770
«Әрқашан күн сөнбесін»
«Әрқашан күн сөнбесін»
Алматыда бес мыңға жуық психоневрологиялық ауытқуларға ұшыраған мүгедек балалар бар. Олардың басым көпшілігі мемлекет қолдауымен күндізгі ем алу бөлімінде, шипажайларда, оңалту орталықтарында түрлі ем-дом шараларын алады. «Балбұлақ» Республикалық балаларды оңалту орталығында осы жылы тілі шығып, икемге келген он баланың тұсауы кесіліпті. Бала денсаулығын басты назарда ұстайтын «Балбұлақ» ұжымы Алматы қаласындағы күндізгі ем алу орталығымен бірлесіп, 1-маусым Халықаралық балаларды қорғау күніне орай мерекелік шара өткізді. «Әрқашан күн сөнбесін» тақырыбымен өткен мерекелік шара жиналған көпшіліктің көңілінен шықты.
Мерекелік шарада арнайы сөз алған Алматы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мейіржан Отыншиев: «Бір бала болсын тілге келіп, аяғынан тік тұрса, ол біз үшін, қоғам үшін қуанышты жайт. Осы жылдың өзінде бір емес он баланың тұсауы кесілді, бұл үлкен нәтиже» дей келе, балаларды мерекесімен құттықтап, бүгінгі таңда атқарылып жатқан нәтижелі жұмыстарды тілге тиек етті. Құрметті қонақтар мен орталық басшыларының құттықтау сөзінен кейін, «Балдырған» балалар театрының ертегісі балалар мен олардың ата-аналарына арналды. Сахна мен көрермен арасындағы байланыс, ертегі кейіпкерлерінің балалармен жасаған диалогі көп көңілінен шықты. бүлдіршіндер арасындағы өнерлі өрендер де көзге түсті. Бірі сырнайлатып, бірі билеп, енді бірі ән салып, кеш көркін кіргізді. Одан бөлек эстрада әншілері де арнайы шақыртылыпты. «Балбұлақ» республикалық балаларды оңалту орталығының директоры Мұхтар Жақсыбайұлының айтуынша, «педиаторлар мен акушер-гинекологтар арасында жіпсіз байланыс орнауы керек. Әйел жүкті болған күннен бастап, жас аналар мектебіне барып, қайтіп жүруден бастап, тамақтануға дейін бәрін де үйренуі шарт. Аналар баланы қалай босану, емізу, қолға ұстау, бәрін-бәрін дәрігерлер кеңесіне сүйене отырып жасаған жөн. Сонда ғана біз барлығының алдын ала-аламыз», – дейді.
Еңбекшіқазақ ауданы, Шелек ауылының тумасы Бисара Саметай алты айдан бері күндізгі ем алу орталығына екі бірдей баласын алып келеді екен. Айтуынша, екі ұлының да бойында оң өзгерістер байқалған. Бақберген есімді ұлы алғаш келгенде аяғы ішіне қарай қисайып, жетектесең де жүре алмапты. Мамандар жүргізген ем оң әсер етіп, қазір өзі 4-5 қадам басып жүре бастаған. Жоғарыда айтып өткен тұсауы кесілген он баланың бірі осы Бақберген екен. Бақберген ем алып алып жатқан күндізгі бөлім орталықтарының көмегіне екі жүзге жуық бала жүгінеді. Ақбұлақ ауданында орналасқан негізгі орталықта 60 балаға медициналық қызмет көрсетіледі. Қалған балалар әр аудандарда орын тепкен бөлімшелерге қатынайды. Күндізгі ем алу орталығының ең алғашқы бөлімшесі Түркісіб ауданынан ашылған еді. Қазір ол жерде де 60 бала емделуде. Екінші, үшінші бөлімше – Бостандық ауданында. Аталған аудан 80 бірдей баланы қамқорлықтарына алған. Күндізгі ем алу орталығы осы балалардың барлығын арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерімен қамтамасыз етеді. «Әлеуметтік тұрмыстық қызметтен бастап, медициналық, құқықтық, экономикалық, психологиялық, еңбектік, педагогикалық, т.б қызмет түрлерінің бәрі ақысыз түрде жүргізіледі. Сонымен қатар, дефектолог және логопед мамандары да арнайы жұмыс жасайды. Әр баланы үйінен алып келу үшін, көлікпен қамтамасыз етілген. Тәулігіне бес мезгіл тамақтануларына жағдай жасалған. Мұның бәрі балаларды оңалту үшін мемлекет тарапынан жасалып жатқан көмек», – дейді Алматы қаласының психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедек балаларға арналған күндізгі ем алу орталығының директоры Нүрзия Ағабекқызы.
Мерекелік кеш барысында балалар қолынан шыққан қолөнер бұйымдары көрмеге қойылды. Мерекелік дастарқаннан дәм татып, әуезді ән мен ырғақты биге марқайған балалар көңілді тарқасты.
P.S: «Біз қазірде психоневрологиялық ауытқулары бар балалардың санын азайтуға барымызды салып жатырмыз, сол үшін күндізгі ем алу мен оңалту орталықтарының саны артып келеді. Болашақта осындай орталықтар мүлдем болмауы керек. Балалар сау-саламат ғұмыр кешсе дейміз», – дейді «Балбұлақ» Республикалық оңалту орталығының басшысы Мұхтар Жақсыбайұлы.
Арман ҚҰДАЙБЕРГЕН