ЕНДІ ҚАЗАҚТЫ ЕШКІМ ЫҚТЫРА АЛМАЙДЫ
ЕНДІ ҚАЗАҚТЫ ЕШКІМ ЫҚТЫРА АЛМАЙДЫ
– Нұртөре аға, «жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ» деген халық даналығы бар ғой. Сіз осы уақытқа дейін не білдіңіз? Не байқадыңыз?
– Біздің халқымыздың даналығында шек жоқ. Осындай талай мәйекті сөзді мақал мен мәтелге түйіндеп, «ал да қажетіңе жарат» деп атадан балаға мұра етіп қалдырған. Осы уақытқа дейін өмірден не білдіңіз, не байқадыңыз деген сұраққа бір-екі ауыз сөзбен жауап бере салу қиын. «Білгенімнен білмегенім көп» деген екен бір данышпан. Осылайша бір-ақ ауыз сөзбен жауап беруге де болар еді. Алайда сұрақ қойылған екен, соған сай жауап беруге ұмтылып көрейін. Баяғыда біреу «көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба?» деген екен. Сол айтқандай, білгенімізді баяндай берсек, газет бетіне сыймас. Байқағанымызды айта берсек те біраз жерге барармыз. Барынша қысқартып айтар болсақ, Мекке-Мәдинаға барған бір бауырымыздың: «Біріншіден, дүниеге мұсылман болып туғаныма, екіншіден, қазақ болғаныма қуандым» дегеніндей, мынау жарық дүниеге келгенімізге, мектепке барып, білім алғанымызға, ат жалын тартып, азамат атанғанымызға, соның ішінде жер бетінде көлемі жағынан 9-шы орынды алып жатқан Қазақ Елінің бір баласы болғанымызға Жаратқан Иемізге мың мәрте шүкіршілік айтамыз. «Болғанда атам қазақ, анам қазақ, мен неге қазақтықтан сақтанамын», – деп Міржақып айтқандай, қазақ екенімді әрдайым мақтан тұтамын. Алла Тағаланың ұйғаруымен, өзіміздің талабымызбен өмірде журналист деген мамандықты таңдаппыз. Осы мәртебелі мамандықтың арқасында бүгінде Қазақстанның барлық облысын түгелге дерлік аралаппын. Одан қалды әлемнің 30-дан астам еліне сапарлап барыппын. Салыстыруға да, салғастыра қарауға да мүмкіндік алыппын. Сонда бір білгенім: біздің қазаққа жетер ел жоқ екендігі! Кеңдік, дархандық, парасаттылық, жан дүниесінің байлығы жағынан қазақ ешкімнен де кем емес! Кезінде «Біз ешкімнен кем емеспіз» деген кітап шығарған едім. Сондағы ойым, өтпелі кезеңде әр қазақ баласының бойына қайсарлық рухы дарыса деген ниет еді. Білгенім: қазақ қабілетті халық; бұған жеті атаға дейін қыз алыспайтын даналығы бір себеп, «өнер алды – қызыл тіл» деп буынсыз тілден балдан бұлақ ағызған шешендігі мен аңыз-әфсана, жыр-дастан, ертегі-қиссалар арқылы 100 томдық ауыз әдебиетінің мол мұрасын қалдырған рухани байлығы екінші жағынан; үшіншіден, қаншама нәубет, аштық пен қуғынның қасіретін басынан өткерсе де, ертеңгі күннен үмітін үзбеген қайрат пен қайсарлыққа толы өміршеңдігі зор ел екені. Біздің қазақты кешегі отаршыл Ресей қия бастырмай, қарға адым ұзатпай, қыспақта ұстап келді. Халқымыз тағдыр-талайлы талай кезеңді бастан өткерді. Қырылып кетуге шақ қалған талай тақсіретті заманнан аман қалды. Сөйтіп, бүгінгі Тәуелсіздігіне жетті. Енді қазақты ешкім бұқтыра да, ықтыра да алмайды. Ал байқағаным: біздің өткен тарихпен өмір сүруге бейім екендігіміз; елесті ертеңгі күнмен емес, баянды бүгінгі күнмен өмір сүруге келгенде отаршылдық қамытының әлі күнге дейін бойымыздан арылмағандығы; «көп ойланған құл қаша алмас» дегендей, еліміздің Тәуелсіздігі нысаналы арнасынан ауытқып, ел байлығын талан-таражға салушылардың табылуы, елдік пен мемлекеттілік деген ұғымдардың орнын «пайда табу, баю, шетке қашу» деген сықылды келеңсіз құбылыстардың белең алып, екі ортада асыл арман, асқақ мұраттардың ат төбеліндей ашқарақ ағайындардың құлқынына айырбасталғандығы жалғыз маған ғана емес, қалың елге қатты бататындығы.
– Ұлт жанашыры ретінде бүгінгі қазақ қоғамында нендей дүниеге қуанасыз, не нәрсеге налисыз?
– Біз қолына қалам ұстаған қауымнанбыз. Яғни бүгінгі қазақ жазушылары мен журналистері егер жүрегінде иман, ұлт, ел, жер, дін, тіл деген асыл ұғымдар орын алған жан болса, қаласын, қаламасын өз ұлтының жанашыры болуға тиісті. Жас болса елуден асты. «Елуде – ел ағасы» деген сөз бар. Неге қуанасыз дегенде тағы да қазақ деген елдің баласы болғаныма қуанамын. Сол қазақтың баласы бұл күнде әлемнің кез келген елінде оқып, кәсіп игеріп, тіршілігін жасап, қолынан талай нәрсе келетінін дәлелдеп, өзге жұрттан қалыспай өмір сүре алатынына қуанамын. Неге налисыз дегенде қазақ деген елдің бүгінгі қоңторғай тірлігіне, қонақжай пейілін білдіріп, төрін ұсынғанда қаптаған келімсектердің қазақ жерін өз үйіндей билеп-төстеуіне, сөйтіп республикаға атын да, затын да беріп отырған қазақ деген халықтың осыншама байлықпен өз елі, өз жерінде көрінгеннің босағасына телмірген «квартирант» сияқты күй кешіп, өмір сүріп отырғанына налимын.
– Осы саланың ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген жан ретінде, сізді журналистикада не толғантады? Қазіргі қазақ журналистикасы ендігі бағытын қалай түзегені жөн? Бірқатар мерзімді басылымдар ендігі «өмірін» сайт ретінде жалғастырмақ. Жалпы, осы дүниелерге көзқарасыңыз қалай?
– Қазақ журналистикасы бұл күнде өсу, өркендеу, жаңа бағыттарды игеру жолына түсті. Қазақтілді басылымдар бәсекелестікке қабілеттілігін іспен дәлелдеп келе жатыр. Қағажу қалған қазақ тілінің шырағын алаулатып отырған да ең алдымен қазақ журналистері. «Қоғамда болып жатқан құбылыстарды жазуға келгенде қазақ журналистері қазақ жазушыларының алдына түсіп кетті» деген заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Мағауиннің берген бағасы бар. Сондықтан бір романға жүк болатын мәселені қазақ журналистерінің бір-екі мақалаға сыйғыза білетін шеберлігіне тәнті боламын. Журналистикада кадр даярлау деген мәселе толғантады. Соңғы үш жылда Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетінде мемлекеттік емтихан комиссиясының төрағасы болдым. Сонда бір байқағаным: бұл күнде журфакқа түскен студенттің бәрі бірден телевидениеге барып, «жұлдыз» болғысы келеді. Солардың ішінен газет журналисі болу дегенді ілуде біреуі ғана таңдайды. Менің ойымша, нағыз журналист болғысы келген адам бірінші кезекте газеттің «қара қазанында» қайнауы тиіс. Кімде-кім газетте ең болмағанда үш-төрт жыл істеп барып, телевидениеге ауысатын болса, ол саланың майталманы болу еш қиындық тудырмайды деп білемін. Журфактар қазір барлық өңірде бар. Соларды бітіріп жатқан жастардың тіл байлығы өте нашар. Көп нәрседен хабары шамалы. Газет-журнал оқымай-ақ журналист болғысы келетіндер көп. Бұл журналистика саласын әлсірететін нәрсе. Сондықтан кейде мен журналистика факультетіне арнайы дәріс ретінде шешендік өнер мен актерлік өнерді енгізсе, дұрыс болар еді деп ойлаймын. Сосын журналистер, әсіресе тележурналистер оқу барысында белгілі бір жоба бойынша жұмыс істеуге бейімделсе деймін. Журналист – қара сөздің қамшы салдырмас жорғасы болуы тиіс. Тіл тазалығы – тікелей журналист кадрларға тіреледі. Ал тіл үшін күрес – ұлт үшін күрес. Тіл тазалығы үшін күрес – қазақ болу үшін күрес. Осы күресте белдесе кетсе, жығыла салатын палуандар қатарын қаптатып шығара беруді әсте дұрыс көрмеймін. Екінші бір өзекті мәселе: қазіргі журналистердің жас буыны қазақ тілімен қатар шет тілдің бірін мейлінше жетік білуі. Бізде басы Ақордадан бастап, қыл аяғы аудандық газеттерге дейін мемлекеттік тілмен қатар түрік, ағылшын, қытай және басқа тілдерді еркін меңгерген журналистер шоғыры қалыптасуы қажет. Ақпарат беру, ақпарат тарату деген мәселелермен қатар ақпарат алу деген мәселенің өзекті болып тұрғанын естен шығармаған абзал. Осы ақпарат алу – тікелей тіл білумен тығыз байланысты. Ақпараттық қауіпсіздік те сол арқауға негізделген. Жас журналистердің міндетті түрде шетел тілдерінің бірін меңгеріп шығуы маңызды. Журналистика факультеттері осы мәселені назарда ұстаса деймін. Қазір журналистиканың бағыты өзгерді. «Жаңа медиа» деген пайда болды. Бұл – интернет журналистика. Бұл күнде «газеттер өледі, интернет басылымдар дамиды» деген көзқарас бар. Газеттер өлмеуі керек. Екі сала да қатар дамыса болмай ма? Меніңше, әбден болады және солай болуы тиіс те. Қазақтілді сайттардың қатары көбейе түседі. Бұл – заңдылық. Бұдан мен еш жамандық не болмаса, газеттерге келетін сұмдық бір қауіпті көріп отырған жоқпын. Талғам деген нәрсе бар. Қалай киіну, қалай тамақтану – адамның талғамына тікелей байланысты. Газет-журнал да, интернет басылым да сол талғамнан өріс алады. Газетті жастанып оқитындар интернетке шұқшиып қараса, көзін ауыртқаннан басқа рахат таппайды. Сол сияқты мына асығыс заманда қажетті ақпаратын тиісті сайттан қарай салып, газет оқуға уақыт таппайтындарға «жастанып газет оқы» деп ешкім әмір ете алмайды. Меніңше, елге екеуі де керек, бірін-біріне қарсы қою – пойыздың екі рельсін алып, екі жаққа қойып, пойыздың келуін күткен әпендінің тірлігі сияқты баянсыз әрекет.
– Жас толқын журналистерге қаншалықты көңіліңіз толады? Сіз басқарып отырған басылымға жаңадан келген қыз-жігіттерге ағалық таныта аласыз ба?
– Жас толқын журналистерге қызыға қараймын. Қандай зор мүмкіндікке ие. Қайда барамын, қайдан ақпарат аламын, не жазамын, не қоямын дегеннің бәрінде есік ашық. Біздің уақытымызда шетелге шығу дегенді ешкім ойына алмайтын. Қазір Қазақстанның Тәуелсіз мемлекет болуымен азаматтарға әлемнің қай түкпіріне бару мүмкіндігі ашылды. Ерінбеген адамға Қазақстаннан тыс жерлерге де барып жұмыс жасауға болады. Ол үшін тіл білу шарт. Журналистердің міндетті түрде бір шет тілін білуі қажет екені, не үшін керек екенін жоғарыда айттым. Жас толқын неге жалқау, неге ізденбейді, қолдарында тұрған орасан мүмкіндікті неге толық пайдаланбайды деп көңілім толмай қалатынын да жасырмаймын. «Айқын» газетінің редакциясында бүгінде университет қабырғасында оқып жүрген жас журналистер де бар. Өз салам бойынша мен олардың қай-қайсысына болса да редакторлық, қажет болса ағалық кеңесімді бере аламын.
– «Сырласуға» берген сұхбатыңызда «газеттің мектебінен өтпеген журналистердің бір қайнауы ішінде» деген екенсіз. Ал сол газет тәрбиесін көрмеген жас қаламгерлерді тарту үшін не істеу қажет? Сонымен қатар «қазақ газеттері оқырмандарының санын көбейту үшін де қандай шара қолданған жөн» деген сауалды қоя кеткім келіп отыр?
– Газет – журналист үшін нағыз университет. Газетте істеу – бір бақыт. Газет тәрбиесін көрмеген жастарға айтарым, бұл кәсіпті терең меңгергің келсе, газетке кел! Өкінбейсің! Ал газет оқырмандарының санын көбейту деген мәселе қазақтың санын көбейтуге тікелей тәуелді. Сондықтан қазақта отырып қалған қыз болмасын, қырыққа жеткенше үйленбеген жігіт болмасын. «Он үште – отау иесі» деген сөзді айтқанда, қазақ бірден он үш жаста үйлене сал деп отырған жоқ, осы жастан бастап өзіңе, отбасыңа, Отаныңа жауаптысың дегенді меңзеп отыр. Бізде ұлт алдындағы жауапкершілік ұмытылып барады. Селеңдеп босқа жүргенше, қазақтың санын көбейтуге сәл де болса үлес қосса, жастарымызға риза болатындардың қатары күрт артар еді…
– Әңімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Еркежан ЖҰМАТАЙ