1333
АТ ЖАЛЫНАН ЖЕЛ ЕСКЕН
АТ ЖАЛЫНАН ЖЕЛ ЕСКЕН
Таныстыру
Қырық жыл көкпар шапты деп жүрген Жексенбай Жұрымбаев кім? Ол – Өзбекстан, Қазақстан, Тәжікстан, Қырғыз көкпаршылары, атбегі, шабандоздарды түгел танитын сайыпқыран азамат. Киров ауданының Қоғалы кеңшарында көп жыл жылқышы болған. Қазір Жетісай қаласының тұрғыны, сыйлы кісі. Жылқы малының бойындағы қасиеттің сан алуанын жазбай танитын сынгер. Маңдайынан жел қаққан, жотасынан тер аққан, мүйіз алақан, сірі саусақ жылқышы еді. Үш аяқ, қақпан бел қарт емес, ат жалын тартқан жас емес – жігіт ағасы. Қызылдың құмының қызуын сезініп, Мырзаның шөлінің шүйгінін кешкен, керала жазық, кең далада көкпар тартқанның бірі, һәм бірегейі – осы Жексенбай. Қазақтың көне тәртібі, ежелгі дәстүрімен шапқан. Қалай десек те, басы қайырусыз, аяғы жиюсыз жатқан қазақ елінің қанын қыздырып, жүрегіне от беріп, делебесін қоздырған дегдар ойын – көкпар да халықтың өзіндей көне, қадымнан бірге жасап келеді. Қазақ өлмесе, көкпар өлмейді.
Отыз ұлға татиды
Қырғын соғыстың алды еді. Ағайыны Қаңтаров Нәлтай ауыл кеңесінің төрағасы еді, «денсаулығыңыз жоқ, балаңыз жас» деп құмның жылқысын бағуға Жетісайдың Калинин колхозынан Құмның Жетпісбай, Тайжығылған құдықтарына жылқы бағуға Жұрымбай қартты көшіріп алды. Малға араласып жүргендіктен перзенттері оқуға емес, атқа құмар болды. Құдайдың бергені еді – он бала сүйді, бәрін де Құдай көп көрді, ұлдан да, қыздан да жеке болып, екі жылдан соң, көзге сүрткендей боп Жексенбай келді дүниеге. Анасы қауыншы Алғи Ақтай дегеннің қызы Несіпше. Анасының көз жасы ма, жаратқанның иігені ме – бұл тірі қалды. «Отыз ұлға татитын жалғыз ұлды беріпті» дейтін Сүлеймендей су ішерлігі бар екен, ия, атақты болды, ата ұлы ғана болмады, Оңтүстік қазақтарының да мақтанышы бола білді.Ат иесіне тартады
Ел болған соң, көңілден шығар ат табылып тұрды. Көкпарға барған соң ат иелері – егелері де «ағайыным шапса» деп бармайды, салым-дүние үшін де таласпайды, атым-намым шықса, «пәленшенің аты!» десе деген оймен барады. Сондайда ат егесі шабандоз таңдайды. Оразкелдінің Бұғышы атасынан Сатылғанның маңдайына Сарқасқа ат бітті. Он жыл Жексенбайға ғана беріп, шаптырып жүрді. Мұсаның Қаратын, өзбектен Жақсылықтың Салпаңторысын он жыл мініп шапты. Отыз-қырық жыл көкпар тартқан соң, қай ат есте қалады. Ағайындай жақын боп кеткен мырзашөлдік өзбек Орақбайдың Жиренін де тақымынан бірталай өткізді. Өзбекстанға жақын Оңтүстік қазақтарының бір қасиеті – мейманды риза етіп күте біледі. Тамақтың алуан түрін өзбектен үйреніп, одан да асырып жібереді. Өзбегің де оңай шағылатын жаңғақ емес – көкпарды көкесін танытып шабады, атты атасын танытып баптайды. Ал көкпардың көкесі де, аттың атасы да – қазақ деп жүрміз. Қазақ өнерін қазақтан зият үйренген өзбекке тақияңды алып сәлем бермеске әддің кәне?! Құмда Ташнияз деген перме бар. Оның меңгерушісі Малғаждар деген кісі. Жаз уақыттарында той болса алып барып, ол жаққа хабарын айтып, атын шаптыратын еді. Фарыш ауданына қарасты Ильич кеңшарының (қазір Ерімбетов атындағы шаруашылық) бірінші пермесі – тойпаз қазақтар тұратын ауыл. Тұшнияз – соның көкпар көп болатын пермесі. Құмда қыста той болмайды. Малғаждар Бұқар облысының құмына шейін, Қарақалпақ ішіне дейін апаратын. Қарақалпақ палуаны Аманның Дәу торы атын шабатын. Аман – қазақтармен қатты араласып кеткен, үйіне шақырысып, қатты сыйласқан азамат. Құмдағы Орысқұдықта тұратын Нұркеш деген азамат пен Жетісайлық неміс Адольф (Әліктің) Дирингтің торы аты да ілкіде бір кездесер жақсы аттар еді. Жексенбайдың бір жақсы қасиеті – аттарын шапқанда, салым ықтиярын ат егесіне беретін. «Жексенбай деген ілгеріде ат шапқан екен, салымын тартатын еді» деп айтсын дегендей, адам таңдамай, қолдағы барын бір шетінен тартып кететін. Бұрынғы кісілер айтады екен: «алтын алма, дуа ал, дуа алтын емес пе?!» деп. Дегендей-ақ, Жексенбайда майда мал мыңдай, ірі мал жүз елуге тарта. Көкпардың салымын таратудан кедей болса, Жексенбай кедей болуы керек еді. Бұрынғының сөзі тегін емес екен. Бата алған, дуа дарыған, ырыс-несібесі тасыған Жексенбай шаңырағының бүгінгі тұрмысы – осыған дәлел. Аталған ат иелерінің бәрі де атқа құмар кісілер. Олардың бәрінің бір аттық шамасы бар. Ақша-пұлынан қашпай, ат алуға шамасы келетін адамдар. Көкпарға жарайтын ат құны машинамен шамалас, кейде одан да артық тұратынын теңеу үшін айта кеткен орынды. Ағайыннан Мыңбосын дегенде бір Торы ат болды. Тойларда ірі салым салатын алдыңғы қатарлы ат еді. Арыс жақтан әкелінген Құлшығаштың Кер аты деген де аттың аты шықты. Егесі – Кәрім ақсақал жануарды баласындай күтті. Бұл аттарды қалың атқа қарай айдағанда, қамшыны керек қылмай, өздерінше қалыңға барғаны барған – бұл екеуі сондай ат еді. Жексенбайда небір шабыстар болған. Кейін өзгелердің де, көзбен көргендердің де айтқан пікірлері айызыңды қандырар. Қырық жылға жақын көкпар шапқан уақытта салым салмайтын күні болмайтыны шындық. Тойдан құр қалмаған. Талай рет ірі көкпар тойдың ақырын салған. Ақыры деген – соңғы салым, басқа салымдардан ірі болатыны мәлім. Жексенбайдың тағы бір қасиеті – көкпар шапқанда серкенің ауыр-жеңілдігі оған бірдей еді. Шабандоздар шап беріп бір-екі ұстап: – Ауыр! Ауыр!– деп қалатын. Сонда: – Ай, бұл ешкінің баласы ма? Ешкінің баласы болса, ауыр болушы ма еді?, – дейтін еді. (Серке, сірә, кемінде елу килә келеді). Ең ауыр серкені – Олжабек деген Айғұлының Көк, Сары, Торы аттарымен көтеріп еді. Олжабек – тұрмысы жақсы, Жексенбаймен құрдас, көңілі саз. Қызылқұмның қай жерінде той болса, сол жерінде кездесетін сыйластар еді. Егесі кетті, аты да кетті...Бесік сыры
Жексенбайдың әкесінің құрдасы Өтеген деген кісі ырым қылып, баласының атын «Сарымсақтай палуан болсын» деп, Сарымсақ қойған. Одан бір жыл кейін дүниеге Жексенбай келген. Сонда бөпені бөлейтін бесік таппай, кішкентай Сарымсақтың бесігіне бөлеген екен. Кішкентай Сарымсақ өсіп, денесі ірі, салмағы жүз киләдан ары жігіт болды – шабандоз болмады, шопыр болды. Кешегі Жексенбай ат шауып жүрген уақытта аты мен өзін көлікпен тойға апарып жүретін. Көкпар тойдың кешінде, үйдегі әңгімеде: – Сен менің арқамда шабондаз болғансың. Атам менің атымды Сарымсақ деп, палуан болсын деп ырымдағанда, бесігіме сені бөлеп қойып, палуандығым бесігіммен саған ауып кетті – деп, Жексенбайға тиісіп, шалдардың отырысын әзілмен қыздырушы еді.Ауызға түкіру
Бұрын той тойлағанда машина сирек, он-он бес аттылы бес-алты күн қона жүріп, той болатын жаққа қарай тарта беруші еді. Өзбекстанда той тойлап жүріп, қонақта бір өзбектің үйінде болғаны бар. Азанда меймандардың бәрі, шалдар бастап көкпарға аттанып, шығып кетті. Артында көкпар киімін киюге екі адам қалды – Құйысқансыз Тәжібай дейтін кісінің баласы Әлиайдар мен Жексенбай екеуі. Екеуі киініп, шалдардың соңынан шығып, атқа мінген уақыттарында: – Палуандар, мына баланың аузына түкіріп жіберіңіздер – деп, төрт жасар баласын жетелеп, жатқан үйдің егесі келді. Бұлар отағасының көңіліне қарап, ат үстінен қисайып екеуі де түкірді. Көкпарды шауып, сол күні кешке қонықта (қонақта емес, түнемелікте деген мағынада қолданылатын оңтүстік диалектісі) бір үйде болды. Кешке дейін екеуі баланың аузына түкіргенін әңгіме қылумен болды: – Өзімізден туған бала шауыпты да, біздің түкіргеніміз қап па? – деп күндікке бір-біріне күлумен жүрді. Кешке отырған жерде шалдарға болған әңгіме айтылды. Сонда шалдар: – Ниет қалыс деген, балдар. Сендерден туған бала шаппауы мүмкін. Ал түпірген (түкірген емес, бұл да диалекті) балдардың шабуы бек мүмкін, – деді. Бұлар: – Ойпырмай, қайда онда?! – деп, бір-біріне қарап күлді де қойды. Кейін ол бала ат шапты ма, шаппады ма, беймәлім, қайтіп ат ізі салынбады, жол түспеді. Осындай ырым болғаны анық. Ол және жалғыз қазақ ырымы емес. Қыздырманың қызыл тіліне еріп, «әкесі аузына түкірткен бала пәлен болды, түлен болды» деп тағы өтірікші бола алмаймын.Көзкөргендер
Атыңнан айналайын, ата ұлдары! Қазақы шабандоздарым. Барыңа бақуаттылық тілейміз, жоғыңа жатқан жерлеріңіз жайлы болсын! Біратола – мүлдем араласып кетпесе де, тарамыстай тартылып, жастай жетіліп, ерте ер жеткен Жексенбай мырза талай шабандоздардың ат шапқанын өз көзімен көрді, тізгін ұстасып, ат ерттесіп, қасына ерді. Бұғышы Әбдірайім, Айғұлы Жұмаділдә, Көбек Өсербай, Бәткей Дәуіт, Көбек Дүйсебай, Алғи Әбу, Бәкір, Есенбек, Қалдан, Көбек Төлеген, Қаракөсе Күнту, Сәпи, Айғұлы Әсен, Бәткей Тәжібай, Есхан, Бұғышы Барат – бұлардың бәрі көкпарды қазір қойды. Бірқатары дүниеден өтіп те кетті. Біразының балалары шабады. «Әке көрген оқ жонар» деген. Нұрек деген жердің өзбегі Арыслан – атырабына аңыз болған, ілгеріде шет мемлекеттерге барып та көкпар шапқан палуан еді. Жексенбай естіді – жасы жүзге жақындаған ол кісі Тәшкен маңында әлі бақуат жасап жатқан көрінеді. Айтылған кісілермен уақытысында қарысып қатар шапқан Құлшығаш Саттар, Мыңбосын – алға бастар жол нұсқаушы өз ағалары. Заманында серке санды ат мініп, алдына лақ өңгеріп, азды көпке теңгеріп, аты барда жер көріп, қазақы қайрат қанына жел беріп – көшкен елдей, соққан желдей өтіп кеткен, қазір аты аталмаса, ертең аталар азаматтар қанша!Алпысыншы жылдар
Алпысыншы жылдары тарихи шындықтың беті ашылып, мәдени өмірде күрт қаулап өсу болғаны мәлім. Қазақта Сәкен, Ілияс, Бейімбеттің қайта оралуы, қазіргі әдебиетіміз бен мәдениетіміздің қадау-қадау ұстындары болып отырған жазушыларымыз бен өнер қайраткерлеріміздің алпысыншы жылдар толқынында жалындап шыққаны рас. Бір қызығы, көкпарға жаппай қызығушылық та осы ағысқа тұспа-тұс келеді. Алпысыншы жылдардың көкпарын Жексенбайдан сұрап, кейінгі мезгіл суреттерімен салыстыруды жөн көргеніміз де қызығушылықтан туындап отыр. Алпысыншы жылдардың тойларында салым өте аз болатын, өңшең ескі бұйымдар қойылатын. Жетпісінші жылдардан кейін жаңа бұйымдар аталатын болды, салым бұрынғыдан тәуірленді, іріленді. Сексенінші жылдардан кейін қараларды қос-қостап айтатын болды – қазақтың малы көбейді. Той тарқар соңғы салымдарға – «Москвич» машинасы, «Урал» матасекілі деп аталған тойларға куәгер болдық. Тоқсаныншы жылдарда салым жүдә іріленіп кетті. Бір тойда бес-алты рет серке салған адам бес-алты айлық ішіп-жемін тауып алатындай болды. Кеше мен бүгіннің жапсарында, егемен ел болғаннан бері де, той берген адам қымбатшылығыңа қарайтын емес – қызды-қыздымен «Зил» машинасын тігіп жібергендер де бар. – Біз шауып жүргенде, тойды өкімет бағаламаған, – дейді Жексенбай. Халық қана бағалаған. Қазір, Құдайға шүкір, той көп, қазақшылықты мойындаған өкімет те оң көзбен қарап, жылы қабақ танытып отыр. Бұрын көкпарды көкпарға араласқан адамдар ғана бағалаған. Сондықтан, қалың қазақ арасында, аузында ғана аталып, өкіметтің спорттық жарысына қатыспадық. Ілгеріде казиттен Керманға барып, қой сою жарысына қатысып, жеңіп шыққан қазақ жігіті туралы оқып ем. Біз де Әмерика ма, Керман ба, дүниенің қай түкпіріне апарса да, серкені аш белден әуп деп бір көтеруге мүмкіндік бергенде, қазағымның қасиеттерін танытуға жарар едік деп ойлаймын. Оны айтасыз, шетел түгілі, аудан, уалаяттың да көкпарды спорт қатарына қосуға мұршасы жетпеді. «Ешкі болсын, теке болсын – сүті болса бопты» деген бір қуақы өзбек сөзін бұрып айтсақ, көкпар шауып, той тойлап кетсе де жастар ұлт тұқымын тұздай құртатын, ит ішпейтін сусын – арақ екенін тез түсінсе болғаны. Ит басына іркіт төгіліп жатқан байбатшаның заманы емес, әрине. Десек те, той іріленген соң, ат ұстап, ат шаптыруға халық шеберлене бастады. Той іріленсе –қазақтың іріленгені. Тек тыныштық болсын деңіз. Халықтың қанында бар дәстүр-салтқа қызығушылық өте күшті. Көкпарда біз көрген қазақ жігіттері тек қана қара қазан, құрсақ қамын ойлап жүрген жоқ, елдік, ерлік дәстүрімізді жандандыруға қайтсем үлес қосам деген кеуделілік аңғарылады. Тізе қосып, білек сыбанып «қазақ! қазақ!» деп жүрген нарқасқалар өңшең... Жайылым мол болса, кең өріс, жалпақ дала болса, бұл қазақтың өмірі көншімейтін көңіліне ештеңе керексіздей. Шабандоздың киімі бөлек әңгіме. Көкпар етігінің өзбек, қазақ, тәжік, қырғызда ұстасы бір. Көннен (шегіреннен), қолдан тігеді. Етік екі жылға шыдайды. Үш жылға шыдамайтыны – аттың тері жеп қояды, қиып, күйдіріп жібереді. Қалың додада ұрынып, топ аттың ішінде жүрген соң шыдамайды. Керзі етік кигендер таппағаннан киеді, оның қонышы тар, балтырға соққы қатты тимеу үшін киіз орау қажет болғанда, сыймайды. Үзеңгі, аттың денесі аяққа тимей тұрмайды. Шеберлер тіккен етікке қалың киіз сыяды. Ал керзі етікке балтыр жұқа шалбармен зорға сыяды.Көкпар ерекшеліктері
«Асың барда ер таны беріп жүріп, атың барда жер таны желіп жүріп, атаң барда сөз таны еріп жүріп» деген қазақ сөзі рас. Жексенбай жер де, ел де көрді. Атының аяғы жеткен жерге өзінің қолы жетті. Қазіргі шабандоздардан артықшылығы – ауыл, аудан тойының көкпаршысы болып қана қалмай, түбірі бір түркілердің жерін түгел аралады, көкпарын шапты. Ерекшелігін таныды.Тәжік көкпары
Алпыс сегізінші жылы Тәжікстанға мақта мейрамына шақырылғанда Жексенбай барған соң көкпарының тәртібін қызықтады. Тәртібі – ұзыны мен енін бірдей қылып жүз қадамдай етіп қоршалап алаң жасапты. Тележка – тіркемелерімен қоршап, адамдарды ат қағып кетпеу үшін үстіне шығарған. Сол алаңға кірген бұлар – Әлиайдар екеуін Момын деген өзбек апарған еді. Куйбышев атындағы колхоздың атынан көкпар шапты. Астарындағы ат – колхоздыкі. Көкпарына бұзау, тана тастайды екен. Лақ жоқ. Серкеңді білмейтін сияқты. «Тоқсан кілә» деп жариялағанмен, ішек, қарнын, сирағын алып тастаған. Содан қалған кіләсі – ортада. Барған жер – Исфараның ар жағы. Ол жақтың қырғызы тәжікшеге судай. Өзбегіңді ешкім түсінбейді, қазағың – мылқау есебі. Жұрттар тананы еңкейіп алып, көтеріп тастайды. Қозғағанына, қимылдатқанына қарай салым беруде. Жерден көтеріп алып, екі қадым жылжытып кетсең де – салым береді. Неғұрлым көп көтеріп жылжытсаң, соғұрлым көп салым тиеді. Әуп деп аш белден ұстап алдыңа өңгермеген соң, не тақымға баспаған соң, баланың ойынындай болып жүрді. Түстен кейін сағат екілер шамаларында бір қырғыз жерден көтеріп алып, аттың жалына салып, шеңбер айналдырды. Хрущевтің жылқы туралы жанжалының кезінде атын колхозға өткізген қырғыз – сол атымен шапты. Жирен атының жалына уыс толады. Жалпы жұрт әлгі қырғыз шеңбер айналғанда қол шапалақтап (ол жақ қарсақ шалып дейді) марапаттады, шулап кетті. Осыны естіген соң Жексенбай одан әрі шыдай алмаған. Астындағы аты әлсіз еді. Келестен барған Бердіқұлдың Көкатын сұрап еді, бермеді. – Мініп жүрген бір-бір атымыз, артық атымыз жоқ, – деді. Жексенбайдың ойлағаны – салым емес, қазақтың намысы ғой, сонша жерден барған ат төбеліндей қазақ құр далақтай шауып қайтқанды ар көріп, әлсіз атпен-ақ тебініп алға шықты. Төрт түйір қазақтың тәжіктің арасында бір-біріне атының майын қимағанын басқалар қайтсін, «шоқ-шоқ!» дейді де. Бердіқұл бермеген соң, шыдай алмай, әлсіз аттың жалына тана-бұзауды салып, қырғыз палуанның істегенін істеп, шеңбер жасап айналдырды. Сол кезде Бердіқұл жанамалай кеп: – Маған бер. Сенікі жетті. Көп айналдырсаң, көп береді. Енді болды, – деді. Атты бермегендіктен, тананы бермеді Жексенбай. Көкпарды аттың жалынан асырып жібермеді. Сонымен қырғыз екеуінен бөлек аттың жалына салып айналған ешкім болмады – жерден қозғап салым алғандар өте көп. Тәжік атының үзеңгі бауы ұзын болады екен, жайдақ атқа мінгендей боласың. Егердің (ердің) керсені де пәс болады. Әлсіз аттың үстінде аяғы салбырап, Дон Кихот құсап пері Жексенбай жүрді. Әр колхоздан бір-бір төреші белгіленген. Көкпар алғанды жетектеп ертіп барып, салымын бергізеді. Жексенбайға жамылғы сияқты салым беріп еді, төреші (оңтүстік қазағы ақалақшы дейді) атының басын жетектеп кетіп, алдырмады. Тәжікшелеп балдырлап, мұның тіліне олар да түсінбей он-он бес минөт уақыт өтті. Салымды төреші алдыртпайды, өзі барса – бермейді. Жарты сағаттан соң микрофонмен шақырды. Салымның ірісі – тігін машинасы екен. Соны берді. Жексенбай қолына алып, тізесінің үстіне қойды да, төреші атты жетектеп, колхоз адамдарының алдынан өткізіп аралатты. «Мұнысы несі» деп отыр еді, күйеу көргендей қылғанына таңырқап, колхоз адамдары әртіске ақша қыстырғандай ақша беріп жатты. Колхоздардың шекараларын түгел аралап өтті. Жатқан үйдің егесі Мамаюсуф еді – тігін машинасын соған берді. Жерден қозғағанына алған бес-алты салымына Әлиайдар екеуі риза болып жүрді.«Дауал!» ұраны
Исфара орталығында әр колхоздың меймандарға арнап істеген жайы бар екен. Бұларды тапшанға (жайдақ тақтай орын) шығарып, қонақ етіп күтіп, концерт берді. Кешке күрес болды. Әр колхоздың атынан шыққан палуандармен сырттан келгендер күресті. Қасындағы Әлиайдар Тәжібай баласы намысқой жігіт еді. – Елден еріп келмеген палуанды қайдан табамыз, өзім күресемін, – деді. Күресті. Күрес кезінде қасындағылар Жексенбайды тапшаннан түсіріп жіберді. – Сені көргенде әруақтанады, – десті. Палуандар алаңын милициялар қоршап тұр. Соның ортасына кіріп кетті. Микрофоннан Әлиайдарды хабарлады. Аты есінде жоқ, Каннибадамдық (Исфараның жаны) бір палуан шықты. Үстіне шапан киген. Белбеу бар. Шалмайсың, көтеріп тастайсың – күрес тәртібі сол. – Ойпырмай, күрес әдісі жақсы емес екен, – деп Жексенбай қауіп ойлады, – палуаным жықса жақсы, жықпаса тапшанға қайта қалай барамын? Баласы атқа мінсе, әкесі тақымын қысады. Жексенбай палуанын уайымдады. Осы Әлиайдардың атасы Тәжібай Самарқанда қоңыраулы палуандарды жыққан атақты адам болыпты. Жанкүйерлері күрес созылып бара жатса, «Дауал!» деп ұран көтерер екен, сонда ол әруақтанып талайды жығып басынан аттайды екен. Ахмет деген кісі Тәжібайдың күресін көргенін былай айтады: «Ілгеріде палуандар шекпен киетін. Етегі сүйретіліп баратын. «Дауал! десе әруақтанып, көтеріліп, күшейіп алып, шекпеннің жауырын тұстары қақырап кетеді екен. Шекпеннің тігістері қақыраса – палуанның арқасы қозғаны! «Дауал!» мәнісі – сол». Жексенбай жерде отырып құдайдан құдірет тіледі, қазақтың барлық әруағын тербелтіп тіледі. Палуаны жықты. Салымын берді. Қуаныштары қойнына сыймаған Әлиайдар екеуі күрес алаңының жағасында күресті қызықтап отырды. Тапшандағылар әңгімелеп отырды. Екі-үш жыл бұрын осындай жиын той бопты. Қырғыздың Тоқташ деген палуаны он сегіз адамды жығыпты. Бір күрестің үстінде сонша адамды жыққан Тоқташ бұлармен бірге отырған еді. Қорыта айтқанда, тәжікте көкпар кем болады. Аттардың да бір-бір бапкері (оларда сейіс, сайыс дей береді) болады – қарайтын, күтетін. Бірақ ат колхоздың аты болады да, жекеменшікте ат ұстаушылар сирек. Тұқымы – жергілікті тұқымнан, жаңарту, жақсартумен шындап айналыспайды. Көкпар сирек болған соң, аттар жүдә семіз, денесін ет басқан, арқасы өгіздің арқасы құсап егері (ері) бірге қимылдайтын былқылдақ болып келеді.Өзбек көкпары
Жақсы сыйласқан адамын орыс тамыр десе, өзбек ерсілеу қылып, ашына дейді. Бірақ одан сыйластыққа сызат түспейді. Ақбұлақта (Забын ауданы, Жизақ облысы) Жексенбайдың өзбектен шыққан өрен Жақсылық деген ашынасы бар. Сол жігіт тойға көп шақырады, бұлар көп барады. Өзбектің жалпы тойға барған мыңдаған адамды түгел үйді-үйге бөліп, он-он бес адамнан күтіп, жайғастыратын өзінше қонақжай рәсімі бар. Ешкім ешкімнен артықша күтілмейді – бәрі бірдей – хан да, қара да. Аттың жемін де, шөбін де, адамдардың тамағын жемісімен қоса береді. Жатар орынды үш-төрт адам әдейі аралап, өтініштер тыңдайды, кемшілік бар ма деп біліседі. Баладай күтеді, данадай тыңдайды. Не керегіңді айтқызбай біледі. Азанда тойханадан тамақ береді. Соны жегендер көкпарға шығады. Көп тойларда көкпаршабыстың баруында – салымы азырақ болады да, шартақ жағы (мінбер) – салымы көбірек болады. Екі жақты – бару, келу мәресі белгіленді. Өзбектің қасиетінде – ұлтқа бөлмей, барлық палуанға бірдей туралық істейді. Мейман деп сыйлайды. Ішінен қаламаса да сыртына шығармай, бұрқ етпей, мәу демей, жақсы сыйлайды. Көкпары бізге ұқсағанмен, салымы қазақтан аз болғанмен, той көп болады, мейман күтуі қазақтан артығырақ. Қазақтай бастыққа қазы беріп, қара халық тапқанын жеп, күтімсіз, елеусіз жүрмейді. Той иесі (тойхананың) есебінен күтілетіндіктен, өзбек бір үйден шығынды көп кетіреді де, қазақта көкпарды ағайын көтереді. Өзбекте ондай кемшіндеу. ...Жетпіс екінші жылы Жуансирақ деген жерде (Забын ауданы) бір той болды. Онда қазақтар да көп тұрады. Екі жүздей шаңырақты құрайтын өзбек ауылы болып кеткен түбі қазақ жұртшылық малмен барған. Ескі заманнан бері өз мекенін Сіргелі қыстақ атайды. Сіргелі – қазақтың руы. Жақсылықтың Салпаң деген аты бар. Жексенбай барғаннан сонымен шауып жүрді. Айы оңынан туып, ақырғы салымды басты тақымға. Он бес минөттей басты, болмады, айырылды. Тегеурінді қолдар тыным бермеді. Салпаң шаршаған екен деп түйді. Көкпардан айырылған соң, өзінің Жандар торы деген атымен міне шауып, сол көкпарды қайтып алды. Ақырғы салымды, Құдай оңдап, әруақ қолдап өзі салды. Салым – ерттеулі ат екен, қасында майда салымдары тағы бар. Ертеңіне тағы бір той басталды. Сол басталған той бастамасы – бірінші салымын бағанағы ерттеулі атпен (салымына алған) Жақсылықтың інісі Әбділда салды. Жексенбай өзбектің басқа да тойларында көп болып жүрді. Өзі мен шопыр ғана қазақ. Ол кезде шабандоздар қазіргідей топтана араласпайтын. Жексенбайдың жас кезі – қуат қайнап тұр, көкпар қолға тисе айырыламын деп ойламайтын, жеке, жалғыз қазақпын демейтін, өзбек шабандоздары жабылса, тартып әуре болма дейтін. Салпаң атпен (Жақсылықтың өзі Шалпаң дейді) мәреге барған кезде: – Кәне, тағы қайсың талапкерсің. Кел, тарт, – деп тұрушы еді. Сонда өзбектер тәнті болып, біреуі де серкені сирағынан ұстамайтын. Қазаққа өйтсең дереу жармасады. Өзбектің ыза болып кеткен қайбір едіреңдері Жексенбайға қамшы көтеретін: – Жалғыз қазақ, қолыңнан не келеді? – деп. Көкпар қызуқанды ойын ғой, ондай жерлер де болған. Сонда көңілдесі – ашынасы Жақсылық тұрып: – Сендер әуелі мені ұрыңдар, содан кейін қазақты ұрасыңдар, – деп қол көтеріп, араға түсетін. Обалы не керек, Жақсылықты өзбектер қатты сыйлайтын. Жексенбайдың онымен қарым-қатынасы осы уақытқа дейін зор, арасына қара қатынайды. Жақсылықтың қазір төрт баласы шабады. Забын бойындағы тойларда алдыңғы қатарлы салым салады. Жақсылықтың атын, тұлпарының атағын жалғыз Жексенбай шығарған жоқ. Ол атпен түрік Басым мен Әліқұл, қырғыз Тұрдыбай, өзбек Қалбота, қазақ Жексенбай талай шапты. Жетісайдың қазағы Жизаққа қарап сөйлейді. Бұрынғы базары сонда. Тауар жағында өзбектің Бахмал ауданы бар. Онда көкпар мәресі бір жақты болады. Екі көкпар тастайды. Атпен өңгеріп апарып, екі жүз қадам жерге тастайды да, бастайды. Бір жақты мәреге шабандоздар екі көкпарды әкеледі. Бірі – ауыр, бірі – жеңіл. Адамдар ауырға және жеңілге шабатын болып бөлінеді. Аттардың да көкпар әдісіне үйренгені осы жерде білінеді. Доп тепкен адамдай ережені шабандоз түгілі аттары да түсінген соң, ара-арасымен соғысып қалмай, шаба береді. Соны көрген қазақтар бірде: – Біз де екі жақты тастаймыз, – деп еліктегіштігіне басты. Сөйтіп Жизақ облысына қарасты өңшең қазақ тұратын Ильич совхозында Темір Құйысқансыздың тойында, жетпіс сегізінші жылы болса керек, бір жақты салатын екі көкпар тасталды. Бахмалдағы тойдағыдай өзбектердің үрдісімен қызық болсын делінді. Құдай салмасын, Бахмалдағы тойда соғылысу-қақтығысу болған жоқ еді, екі көкпар бірінен соң бірі келе беретін, ат жығылмайтын. Бұл ауылдағы мына қазақы тойда ана төбеден келген жиырма-отыз сүрдек адам мына төбеден келе жатқан сүрдек адаммен қағылысып, соғылысып, адамдар жығылды. – Ойбай, тоқтат! Бұл бізге болмайды екен, – деп, дереу тоқтатылып, екі салымнан кейін бір көкпар тасталды. Бұрынғы ғұрып-ғадетпен бір көкпар шабылды, сонымыз тыныш екен десті елірген жұрт.Қырғыз көкпары
Қырғызстандағы, негізінен Жексенбайдың көргені, қатысқаны Оштағы көкпар ғой, қырғыздардың көкпар шабуының тәртібі бөлек. Бұл жердегі қырғыздың Забындағы өзбектен айырмашылығы жоқ: мейман күтуі де солай. Олай дейтініміз, Ош қырғыздары Мырзашөл маңы, Забын өресі, Жизақ тарабы қырғыздарын «өзбек қырғыз», «шала қырғыз» деп есептейді екен. Біздің қазақтағы Оңтүстік қазақтарының қазақ-өзбек аралас жақтағысын «өзбекі қазақ» дейтіні сияқты. Онда тұрған не бар. Түбі бір түркінің ұқсас тұсы көп-ақ қой. Ошта тұратын қырғыздың Жұмабай дейтін шоң палуаны тойға шақырды. Сексен жетінші жылы болса керек, қырғыз көкпарының қызықтарын Жексенбай сол жолы көрді. – Бұл жақтан Мырзашөл ауданының әскери комиссары, ат бапкері Тоқболат Сануар, Киров ауданынан Құлшығаш Әбілқасым, Алғи Айнабек және мен бардық. Сануардың аты бар, басқаларымыз атсыз, тояна (той иесін құттықтау ақысы) беріп қайтайық деп барғанбыз. Барған соң мейман деп бір-бір ат, көкпарға киетін киім берді, – деп еске алды Жексенбай. Ол жерде де Исфара көкпары сияқты белгілі мәре жоқ. Көкпарды алысымен ұзақ басып жүргеніңізге қарай салым береді. Бірінші салым алдында – қырғыз, өзбек болып бөлінген стадионның көкпары сияқты (оңтүстік қазағы «өкіметтің көкпары» дейді) көкпар болды. Барған үш-төрт қазақ, олжақ-бұлжақтан барған қырғыздар, шеттен келген меймандар Жексенбайларға қосылып, екі команда болып көкпар шабылды. Жексенбайлар командасы бірінші орын алды. Бірақ мейман деп сыйлағаны аңғарылып тұрды – ашық тартыс болған жоқ есебі. Сосын кәдімгі жергілікті қырғыздың көкпары шабылды. Онда да жергілікті аттармен де, әскери комиссардың үміт етіп апарған атымен де Жексенбай біраз салым салды.Мылтықбай Ерімбетов,
ҚР Жазушылар одағының мүшесі