АЖЫРҒЫДАН АРЫЛМАҒАН БИЗНЕС

АЖЫРҒЫДАН АРЫЛМАҒАН БИЗНЕС

АЖЫРҒЫДАН  АРЫЛМАҒАН БИЗНЕС
ашық дереккөзі
256

Неліктен тексерулерге жарияланған мораторий шағын және орта бизнес субъектілерінің жағдайын жақсарта қоймады? Кәсіпкерліктің дамуына кім кедергі? Мораторийден соң, заңсыздық пен бассыздық неге азаймай тұр? 


МОРАТОРИЙ МӘСЕЛЕНІ ШЕШПЕДІ


Осы жылдың 27 ақпанында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев шағын және орта бизнес субъектілерін тексеруге мораторий жариялады. Тыйым шарасы 2014 жылдың 2 сәуірінен 2015 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғаспақ. Президенттің бұндай шешім қабылдауына кәсіпкерлер тарапынан түскен ондаған мың шағым себеп боған. Мәселен, өткен жылы Бас прокуратураға түскен арыздардың 75 па­йызы заңсыз тексерулер туралы болып шықты. Осыдан кейін мемлекеттік органдар шағын және орта бизнесті тығырықтан шығару үшін әртүрлі шаралар ұсынды: Бас прокуратура бизнес орындарын тексеруге қатысты барлық ақпаратты Кәсіпкерлердің ұлттық палатасына ұсынып отырады; 140 құжатты беру электрондық форматқа өтіп, бюрократиялық кедергілерді жоймақ; құрылыс саласындағы рәсімдерді реттеу оңтайландырылады; кәсіпкерлердің құқығын қорғайтын бизнес омбудсмендер пайда болады. 

Алайда мораторийдің бітуіне үш ай жарым уақыт қалғанымен, бұл салада айтарлықтай серпін байқалмайды. Жалпы, тамыз айындағы Үкіметтің таратылып, қайта жасақталуы бизнесті қолдау үшін жасалған қадамдардың бірі болып саналады. Дегенмен бұлар шағын және орта бизнесті қайта тірілту үшін жасалып жатқан алғашқы ірі шара емес. Еліміздің тарихында жеке кәсіпкерлікке осыншама үлкен мемлекеттік қолдау басқа салаларға жасалмаған шығар. 2003 жылдың 1 қаңтарынан 1 қазанына дейін бизнес тексерулерге алғашқы мораторий жарияланды. Оның нәтижесінде «Мемлекеттік құқықтық саясат пен арнайы есеп туралы» Заң қабылданып, ол заңсыз кәсіп иелері және оларға қарсы шараларға арналды. 2006 жылы «Жеке кәсіпкерлік туралы» Заң мақұлданды. Бұл заң бұған дейін кәсіпкерлік қызметті реттеген үш бірдей заңның орнын басты. Құқықтық-нормативтік актілер арасындағы көптеген қарама-қайшылықтар жойылған болатын. Алайда арнайы заң да бизнесмендерді әкімшілік кедергілерден құтқара алмады. Сондықтан 2008 жылдың 21 ақпаны мен 31 желтоқсан аралығында жаңа мораторий жарияланды. Кейіннен тыйым салу шарасы 2009 жылдың 17 ақпанынан 1 маусымына дейін ұзартылды. Бұл уақытта да шенділер бюрократияның, сансыз көп тексерулердің азаятынын, бизнесмендер үшін қолайлы жағдай жасалатынын мәлімдеді. Бірақ бүгінгі қалыптасқан жағдай көрсетіп отырғандай, сәуір айындағы кезекті мораторий да шағын және орта бизнес иелерінің жағдайын жақсартпады. Қордаланған мәселелер сол қалпы шешілмеген күйде. Яғни, мемлекеттік органдар өткен мораторийлерден еш сабақ алмағандарын анық аңғартуға тиіспіз. 


И.Коркан ана өліміне жауап бермей ме?


Биылғы мораторийдің күшіне енгеніне бес ай уақыт өткенімен, кәсіпкерлер ахуалдың өзгермегенін айтады. Статистикаға сүйенсек, белсенді шағын және орта бизнес субъектілері 24 мыңнан асқан. Ел бюджетіне олардан 12 млрд. теңгеге жуық салық түскен. Осыған қатысты президент: «Тексерулерді қысқартуға бағытталған кәсіпкерлік қызметті реттеуге басқаша тәсіл енгіземіз. 2015 жылға дейін жарияланған мораторийден жағдай нашарлаған жоқ: сол баяғыша салықтар түседі, бизнес субъектілері жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл рұқсат беру жүйесінің рәсімдері, әртүрлі тексерулердің аяқасты болғаны деген сөз» деген еді.

Бизнесін енді бастағандар үшін тексе­ру­лердің уақытша алынып тасталынуы сөз­сіз үлкен көмек болды. Бірақ мораторий бар­лық дерлік тексерулерге тыйым салу деген сөз емес. Аса маңызды, әрі қауіпсіздікке тіке­лей қатысы бар тексеру түрлері бар. Тіпті тыйым салудың салдарынан алақол кәсіпкерлер заңсыз бизнес көздерін ашып, бассыздық салдарынан қызмет көрсету сапасы төмендеген. Ал адам өмірі ойыншыққа айналды. 

Мәселен, мораторий салдарынан сани­тар­лық дәрігерлер кафелердегі қорқор (кальян) қауіпсіздігін тексере алмаймыз деп дабыл қаққан болатын. Өткен жылы бір ғана Астана қаласында 673 қоғамдық тамақтандырудың объектісінің 55-сінде қорқор шегу фактілері анықталған. Оның жартысына жуығына қорқор сұйықтығының микробиологиялық көрсеткіштеріне сәйкес келмеген. Дәрігерлер тексерулердің алынып тасталуынан жағдай енді одан ары қауіпті болып кететінін айтып отыр. 

Мораторий әсіресе, жеке медицина орталықтарына жағып отыр. Соның бір мысалы Алматыдағы белгілі әнші Ангелина Цойдың өліміне қатысты атышулы жағдай. Босану үшін танымал дәрігер Иван Корканның «Отбасылық медицина орталығына» жүгініп, 600 мың теңге төлеген. Кесарево сечение арқылы босандырады. Алайда одан кейін жағдайы нашарлаған ананы Республикалық акушерия, гинекология және перинатология Институтына жібереді. Онда анықталғандай, жеке медицина орталығында әйелдің денсаулығын нашарлатып алған. Ағзадан алынып тасталған жатыр бөлшектерін тапқан. О бастағы қателіктен А.Цой он бір күннен кейін көз жұмды. Артында екі бірдей баласы жетім қалды. Бұл жағдайдан кейін Денсаулық министрлігі тарапынан арнайы комиссия құрылды. Алайда, осы күнге дейін мораторий салдарынан комиссия жеке медициналық мекемені тексере алмай отыр. Тіпті Бас прокуратураның рұқсатының да күші жүрмей тұр. Ал мекеме басшысы И.Коркан Алматы қалалық фармацевтикалық бақылау департаментін заңды бұзып, тексермек болғаны үшін сотқа беріп үлгерген. 

Тексерулер жанар-жағармай сапасына да әсер етіп үлгерді. Индустрия министрлігі бұған мұнай өнімдерін өндеу және тасымалдаумен айналысатын бизнес субъектілері жауапты деп арнайы мәлімдеме де жасаған болатын. Осыдан кейін жүргізілген арнайы тексеруден кейін 31 жағдай бойынша 20-сында заңбұзушылық әрекеті орын алғаны анықталды. 2,4 млн. теңгеге айыпұл салынып, мұнай өнімдерінің 12 партиясына тыйым салынды. 

Онымен қоса, сәуір айынын бастап бой көтере бастаған барлық құрылыс нысандарының санитарлық, экологиялық, өрт қауіпсіздігі талаптарына қаншалықты сай салынып жатқаны белгісіз. Оған себеп – мораторий. Мәселен, Алматы қаласы төтенше жағдай департаменті бұрынғы барахолканың орнына салынып жатқан сауда үйлерінің өрт сөндіру талаптарына қаншалықты сай салынып жатқанынан бейхабар екендерін мәлімдеді. Өйткені мораторий басталғалы бері ешбір құрылыс объектісі тексеруден өтпеген. Атап өту керек, 2014 жылдың басынан бері барахолка үш рет өртке оранды. Өткен жылы бір ғана өрт қауіпсіздігі бойынша 320 заңбұзушылық анықталған еді. 

Тексерудің жоқтығы Павлодар мен Қостанай облыстарындағы және Астана қаласындағы ересектер мен балалардың жаппай улануына себеп болды. Үш бірдей факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Анықталғандай, мораторийді сылтау еткен кәсіпкерлер өз қызметтерін жүргізу үшін санитарлық-эпидемиологиялық рұқсатнама қағазын алмаған. Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов та кейбір жауапсыз кәсіпкерлердің мораторийді жамылып, қарапайым санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді бұзып жүргенін айтқан болатын. Агенттік басшысы Астанадағы №3 мектеп-гимназиясында оқушылардың асхана тамағынан уланып қалу оқиғасын еске алып: «Сонда біз тек төрт күннен кейін ғана ол жерге кіріп, тексеріс жасадық. Себебі қазір мемлекет тарапынан тексерістерге мораторий жарияланған. Ал сол мектепте тамақтану қызметін ұсынған жеке кәсіпкердің өзі сан алуан сылтаулар айтып, біздің тексерісімізге барынша кедергі жасауға тырысты. Сөйтсек, оның санитарлық-эпидемиологиялық тексеріс қорытындысы да жоқ болып шықты. Мектеп асханасын жалға алу келісімі бойынша ол құжат міндетті түрде болуы шарт. Сол сияқты Қостанай қаласындағы суши-барда улану оқиғасын тексере келе, тура сондай тәртіп бұзушылықтар анықталды. Оның бәрі нені көрсетеді? Бүгінде кейбір жауапсыз кәсіпкерлер мемлекет тарапынан берілген жеңілдіктерді жамылып, қарапайым санитарлық гигиена талаптарын бұзып жатады. Ертең сол балалар мен тұтынушылардың орнында біздің балаларымыздың болмайтынына кім кепіл?», – деген еді Б.Қуандықов.


20 жылда азаймаған тексерулер


Мемлекет басшысы өз жолдауында 2050 жылға қарай шағын және орта бизнестің ЖІӨ-дегі үлесін 50%-ға дейін жеткізу міндетін қойды. Себебі, қазіргі таңда дамыған елдердегі бұл үлес 50-70% пайызды құрайды. Дегенмен Қазақстанда бұл үлес 20 пайыздан аспайды. Бұл – жеті жылдан бергі көрсеткіш. Бұл соңғы бес жылда триллион теңге жұмсалған «Жол картасы-2020», «Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарлама», «Жұмыспен қамту-2020» сияқты бағдарламалардың тиісті деңгейде жүзеге асырылмағанын айқындап отыр. 

Бас прокуратураның мәліметінше, мораторий басталғалы бері Қазақстанда үш тексеру орын алған. Тексеруге тыйымды бұзғаны үшін 11 мемлекеттік қызметкер жауапқа тартылған. Алайда мораторийдің өзі көрсеткеніндей, мемлекеттің өзі шағын және орта бизнес қызметін тежеп отыр. Жиырма жылдан бергі қағазбастылық пен тексеру азаюмен келеді, шенеуніктердің айтуынша. Сонда осы уақыт ішінде қысқартса да кемімейтін қанша тексеру бар?! Демек, мемлекеттік органдардың өзі кәсіпкерлер алдында қолдан кедергілер жасап, тұншықтырып отыр. Тексеруден бөлек, жеке кәсіпкерлікті бастауға берілетін несиенің пайыздық деңгейінің жоғары болуы мүлдем бөлек әңгіме. Міне, осыдан кейін де түрлі заңбұзушылықтар орын алады. Шығар есігі жоқ шеңбер. Осылайша айнала береді, айнала береді.

Диас БЕЙСЕНБЕК

Серіктес жаңалықтары