ТҮТІНІ ТҮЗУ БОЛҒАНМЕН

ТҮТІНІ ТҮЗУ БОЛҒАНМЕН

ТҮТІНІ ТҮЗУ БОЛҒАНМЕН
ашық дереккөзі
196

Сарыла күткен баспанаға қол жеткізгендер саны көп емес. Онда да тегін пәтер емес қой. Мемлекеттік бағдарламаға іліккендер немесе банкке салымшы болып, әупірімдеп үйдің кезегіне алынғандардың қуанышы бәрімізге ортақ. Бүгінде үйлі болдым деген кейбіреулердің де жағдайы күмәнді екен. Атап айтсақ, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшыларына салынған кейбір үйдің дауы көп. 

Петропавлда 2011 жылы 45 пәтерлі үйге жарияланған байқауды жеңіп, болашақ баспана ақысын ай сайын төлеп отырған жұртшылық құрылыстың сағызша созылғанын айтуда. Қазіргі таңда үйдің тек төртінші қабаты ғана тұрғызылуда. Ашуға булыққан салымшылар наразылық танытып, ащы запыранды ашып салды. 

Береке ықшам ауданы болуға тиіс үй­лерде құрылыс тоқтап тұр десе де болады. Мердігер компанияның айтуынша, құрылыс басында 17 адам еңбек етуде. Ал жиылған халық 17 адамның ізін де таппаған. Тек аз күннен бері екі-үш адам қимылдай бастады дейді. Бесқабатты үйдің шатыры да жабылмаған. Салымшы Аягөз Құсайынова: «Үйіміз болған, бәрін сатып, осы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салымшы ретінде қосылдық. Міне, 3 жыл бойы мен осы қалада үй жалдап келе жатырмын. Ай сайын 40 мың теңге төлеймін. Төртінші жыл болды құрылыстың бітпей тұрғанына», – дейді. 

Береке ауданы құрылысына жауапты «Жігер Құрылыс Сервис» компаниясы өзіне шаң жуытпайды. Тек жергілікті әкімдіктің жұмыстың уақытша тоқтатылуына түрткі болғанын айтуда. Негізі құрылыс жұмыстары жоспарға сай жүзеге асуда дегенді тілге тиек еткен. «Біз құрылыс жұмыстарының барысында үйдің астымен өтіп жатқан су құбырын байқамай тесіп алдық. Бұл пайдаланылмай жатқан құбыр жобада көрсетілген жоқ. Мен бірден әкімдікке жұмысты тоқтатуға арыз жаздым. Олар бұл құбырды алып тастағанша, бас жобаны қайтып өзгерткенше 11 ай өтті. Құрылыс тек былтырғы жылдың қыркүйегінде ғана жалғасты», – дейді «Жігер құрылыс сервис» ЖШС директоры Дінмұхамед Бүйрекбаев. Бір құбырды ауыстыруға 11 ай жұмсалды, яғни салымшылардың 1 жылы құбырды ауыстырумен-ақ күйіп кетті. Сонда құрылыстың әрбір бөлігіне 1 жылдан жұмсалып жатқаны ма? Әкімдік те құлан таза екен. Топографиялық түсірілім кезінде жерасты құбырын байқамай қалған, ал әкімдік тек дайын түсірілімді растайды емес пе деген уәж айтуда. «Үйдің жобасымен «СевГражданПроект» компаниясы айналысты. Құбырға байланысты қосымша шығынды олар өз мойындарына алды. Қазір жұмыс ойдағыдай жүріп жатыр. Үйдің құрылысы 2 айдан кейін бітеді деп жоспарлап отырмыз», – деді Петропавл қаласы әкімдігі құрылыс бөлімінің заңгері Андрей Борзилов. Жалпы, Петропавл әкімдігі мен мердігерлер баспананы қазан айында қолданысқа бермекші. Алайда халық сиырқұйымшақтанған уәдеге күмәнмен қарауда. 

Осы орайда құрылысы төртінші жылға аяқ басқан баспананың қарқыны тым баяу екенін айта кеткен жөн. Бұл қарқынмен келесі жылы да бітпеуі ғажап емес. Сондай-ақ қазіргі пәтерлердің салымшылардың өз ақшасына тұрғызылып жатқанын ескерсек, тіпті ұят. Бұл мәселеде қоғам қайраткері Ермек Нарымбаевтың пікірі өзгеше. «Нақты мысалмен айтар болсақ, Қонаевтың тұсында бір бесжылдықта 32 миллион шаршы метр баспана салынып, халыққа тегін таратылатын. Қазір бұдан әлдеқайда аз тұрғын үй тұрғызылады. Егер бір жылға бөлетін болсақ, жылына 4,6 миллион шаршы метрдей үй тұрғызылып отырған екен. Ал бүгін ше? Бүгінде 5 миллионды оп-оңай салуға болады, технологиялық мүмкіндіктер өте көп. Тіпті 5-7 миллион шаршы метр баспана салуға күші жетеді мемлекеттің, тегін таратпаса да болады. Оның бірі жоқ, ендеше тоналып жатырмыз деген сөз», – дейді ол ашынып.

Ал Көкшетау қаласының тұрғын­дары армандаған баспанаға жетсе де, басқа келеңсіздік алдын орауда. Мемлекеттік бағдарлама бойынша мүгедектер мен жетім-жесірге арналған жалдамалы баспананың қолданысқа берілгеніне көп болған жоқ. Жаңа үйдің түтіні түзу болғанмен, жерасты құбырлары мен жертөлесі жағымсыз иістен көз аштырмайды. Бес ай бұрын берілген үйдің канализациясын орталыққа жалғамаған. Бұл қызметті жергілікті әкімдік атқаруы тиіс. Бірақ бөлінген қаражат қолды болып, екі ортада мүгедектер мен ардагерлер үйі өз қоқысының үстінде тұруға мәжбүр. 

Мемлекеттік бағдарламамен бері­ле­тін үйлер де тегін емес. Ол да ипо­теканың жеңілдетілген түрі. Олай болса, Ұлттық банк төрағасы Қайрат Келім­бетовтің ипотека алмауға кеңес бе­ремін деген кеңесіне құлақ ассақ, пәтер жалдап өмір сүру Еуропа стан­дарттарына сайма-сай. Қазір елі­мізде баспананы ипотекаға алған қазақ­стан­дықтардың шамамен 15 пайызы қарызын төлеуге қабілетсіз. Бірақ еріккеннен несие алмағаны да анық. Болашақта әйтеуір өзінің меншігі болатыны кім-кімді де болса еліктіріп, несие алуға итермелейтіні шындық.

Ақниет ОСПАНБАЙ

Серіктес жаңалықтары