпқа барған бала оныншы сыныпты бітіреді. Ертең ол қазақ тілінсіз күн көре алмайтынын біледі. Бүгінгі отыз жастағы адам қырыққа келеді, мемлекет ісіне араласады. Елу жастағы адам зейнетке шығады. Оған мемлекеттік тілдің онша керегі жоқ. Біз осылай шешейік» – деген еді. Ойпырмай, «Олжас дегенің – орысшыл, сатып кетті» – деп «қағаз жолбарыстың» бәрі жамырады. Мен, Олжас ағаға барып: «Мұныңыз не?» – деп сұрап едім… «Бұл нәрсе осы бетімен кетсе, енді жиырма жылдан кейін де Қазақстанда қазақ тілі жалпыға ортақ мемлекеттік тіл болмайды. Өйткені, онда тіл саясатқа айналып кетеді. Ал саясатта ешқандай нақты шешім болмайды. Бүгінгі айтып жатқандар айта берсін, негізі солай болғаны тиімді. Мен дүние жүзін аралап жүрмін, білемін ғой. Әлемдік саясатты пайдалануымыз керек», – деді. Құрып кеткенде, соған ие бола алмай қалдық. Саясат өзінің түпкі шешіміне сендіру керек. Онсыз саясат «қу тілмен қулық сауғанның» (Абай) кәсібі ғана болып қалады. Ал біз, міне, ширек ғасыр болды, тіл саясатын жылдан-жылға суалған сиырдың желіні сияқты «қу сөзбен сауып келеміз». Осыдан кейін саясатқа қандай сенім болмақ? Ал ертеңгі күні не күтіп тұр, бір Аллаға ғана аян. Қырым оқиғасынан кейін бойымыз түршігіп қалды. Мемлекетаралық ұлттық саясат тұрақты, өтімді, пайымды болса керек еді. Ал империялық өктем де озбыр пиғыл арандатумен аранын ашып отыр. Ал енді біздегі орыс-казактар Қазақстанда «өз армиямызды құрамыз», орыстар: «орыстардың партиясын құрамыз» деп шапқылап жүр. Осы ретте қазақ ойының қормалы Айталы оқымыстының мына пікірін назарға іліктіре кетейін: «Мәселе, Австралия одағы туралы болып отыр. Австралия мен Қазақстанның тарихы әр түрлі болғанымен, оларды көп ұлттылығы жақындатады. Австралияның негізгі халқы Еуропадан, Америкадан қоныс аударған ағылшын тілділер, оларды австралиялықтар деп толық айтуға болады, өздеріне тән құндылықтары, өмір салты, мінез-құлқы, мәдениеті қалыптасқан. Бертін келе, ХХ ғасырдың 70-жылдары демографиялық дағдарыс және экономиканың дамуы шетелдің жұмыс күшін пайдалануды талап етті. Австралияға ағылып арабтар, вьетнамдықтар, қытайлықтар, басқалар қоныс аудара бастады. Оларға қойылатын басты талап – Конституцияны мойындау, ағылшын тілінде сөйлеу. Қоныс аударушылардың мәселелеріне байланысты мемлекет қыруар қаржы бөлді: ұлттық тілдерде кітапхана, мектеп, БАҚ жұмыс істеді. Бүгін Австралияда радио 68 тілде, теледидар 60 тілде хабар таратады. Бұл аздық етіп, диаспораларға парламентте, үкіметте, оқу орындарында квота бөлінді, диаспора кәсіпкерлеріне салықтардан жеңілдік берілді. Австралияға қоныс аударушылардың саны одан сайын көбейді. Енді бюджет оларға деген шығынды көтере алмайтын жағдайға жетті. Елде қылмыс көбейді және ол этностық сипат алды: вьетнамдықтар героин сатумен, арабтар әйелдерді сатумен айналысса, қытайлықтар мемлекеттегі лауазымды қызметтегілермен ауыз жаласып, қылмыстық топтар құрды. Сонымен бұл ұлттық саясатқа елдің басым көпшілігі қарсы болды, себебі, бірте-бірте байырғы еуропалықтар шеттетіле бастады, елді сенімсіздік пен күдік жайлады, ал диаспоралар Австралия мемлекетінің тұтастығын ұмытып, өзара бәсекелестікке түсті» («Егемен Қазақстан», 19 сәуір, 2008 жыл). «Мәңгілік ел» ұстанымын жүзеге асырамыз және соның ұйытқысы алаштың аманатын адал жүзеге асырамыз десек, Айталы дегдарды алаңдатып отырған қос өкіметтік саяси құрылым, Қазақстан жағдайында Қазақстан Халқы ассамблеясын өзінің «мәдени орталық» деңгейіндегі орнына қоймай, қазақ қоғамында тыныштық болмайды. Неге? Менің жеке пікірімше, Халық ассамблеясы жалған ғылым, жалған идеология, жалған насихатты дамытып отыр. Қазіргі кезде қоғамдық пікірді мысымен емес, пысымен басып, наразылық пен кірбің қабақ етіп, алаңдаушылық тудырып отырған осы ассамблея «толеранттық» дегенді бетіне бүркеу емес, шіркеу етіп, әр түрлі деңгейдегі саяси науқандарды белсене ұйымдастырып, мемлекет құрушы ұлттың төзімін (толерантность) егеп келеді. «Ел бірлігі» доктринасындағы қазақты этностың қатарында болса да атап өтпей, «қазақстандық ұлт жасаймыз» дегені не? Америкалық үлгідегі ұлт жасау үшін байырғы үндістердің кебін құштырып, бүгінде Қазақстанның халқының 77 пайызын құрап отырған қазақтарды құртып жіберу керек пе. Осыдан біраз бұрын Амангелді Айталы ағамыз айтқандай, Халық ассамблеясы 5-6 жылда емес, парламентке дербес депутат сайлау арқылы билік басына бүгін шығып алды. Неге мемлекет оларады басқару аппаратымен бірге бюджеттен қаржыландырып отыр? Неге ол қоғамдық бірлестік бола тұра, мемлекеттік идеологияға араласып, Қазақстанның болашағын анықтайды? Неге ұлттық мүддені қозғайтын доктриналар немесе әлдебір үлкен саяси науқан «Нұр Отаннан» бұрын әуелі халық конгресінде талқыланады. Сонда мемлекет құрушы ұлттың өкілдерінің дауыс беру құқын қамтамасыз ететін баламалы саяси ұйым қайда, партия құру керек пе? Мұның басты себебі не және қайдан басталды дейсіз бе? Ашық айтайын, ол – ұлттық-азаттық бағытты ұстанған алғашқы мәжіліс депутаттарын таратып, соның орнына келген «Ли көкем»: «Сенің жауың – өз ұлтың, сенің досың – біз» деген ұранды ұстанған және оны санаға сіңірген, сөйтіп, бүгінгі күнде билік жүргізіп отырған Халық ассамблеясының құрылуынан басталды. «Халық ассамблеясы өмір сүріп отырғанда қазақ ұлты толық рухани бостандыққа жетпейді» – деп осыдан бес жыл бұрынғы «халықтық доктрина» мен дін туралы заңның алғашқы жобасы дайындалған тұста айтқан едім. Сонда менің бір сенатор және екі депутат досым маған «Тұрсын Асанқайғы» деп атақ тағып еді. Иә, жұрт не десе о десін, менің жеке пікірім, жеке ойым – осы. Азамат ретінде, конституциядағы құқым бойынша да бұл ойымнан бас тарта алмаймын. Міне, барлық күдік пен кәдік осыдан туып отыр. Олар өзімен өзі тегін кетпейді, солардың шылауына ерген, Шәмшіге емес, «Битлзге» Көктөбеден ескерткіш қойған, Алматыны – Алма-Атаға өзгертуге өзеуреген, Қазақстанда мұсылман дінін насихаттамау туралы баспасөз құралдарына нұсқау берген …осыдан шығады деймін мен. «Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім», – деп Сара ақын айтқандай, бұған келгенде менің де үнім шықпай қалады. Осындай ырықсыз ықпалдың кесірінен қазір біздің діліміз: қала мен дала қазақтары, дәулеттілер мен дәулетсіздер және шала қазақтар боп үшке бөлініп кетті. Дәстүрсіз ұрпақ қалыптасты. Сағыз шайнап отырып емтихан тапсырады. Ал, бұрыш-бұрышта емес, тура дәлізде: екі бұтын ашып жіберіп, жақтауға шалқая қалатын қыздар мен оның екі бұтының арасына аяғын тығып жіберіп, күйлеп жатқан ұлдардың бес-алтауын өзім ажыратқаным үшін, бұл әңгіменің ақыры әке-шешесінің араласуымен аяқталған еді. Сонда шешесі қызының көзінше: «Ну, что же…» – дегені бар. Ақырында, мұны әкесі түсініп, қызына да, әйеліне де тыйым салып, тындым етті. Иә, ұсақ мәселе. Бірақ көргенсіз мәселе. Қазіргі ұрпақтың санасын жаулап бара жатқан рухани індеттің, «Күлтегін» жазуындағы: «Тәтті сөз, асыл қазынасын беріп, жырақтағы халықты (өзіне) сонша жақындатты. Жақын қонып, сосын (олардан) әдепсіз қылықтарды үйрендің…» – деген салындылықтың нақ өзі. Ол – ар, ұятқа, дәстүрге қарсы «індет» емес, «қазақ» деген сөзге жиіркенте қарататын мерез. Мемлекеттік тіл – мемлекеттік мекемелердің қолданымынан шеттетіліп отыр. Қазақ мектептерінің оқушылары орыс тілінде қабырға газетін шығарады. Орыс тілін үйрену үшін немеремізді қазақ балабақшасына беретін болдық. Демек, қазақ мектептерінде, бастауыш қазақ сыныптарында ұлттың мәйегі ұйымаған. Кезінде, осыдан жиырма бес жыл бұрын Ә.Әлімжанов: «Ей, Тұрсын! Сен қазақты рушылдығы құртады дейсің. Ал мен осы: «орыс тілді қазақ, қазақ тілді қазақ» боп бөліне ме деп қорқамын. Қала даланы жұтып қояды. Сонда ұлтсыздықтың көкесі басталады», – деп еді. Дегдарым-ай, сол күдігің – күдік күйінше қалмай, шындыққа айналып бара жатыр ма, мен соның куәсі болып отырған жоқпын ба. Мәдени тексіздікке ұшырап кеткен жоқпыз ба? – деп қамығамын. Шағынып отырғамын жоқ, қорланып отырмын. Мысалы, Астанадағы мен тұратын орамда бір мың жанұя тұратын болса, соның 999-ы қазақ. Бірақ ауладағы ойын алаңында екі-үш үйдің балаларынан басқалары қазақша сөйлемейді. Немересімен бірге мыж-мыж болған кемпір мен шалдар қоса шүлдірлесіп жүреді. Тым болмаса, не «кәлимаға», не «спаси наш отчьимға» тілі толық келсеші. «Түркі жұрты, аздың, тоздың, бір тойсаң аштықтың қадірін білмейсің, ұмытшақсың ғой сен» деген Иоллық тегіннің назасы да сондай күйініштен туғаны анық. Әнуар Әлімжанов ағамыз айтқандай, дала мен қаланың баласы тіл табыса алмайтын күйге жетті. Жерге, тілге, дінге ие болмаған соң діліміз бұзылды. «Саудасы – ар мен иманы» – деп Абай айтқандай, дін – саясат пен бизнестің құралына айналды. Ұлттың өз дінін өзіне жиіркенішті көрсету ұстанымы жүргізіліп отырған сияқты. (Жаңа заң жобасы солай деуге негіз қалайды). Мұсылман дінін насихаттамау туралы нұсқау шығыпты. Әй, мұндай нұсқауды кім берді? Ондай идеологияны басқарып отырған кім? Әрине… Біздің ислами фундаментализмге қарсы күресіміз, жігіттің бес тал сақалымен, жіліншігіне көтерілген шалбардың балағымен, қыздардың шашы мен балтырын жапқан қапамен шектеледі. «Көргенсіз ұл әкесінің сақалымен, шешесінің етегімен алысады» дегенді мемлекеттік тыйым саятына айналдырды деген осы емес пе. Әдепті сақтауға мәжбүр еткіміз келсе, онда шалқайса – кіндігі, еңкейсе – таңы көрінетін, қарауға көз ұялатын әдепсіздікке неге заң арқылы тыйым салмаймыз?!. Осындай жөнсіз жосық көрсетуімен мемлекет – өз ұлтынан ажырай бастады. Халық пен мемлекет екеуінің ойы да, жолы екі басқа. Енді ол екі жолдың басы қайта біріге ме, жоқ па? Әй, қайдам. «Кітап шығарудың қажеті қанша. Оны кім оқиды. Электрондық нұсқа бар» – дейтін ақпарат министрі мен ректорлар пайда болып, кітаптың өзінен жерінген «ағартушылар» оқу-ағарту саласына вирус боп кіріп кеткен заманда, үміттенудің өзі күпірлік сияқты. Егер қоғамның дамуы осы бетімен кете берсе, күні ертең біз алыс-жақынымызға арналған «Құранды» да орыс тілінде оқыттыратын шығармыз. Онда сол тілмен, ділмен, дінмен бірге «Мәңгілік ел» ұстанымы да әдірә қалмаса игі.
V. « … ҚЫРЫҚ ЖЕРГЕ ҚОЙМА ҚОЙЫП, ҚУ ТІЛМЕН
ҚУЛЫҚ САУҒАН ЗАҢ…»
«Мәңгілік елдің» бесiншi кепiлі – салт пен дәстүрдi сақтау кепiлдiгi, яғни, дәстүрлі заң арқылы әдiл де әдептi билiк орнату. Билiк иесi жатқа «жақын қонып, сосын олардың әдепсiз қылықтарын үйренуге… пәк қыздарының – күң, бек ұлдарының – құл болуына, түрк атын жоғалтып, жат ұлттың атын иемденуге» жол бермеуi тиiс. Бұл мәселе өзiнiң мән-маңызын бүгiн де жойған жоқ. Тiптi түрк қағанаты тұсындағыдан да қағынып тұрған қандауыр жайт. Түрк қағанатында 28 билiк сатысы болған. Соның әр сатысына лайықты адам сайланған. «Оңындағы – шад пен бектердi, солындағы тарқан мен бұйрық бектердi, отыз тоғыз бектiктi» халық алдында тағайындап, олардың адалдығына кепiлдiк берген. Бұл билiк дәрежесiн Шыңғыс хан «Жасы» арқылы одан әрi жетiлдiрдi, алайда ол құрылым Абылай заманына дейiн еш өзгерiссiз қолданылып келдi. Өкiнiшке қарай, «мәңгiлiк ел мен мәңгiлiк билiк» нысанасын негiздеген көк түрк қағанатының түбiне де осы «билiк кепiлдiгiнiң» дұрыс сақталмауы жеттi. Тоныкөктiң қызы, Бiлге қағанның бәйбiшесi Бөпе патшайым оң қол мен сол қолдың билiк тәртiбiн бұзып, мұрагерлiк заңға қиянат жасағандықтан да қағанаттың шаңырағын ортасына түсiрдi. Өзi ата жауы табғаштардың «кепiл ханшайымы» болып, мәңгiлiк бодандықтың құрсауында қалды. Қазір бір емес, бұрынғы үш бірдей президент, үш бірдей ханым, үш бірдей ханшайым «Мәскеудің» кепілдігімен мырзақамақта Мәскеуде қалған күнін өткізіп жатыр. Бізден пәлесі аулақ болғай. Біртұтас алаш идеясының бесінші, тұжырымы түйіні де осы – ұлттық дәстүрге негізделген заң арқылы тәуелсіз ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру. Осы арада «Мәңгілік ел» ұстанымы: заңды ұлттық салт, дәстүрге негіздей отырып қабылдауға бет бұрғыза ма, қандай үлгідегі мемлекет құрмақ: Жапонияның үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет пе, америка сияқты азаматтық мемлекет пе, бір ұлттың мүддесіне негізделген мемлекет пе, жоқ, жалпақшешей мемлекет пе? – деген ең басты сұрақ туындайды. Заң – мемлекет құрушы ұлттың дүниетанымына, өмір сүру формасына, ұлттық діліне (менталитетіне) орай қалыптасқан дәстүр мен салтының жалпыға ортақ мойындалған түзілімі. Ал, ащы шындыққа орай бізде 100 заң шықса, соның бірде біреуі ұлттық дәстүрімізге негізделмеген. Оған мемлекеттік тіл, мемлекеттік дін, мемлекеттік ғылым, мемлекеттік білім құрылымы туралы заңдардың шикілігі мен дүмбілездігі, танымдық тексіздігі айғақ. Мұндайда Малайзияны алдыға тартады. Тым болмаса ұлттық мүддесі бар анау Жапонияның, сонау, Францияның, мына Германияның, ана ағылшынның, тіпті, соншама алпауыт қаржының иесі, елінің эконмикасына ұлттық қауіпсіздік төндіреді деп есептеп, қазы менен қартаны кіргізбейтін Американың заңына неге негізделмейді? Біздің экономикамыздың ұйытқысы болып табылатын ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға негіз қалайтын заңдық құқығымызға жүгінейік. Сыртқы импортымыз – Австралиядан қой, Канададан – сиыр, Америкадан – тауық, Қытайдан – жеміc-жидек, Ресейден – сүт, Өзбекстаннан – өрік, Қырғызстаннан – алма сатып алуға, импортымыз – Ресейге солтүстік аймақтардағы кәсіптестері өндіретін доңыз еті мен астықтан құралады. Одан түсетін кеден салығының, жанұялық түсімнің қызығын көретін де негізінен азаматтығы екіұшты, «ұлттық мүддеден жоғары тұратын» алыпсатарлар. Сонда, бұл қай мемлекеттің мүддесін қорғайтын экономикалық заңмен жүзеге асырылады? Газ бен мұнайдың алыс-берісі «нольге тең» принципке құрылған. Демек, алсаң – берешексің, ал берсең – алашақ емессің. Оны қорғайтын құқық заңы өзіңді соларға жығып береді. Осыдан кейін тағы да сол Абайдың, «Қысқа күнде қырық жерге қойма қойып, Қу тілмен қулық сауған заңы құрсын» демеске шараң бар ма? Өктем ырық пен нарық иелерінің заңдарының мәтіндері қазақ мемлекетінің заңдарына бап-бабымен бейімделіп, үстіріктеліп, жонылып, қырылып, заңдық формулировкаға ие болған. Сенбесеңіз, заң жинақтырындағы салалас заңдардың мәтіндерін, олардың заңдық аясы мен дәрменін, сот үкімінің орындалу пәрменін салыстырып көріңізші. Осыдан бес-алты жыл бұрын тәуелсіз заңгерлер тура сондай қорытындыға келген. Қазір өзгере қойды дегенге сенбеймін. Егер ендігі шығатын заңдар еуразиялық одақ пен еуразиялық экономикалық одақтың мүддесіне бейімделсе, заң «ұлттық құрылымнан тыс мекеменің» ырқына ықтаса, онда бұрынғы заңдардың бәрі күшін жояды, ұлттық мүддені көздеген мемлекеттік заң шығарудың да қажеттігі жоққа айналады. Өз мемлекетіңді өзің шығарған заңмен билеуге дәрменің мен пәрменің жетпесе, «Мәңгілік ел» қалай басқарылады? Абайдың: «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың», – дегенінің кері сонда келеді. Айтпақшы, ресми мәлімдемелерде, әлемдік сауда ұйымына мүше болуға қарбаласа дайындалып жатырмыз деген хабар айтылды, ойпырмай, сонда еуроодағымызға кірмей жатып неден сескендік? Белоруссия неге еуразиялық одақтан бас тартуға бейілді, неге өздерінің мүдделі шарттарын қойып, бопсаға қарсы бопса көрсетіп отыр? «Мәңгілік елдің» экономикалық қауіпсіздігін қорғауға тиісті заң құжаттарының қай жерінен кәдік шықты екен? Демек, біздің заң ғылымымыз да, заң шығарушыларымыз да, қаржылық құқықтанушылар да дербес ойлау жүйесіне ие емес. Олардың білімі мен пайымы, ғылыми парықтауы мен тұжырымы сырт жұрттың ырқына тәуелді. Біздің нысанамыз ұлттық дәстүр мен тәуелсіз ғылымға негізделген, заңға сүйенген ұлттық демократиялық мемлекет құру. Сондықтан да барлық заңдарымыз тәуелсіз ғылымға негізделуі қажет. Неге тәуелсіз ғылымға негізделген? «Күлтегіннің» кіші жазуында: «Сонда өш адамдар (қағанатты күйресін дегендер) былай иландырып еді: «Жырақ болса, жаман сыйлық берер, Жақын болса жақсы сыйлық берер» деп. Осылай иландырып еді. Білімсіз кісілер сол сөзге нанып, жақын барып көбің… әбден алқындың, арылдың. …. Жер-жерге қаңғып өлімші босқын болдың», – деп назалана атап өтілген, жатқа «жақын барғызып, жақсы сыйлықтан дәметтіріп, «алқындырып, «қаңғытып, өлімші» етуге мүмкіндік берген «білімсіз кісілеріміз», осы: әйтсек, бүйтсек шетелдік озық ғылымды, үздік өндірістік технологияны игереміз, ананы-мынаны басып озамыз – деп өзінің ақыл-санасынан еш пайым қоспай өзеуреген, дербес инженерлік ойлау жүйесі жоқ, ойы, білімі, пайымы басыбайлы ғалымдар. Соған сеніп біз де «алқынып», «ала дорба арқалап» «өлімші» күй кешіп жатырмыз. Жоғарыда бізді күдік пен кәдікке күпті еткен тұжырымдарды да жазған сол ғалымдар. «Мәңгілік ел» ұстанымы да солардың қаламынан шыққаны анық. Осыншама күдік тудырған тұжырымдарды жасаған ғалымдардың ойлау жүйесі тәуелсіз, пайымдары нақты ғылыми нәтижеге құрылған, жалған ғылыми пайымдаудан аулақ деп сенім білдіре аламыз ба? Әй, қайдам, әр жерден шиі селдіреп шығып тұрғанына қарағанда, көз күмәнді, көңіл күпті. Мұхтар Әуезов Дж.Нерудiң «Индияны тану» атты кiтабындағы: «Индияның бүкiл болмысы менiң қанымда қайнап тұр, оның бойындағы құбылыстардың барлығы менiң жандүниемдi қатты тебiрентедi. Сонда да, мен өз елiме, оның бүгiнiне, өзiм байқаған өткеннiң сарқыншақтарына жаттың көзімен, және сондай жеккөрiнiшпен қарадым. Мен өз елiмдi батыстың көзқарасы арқылы таныдым және кәдiмгi достық пейiлдегi европалық оған қалай қараса – мен де солай қарадым… Өйткенi менiң елiмнiң тарихы ағылшындардың көзқарасымен жасалған тарих едi» – деген пікірдің тұсын көк қарындашпен сызып тұрып: «Менiң халқымның да тарихы солай жазылды» – деп белгi қойыпты. Иә, ұлылардың ойын ұлылар ғана терең түсiнедi. Демек, бiз қанша дербес ойлаймыз, тәуелсiз жазушымыз, тарихшымыз дегеннiң өзiнде, жанымыз бен тәнiмiздегi басыбайлылыққа байлаулы екенбiз. Ұлы адамдардың ұлы жүрегiн кеулеп кеткен тәуелдiлiктiң күйдiргiсi – ғұмырын тәуелсiздiк үшiн күреске бағыштаған жандардың жанын шырмап алғанда, Қобан бойында 80 мың ноғайды бала-шаға, шал-шауқан, әйелiмен қосып қырып тастаған Суворовты – ұлттық қолбасшымыз деп, аталарымыздан бастап аналарымызға дейiн шоқындырудың жоспарын жасаған Ильминскийдi – халқымызды ағартушы деп пiр тұтып келген «советтiк жас пионерлердiң» жүрегiнен тәуелсiз ұлттық сезiмнiң тамшысы табылар ма екен. Әрине, озық инженерлік ойға, үздік технологияға, бәсекелі, Абайша айтқанда, «бақас» ғылымға кім қарсы болсын. Бірақ көшірме ойды көсей берсек, түбінде көсеу ұстап қалмаймыз ба? «Жалған ғылым» деген сөзді жай қызыл сөз үшін емес, жаным әбден күйген соң айтып отырмын. Неге? Өйткені қазір біздің ғылым деп жүргеніміздің көбі, мен бұл арада қоғамтану саласын айтып отырмын, көпірме идея, көбік нәтиже. Жалған тақырып пен көлгір талдауға құрылған. Нәтижесі ғылыми ой ретінде ұйымаған. Өйткені оның мәйегі – мәйек емес, шалап. Тура біздің қазіргі салынып жатқан ғимараттарымыз сияқты. Қабырғаның екі беті алекобондпен әдеміленіп қапталған, ортасында сылақ жоқ, жел аңырап тұрады. Бұл ойымды министрден бастап, қатардағы қарапайым профессорға да дәлелді дәйектер мен мысалдар келтіре аламын. Солардың бірде біреуі бұл пікірге қарсы келмейтіні кәміл. Қайта, менің мысалдарыма мысал қосып, айтқанымнан да асыра талдап беруі де мүмкін. Өйткені осы жайды әр саладағы ғалымдар өзінің басынан кешіріп отыр, ал сол тауқыметті саясатты жасап отырған да ғалымдар немес ғалымсымақ шенеуніктер. Тіпті бұл саясатқа ғылым саласында жиі ауысып тұратын кезекті министр де өзгеріс енгізе алмауы мүмкін. Неге? Себебі, ғылым мен білім саласы туралы дүние жүзінде қанша келісімшарт үлгісі болса, соның бәріне кезінде қол қойыла берген. Енді одан бас тарта алмайды. Ал соны кезекті министрдің пәрменімен кезінде жүзеге асырған ұсақ шенеуніктер, қазіргі комитеттер мен департаменттегі орта шенеуніктер өздерінің қателігін әшкерелеп алмас үшін, нығыздағанның үстіне нығыздап, қасарысып дес бермейді. Жұмырланып кеткен ол тамырды үзіп тастау тек қана президенттің ғана қолынан келеді. Ол үшін тәуелсіз ғылым туралы жарлық керек. Ал ғылым туралы жаңа заңның үлгісі ғылым мен ғалымды басыбайлы етуге бағытталған. Егерде ғылым саласына бюджеттен қаражат бөлінбей отырса, онда әркім өз күнін өзі көрсін деген қатыгез сауатсыздыққа көнуге болар еді. Ал қаражат бөлініп отыр ғой. Ендеше ол неге Қазақстанның тәуелсіз ғылымын дамытуға қызмет етпейді. Әр түрлі жобаға конкурс жарияланады. Сол конкурстардың жетекшілері кімдер дейсіз бе? Комитеттер мен департаменттердің протекциясындағы жолбике ғалымдар, ректорлар мен проректорлар, декандар, институттың директорлары. Ал күнделікті тәжірибеде көріп жүргеніміздей, олардың тұрақты ғылыммен айналысуға уақыты жоқ адамдар. Ал олардың әр қайсысында кемінде төрт-бес жоба бар. Тіпті «Болашақтың» да бағдарламасын солардың өзі алып, әрі басқарып, әрі шет елде оқып, екеуін қатар жалғастырып жүргендер де бар. Сонда ғылыммен кім айналысады? Наполеон мен Лениннің қабілеті бойларына бірдей біткен күннің өзінде де, бір аяғын шет елде, бір аяғын Қазақстанда басып, үнемі талтайып тұра алмайды ғой. Сондай жолбикелер аяғын жимай ғылым түзеледі деп айта алмаймын.
Тұрсын Жұртбай,
филология ғылымдарының
докторы, профессор