БАҚПАСАҢ, БАЛА КЕТЕДІ...

БАҚПАСАҢ, БАЛА КЕТЕДІ...

БАҚПАСАҢ, БАЛА КЕТЕДІ...
ашық дереккөзі
554

Жуырда ЮНИСЕФ балалар қоры әлемнің 190 елінен бүлдіршіндер мен жасөспірімдерге жасалатын қылмысқа қатысты жиналған деректерді жария етті. Қай ұлт болса да, баланы болашағы санайтыны белгілі. Бірақ кейінгі жылдарда жас өскіндердің өмірі бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда қауіпке толы болып барады. Бұл – мемлекеттердің даму деңгейіне қатыссыз мәселе. Себебі балаларға қатысты жасалатын қылмыс саны бойынша дамыған елдер алдыңғы орындарды иеленуде. Мысалы, АҚШ бала өлтіру фактісі бойынша әлемде бірінші орында тұрған мемлекет. Бұнда бір жылда 20 жасқа дейінгі 3000-ға жуық жас өскін қылмыскерлер қолынан мерт болады екен. Бір ғана 2012 жылы дүниежүзінде 95 мың баланың өмірі қиылса, оның 13 мыңы Нигерияға тиесілі. Бразилияда 11 мың сәби қастандық құрбаны болған. АҚШ мемлекеті бұл жөнінен Конго Республикасы, Үндістан, Колумбия, Пәкістан, Эфиопия сияқты елдермен тең тұр. 

ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Энтони Лейк: «Бұндай ащы шындықты білуге өкінішке қарай, үкімет те, ата-аналар да мүдделі емес. Бірақ біз әрбір статистиканың ар жағында қауіпсіз өмір сүруге деген құқығы бұзылған бір-бір баланың тағдыры тұрғанын ойлауымыз керек. Біз бұл мәселенің тамыры тым тереңде жатқанын сезініп, мойындамайынша «балаларға жасалатын қастандық – қалыпты жағдай» деген қалыптасып қалған ұғымнан құтыла алмаймыз», – деп мәлімдеді. ЮНИСЕФ таратқан мәлімдемеге сәйкес әлемдегі 200-ге жуық елде балалар үйде де, түзде де қысым көргені былай тұрсын, кез келген уақытта зорлық-зомбылыққа тап болатындай өте қауіпті жағдайда өмір сүруде. Жас кезінде зорлық-зомбылық көрген бүлдіршін өскенде өзгелерге қастандық жасағыш, тіпті қылмыскер болу мүмкіндігі жоғары екенін мамандар анықтаған. 

Былтыр әлемдегі мектеп жасындағы 120 миллион қыз бала еркектер тарапынан зорлық-зомбылыққа душар болған. 19 жасқа толмаған 84 миллион қызға физикалық, эмоционалдық қастандық жасалған. Бұл жөнінен Конго демократиялық республикасы, Гвинея, Уганда, Танзания, Зимбабве тәрізді елдер алдыңғы қатарда тұр. Дамыған елдердің ішінде Швейцарияда 17 жасқа дейінгі қыздардың 22 па­йызы, ал ұлдардың 8 пайызы физикалық зорлық-зомбылыққа ұшырайтын көрінеді. Сондай-ақ ЮНИСЕФ әлемде бала өлтіру көрсеткіші барған сайын артып бара жатқанын мәлімдеді. Әлемде әрбір бесінші қылмыс сәбиге қарсы жасалады екен.

Одан бөлек, балалардың қамсыз өмір сүру құқығының бұзылуы айналадағылар тарапынан көрсетілетін қысымнан да байқалуда. Әлемдегі 13-15 жас аралығындағы балалардың әрбір үшіншісі зәбірлеуге ұшырайды. Зерттеу барысында Еуропа мен Солтүстік Америкадағы 11-15 жастағы әрбір үшінші оқушы басқа балаларға зәбір көрсететінін ашық айтқан. Латвия мен Румыниядағы он баланың алтауы басқа балаларға зорлық-зомбылық жасағанын мойындаған. 

58 мемлекеттегі 17 пайыз бала ата-анасы, туыстары, мұғалімдері, т.б. тарапынан таяққа жығылады екен. Чад, Мысыр және Йемендегі 2-14 жасар балалардың 40 пайызын үлкендер жиі-жиі көкала қойдай етіп сабайтын көрінеді. Баланы ұрып тәрбиелеуді ата-аналардың өздері құп көретіні де сауалнама барысында анықталған. Әлемдегі он ата-ананың үшеуі баланы ұрып тәрбиелеу керек деп есептейді. Ал Свазиленд корольдігіндегі ересектердің 82 пайызы жасөспірімдерді ұдайы таяқтап тұру керектігін айтқан. Әлемдегі тұрмысқа шыққан 15-19 жастағы әйелдердің тең жартысы күйеуі жұбайын сабағанын дұрыс деп есептесе, Ауғанстан, Гвинея, Иордания, Мали, Тимор-Лешти сияқты елдердегі ерте тұрмыс құрған қыздардың 80 пайызы күйеуінің ұрғанын мойындаған. Отыз елге жүргізген зерттеу бойынша, 15-19 жас аралығындағы қыз-келіншектердің 70 пайызы еркектер тарапынан зорлық-зомбылық көргенін басқалардан жасырыпты. 

2013 жылдың 31 шілдесінде ЮНИСЕФ балаларға зорлық-зомбылық көрсетуді түбегейлі тоқтату туралы жаһандық бастама көтеріп, іс-шаралар жоспарын бекіткен болатын. Бұл бастамаға әлемнің 70 мемлекеті қосылды. ЮНИСЕФ-тің халықаралық консультанты др. Робин Н. Хааррдың баяндамасында Қазақстанның Білім және ғылым, Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Ішкі істер, Әділет министрліктері ЮНИСЕФ-пен ынтымақтаса отырып, елдегі балалардың құқығының сақталуына қатысты зерттеулер жүргізгені айтылады. Зерттеу интернаттарда, жетімдер үйлерінде және сауықтыру орталықтарындағы балаларға жүргізілген. 

Бұл зерттеудің қорытындысына назар салсақ, республикадағы балалардың 50 пайызы жәбірлеудің алуан түрін бас­тан өткереді екен. Интернаттардағы оқушылардың 35 пайызы ересек қызметкерлердің әділетсіз қарым-қатынасынан қорлық көреді. Ал мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге арналған мекемелер тәрбиешілерінің 56 пайызы балаларға физикалық, моральдық қысым көрсететіні анықталған. Балалар үйіндегі жас өркендердің 8 пайызы, арнайы білім беру мекемелеріндегі жасөспірімдердің 12 пайызы ортадағы қысымға шыдай алмай, өзіне өзі қол жұмсаған. 

Др.Н. Хаарр Қазақстандағы заңнамалық жүйені жетілдіру қажеттігін де баяндамасында баса көрсетті. «Мысалы, 2008 жылы қабылданған «Арнайы әлеуметтік қызметтер туралы заңда» отбасына қолдау көрсету қызметі туралы жазылған. Бірақ бұның өзінде бала құқын қорғаудың көп мәселесі қамтылмаған». 1994 жылы Қазақстан Үкіметі БҰҰ-ның балаларды зорлық-зомбылықтың барлық түрінен қорғауға бағытталған бала құқығы туралы хаттамасын ратификациялады. 2002 жылғы «Бала құқығы туралы заң» балаларды физикалық, психологиялық зорлық-зомбылықтан, ар-ожданын аяққа таптаудан қорғауды көздейді. Бұған қарамастан бала зорлау, мектеп қызметкерлері тарапынан ұрып-соғу, дискриминация, ақша бопсалау, кибербуллинг сияқты әрекеттер азайған жоқ. 

Мамандар дүниежүзі бойынша балаларға қас­тандық жасау 1970 жылдан бергі өнді­рістік даму кезеңінен бастап күрт өскенін ай­тады. Cоңғы уақытта халықаралық маман­дарды алаңдатып отырған тағы бір жайт, оқушылардың мектепке қару алып келуі. Бұл әсіресе, АҚШ-та кеңінен белең алған әдет. Бұл елде оқушылардың 25 пайызы қару-жарақ ұстап жүреді екен. Балалардың мектепке оғы бар қару әкелуі Канада елінде де көбейіп кеткен. Қазақстанда мектеп жасындағы 2000-нан астам бала арасында жүргізілген сауалнамада 120 ұл мен 43 қыз «қару ұстап жүремін» деп жауап беріпті. 

Қоғамды алаңдатып отырған тағы бір жайт, балалардың өзіне өзі қол жұмсау мәселесі. Қазақстанда балалар мен жастардың (5-24 жас аралығы) өзіне өзі қол жұмсауы Еуропа мен ТМД елдерімен салыстырғанда анағұрлым артық екен. Ел үкіметі қолға алып отырған шараларға қарамастан, қоғамдық қасіретке айналған суицидтің басты себебі, баланың өз ортасында қысым көруі, қатарластары тарапынан кемсітушілікке тап болуы, мұғалімдерден, өзінен үлкен балалардан әлеуметтік жағдайына байланысты ар-намысына тиетін сөздерді жиі естуі, ересектердің қатыгездік әрекеттері, эксплуатация, т.б. жатады. 

ЮНИСЕФ маманы Қазақстанда оқушы­лар­дың құқығын қорғау туралы арнайы зерт­теулердің жоқ екенін айтады. Сондық­тан Қа­зақ­­­­стандағы балаларға жасалатын зор­лық-зомбылық әрекеттерінің нақты фак­ті­лерін саралап, зерделеуге еш мүм­кіндік бол­мады. Бұл мектептердегі балаларға қатысты жасалатын қысым көрсетушілік әрекеттерінің көбінесе жасырын қалатынын айғақтайды. Қазақстандағы жәбірленген оқушылар басынан өткенін ешкімге айтпауға тырысады. Бұған мұғалімдер мен мектеп директорынан қорқу басты себеп болса керек. ЮНИСЕФ мамандары елдегі бұл ахуалды зерттеу үшін республиканың әртүрлі аймақтарындағы 40 мектептің 9-17 жас аралығындағы 4207 оқушысы арасында сауалнама жүргізген. 

Сауалнамада балалардың 18-2 пайызы от­басында үлкендер тарапынан ұрып-со­ғудың сан түрін көретінін айтқан. Балалардың 9,3 пайызы ата-анасының өзара жиі-жиі төбелесіп, бірін-бірі ұратынын жасырмаған. Қазақстандық оқушылардың 66,2 пайызы мектепте дискриминацияның түр-түрін бастан өткеріпті. Ал 60 пайызы мектепте психологиялық қысым көрген. Балалардың 52,8 пайызы физикалық зәбірлеуге тап болса, 14,3 пайызы сексуалды қысымға ұшырап, 8,5 пайыз бала соның құрбаны болған. Оқушылардың 17,5 пайызы әлеуметтік жағдайы төмен қатарластарына қысым көрсеткен. Сондай-ақ Қазақстан мектептерінде оқушылардың бір-бірін еркінен тыс әрекетке көндіру жағдайлары да зерттеу нысанына алынған. «Мектептегі зорлық-зомбылық дегеніміз не?» деген сұраққа оқушылардың 8 пайызы «сексуалды қысым жасау» деп жауап беріпті. Сауалнамаға жауап берген оқушылардың 4 пайызы мектептегі ұлдар қыздарды жыныстық қатынасқа итермелегенін айтып шағымданған. 

Сондай-ақ, сауалнамаға қатысқан қазақ­стан­дық оқушылардың 52,1 пайызы мектеп дирек­торлары білім ордасындағы зорлық-зомбылық фактілерін «көрмейтіндігін», бір-бірін жәбірлеп жатқан балалардың қасынан мән берместен өте шығатынын айтқан. Ал 45,9 пайыз оқушы мектептегі төбелес, жәбірлеу көріністеріне мұғалімдер бей-жай қарайтындығын мәлімдеген. Балалардың 12 пайызы мұғалімдер, ал 1,9 пайызы мектеп директорлары оқушының ата-анасына, баланың өзіне тіл тигізіп, қорлағанын, 2,4 пайыз оқушы мұғалімдер баланың физикалық мүмкіндігі шектеулігіне байланысты ұдайы кемсітетінін айтқан. Оқушылардың 27 пайызын мұғалімдер ұрған екен. Балалардың 35,5 пайызы ұстаздар оқушыларды әлеуметтік жағдайына қарай алалайтынын айтқан. Жасөспірімдердің 12,5 пайызы директорлар оқушылардан ақша алудың алуан тәсілін пайдаланатынын жасырмаса, 29,6 пайызы мұғалімдер оқушылардан жыл бойы ақша жинайтынын айтқан. 

Елімізде ата-аналардың балаларына дұ­рыс тәрбие беруге уақытының тапшы бо­лып кеткеніне де мамандар алаңдауда. Қазақ­стандағы ата-аналар баласымен күніне тек 20 минут қана бірге болады екен. Тіпті ересектердің дені ұл-қызының мектептен соң қайда барып, не істегенінен де бейхабар. ЮНИСЕФ мамандары зерттеу нәтижесін мәлімдей келе, балалар мен жасөспірімдерге жасалатын зорлық-зомбылық, қастандықты азайту мақсатында алты стратегиялық жоспар дайындады. Бұған ата-аналардың балалар алдындағы жауапкершілігін арттыру, бүлдіршіндерді қауіпсіз өмір сүруге баулу, бұл тақырыптағы құқықтық жүйені жетілдіру және әлеуметтік қызмет түрлерін дамыту, т.б. кіреді. 

«Біз балаларға күн сайын қастандық жа­салып жатқанын көріп отырмыз. Бүлдір­шін­дерге жасалатын зорлық-зомбылық қоғам­дық жүйені бұзып, адамзаттың дамуы мен тұрақтылығына нұқсан келтіруде. Балаларға қа­­тысты қылмыстардың алдын алуға бо­лады. Бұл ішін біз зорлық-зомбылықтың жа­сырын қалуына жол бермеуіміз керек. Бұл мәлімдемедегі деректер әрбір жеке бала­ның қамын ойлауға, адамзат қоғамының бола­шағы үшін әрекет етуге міндетті екендігімізді көрсетеді», – деп мәлімдеді, ЮНИСЕФ-тің атқарушы директоры Энтони Лейк. 

Шарафат Жылқыбаева

Серіктес жаңалықтары