«АТАСЫ БАСҚАНЫҢ АРАСЫНАН ДАУ ШЫҚПАСЫН»

«АТАСЫ БАСҚАНЫҢ АРАСЫНАН ДАУ ШЫҚПАСЫН»

«АТАСЫ БАСҚАНЫҢ АРАСЫНАН ДАУ ШЫҚПАСЫН»
ашық дереккөзі
170

Тәуелсіздіктің үшінші ондығында өмір сүрудеміз. Қоғамдық өмірдің барлық саласында бұрын ойға да келе бермейтін өзгерістер мен реформалар жүзеге асуда. Бұл жылдары қазақ сан жағынан да, сапа жағынан да өзгерді. Тәуелсіз мемлекетіміз әлемдік қауымдастықтан тиесілі орнын алды. Табыстарымыз алыс-жақынға мәлім. 

Енді сонау ХV ғасырда мемлекет құрған ұлтқа, соңғы үш жүз жылдай талай қиыншылықты бастан өткізген қазақ халқына тәуелсіз мемлекетті тұғырлы етудің аса зор тарихи миссиясы жүктеліп отыр. 

Белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Әбдірахманұлы Айталы сонау студенттік жылдардан ұлт және ұлтаралық қатынас мәселесін тұрақты да жүйелі зерттеп келеді. Оның пікірінше, «ұлт саясаты тек қазақ саясаты емес, қазақ өз мүддесі үшін атасы басқаның арасынан дау шықпауын, ауы­лы басқаның арасынан жау шықпауын ойлайды». Бұған Елбасының: «Қазақ ұлтының өз мәдениеті мен тарихын, ұлттық төлтума болмысын жаңғыртуға деген ұмтылысына Қазақстанның басқа ұлттары азаматтарының тарапынан құрметпен қарау елдегі тұрақтылықтың стратегиялық негізі және адамдар арасындағы сенімнің факторы болып табылады» деген ой-тұжырымын (Назарбаев Н.Ә. Бейбітшілік және келісім саясаты. Астана: Елорда, 2008, 109-110-бб.) негіз етіп отыр. Сондықтан, ғалым бүгінгі қазақ халқының және де басқа этнос өкілдерінің саяси, экономикалық, әлеуметтік, демографиялық, рухани жаңаруы мен тұтастығын қамтамасыз ететін жалпы мемлекеттік Бағдарлама дайындаудың қажеттігін көптен айтып келеді. Сондай-ақ ол бұрын-соңды болмаған көпэтносты мемлекеттегі ұлтаралық қатынастарды жан-жақты парасаттылықпен шешу үшін арнайы зерттеу орталығы қажет деп те санайды. 

Тәуелсіздік Қазақстанның алдына аса зор міндеттер қойып отыр. Ең алдымен мәселе берік бірлікке, тұтас тірлікке байланысты. Бұл қазақ халқына сырттан келген идея емес, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан құндылықтар мен дәстүр. Қазбек бидің «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз» дей отырып, төзімділіктің де шегі бар екенін «Ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөзді асырмаған елміз» дегенмен аңғартқаны белгілі.

Әлемдегі ел бірлігі тәжірибесінің түрлі үлгілерін талдай отырып, Амангелді Айталы азаматтық пен этникалық қауымдастық негізінде бірігуді қолдайды. Әлеуметтанушы ғалым азаматтық қауымдастыққа артықшылық беріп, «біз бір ұлтпыз, бір халықпыз, ал ұлттық мәселені алға тарту, оны көтеру елдің арасына жік салады» деген Францияның тағдырын мысалға келтіре отырып, азаматтық та, этностық та ерекшеліктерді ескерген жөн деп санайды. Оның ойынша, азаматтық қоғамды ешуақытта этникалық қауымдастыққа қарсы қоюға болмайды. Азаматтық қоғамның абзал міндеті осы этникалық қауымдастықты нығайта түсуінде жатыр. Сонда азаматтық қоғам да беки түседі, қауымдастықтар бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болады. Онсыз қоғамның шынайы мәні болмайды.

Сондай-ақ ресми құжаттарда кешегі кеңестік кезеңдегідей Қазақстанды көпұлтты мемлекет деу де теориялық жағынан қателік. Және осы ұғым еліміздегі мемлекет құраушы қазақ ұлтының пайдасына жұмыс істеп тұрған жоқ. Ғалымның пайымдауынша, Қазақстанда бір ұлт қана – қазақ ұлты және алты диаспора өмір сүруде. Қазақтар – елдің 63,6, орыстар – 23,3, өзбектер – 2,9, украиндықтар – 2,0, ұйғырлар – 1,4, татарлар – 1,2, немістер – 1,1, ал 100-ден астам ұсақ диаспоралар 4,5 пайызды ғана құрайды. Мұндай пікірді көптеген саясаткерлер мен әлеуметтанушылар да қолдайды. 

Міне, осындай жағдайда ұлттық саясаттың маңызы бөлек. Мұны сөз еткенде, ең бірінші, қазақ халқының жағдайын айтпай кетуге болмайды. Шындығын айтайық, табиғи байлықтарымыз әлі өз халқымызға молынан қызмет ете алмай отыр. Өнеркәсіп саласындағы жоғары маман жұмысшылар, инженерлер мен менеджерлердің арасында қазақтардың үлес салмағы өте төмен. Шетелдіктердің басқаруындағы ірі өндіріс орындарының жергілікті халықтың талап-тілектерін қанағаттандырмауы түрлі шиеленістер мен қақтығыстарға душар етуде. Оның негізі әр түрлі әлеуметтік әділетсіздікте жатыр. 

Бүгін ауыл қазақтары көп қиын­шы­­лықтарға ұшырап отыр дейді әлеумет­танушы ғалым. Ауыл тұрғындарының 80%-ға жуығын қазақтар құрайды. Жүгенсіз жүргізілген жекешелендіруден есеңгірегендер әлі есін жия қойған жоқ. Ауыл шаруашылығына бөлінген несиелер қарапайым халыққа тие қоймайды. Оны жүйелі алатындар тобы билік маңайындағы қалталылар есебінен қалыптасқан. 

Сондықтан да саясаткер ғалым мемлекетіміздің ұлттық сипатын жетілдіре түсуді қолдайды, шынайы ұлттық мемлекетті құру қажет дейді. Мұндай қажеттіліктің бірнеше сая­си және әлеуметтік себептері бар. Біріншіден, бас-аяғы үш ғасырға созылған Ресей империясының шовинистік отарлық саясаты мен оның жалғасындай кеңестік кезеңде қазақ ұлт ретінде толыққанды қалыптаса алмаса, мемлекет те өзінің ұлттық сипатына толық ие бола алмады. Соның зардаптарын қазір қатты сезініп отырмыз. Екіншіден, бүгінгі алыс-жақынды біле бермейтін жаһандану заманында халқымыздың ақыл-парасаты мен санасына жат өмір үлгілері мен қалыптар (стандарттар) енгізу үшін ақпараттық күрес жүруде. Міне, осындай жағдайлар ең алдымен осы елдің, жердің иесі, мемлекет құраушы қазақ ұлтының мәртебесін көтеруді қажет етеді. Еліміздегі басқа да этнос өкілдерінің мүддесін шешудің бірден бір құралы ұлттық мемлекет болуға тиісті. 

Егемендіктің елең-алаңында, яғни 1990 және 1991 жылдары қабылданған Мемлекетіміздің егемендігі мен Тәуелсіздігі туралы алғашқы құжаттарда Қазақ ССР-і ұлттық мемлекеттігін сақтау, қорғау және нығайту жөнінде шаралар қолданады деп атап көрсетілген болатын. Көп ұзамай тәуелсіз мемлекеттің ұлттық саясаты туралы арнайы да келелі тұжырымдама қабылдаудың орнына, Декларация мен Конституциялық заңдағы аса мәнді қағидаларды ұмытып кеттік. Ал Амангелді Айталы «Ақжол» демократиялық партиясының Орталық кеңесінің хатшысы болып жүргенде өзінің жетекшілігімен 2011-2020 жылдарға арналған жаңа ұлттық саясат тұжырымдамасын дайындағанынан хабардармыз. Алайда ұлттық саясаттың көптеген өзекті деген мәселелері қамтылған бұл құжаттың кейін өз төралқасында арнайы қабылдаған «Ақ жолдың» өзіне де керек болмай қалғаны өкінішті. 

 Тәуелсіздік үшін күрескен қазақ халқы болатын. Сондықтан ғалымның еліміздің ертеңі ең алдымен азаттықты алға апаратын, мемлекет құраушы, кешегі еркіндік үшін күрескен, сол жолда қанша арыстарынан айрылған, қазіргі еліміздегі барлық этностарды топтастырушылық сияқты тарихи миссияны мойнына алып отырған ұлттың тағдырына, оның біліміне, тұрмысына, санасына, азаматтық қадір-қасиетіне тікелей байланысты болмақ дегені түсінікті. 

Елімізде қазір көпшілік болып отырған ұлттың мүддесі шешілмей, басқаның мәселесін шешеміз деу саяси жағынан болсын, әлеуметтік жағынан болсын үлкен қателік. Кейбір мүйізі қарағайдай ғалымдар тіпті ұлт мәселесі дегенді қояйық, ел мәселесі деп сөйлейік деген де болатын. Сонда мемлекет құраушы ұлттың мәселесі толық шешілмей, ол еліміздегі басқа этнос өкілдеріне ұйытқылық рөлді атқара ала ма? Ғалым да, қайраткер де ең алдымен шынайы азамат болуы қажет. Мұнсыз ғалымның еңбегі, қайраткердің ісі – тұл. 

Өткен ғасырда Алаш арыстары тәуелсіздік үшін күресті ең бірінші тілден бастап еді. Соны жақсы түсінгендер егемендіктің елең-алаңында қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қол жеткізді. Сол кездегі еліміздегі демографиялық жағдайға қарағанда бұл шын мәнісіндегі ерлік болатын. Бұл Ата заңымызда конституциялық шешімін тауып, «Тіл туралы» Заң қабылданды. Кейін оларға қатысты тиісті құжаттар жүзеге асып, сан жылдар теперіш көрген ана тілдік кеңістікте оң өзгерістер орын алып, жаңа бағыттар айқындала түсуде. 

Алайда, ғалым пікірінше, ана тілдік кеңістікте заңдық жағынан шешілмеген дүниелер мол. Олар туралы ақпарат құралдарында аз айтылып жатқан жоқ. Мысалы, мемлекеттік тілді кім қорғайды, қазақ тілі мемлекеттік мәртебесіне сай қолданылмайды, «Тіл туралы» Заңның талаптары қазір жиі бұзылады, бірақ оның сұраушысы жоқ деген сияқты мәселелер жиі көтеріледі. Алайда, оны еститін құлақтың әзір болмай тұрғаны өкінішті. Шынында да, жол ережелері бұзылса, тиісті органның кісілері жүргізушілерге айыппұл салып, енді қайталамауын қатаң талап етіп жатады. Ал рухани дүниеге қатысты мәселеге қалай болса солай қараушылықты түсіну қиын.

Елбасымыз Қазақстанның болашағы қазақ тілінде деп жайдан-жай айтып жүрген жоқ. Сол себепті де әрбір қазақ, Қазақстанды Отаным дейтін әркім қазақ тілінің тағдырын еліміздің тағдыры деп түсінуі қажет. Мемлекеттің тұтастығы, біртұтас аумақ, біртұтас азаматтық, біртұтас жоғары билік, біртұтас құқық жүйесі, барлығы осы мемлекеттік тіл негізінде сақталады. «Мәңгілік ел» деген идея да осы тілдің арқасында жүзеге асады. 

Қандай мемлекет болмасын, оның ұлттық саясатының өзегі мемлекеттік тілі болып саналатыны белгілі. Мемлекеттік тілде сөйлемей, жазбай шынайы мемлекет бола алмайды. Ғалым тілдік қатынастардағы шындық осы дейді. 

Соңғы кездері Амангелді Айталының ерекше ден қойып жүрген бағыты – еліміздегі дін мәселелері. Бұған өзі қызмет ететін жоғары оқу орны басшылығының арнайы зертхана ашып бергені көп қолдау болып тұр. Соңғы кітабын «Ұлт пен дін – тәуелсіздік арқауы» деп атауы да осыдан. Жинақтағы дінге қатысты мақалалар өзінің соны зерттеулерімен, пайымдылығымен, парасатты ой толғаныстарымен қызықты. 

Еліміздегі дінаралық мәселе де, халықтың діни құрамы да аса күрделі. 2009 жылғы халық санағы бойынша, Қазақстан халқының 70,2 %-ы мұсылмандар, 26,3 % -ы христиандар, 0,1%-ы буддистер, 2,8%-ы ешқандай дінге сенбейтіндер, 05% -ы жауап беруден бас тартқандар. Сондай-ақ халық санағы көрсеткендей, қазақтардың 0,4%-ы (39172) христиан дініне, 1923-і – иудаизмге, 749-ы – буддизмге, 1612 адам басқа діндерге өткен. 98511 қазақ ешқандай дінде жоқ, 26085 адам жа­уап бермеген. 

Тәуелсіздік жылдары дәстүрлі дінімізге оралуды мақсат еттік, бірақ оның құндылығының парқына толық бара алмадық. Бұл ең алғаш 1992 жылы қабылдаған «Ар-ождан бостандығы және діни бірлестіктер» атты Заңның мазмұнынан байқалды. Рас, 2011 жылғы 11 қазанда қабылданған «Діни қызмет пен діни бірлестіктер туралы» Заң бірсыпыра мәселелерді шешті. Жалпы діни ұйымдарды тіркеуге, миссионерлік қызметке талапты күшейтуге ұмтылыс болды. 

Дегенмен, қазіргі күні қоғамдағы діннің орны, дін мен мемлекет арасындағы қарым-қатынастар төңірегінде пікірталастар толастар емес. Оның принципті себептері бар. Ең негізгісі, дінді мемлекеттен бөліп, миссионерлерге жұмыс істеуге құқықтық мүмкіндік жасап қойғандығымызда болып отыр. Бүгін діни экстремизммен күресеміз деп дінмен күресіп жүрген жайлар да жоқ емес. Өкінішке қарай, діннің рухани мәніне жете көңіл бөле алмай, сыртқы формасына еліктеп, дінді ақыл-оймен танымай, дәстүрлі емес діни ағымдардың жетігінде жүрген жастарымыздың көбеймесе, азаймай отырғаны да қауіпті. 

 Шынына келгенде, «Діни ағым, қозғалыс радикализмге, экстремизмге бой алдырса, оның діни құндылықтардан қол үзгені» дейді ғалым. 

Ұлтымыздың тілі және дініне деген қазіргі келеңсіз көзқарастар халқымызда толық тәуелсіз сана қалыптаспай, кейде ұлтсыздықтың белең алып отырғанында болып отыр. Сол себепті, қоғамымыздағы ұлтсыздық көріністердің күн өткен сайын күшеймесе, әлсірей қоймағаны ғалымды көптен ойландырып келеді. «Намыссыз, басқа ұлт тіліне, мәдениетіне әбден бейімделген, әдеттенген, қорлауға да үйренген қазақтар бүгін жеткілікті» дей отырып, ол қазақтың қонақжайлығы – жалпақшешейлікке, кішіпейілдігі – құлдырай берушілікке, кеңпейілдігі – ысырапшылдыққа ұласып жатады деуінде негіз жоқ емес.

Ұлтсыздану халқымыздың бүгінгі тапқаны емес, бұл бастауын отарлық кезеңнен алып, кешегі кеңестік кезеңде бар биігіне жетті. Ұлтсызданудың ең сорақысы түрлі деңгейдегі биліктегі лауа­зымды кісілерден және қала халқынан, техникалық мамандар, банк және әртүрлі компаниялардың қызметкерлері арасында көбірек кездесіп отыр. 

Ұлттық саясаттың теориялық және тәжірибелік мәселелеріне «ұлтшылдық», «ұлтсыздық» және «шовинист» деген ұғымдар кіретіні белгілі. Ұлт мәселесінің ірі маманы Амангелді Айталының көлемді бір мақаласын «Ұлтшылдық пен ұлтсыздық» деп атауы тегіннен-тегін емес. Мақалада екі мәселе жеріне жеткізе жазылған деуге болады. Дегенмен біздер әлі күнге ұлтшылдықтың басын ашып ала алмай жүрміз. Осы арада бүкіл түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың: «Ол (ұлтшылдық – Ә.Б.) халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді» деген сөзін келтіре кеткенді дұрыс көріп отырмыз. Ал өз ұлтын басқадан артық көретін, ұлттық астамшылдықты «шовинизм» деген дұрыс. 

Міне, бұл сонау студенттік кезден ұлтаралық қатынастар проблемаларымен жүйелі айналысып келе жатқан Амангелді Айталының кейбір ой-тұжырымдары. Және оны бірсыпыра басқа әріптестерінен бедерлейтін ерекшелік – оның ұлттық мұратты биік ұстайтындығында. Оған алғашқы сүбелі еңбегі «Ұлттану» атты оқулығынан бас­тап «Ұлт мұраты: депутат көзқарасы» (2003 ж.), «Байсалды ел байқаусыз қате жібермес» (2008 ж.), «Қазақты намысы қамшыласын» (2009 ж.), «Ұлт пен дін – тәуелсіздік арқауы», «Нация и религия – основы независимости» (2013 ж.) атты кітаптары толық дәлел бола алады. 

Тәуелсіз қоғамымыздың аса бір өзекті мәселесі – ұлт және ұлтаралық қатынас саласында өнімді еңбек етіп келе жатқан азамат, ғалым және қайраткер, айтары мол Амангелді Айталыға алда да жемісті еңбек ете бер деген тілекпен сөзімізді аяқтағымыз келіп отыр.

Әбдіжәлел Бәкір, 

саяси ғылымдар докторы,

 профессор

Серіктес жаңалықтары