ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТҚАН КЭМЕРОН

ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТҚАН КЭМЕРОН

ТАБАНДЫЛЫҚ ТАНЫТҚАН КЭМЕРОН
ашық дереккөзі
180

Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон Украинаның жағдайына алаңдаушылығын білдіріп, Кремльдің Украинаға қатысты позициясын өзгертуін табанды түрде талап етумен келеді. Ағылшын премьері Ресей өзінің әскери күштерін шегіндірмесе, жағдайдың одан әрі ушығатынын айтуда. Ресейдің бұл заңсыз әрекетін жедел тоқтату қажеттігі жөніндегі мәселені НАТО-ның саммитында да баса айтты. Жалпы, Ұлыбритания Ресеймен байланыста адам құқықтары мен демократиялық мәселелерге баса назар аударатын мемлекеттердің бірі. Ағылшындар «Ресейдің басқару жүйесіндегі кемшіліктер әркез Еуропа Одағының назарында болуы қажет» деген ұстанымға сүйенеді. Украина шекарасына орыс әскерлерінің кіргізілуіне Британия премьер-министрінің айрықша қарсылық танытуы да сол себептен. 

Ұлыбританияның қазіргі пре­мьер-министрі Дэвид Уильям Дональд Кэмерон 1966 жылдың 9 қыркүйегінде Лондонда ауқатты отбасында дүниеге келген. Әкесі – Ян Дональд Кэмерон, анасы – Мери Флер. Дэвид Кэмерон Британия королі Вильгельм ІV-нің ұр­пағы. Отбасындағы төрт баланың үшіншісі. Үш жасына дейін бала Дэвид Кенсингтон және Челси аудандарында тұрған. Кейіннен отбасы Лондонның батысындағы Беркшир графтығына қоныс аударады. Дэвид Кэмерон балалық шағының бақытты болғанын айтады. Және отбасында бір нәрсеге наразылық білдіру немесе көңілің толмайтынын айту деген түсінік болмаған. Әкесінің бір көзі көрмесе де, талмай еңбектенсе керек. Кэмеронның айтуынша, әкесі өзін ешқашан «мүгедек» санап, тағдырына налымапты. Ал анасы болса, 30 жылға жуық сотта қызмет атқарды. 

Бала Дэвид ағылшын еліндегі барша байдың балалары секілді жеті жасынан бастап патшайым Елизавета ІІ-нің ұлдары оқыған жеке мектепке барған. Кішкентай кезінен-ақ өнерге қызығушылық танытқанын біреу білсе, біреу білмес. Кэмерон мектепте ыждағатты оқушы болмаған көрінеді. Сыныптастары оның саясатқа деген қызығушылығын ешқашан байқамаған екен. Оның аттестатында «жақсы» деген 12, «өте жақсы» деген 3 бағасы бар. Экономика және саясаттану, тарих, өнер тарихы сынды үш пәнді өте жақсы оқығандығын премьер-министрдің өзі де мақтанышпен айтады. Сыныптастарымен Рим қаласына барғанда волынканың әуеніне билеп жүріп, тобығын шығарып алған екен. Бұл – Дэвид Кэмеронның оқушы күн­дерінен есінде қалған бірден-бір оқиға. 

1979 жылы болашақ премьер-министр білімін әлемге әйгілі Итон колледжінде жалғастырады. Бұл колледж британдық жетекші кадр­лар дайындайтын оқу орны болып есептеледі. Кейін саяси қызметте де Дэвид Кэмеронның жанына осы мектептен шыққан мамандар жи­нақталды. Ол өзінің саяси қызметінде де таңдаулы топтың өкілдеріне қарап бой түзеді. Осы колледждің соңғы емтихандарына дайындалып жүрген Дэвид 1983 жылдың мамырында есірткі пайдаланғаны үшін айыпталады. Жас Кэмеронның сол уақытта оқудан шығып кетуі әбден мүмкін еді. Алайда өз кінәсін мойындағандығы мен есірткіні студенттер арасында таратпағандығы оны құтқарып қалды. Дэвидке ғана біраз уақытқа колледж аумағынан сыртқа шығуға тыйым салынды. Орын алған жағдайға қарамастан Дэвид қорытынды емтиханды тап­сырып, оқу орнын аяқтайды. Аталған колледжді тәмамдағаннан кейін, 1984 жылы болашақ премьер британдық парламенттің жұмысымен алғаш рет таныса бастайды. Оған себеп болған – Кэмеронның өкіл әкесі. Сол кезде ол парламент мүшесі болатын. Ол Дэвидке өзінің парламент штабында сынақтан өтуді ұсынады. Одан кейін Кэмерон Гонконгқа кеме агенті ретінде іссапарға шығып, кері қайтар жолда Кэмерон КСРО елдері арқылы өз еліне оралады. Оны жол бойында МҚК қызметкерлері сөзге тартып, Ұлыбританияның саяси ахуалы жөнінде ақпарат алуға тырысса керек. Дегенмен болашақ ел басшысы бұл жағдайда өте сақ болады. Белгісіз адамдарға жақ ашпайды. 

Осы сапардан оралғаннан кейін Дэвид Оксфорд университеті жанындағы Брейзноуз колледжінде білімін жалғастырады. Бұл оқу орнында ол өзге студенттер айналысып жүрген саяси қыз­меттерден аулақ жүріп, өмірдің қызығын көруге тырысады. Есе­сіне, Дэвид колледждегі «Бул­лингдон» клубына кіретін теннис командасының капитаны болады. Бұл клубтың мүшелері маскүнемдікпен, бұзақылықпен есте қалған көрінеді. Ал Кэмерон қазір бұл туралы естелік айтқанды мүлдем ұнатпайды. Аталған оқу орнынан философия, саясаттану және экономика мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып шыққан. Дэвид сол уақытта-ақ өзінің жан-жақтылығы мен қабілеттілігін көрсете білген. 

1988 жылы Оксфорд университетін аяқтаған Дэвид 22 жасында Ұлыбританияның Консерваторлық партиясының тергеу бөліміне қызметке орналасады. Бұл оның саясат жолындағы алғашқы қадамдарының бірі болатын. Тергеу бөлімінде Дэвид Кэмерон өзінің еңбекқорлығы мен қызметіне деген ынта-ықыласының мол екендігін дәлелдейді. 1992 жылы Парламент сайлауында консерваторлар жеңіске жетті. Осы жеңістен кейін Дэвидтің қызметі өсіп, қаржы министрі Норман Ламонттың кеңесшісі болып тағайындалды. Алайда Дэвид бұл жерде бірнеше ай ғана қызмет етеді. Кейін ол ІІМ-не сол кездегі Ішкі істер министрі Майкл Говардтың арнайы кеңесшісі болады. Кэмерон Ұлыбританияның саяси жүйесін жаңартуды көздейтін жас, тәкаппар көшбасшы ретінде танылған болатын. Ол сөзге шешен саясаткер. Кэмеронды қарапайым ағылшын халқы да, саясаткерлер мен билік өкілдері де болашақта премьер-министр болуы мүмкін деп ерте кезден-ақ топшылаған. Бірақ баспасөз өкілдері «Дэвид Кэмерон Итон және Оксфорд сынды оқу орындарын бітірген елдің элитасының арқасында жүр, сол таңдаулыларға сенім артады, қарапайым халықтың мұң-мұқтажынан хабарсыз», – деп жиі айыптайтын. Кэмерон өзінің ақсүйек әулетінен шыққанын ешқашан жасырған емес. Есесіне, өзінің саясаттағы жаңа, демократиялық образын қалыптастырып, сол арқылы танылуға тырысты. 

Саясатта сәтті қадам басып келе жатқан Дэвид 1994 жылы аяқ астынан өзге кәсіпке ауысып кетеді. Ондағы Кэмеронның көздегені – саясаттан тыс тәжірибе жинақтап, парламент сайлауына қатысу болатын. Осылайша, Дэвид Кэмерон сол кездегі Ішкі істер министрі Майкл Говардтың кеңесшісі қызметінен кетіп, медиакомпанияның қызметіне бел шеше кірісіп кетеді. «Carlton Communications» медиакомпаниясында қоғаммен байланыс саласы бойынша Дэвид жеті жылға жуық қызмет етеді. Сол уақыт аралығында кәсіпкерлердің кездесетін түйткілді мәселелерінен хабардар болып жүрген Дэвид кәсіпкерліктің мемлекеттен еркін болуы үшін насихат жұмыстарын да жүргізеді. Әлбетте, оның мұндай қадамы британдық іскерлер арасындағы қолдаушыларының қатарын көбейтті. Дэвид Кэмеронның іскерлікпен өмір бойы айналыспайтыны белгілі еді. Алайда Кэмерон бұл салада да табысты қызмет етті. Ол мұны саясаттың шыңына шығу жолындағы бір асу деп қана қабылдады. Оның бір дәлелі – кәсіпкерлікке ауысқан алғашқы жылдан бастап-ақ Консерваторлық партияның мүшесі болуға қадам жасауы. Ол көздеген мақсатына 2001 жылы ғана қол жеткізді. Дәл осы уақытта Оксфордшир графствосының Уитни өңіріндегі қосымша сайлауда негізгі консерватор-парламент мүшесі аяқасты лейбористер қатарына қосылды. Сайлауда жеңіске жету үшін Дэвид «Guardian» газетінің сайттағы тұрақты бағанасын жүргізіп тұруға да келісім берді. Сайлаудағы жеңісінен кейін Кэмерон ішкі істер бойынша арнайы комитетті басқарды. Осы кезде Дэвид кеңінен таныла бастады. Қоғамдық талқылауға түскен мәселелердің шешімін табуға тырысты. Есірткіге қатысты заң жобасын қайта қарап, тексеруге бастамашы болған да осы Дэвид Кэмерон болатын. Ол есірткіге тыйым салудың кері әсері де барын байқаған көрінеді. 

Осы кездерден бастап оның қызметтік жолында өзгерістер жиі орын ала бастады. Іскерлігі мен қабілеттілігінің арқасында 37 жасында, яғни 2003 жылы бірден екі қызмет ауыстырды. Ұлыбританияның министрлер кабинетінде бірнеше жыл қызмет атқарды, осы уақыт аралығында Білім министрі де болып үлгерді. 2005 жылғы сайлауда лейбористер жеңіске жетіп, консерваторлар орнын босатты. Консерваторлардың көшбасшысы Майкл Говард қызметтен кеткеннен кейін оның орнын Дэвид Кэмерон бас­ты. Кэмеронның әріптестері жас саясаттанушының консерваторлық партияға жаңа серпін, тың өзгерістер әкелетініне шүбәсіз сенді. Шынында да, бірнеше жыл ішінде жаңа партия басшысы консерваторлардың беделін арттырды. Лейбористердің Ирактағы соғыста АҚШ-ты қолдағанына қарсылық білдіргені де партияның рейтингін көтеріп жіберді. 

Ол өз партиясының экология, ден­саулық сақтау жүйесі сын­ды қоғамдық мәселелерге алаңдау­шылық білдіргенін, соларды шешу жолын қарастырғанын қолдады. Британдық премьер-министр өзін ұстамды консерватор ретінде көрсетті. Және Кэмерон бұрынғы премьер-министр Маргарет Тэтчердің саясатын қолдайтын. Кэмерон бір жыныстылардың некесін де қолдайды. Олардың құқығын қорғау қажет деп есептейді. Мұндай некеге рұқсат берілгендігі туралы заң Ұлыбритания парламентінде 2013 жылы консерваторлардың қолдауымен қабылданған болатын. 

2010 жылдың 6 мамырындағы парламент сайлауында консерваторлар басымдыққа ие болды. Дәл осы уақытта лейборист-премьер-министр Гордон Браун өзінің қызметтен кететінін мәлімдеді. 11 мамыр күні Ұлыбритания патшайымы Елизавета ІІ Дэвид Кэмеронды премьер-министр қызметіне тағайындады. Ал вице-премьер либерал-демократтардың өкілі Ник Клегг болып бекітілді. Осылайша Дэвид Кэмерон 43 жастан асқан шағында төккен тері мен еткен еңбегінің арқасында Ұлыбританияның премьер-министрі болып сайланды. Жаңа премьер-министр саясатқа жаңа стиль енгізді. Ағылшындардың премьер-министрі Ұлыбританияның ЕО-мен ықпалдастығына белсенді қарсылық танытушы болып саналады. Сонымен қатар ол жеке кәсіпкерлікке қажетті еркіндік беруді де қолға алды. Кэмеронның саяси жоспарында елдің саяси жүйесін реформалау да бар. Алдыңғы кезекте бұқара палатасына (Парламенттің төменгі палатасы) сайлауға баламалы дауыс беру жүйесін енгізу идеясы болатын. 

Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон өзінің білікті саясаткер екенін ерте кезден-ақ дәлелдеп қойды. Оның саясаттағы жолын қолдаушылар көп. Дэвид Кэмерон 2006 жылғы Ирактағы соғыстың жай-жапсарын зерттеуге тырысып, аңшылыққа тыйымның салынуына, лейбористер ұсынған антитеррорлық заңға, темекіге, Еуроодақпен ықпалдастықтың дамуына қарсылық танытты. Лейбористердің экономикалық саясатын сынға алған Кэмерон 2008 жылы Гордон Браунның әлемдік экономикалық дағдарысқа қарсы күрес жоспарын мақұлдады. 

Сонымен қатар, Кэмерон Ресейді жиі жақтай беретін басшылардың қатарынан емес. Ол 2008 жылы грузиялықтар мен оңтүстікосетиялықтар арасында орын алған қарулы қақтығысқа қатысты Мәскеудің ұстанымын сынға алған болатын. Және сол уақытта Ресейге қарсы визалық санкция жариялап, оның «үлкен сегіздікке» мүшеліктен айыруды ұсынған еді. Ресейдің биліктегі жағдайын үнемі бақылауда ұстап отыратын ағылшындардың көшбасшысы Украинаға қатысты дауда да сырт қалмады. 2014 жылы Дэвид Кэмерон Ресейдің Украинаға қарсы шабуылы мен Қырымды басып алуға әрекеттенгені үшін Ресейге қарсы санкция жариялауды қолдаған бастамашылардың бірі. Өзінің Ресейдің жасаған әрекеттеріне наразы екендігін ашық білдіріп, Мәскеудің Украинаға қатысты жоспарларын тоқтатпаса, істің ақыры дауға айналатындығын да ескертті. Ұлыбританияның премьер-министрі Дэвид Кэмерон Украинаға қаржылай көмек көрсетуден де ешқашан бас тартпайтындығын жариялаған болатын. 

Осы оқиғаға қатысты жайт, НАТО-ның кезекті саммитінде де талқыланды. Тіпті, 4-5 қыркүйекте Оңтүстік Уэльсте шақырылған саммит тарихи оқиғаға айналды. Саммитте альянс басшылары «Ресей агрессиясы қаупін жоюға арналған қарулы күштер құру» туралы келісімге уағдаласып, екі күн қатарынан өткен бұл саммитте негізінен Украина мәселесі талқыланды. Батыс елдері Ресей Украина шекарасына әскер кіргізді деп айыптап отыр. Сол себепті Ресейге қарсы жарияланатын санкциялар көлемі көбеюі әбден мүмкін. НАТО-ның Уэльстегі саммитінде Украинаға 15 млн. еуро көлемінде көмек беру туралы шешім шығарылды. Бұл көмек Украинаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жұмсалмақшы. 

Дэвид Кэмерон 1996 жылы ақсүйек әулетінен шыққан Саманта Шеффилдпен шаңырақ көтерді. Төрт баласы бар. Үлкен ұлы Айван Кэмерон дүниеге келгеннен эпилепсиямен ауырып, 2009 жылы 6 жасында қайтыс болған. Одан кейін екі қызы мен бір ұлы бар.

Дэвид Кэмерон бос уақытында теннис ойнағанды, бақшаға қарағанды және тамақ әзірлегенді ұнататын көрінеді. Футбол ойнағанды, атқа мінгенді жақсы көреді. «Астон Вилла» футбол клубының жанкүйері. Ең қызығы, ол премьер-министрлікке тағайындалғанға дейін жұмысқа велосипедпен жиі барған екен. 

2012 жылы ағылшын премьер-министрі Дэвид Кэмерон американдық тележүргізуші Дэвид Леттерманның Ұлыбритания тарихына қатысты сауалына жауап бере алмай қалады. Ұлыбританияның белгілі «Мagna carta» деп аталатын патриоттық әнінің авторын сұраған жүргізуші сауалына премьер-министр тосылып қалады. 

2013 жылы «One Direction» тобының қайырымдылық үшін әзірленген бейнебаянына түскен. Онда Кэмерон эпизодтық рөлді сомдаған. Бұл бейнебаянның түсірілімімен «Comic Relief» қайырымдылық қоры айналысқан. 

Әсел ӘНУАРБЕК

Серіктес жаңалықтары