ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТКІҢ КЕЛСЕ, АЛДЫМЕН ӨЗІҢНЕН БАСТА

ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТКІҢ КЕЛСЕ, АЛДЫМЕН ӨЗІҢНЕН БАСТА

ӘЛЕМДІ ӨЗГЕРТКІҢ КЕЛСЕ, АЛДЫМЕН ӨЗІҢНЕН БАСТА
ашық дереккөзі
606
Бүгін келмеске кеткен кеңес үкіметімен байланысқан дүниенің бәрін жоққа шығарып, кеудесінен итеру кейбір қазақ зиялылары мен журналистерінің арасында байқалып жатады. Рас, керек-ақ. Сана таза болып, тың көзқарас қалыптасу үшін аталған қадамдарға баруымыз қажет. Дегенмен, сол кезеңде үзіліп, бүгін жалғасын таппай жүрген құндылық бар. Ол – еңбек адамы, оның қоғамдағы рөлі. Асыра сілтеу болмасын дей отырып, еңбек тұлғасын жасауда стахановшылардың бос сан қуып кеткені бар. Алайда жұмысқа адал берілген жанды ол уақытта сыйлай білді. Бәлкім, оқырман осы сөздерді оқып отырып, жас жігіттің өткенді аңсағаны несі деп таң қалар. Оған түсіністікпен қараймын. Себебі бүгінгі нарық заманында сол еңбек сүйгіш, білікті, талапты маманның көбеюіне үкіметтен бұрын кәсіпкерлер мүдделі болып тұр. 90-жылдардағы дағдарыс, қоғамдық құндылықтардың өзгеруі, жаппай жемқорлықтың асқынуы, әлеуметтік әділетсіздіктің орнай бас­тауы – бүгінгі қазақстандықтардың еңбекке деген көзқарасын өзгертті. Егер пара беріп, көкесімен сөйлессе, бұрынғыдай бас инженер атану үшін 10-15 жыл тер төгудің қажеті не деген сауал орынды бола бастады. Оған қоса, 22-23 жасар өрімдей қыз-жігіттердің министрліктерде департамент директоры атанғанын өз көзімен көрді. Бұл – кеңес кезеңінде аудандық емханада бас дәрігер болу үшін 30 жыл қызмет еткен біздің отандастарымыздың санасына ауыр тиді. Сәйкесінше, еңбек адамы деген түсінік те құлдырай бас­тады. Еңбек адамының үлгісін қоғам арасында насихаттау – негізінен, билік идеологтарының міндеті. Бірақ жеке кәсіпкерлер оларға аталған идеологтан бұрын мүдделі бола бастады. Себеп көп. Бүгінде Қазақстанда орта жалақыға барын салып, тер төгетін, тапсырған істі соңғы нүктесіне жеткізетін, өзінің негізгі міндетін кәсіби түрде атқаратын маманды табу оңай емес. Оңай емес дейтінім, Еуропада немесе Шығыс Азияда бір бос қызмет үшін мамандардың арасында жоғарғы бәсеке қалыпты жағдай. Сол жұмысқа таласта оқ бойы озып шығып, үздік болу үшін шет елдік азаматтар бойындағы бар әлеуетін іске қосады. Үнемі семинар, тренингтерге қатысып, өзін дамытып отырады. Жаңа біліктілікке ұмтылады. Мәселен, «Форбс» журналы Оңтүстік Корея азаматтарын ең еңбек сүйгіш халық ретінде таныған. Олар бір жылда 2 мың 357 сағатын жұмыста өткізеді екен. Корейліктерді аптасына 6 күндік қызмет пен жылына 3-4 тәуліктік демалыс күнімен таң қалдыра алмайсыз. Мансаптағы өсім, компаниядағы басшылық алдындағы имидж – корейлік менеджер үшін тым маңызды критерий. Рейтингте кейінгі орындарда Грекия, Чехия, Венгрия, Польша тұр. Еңбек өнімділігін арттыру – әр компания, ал жалпылай келсек әр ұлттық экономика үшін аса маңызды. Мәселен, Ұлыбританияда қызметкерлері апта соңындағы демалысты ойлап, жұма күні босаңсығаны үшін аталған елдің компаниялары жылына 100 млн. доллар жоғалтады. Ал қызметкерлердің түрлі себеппен жұмысқа шықпауынан тұманды Альбион елі бір жылда 26 млрд. доллар шығын көреді екен. Мұндай статис­тика бизнес үшін әр маманның өз мүмкіндігін толық пайдаланғанда ғана табыс әкелетінін көрсетеді. Бүгінде қазақстандық кәсіпкерлер де осы жоғары талапты өз мамандарына қоя бастады. Себебі, білікті епті мамансыз бизнестің өспейтіні анық. Яғни, еңбек адамына біз де тәуелді бола түстік. Алайда, еңбекті қоғамда культ деңгейіне шығару оңай емес. Елбасы 2012 жылдың шілдесінде «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақала-бағдарламасын жариялады. Ондағы құнды идеялар нақ осы мәселеге қатысты еді. Президент Қазақстанда қалыптасқан әлеуметтік қатынастарды, білім беру жүйесін, әлеуметтік әділдікті жаңғыртпай, экономиканың да ілгері жылжуы екіталай деген ойды тастады. Меніңше, аталған бағдарлама өз маңызы жағынан «Мәңгілік ел» идеясынан кем емес еді. Себебі сол «Мәңгілік елді» құрайтын еңбек адамы. Алайда, үкімет мұндай идеологиялық маңызды бағдарламаны насихаттау Президенттің кезекті тапсырмасы деп түсініп, есеп үшін санаулы шарамен шектелді, «жас отандықтар» ғылыми конференция өткізіп, жастарды «сенбілік жұмыстарға» шығарып құтылды. Сонымен іс бітті. Бүгінгі зулаған уақыт қазақтың жайбасарлығын, шектен тыс қонақжайлығын, тіпті, орынсыз еріншектігін де күтпейді, кешірмейді. Яғни, әр қазақстандық өз саласын жетік меңгеріп, қызметінде өзін-өзі үнемі дамытып отырмаса, халықаралық деңгейге ұмтылмаса, онда жапондық, қытайлық еңбекқорлық біз үшін қашанда сілекейді ағызып тыңдайтын аңыз болып қала бермек. Біз қашанда Samsung, Apple-дың смартфонын алып, LG-дің кезекті теледидарына қаражат жұмсайтын боламыз. Яғни, адал еңбек, қара тер біз үшін бағасы қымбат құндылық болмай, Қазақстан жетекші елге айналуы екіталай. Әрине, жемқорлық рейтингісінде жаһанда 140-шы орында тұрып, трайбализм кадр мәселесінде жиі шешуші рөл атқарып жатқанда, шынайы мехнат жайлы сөз қозғау орынсыз болар ма еді? Бірақ біз алға жылжуымыз қажет. Себебі М.Ганди «Әлемді өзгерткің келсе, алдымен өзіңнен баста» деп бекер айтпаса керек.

Азаматхан Әміртаев,

Қазақстан софтверлік компаниялар

қауымдастығының президенті

Серіктес жаңалықтары