АЛАНЬЯ – жер бетіндегі жұмақ

АЛАНЬЯ – жер бетіндегі жұмақ

АЛАНЬЯ – жер бетіндегі жұмақ
ашық дереккөзі
Жыл он екі ай Күннің шуағы арылмайтын, солтүстіктен соғатын суық ауаға Торос таулары кеудесін тосатын, ақшағыл құмды жағажайларымен көңілді елітетін Жерорта теңізінің жағалауындағы Аланья Жұмаққа тең. Жеміс-жидек пен көкөністің түр-түрі бақшаларда уылжи пісіп, көзіңді қызықтыратыны тағы бар. Тарихи келбетінің әсемдігімен, табиғатының сұлулығымен, жанға жайлы жылылығымен тартатын Аланьяға бір рет аяқ басқан адам қайта оралғысы кеп тұрады…

 

Шетелдіктер баспанаға қызығады

 

Аланьяның іргетасы Рим империясының кезінде, біздің дәуірімізге дейінгі 4 ғасырда қаланған. Ол кезде Коракесион аталған бұл аймақ теңіз қарақшылары мен контрабандистердің бой тасалайтын жері болыпты. Қарақшылық өмірдің табы әлі күнге сақталған: жағалауға тұтастай созылған көптеген үңгірге тек теңіз жақтан ғана кіре аласыз. Аңыздарға сенсек, Кызлар Магарасында («Қыздар үңгірі») теңіз қарақшылары ұрлап әкелген қыздарын жасыратын болған. Қаланың басты символдарының бірі – Аланья қамалы. Селжүк сұлтаны Алладдин Кей-Құбадтың пәрменімен, 1226-1232 жылдарда салынған бұл қамал таудың ұшар басына орналасқан. 6 жарым шақырымға созылған қамалға 140 мұнара орнатылып, ондағы тұрғындар саны 400-ге дейін жеткен екен. Бір кездері алынбас қамалдардың бірі болған бұл мекеннің орнында қазір топырақ үйінділері мен қираған қабырғалар ғана қалған. Ресми деректерге сүйенсек, Аланья өз атауын 1930 жылдары алған.  1935 жылға дейін Алайя аталған Аланья туристер үшін жер жәннаты саналады. Халқының саны 100 мыңнан асатын шағын қаланың басты артықшылығы, климаты субтропикалық. Жерорта теңізінің жағалауында Күннің қызуы әдетте 8 айға (сәуірден қарашаға дейін) созылады. Солтүстіктен соғатын суық желдің циклонына Торос таулары кеудесін тосатындықтан, Аланьядағы көктемнің жаймашуақ күніндегідей жылдың 333 күні жанға жайлы болатыны сондықтан. Аланьяда жағажайлар да көп, ең танымал жағажайлардың бірі – Клеопатра. Бір қызығы, мұндағы жағажайлардың құмдары әдетте майда тас араласқан, қатқылдау келеді. Ал Клеопатрада мүлде басқаша. Ақ шағыл құмы жұп-жұмсақ, теңізден тоңазып шыққан денеге жайлы тиеді. Ел аузындағы аңызға сенсек, мыңдаған жылдар бұрын сүйіктісі Клеопат­раны Жерорта теңізіне өзімен бірге алып келіпті. Бірақ Клеопатра туған жерін аңсап, көңілі құлази бергесін, оның сүйіктісі теңіз жағалауына Клеопатраның еліндегі құмды кемемен тасып, төктіріпті. Аланьяға келген бойда байқағанымыз, құрылыс қарқынды жүруде. Бір қызығы, мұндағы құрылыс нысандары 2008 жылғы әлемдік қаржылық дағдарыстан кейін күрт артыпты. Иін тіресе тізілген қонақүйлер, тұрғынүй кешендері, спорт кешендерінің көптігі соншалық, санынан жаңыласың. Бүгінде қонақүйлердің көпшілігі тұрғынүй кешені түрінде салынған екен. Біз тоқтаған «Gold City» қонақүйінің құрылысы да сондай. Айта кетерлігі, шекара сыртында жүргенде бұл шынында да кәдімгідей ыңғайлы әрі қалтаға да салмақ салмауға сеп. Құрылыс үлгісінің не себепті мұндай екенін Құрылыс компанияларының жергілікті ассоциациясын басқарып отырған Мұстафа Күчүкер бізге былайша түсіндірді: «Қазір Түркияның басқа аймақтарынан немесе шет елдерден келетін клиенттеріміз қонақүйде өздері қалаған астарын әзірлеп, үй ішіндегі жылулықты сезінгісі келеді. Сондықтан бір 1+1, яғни, жатын бөлмесі мен ас үйі бірге орналасқан қонақ бөлме түрінде саламыз». Күчүкердің айтуынша, 2011 жылы Газипаша әуежайының ашылуы Аланьяға келетін шетелдік саяхатшылардың санын арттыруға айтарлықтай ықпал еткен көрінеді. Мәселен, Еуропа мен Азияның көптеген елдерінен былтыр Аланьяға аяқ басқан 2,5 миллион туристің 400 мыңы Газипаша арқылы келген. Оның үстіне, Қазақстаннан Антальяға дейін тікелей ұшақ бар. Одан ары қарай жеңіл көлікпен Аланьяға 3-4 сағатта зыр ете қаласыз.  Мұнда өндіріс ошақтары жоқтың қасы. Бұл – қаланың ауасын таза қалпында сақтауға сеп. Сондай-ақ, шипажайлар да көптеп кездеседі. Мәселен, тыныс жолдарының дертіне шалдыққандар үшін түрлі үңгірлер бар. Солардың бірі – Дамлаташ. Әуежаймен бірге Аланьяда инфрақұрылым да жақсы дамыған. Тарихи орындары, тақтайдай тегіс жолдары, ірі сауда орталықтары, ойын-сауық орындары, теңізге яхталармен серуенге шығу, аквапарк­тер, гольф алаңдары, су спортының неше атасы… Осылардың барлығы туристердің демалысын ойдағыдай өткізуіне мүмкіндік беретіні анық. Сонымен қатар көшелердегі автосалондар (жеңіл көліктерді жалға алу үшін), валюта айырбастау орындары т.б. қызмет көрсету орындары көп. Аланьяға, жалпы Түркияға турист ретінде сапарлағыңыз келсе, виза аштырып әуре болмайсыз. Қазақстан мен Түркия арасындағы келісімге сәйкес, 1 айға (30 күн) дейін визасыз жүруге қақыңыз бар. Тіпті, Аланьядан жылжымайтын мүлік сатып алғыңыз келсе де, ешқандай кедергі жоқ. Мұстафа Күчүкердің айтуынша, басқа елдерге қарағанда, Қазақстан азаматтарына ешқандай шектеу не кедергі жоқ. Мәселен, Израиль азаматтары небары 1 үй алуға қақылы, ал Ресей азаматтарына Жерорта теңізінің жағалауынан жылжымайтын мүлік сатып алуға ты­йым салынған. Аланьядан сатып алған үйіңізге көңіліңіз қалаған уақытта, көңіліңіз қалағанынша тұруыңызға рұхсат. Пәтер не үй сатып алу үшін құжаттарды рәсімдеумен де бас қатырмайсыз. Сіз үшін құрылыс компаниялары айналысады. Сондай-ақ, жылжымайтын мүлікті несие арқылы алуға да мүмкіндік бар. Оны рәсімдеуге небары 3-ақ күн кетеді. Бұрын бұл мерзім 6 айға дейін созылатын. Баспана сатып алуда Түркия бойынша Стамбұлдан кейін екінші орында тұрған Аланья – шетелдік инвесторлар үшін таптырмас мекен.

 

«Дастарқандағы барлық өнім – өзіміздікі»  

 

Аланьяда бізді таңғалдырған тағы бір керемет – банан плантациялары. Түйежапырақ пішіндес келген ірі-ірі жапырақтары бар, ұзындығы бір жарым метрден асатын ағаштардың не екенін алғашқыда түсіне алмадық. Бананды бұл жақта әркім үйінің жанына да өсіре береді екен. Сонымен қатар апельсин, анар, мандарин, лимон, жүзім мен құрма да ас та төк. Жолдардың жиегінен зәйтүн ағаштарының да көптеп бой көтергенін көрдік. Әр үйдің алдына қызанақ, қияр, бүлдірген, бұрыш, баклажан т.б. егіледі. Біз барғанда банан алқаптары бос қалыпты. Ал апельсин ағаштары жайқалып тұр. Бақтың қожайындары апельсин ағаштарын ірі-ірі тастармен қоршап тастапты. Сырт қарағанда қол созым жерде тұрғандай көрінетін ағаштардан жемісті оңайлықпен жұлып ала алмайсыз. Өйткені бақ терең сайда орналасқан. Көкөніс пен жеміс-жидектің барлық түрі өсірілетін Аланьяда сырттан ештеңе әкелінбейді әрі өте арзан. Мәселен, Қазақстанда қазір 400 теңге тұратын 1 келі апельсинді ол жақта сіз небары 80 теңгеге сатып аласыз. Әрі сағағынан жаңа үзілген жемістің дәмі де өзгеше. Ал бір стақан апельсин шырыны – 1 лира (шамамен 80 теңге), банан шырыны – 2 лира. Аланья Туризмді таныту қорының мүшесі Шүкрү Джимрин мұнда дастарқанға қоятын барлық жеміс-жидек пен көкөніс аланьялықтардың бақшасында өсетінін айтты. Қазіргі кезде бұл аймақта гольф алаңдарын салуға көңіл бөлінген. Мұстафа Күчүкер жақын келешекте халықаралық деңгейдегі 5 гольф алаңдары салынып жатқанын айтты. Сондай-ақ, Аланьяның Сауда-өнеркәсіптік палатасы қаладан 30 шақырым жерде салынатын тау-шаңғы шипажайы құрылысының жобасын дайындап қойыпты. Кәсіпкерлер қауымы шетелдік туристер санын арттыруға аталған шипажай да ықпал ететініне сенімді. Аланьяда яхтингті де дамытуға құлшынған жергілікті бизнесмендер Газипашадағы әуежайдың ұшақтарды қабылдау қабілетін арттырса, аймақтық туристер үшін тартымдылығы күшейеді деген сенімде. Қазақстаннан барған журналистер қауымымен кездес­кен Құрылыс компанияларының жергілікті ассоциациясының өкілдері Аланьядан үй сатып алған орыстілділердің балаларына орыс тілінде білім беру үшін Қазақстан, Ресейден оқытушылар алдырылғанын айтты. Түркия сейсмикалық қауіпті аймақта орналасқан мемлекет. Талай рет сапасыз салынған құрылыстардың кесірінен қаншама адам қаза тапқаны тағы бар. Тұрғын үйге қатысты көтерілген мәселеде біз түрік құрылысшыларынан әрбір ғимараттың сейсмикалық тұрғыда қаншалықты сенімді екенін сұрадық. «Түркия бойынша сейсмикалық қатерлі аймақ 4-ке бөлінеді. Аланья ең соңғы, төртінші деңгейдегі, яғни, қауіпсіз аймақта орналасқан», – деген Мұстафа Күчүкер іргетас қаланбастан бұрын жер телімі арнайы тексеруден өткізілетінін, жоба Түркияның сәулет министрлігі мен Құрылыс компанияларының жергілікті ассоциациясы тарапынан қатаң қадағаланатынын айтты. Яғни, бетон, арматураның беріктігі, құрылыстың сапасы т.б. жіті бақылауда болады. Қазіргі кезде Түркия үкіметінің шешімімен, бір кездері қалай болса, солай салынған сапасыз құрылыстар түгел сүріліп, олардың орнына жаңадан ғимараттар бой көтеріп жатыр екен. Ескі де сапасыз нысандарды бұзып, олардың орнына сапалысын салуға құлшынған құрылыс компанияларына мемлекет тарапынан көрсетілетін арнайы жеңілдіктер қарастырылған. Сапар барысында біз «Kurt Safir», «Toros Cekis Constraction», «Semray Insaat», «Omim Mimarlik» құрылыс компаниялары салып жатқан нысандарды араладық. Журналистерді аяғынан тік тұрып әрі құшақ жая қарсы алған, барынша мол әрі жан-жақты ақпарат беруге талпынған құрылыс компанияларының басшыларына алғысымыз шексіз. Тағы бір жайт, Аланьяның барлық ауданында бірдей көпқабатты үйлер салуға рұхсат берілмейді. Мұның себебін «Toros Cekis Constraction» компаниясының жетекшісі Гөкхан Чекиш былайша түсіндіреді: «Аланьяның әр аймағында сейсмикалық ахуалға байланысты берілетін рұхсатнама да әрқилы. Мәселен, бір жерде бірнеше қабатқа дейін рұқсат етілсе, бір жерлерде 5 қабаттан аспауы тиіс. Бірақ алдағы уақытта көпқабатты ғимараттарды салуға түгел шектеу қойылмайды». Бүгінде көрші үйдегі у-шуды басқаларға естіртпейтін тәсіл де кеңінен қолданыла бастаған. Гөкхан Чекиштің айтуынша, Аланьяда осындай үйді ең алғаш өзі пайдалана бастаған екен. Уақыт өте келе, Түркия үкіметі бұл тәсілді басқа құрылыс компанияларынан да талап етуге көшкен. Сонымен қатар салынатын ғимаратта көршілердің көше бетке қараған терезесін жауып тастауға да рұқсат жоқ. Осылайша, 2011 жылы түріктердің Ван қаласындағы бүкіл қаланы жермен-жексен еткен жер сілкінісінен кейін билік құрылысқа қатысты қоятын талаптарын барынша күшейткен. Егер сіз Аланьяда ұзақ мерзімге тұрақтағыңыз келсе, бір аптаның ішінде 1 жылға рұқсат аласыз. Бұл мерзімді ұзартуды көздесеңіз, уақыты біткеннен кейін тағы да созасыз. Жылжымайтын мүлікке қатысты бағаға келсек, Қазақстанның кейбір қалаларындағы, мәселен, Алматы мен Астанадағы бағаға қарағанда, әлдеқайда арзан екенін көріп, қатты таңғалдық. Мәселен, теңіз бен әуежайға қаншалықты жақын екеніне қарай сарапталатын пәтерлердің арасында көлемі 80-100 шаршы метрлік 1+1 (асүйімен бірге қонақ бөлме мен жатын бөлмесі) 36 мың еуроға, 52- 55 мың еуроға да алуға болады. Кешенде «ақылды үй» жүйесі, паркинг, балалар ауласы, спорт кешені, футбол алаңы, фитнес залдар, мейрамхана, қауыз, түрік моншасы (хамам), күзет, ресепшн қарастырылған. Жыл сайын «айдат», яғни, қызмет көрсету үшін 700 еуро, сондай-ақ, ай сайын су мен жарыққа, қолданған көлеміне қарай, тағы да ақша төленеді. Коммуналдық төлемдер көптеген елдерге қарағанда, әлдеқайда төмен екен. Әлбетте, террасасы теңізге қараған дуплекс пен пентхаустар бағасы әлдеқайда жоғары. Араларында 200 мың еуродан бастап, жарты миллион еуродан асатындары да кездеседі. Ең бастысы, таңдау бар. Ескеретін жайт, үлескер болғыңыз келсе, сізге баспанаңыз белгіленген құннан арзанға түседі. Кейбір компаниялар алғашқы жарнасын 30-40 пайызға дейін өтесеңіз, 3-5 жылға дейін бөліп төлеуге келіседі. Байқағанымыз, құрылыс компанияларының көпшілігі дайын пәтерлер мен виллаларды жиһазы мен үй шаруашылығына қажетті техникасына дейін қамтамасыз етеді екен. Бұл жаңа қожайындардың жиһаз сатып алуға бас қатырмауы үшін әрі уақыт үнемдеуіне сеп. Негізі аланьялық аймақтан баспана сатып алатындар тұрғын үй кешеніндегілерге әбден бауыр басып кеткен. Олар үйлеріне келетін кезде хабарласып, үйлерінің шаң-тозаңын сүртіп, тоңазытқышты толтырып қоюға өтініш айтады екен. Кейбіреулері тіпті, таңғы асты да­йындап қоюға да тапсырыс беретін көрінеді. Ақысын Аланьяға келгесін өтейді. «Клиенттеріміздің кез келген өтініші – біз үшін заң» деген қағидаға сүйенетін тұрғын үй кешенінің қожайындары әр азаматтың көңілін табуға тырысады. Сапар барысында біз Аланьяның түнде де ұйықтамайтынына көз жеткіздік. Самаладай жарық көшелері, теңіз жағалай орналасқан мейрамханалар мен шағын кафелер, көңілді музыка мен шат күлкі…

 

Медициналық туризм

 

Түріктер еліне медициналық туризмнен жыл сайын 3 миллиард доллар көлемінде кіріс кіреді. Дертіне дауа іздегендер, пластикалық операция жасатқысы келетіндер мен тістерін ауыстырып салғысы келетіндер Еуропа, Таяу Шығыс, Қазақстан, сондай-ақ, посткеңестік елдердің барлығынан Аланьяға ат басын тірейді. Сапар барысында біз Baskent госпиталіне бардық. Бас ғимараты Анкарада орналасқан бұл аурухананың артықшылығы сол, мұндағы қызметкерлер түрік, ағылшын, неміс, орыс, яғни, бірнеше тілді еркін меңгерген. Мұндағы медициналық құрал-жабдықтар да ең соңғы үлгіде. Журналистермен кездескен кезде Түркиядағы медициналық туризм туралы жан-жақты мағлұмат берген Baskent ауруханасының өкілі Шахин Бедир мырза адамдардың ағзасын ауыс­тырып салу тәжірибесі алғаш рет 1975 жылы жүзеге асырылғанын айтты. Бүгінде жыл сайын түрлі деңгейдегі 10 мың операция жасалады. Ауруханаға келетіндер саны – 3 миллионға жуық. Ба­уыр, жүрек, бүйрек т.б. ауыстырылады. Қан шығармай-ақ, операциясыз мидағы ісікті кішірейтеді. Осы диагнозбен күні бүгінге дейін 320 адам емделіпті. Олардың 90 па­йызы дертінен құлан-таза айыққан. Қалғандарына екінші сеанс қажет және әр сеанс сегіз мың доллар тұрады екен. Негізі Қазақстанда ауруы асқынған балалар шет елдерде емделуді қажет етеді. Қытай, Еуропа елдерінде емделу өте қиын. Ал Түркияға емделу үшін мемлекет арқылы квота алуға болады. Алайда, Baskent ауруханасына квота бойынша біздің елден ешкім бармапты. Әлбетте, онкологиялық ауруға шалдыққан балалар да емделіп жатыр. Бірақ олардың жас мөлшері дәрігерлер үшін аса маңызды. Мәселен, Әзірбайжаннан келген 1 жарым жастағы үшемді қабылдаудан бас тартқан. ДЦП бо­йынша операция тек сегіз жастан кейін жасаған жөн екен. «Сонымен қатар шетелдіктер тарапынан өкпе рагы, бауырды ауыстыру бойынша өтініш көп айтылады. Ағза ауыс­тыратын кезде донор төрт атаға дейін туыс болуы керек», – деген Шахин Бедир мырза ортопедиялық аурулар бойынша операциялар, протездер жасалатынын, тізеге жасалатын операциялар он екі мың доллар тұратынын жеткізді. Ал онкологиялық аурулардың үш кезеңге дейін қабылдайды, төртінші сатысынан бас тартылса, сүт бездері рагы бойынша қырықтан кейін операция жасалады. Жатыр мойнының қатерлі ісігі бойынша операция 5 мың мен 10 мың доллардың арасында. Негізі Түркиядағы медициналық туризм он бес жылдан бері қолға алынған. Еуропа, Катар, Ирак, Сирия, Таяу Шығыстан келеді. Жыл сайын үш миллиард доллар кіріс кіреді. Әрі бағасы да қолжетімді. Мәселен, ең сапалы тіс имплантациясын мұнда мың долларға жасайды. Медициналық мекемелерге мемлекет тарапынан жағдай жасалған. Мәселен, Түркиядағы ауруханаларға емделуге келушілерге әуе компаниялары жиырма пайызға дейін жеңілдік жасайды екен. Қазір Baskent ауруханасында 650 шетелдік пациент бар екен. Ал медицина қызметкерлері шет елдерге көрмеге барса, әуе компанияларының жеңілдігі 70 пайызға дейін жетеді. Ал ауруханадағы дәрігерлік кеңес 200-500 доллар аралығында болса, бет терісін тарту – 2-4 мың доллар, кеудеге – 3,5 мың доллар (әрқайсысына), мұрынға – 2,5-3 мың доллар. Измир, Стамбұл мен Анкарада еуропалық типтен азиялыққа немесе керісінше ауыстыру да жасалады. Бұл 29 ауруханада бар. Жүрегі істен шыққандарға жасанды жүрек қойып, оның батарейкасын он жылда ауыстырылып тұрады. Ол жиырма-жиырма бес жылға дейін өмір сүре алады. Бет терісі күйіп қалған адамға өлген кісінің бетін алып, жасап беріпті… Сондай-ақ, туабітті қолы, аяғы жоқтарға қол, аяқ салған. Осылардың барлығын түрік дәрігерлер қазақ әріптестерімен бөлісуге қарсы емес. Жуырда біздің елден барған 30 онколог-дәрігер Аданада тегін тәжірибе алмасып қайтыпты. Оларға қойылған басты талап – ағылшын тілін білу. Тегін тәжірибе алмасу 3 айға дейін созылуы мүмкін. Сондай-ақ, биыл анкаралық профессорлар Асфендияров атындағы Ұлттық медициналық университетке тәжірибе алмасуға, оқытушылар мен студенттерге лекция оқуға келеді. Ескеретін жайт, Түркияда міндетті медициналық сақтандыру жүйесі қалыптастырылған. Сондықтан ауруды кабинеттен кабинетке қуалап, артық ақша жинау атымен жоқ. Тіпті, қажетсіз анализді жинатқаны үшін  дәрігерлер құзырлы органдар тарапынан жазаға ұшырауы мүмкін. Шахин Бедирдің айтуынша, мемлекет тарапынан медициналық мекемелерге өте қатаң бақылау орнатылған. Ал ауруханадағы мамандар негізінен Америка мен Германияда дайындалады. Түріктер еліндегі ең мықты медициналық факультет Анкарадағы Коджатепеде. Дәрігерлердің жалақысы 3 мың доллардан 8-10 мыңға дейін жетеді. Сол себепті, дәрігерлер Қазақстандағы сияқты бірнеше жерде жұмыс істемейді. Бұған заң жүзінде тыйым салынған. Аланьядағы кіріс көзі – туризм. Осы себепті, Аланья аймағын дамыту қоры жарнама жасау, қаланы барынша кеңінен таныту жұмыстарына белсене кіріскен. Біздің, Қазақстан журналистерінің сапарына да мұрындық болып, демеушілік танытқан да солар. Аланьядағы жылжымайтын мүлікті сатып алуда шетелдіктер аса белсенді. Бір «әттеген-айы», Интернет арқылы сауда жасайтын кейбір алаяқ кәсіпорындар клиенттерді алдап, пайда тауып жүр екен. Мәселен, сізге құны қымбат тұратын жобаның суретін көрсетеді де, сатып алатын кезде басқа пәтер не вилланы көрсетеді. Сол себепті, аланьялық құрылыс компанияларының өкілдері өздеріне тікелей шығуды, мүмкіндігі болса, жобаны Аланьяға келіп, бетпе-бет кездесуге кеңес береді. Ал Қазақстанда «Қазтуризм» агенттігі (www.kaztourism.kz, www.home.com.kz пен www.turkishproperty.kz) арқылы сенімді ақпарат алуға мүмкіндік бар.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ

Алматы – Аланья – Алматы