БІЛІМГЕРЛЕРГЕ БАСТЫ СЫЙЛЫҚ – 21 МЕКТЕП!

БІЛІМГЕРЛЕРГЕ БАСТЫ СЫЙЛЫҚ – 21 МЕКТЕП!

БІЛІМГЕРЛЕРГЕ  БАСТЫ СЫЙЛЫҚ –  21 МЕКТЕП!
ашық дереккөзі
201

Өскелең ұрпақты сапалы біліммен қамтамасыз ету – аса маңызды міндеттердің бірі. Әсіресе, демографиясы орнықты, тұрғындар саны жылдан жылға артып келе жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы үшін бұл мәселе өте өзекті. Мұны жергілікті билік те жақсы біледі.Құр біліп қана қоймай, жоспар түзіп, қалалар мен ауыл-аймақтарды білім ұяларымен қамту бағытында жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Соның айғағындай биыл Білім күні мерекесінде облыста 21 жаңа мектеп пайдалануға берілді. Солардың бірі – Шымкенттегі Еламан елді мекеніндегі 1200 орындық білім ұясының ашылу салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

– Елбасымыздың салиқалы сая­саты мен елдің ынтымағының арқасында мемлекетімізде көптеген игі істер атқарылуда. Білім саласына бөлінген қаражат көлемі жылдан-жылға ұлғайып, мектептер мен балабақшалар саны артуда. Биыл өңірімізде 112 білім нысанының құрылысы қолға алынды. Апатты деп танылған 48 мектептің 32-сінде құрылыс жұмыстары жүргізілді. 21 мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бүгін солардың бірін көріп отырмыз. Білім ұясы ел игілігіне жарасын, – деді облыс әкімі.

Ғимараттың құрылысын жүр­гіз­­ген «Атамекен корпорациясы» ЖШС-нің басшысы Шерім Төлтебаев оқушыларға сәттілік тілеп, мектеп директоры Айжан Абы­ловаға білім кілтін салтанатты түрде тапсырды. Бұл нысан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында салынған. Оның сметалық құны 1.135.559 мың теңгені құраған. Үш қабатты білім ұясында арнайы пән кабинеттері, асхана, дәрігерлік көмек бөлмелері мен мәжіліс және спорт залдары бар. Жылу жүйесі автономды. Еламандағы қазақ мектебінің ашылғанына жергілікті тұрғындар мен оқушылар, ата-аналар және ұстаздар қауымы ризашылықтарын білдірді.

Осы күні бір ғана Сарыағаш ауда­нында 6 мектеп ашылды. Атап айтар болсақ, Диханбаба, Дербісек, Жаңатұрмыс, Дархан, Әлімтау, Шеңгелді елді мекендері қуанышқа кенел­ді. Төлеби ауданындағы Қара­қия, Көксәйек, Оңтүстік елді мекен­де­рінде де алғашқы қоңырау жаңа білім ұяларында сыңғырлады. Сондай-ақ Мақтаарал ауданындағы Мырзашоқы, Ордабасыдағы Ақбұлақ, Бәйдібектегі Кеңсай және Бәйдібек ата, Сайрамдағы Көмешбұлақ елді мекен тұрғын­дары да жаңа мектептің ашылуын атап өтті. Шымкентте 5 және Түркістанда 1 жаңа білім ұясы оқу­шыларға есігін айқара ашты.

 Білім ұяларының көбеюі – білім сапасының жоғарылауына себеп болатыны сөзсіз. Үкімет пен облыс әкімдігі тарапынан қолға алынған жұмыстар нәтижесінде өңірде білім сапасы көтеріліп келеді. Өткен оқу жылы ұлттық бірің­ғай тестілеу нәтижесінде 2 оқушы – 125 балл жинады. 11 оқушы − 123 бал алса, 2370 түлек 100 баллдан жоғары жинады. ҰБТ қорытындысы бойынша облыстың орта балы 74,5 құрап, «Алтын белгі» иегерлерінің саны 436-ға жетті. 

Сондай-ақ, 700-ден астам оқу­шы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба жарыстарына қатысып, жеңіс тұғырынан көрінді. Жалпы білім беретін пәндер бойынша Шымкентте ұйымдастырылған республикалық олимпиадада І орынды алып, «Ең үздік олимпиадалық команда-2014» атағына лайық деп танылды. Республикалық «КАТЕV» қазақ тілі олимпиадаларында екінші рет І орынды жеңіп алды. Білімде ғана емес, спортта да белсенді оңтүстік жастары мектеп және колледж оқушыларының жазғы спартакиадасында бірінші орынды жеңіп алды. Спорттың 10 түрінен чемпион атанған олар 7 спорттан күміс және үш спорт түрінен қола жүлдені иемденген. Осындай жетістіктері бар өңірде білім саласында әлі де алынбаған ме­желер, шешімін күткен мәсе­ле­лер баршылық. Мәселен, Шымкент қаласына қосылған елді мекендердегі білім ұяларын заман талабына сай жабдықтау, халық саны көп елді мекендерде жаңа білім ұяларын салу сынды түйткілдер облыс әкімдігінің назарында. «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасының шарапатын сезінген өңірге әлі де жаңа мектептер қажет. Ең бастысы, саманнан салынған және үш ауысымды мектептер күрт азайды. Ал жаңа мектеп салу ісі өңірде әлі де жалғасын таба береді. Жалпы биыл облыстағы 1022 мектепте 576918 оқушы білім алады. Соның ішінде 66259 оқушы мектеп табалдырығын алғаш рет аттады. Әліппені қолға алғаш ұстайтын ұл-қыздар саны жыл өткен сайын көбейе түсетіні көңілге қуаныш ұялатады. 


Ғабит САПАРБЕКОВ 

Серіктес жаңалықтары